Абай тағылымы
Семейге Абай келсе, бізге думан,
Ән салып, босамаймыз айғай-шудан.
Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Көкбай Жанатайұлы
Қазақ даласы өзінің даму тарихында көптеген кезеңдерді басынан өткерді. Әр орын алған тарихи оқиғалар ұлттың болмысына, тарихы мен өркениетіне айтарлықтай әсер етті. Әсіресе қазақ даласында болып жатқан саяси оқиғалар халқымызға көп өзгеріс әкелді. Сондай қиын-қыстау заманда, ХІХ ғасырдың ортасында қазақ жерінде үлкен ақыл-ой иесі, данышпан, халқына нұрын шашқан – Абай Құнанбайұлы дүниеге келді. Абай Құнанбайұлы арқылы қазақ халқының ой-өрісі, даму сатысы, өлеңге деген талғамы өсті.
Абай Құнанбайұлының өз заманына дейінгі ақындардан ерекшелігі өлеңге деген, пәлсапалық ойларға деген эстетикалық көзқарасының ерекшелігінде. Өлең қандай болу керек, қалай жазу керек деген ойды оқырманға түсіндіріп, поэзияның құдіреттілігін паш етеді. Сонымен қатар, махаббат, табиғат, өнер туралы жазылған шығармаларының барлығына мән беріп қарайтын болсақ, үлкен талғам, әсемдік айқын көрінеді. Данышпан Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп аталатын өлеңінде ақын, поэзия туралы эстетикалық көзқарасы көрінеді. Мысалы:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы (1.86-б)
Берілген өлең жолдарынан ақынның өлеңге қойған сыны айқын көрінеді. Өлең деген сөздің патшасы деп саралап, поэзия жүректен шығып, жүрекке жету үшін түсінікті, келісті болу қажет екенін ұғындырады. Өлеңнің келесі бөліктерінде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп оқушыға үндеу жолдайды. Міне, осындай жоғары талғампаздықпен болашаққа ойын, тілегін жеткізеді.
Абай Құнанбайұлы ғұмырын елдің келешегі, өмірі үшін алаңдаумен, ізгі жол іздеумен өткізді. Әр өлеңі мен қарасөздерін мұқият оқып отырсақ, соған көзіміз әбден жетеді. Елдің мұңы мен қатар, сол замандағы халық тіршілігі, өмір ағысы жан-жақты суреттеледі. Сол арқылы ХХ ғасыр кезеңіндегі қазақ елінің әлеуметтік жағдайын көре алуымызға болады.
Ақынның ағартушылық идеяны насихаттайтын өлеңдері жайын қозғасақ, олардың қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше. Абай өз заманында қазақ елінің дамуы үшін, басқа елдермен тең дәрежеде болуымыз үшін білім-ғылым керектігін нақты айтқан. Жастарды бос, пайдасыз істен аулақ болуға, білім, ғылым іздеуге шақырған өлеңдеріне назар аударсақ, адамға ерекше күш береді. Оны біз «Қуанбаңдар жастыққа», «Ғылым таппай мақтанба», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» және т.б. өлеңдерінен байқаймыз. Аталған туындыларында елін жарқын болашаққа шақырып, өзіңе сеніп еңбек етуге үндеп, сол жолда адам баласының бойында табылуы керек қасиеттерді санамалап көрсетіп, жетілген, толық адам болуға шақырады. Әлемнің небір қолбасшылары жаулай алмаған әлемге Шыңғыстауда өмір кешкен Ұлы Абай Аплатондай ақылының арқасында танылды.
Адамзаттың Абайы атанып, терең таным мен білімді жинаған ұлы Абай тағылымы еліне таралды. Ұлтымыздың тарихында ешқашан болмаған ақындық мектептің негізі қаланып, жоғарғы деңгейге жетті. Семей шаһарынан алғызып тұрған әр түрлі жанрдағы шығармаларды оқып талдап, шәкірттеріне, айналасына түсіндіріп отырған. Мысалы біз Абайдың Спенсердің, Спинозаның философиялық трактаттарымен таныс болғандығын М.Әуезов зерттеулерінен білеміз. Сол арқылы қазақ ауылында әлемдік әдебиетте, тарихта болып жатқан маңызды оқиғалар жөнінде Абай өз ойын, өнегесін білдіріп отырды. Әлемдік поэзия мен прозадағы ағымдар турасында ақын мен шәкірттері ой алмастырып, дами түсті. Соның арқасында Шыңғыстау мекені қазақ элиталық өмірінің тұрағы болды.
Абайдың ақындық мектебінен тәлім алған шәкірттерінің шығармашылығына үңілетін болсақ, әлемдік деңгейдегі тақырыптарды байқаймыз. Тек қазақ ортасына ғана емес, әлемдік әдебиеттегі, тарихындағы тақырыптарды нысанға алуға ең алдымен Абай Құнанбайұлы себепші болды. Ақын өз шәкірттеріне әр түрлі тақырыптар ұсыну арқылы қамтылатын нәрселер аясын кеңейтті. Мысалы ақынның сүйікті ұлдарының бірі – Мағауия Абайұлы Шыңғыстау бөктерінде жатып Африка еліндегі орын алған «Медғат-Қасым» туралы поэма жазса, Ақылбай Абайұлы Кавказ жерінде болған тарихи оқиға жөнінде «Дағыстан» атты қисса жазды. Сонымен қатар Ақылбай Африка жерін мекендеген зұлыстар жайында «Зұлыс» поэмасын жарыққа шығарып, ақындық қуатын дамыта түсті. Ақын ұлдарынан бөлек Шәкәрім, Көкбай, Әріп секілді ақындық мектептің көрнекті өкілдері Абай насихатын тыңдап, үлгі-өнеге алып, шығармашылықтарын дамытты.
Ақын шәкірттерінің аталған шығармалары олардың қоғамдық- эстетикалық көзқарастарын танытып, қазақ әдебиеті қазынасының толығуына септігін тигізді.
Ақынның төңірегінде Мұқа бастатқан әншілер, өнерпаз, спорт шеберлері болды. Ол адамдар қай жерлерде болмасын ақын шығармаларын насихаттап, қазақ даласына кеңінен тарауға мұрындық болды. Абай ауылында кей күндері ойын-сауық ұйымдастырылып, мәдени шаралар болып отырғаны туралы заңғар жазушымыз М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында келтіреді. «Бұл кеш – түн ортасына шейін созылған ән мен өлең, әсем өнер жарысының қызу еркін сауығы болды. Түңгі астан соң көршілерден келген қонақтар, жатар мезгілін ойлап, тарасқан еді. Енді қала қонақтары мен Абайдың ең жақын айналасы ғана, үлкен үйде, кеңірек тыныш жайғасып отырысты». (2.583-б) Бұл үзіндіден байқайтынымыз Абай төңірегіне ауылдың кәрі-жасы түгел жиналып, өнер атты тылсым дүниенің сырына үңілуді мақсат етеді. Осындай кештерде Еуразия кіңдігі атанған Жидебай мекені шаттықтың, ізгіліктің нұрын шашып тұрды. Сондай кештерде ойшыл Абай әлемдік әдебиеттің небір жауһар шығармаларын оқып, тоқып, ой елегінен өткізіп, қасындағы жақын жандарымен бөлісіп отыратын. Бұл турасында Абаймен 25 жылға жуық уақыт дос болған, әрі шәкірті атанған Көкбай Жанатайұлы естелігінде былай келтіреді: «Абай Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Сондағы көп насихаттың түп қазығы адамшылық, ақтық, әділет болса, осының барлығы да мұсылман дінің дөңгелегіне әкеліп, бір шалып келіп отыратын». (2.166-б) Көкбай Жанатайұлының ұстазына арнаған өлеңдерінде Абайдың асқан білімдарлығы мен көрегендігін «жарық дүниеге» теңеп, даналықтан бастау алған мөлдір, таусылмас бұлақтың құндылығын жоғары бағалай келе, ендігі таңда өзінің ауыл ішінде дау-дамаймен жүрген бұрыңғы құрбыларымен емес, Абай жолы арқылы бағыт алатындығын мақтанышпен айтады.
Қорытындылай келсек, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ даласындағы әдеби-мәдени кезең үлкен жаңалықтарға, оң серпілістерге толы болды. Сол кезеңдердің қарыштап өсуіне Абай Құнанбайұлы және оның ақындық мектебі өкілдерінің мұрасы әсер етті. Осы жалғасқан көркемдік, шығармашылық дәстүр Алаш қайраткерлерінің шығармаларында жалғасын тапты. Абай дәстүрін ұстанған Алаш қайраткерлерінің дәуірі Р.Нұрғали жазғандай «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атанды.
- Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы. Үш томдық. 1-том. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2020. – 604 бет.
- Абай туралы естеліктер. 2-басылым. – Семей. – Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы, 2015. – 244 бет.
Данат Жанатаев,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті профессоры
Нұр Мағазбеков,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті магистранты
Abai.kz