Мемлекеттік емханада емделу неге қиын?
Біздің еліміздің денсаулық сақтау саласындағы асығыс-үсігіз, әр жерден көшіріп алып, ешбір сараптаусыз жүргізіле салған, санап таусыла алмайтын реформалардың нәтижесі бүкіл жұртты тығырыққа тіреп, титықтатып бітті десек, шындықтан алшақтай қоймаспыз.
Өзге өңірлерді білмеймін, біздің облыстағы денсаулық сақтау саласы төрт аяғынан бірдей ақсап тұрғандығы айдан-анық. Құдай бетін аулақ қылсын, егер әлдеқалай сырқаттана қалсаңыз, дәрігерлерге барып, бірден ем қабылдап, құлан-таза жазылып кетемін деп ойласаңыз, қатты қателелесіз. Бізде алдымен емханаға барып, алдымен жалпы терапия дәрігері дегеннің (бұрын бұларды учаскелік дәрігер деп атайтынбыз) алдынан өтуге тиіссіз.. Ол үшін алдымен тіркеу орынан барып, кезекке тұрып, жолдама аласыз. Содан бірден әлгі дәрігерге бара қоямын десеңіз, тағы да қателелсіз. Оны ең кемі екі-үш күн, кейде бір апта күтесіз.
Сосын өлдім-талдым деп, бұған да жеткеннің өзінде, ол сізге ем тағайындамайды. Бұл оның міндеті емес. Оның міндеті сізді қажетті дәрігерлерге қарап бағыттау. Мәселен, асқазаныңыз ауырса гастроэнтереологқа, жүрегіңіз ауырса кардиологқа, буыныңыз ауырса трамватолог немесе ремватологқа жолдама ғана береді. Енді тіліңіз салақтап, қайтадан әлгі жолдамамен жаңағы тіркеу орнына барып, қайтадан кезекке тұрасыз. Егер сәті түсіп, қажетті дәрігеріңізге жазыла қалсаңыз, оған бірден бара қоямын деп тағы да иегіңіз қышымасын. Оған кем дегенде екі апта немесе бір айдан кейін ғана жетесіз. Оның өзінде бұл жерде ондай дәрігер болса ғана. Ал енді мұндай маман аталмыш емханада мүлдем жоқ болса, қалтаңыздағы азғана тиын-тебенді санап, ақылы емханаларға қарай аяңдайсыз.
Құдайға шүкір бізде мемлекеттік емхана маңдайымызға біткен жалғыз болса, ал ақылысының санынан мүлдем жаңыласыз. Сізді қай мезгілде де, еш кезексіз қабылдауға қашанда дайын. Тек бір «кемшілдігі», мұндағы қызметтің бағасы күйіп тұрғандығы болмаса. Бірінші қабылдау 5 мың теңгеден кем түспейд. Ал оның белгілеген емінің әсері тимесе, қайтадан қабылдауға тағы да 4 мың теңге төлейсіз. Тек қана кеңес беруге. Мен бұл жерде бағалары аспандап тұрған дәрі-дәрмек жайлы тіпті де сөз қозғап отырған жоқпын.
Бір қызығы, әлгі сіздің айлап күтіп, қолыңыз жете алмай жүрген дәрігеріңізді сіз осы ақылы емханалардан кездестіріп, бір қуанып қаларыңыз сөзсіз. Өйткені бізде оларға түгел еркіндік берген. Олар түске дейін мемлекеттік емханаларда отырады да, түстен кейін ақылысына қарап асығыс аттанып кетеді. Яғни мұндай «ақ халатты абзал жандар» екі жеп биге шығады. Анда айлығы жүріп жатыр, мұндағы табысы тағы да қалтада. Тегін емханада дәрігер жетіспей, ақылысында ондай проблеманың мүлде жоқтығы, міне денсаулық сақтау саласының осындай «тапқырлығынан». Мемлекеттік емханалардағы дәрігерлердің көпшілігінің сіз барғанда көңіл-күйі болмай, асығыс-үсігіз қарап, сізден тезірек құтылуға асығатындығы да содан. Сізді қайтсын, оны анда табысы көп дүние күтіп тұр емес пе?
Ал осы олрайда мемлекеттік емханалардағы сол аз ғана дәрігерлер неге қызметін толық атқармай, бөтен жерге жүгіреді деген сауалға келелік. Өйткені олдарға сондай еркіндік берілген. Мұндай «жартыкеш» дәрігерлерге ешкім де тыйым сала алмайды. Үкіметтің өзі рұқсат беріп қойған. Демек, басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздай қалса, кінәні алдымен дәрігерлерден емес, «нарық заманы» деп сылтауратып, медициналық жәрдемді ұйымдастыруда қурай басын сындырмай отырған министрліктен іздеңіз. Бірақ, сол кінәліні іздеп жүргенде қамшының сабындай келте ғұмырыңыздың біраз бөлігінен айырылып қалмаңыз. Оның бетін аулақ қылсын, әрине. Қысқасы, ауырмаңыз. Тек қалтаңызға сеніңіз. Қалғанынан үміт жоқ. Әзірге осы.
Жайберген Болатов
Abai.kz