Жұма, 5 Желтоқсан 2025
Ақмылтық 417 0 пікір 5 Желтоқсан, 2025 сағат 15:29

Күркіреген Ерағам, күрсінген Бозымбаев...

Суреттер: sn.kz, primeminister.kz, ertenmedia.kz сайттарынан алынды.

Депутат Ермұрат Бапиға үшінші хат

Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!

Тағы да күндей күркіреп, «Мәселен, «Даму» және басқа да қорлардың көмегімен салынған ет комбинаттары мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан жартылай мүмкіндікте ғана жұмыс істеп жатыр. Есесіне нарықты Ресей мен Беларусьтың азық-түлігі жаулап алған. Ит өлген, ит емес-ау, кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып май өндірген. Жаңа Зеландиядан май тасу деген – позор ғой!» деп, Мәжіліс төрінен Үкімет мүшесін сұрақтың астынан алдыңыз.

Сіздің сұрағыңызды естіп, байқұс Қанат Бозымбаев қатты күрсініп жіберді.

Білесіз бе, Сіздің бұл сұрағыңызды естіп, жалғыз Қанат Алдабергенұлы ғана емес, бүкіл Үкімет көрсінген болуы керек!

Бірақ, Қанат Бозымбаев бір керемет сөз айтты.

«Егер біздің отандық тауар өндірушілер ішкі нарықта БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ сай болса, ол неге тоқтатылады?! Мысалы, сүтке қаншама субсидия беріліп жатыр. Қазір сүт өңдеу зауыттарына Үкімет тарапынан қаншама көмек көрсетілуде. Бірақ әлі күнге дейін ішкі нарықты 100 пайыз қамтамасыз етті деп айта алмаймыз...» деді ол.

Демек, біздің отандық тауар өндірушілер ішкі нарықта БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ сай емес екен.

– Ендеше, біздің сол отандық тауар өндірушілерді ішкі нарықта БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ жібермей отырған кедергі не?! Атыңызшы, біз тиісті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, сол кедергіні шешіп берейік!

Сіз депутат болғалы Мәжіліске келген Үкімет басшысынан немесе Үкімет мүшесінен осы сұрақты сұрап, оған осы ұсынысты жасаған бір пенде бар ма?!!

Менше, жоқ!

Әйтеу, қалың сұрақтың астынан алып, депутаттық сауалдарды жолдаудан ары асқан емессіздер.

Төрағаңыз Ерлан Қошановтың сөзімен айтсақ, ол сауалдарыңызға Үкімет сырғытпа, жалпылама жауаптар береді, нақты істерді көрсете алмайды…

Біздің отандық тауар өндірушілерді ішкі нарықта БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ жібермей аяғын тұсап отырған басқа емес, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар!

Оның арғы жағында «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң тұр!

Осы екеуінен құтылмай, Парламент пен Үкіметтің позор болғаны – болған!

Осы екі бәленің көзі жойылмай, Сіз бен біз аңсаған, Сіз бен біз қолдап келе жатқан ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ешқашан орнамайды!!

Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!

Сіз депутат болып сайланғанда, қатты қуанғандардың бірі – менмін!

Сіздің атыңызға бірінші болып хат жазып, осы құрып қалғыр Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көзін жойып, оның «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және ҚР басқа заңдарымен бекітіп алған құзыретін немесе қызметін ауылдық округ әкіміне беру туралы ұсыныс жасаған да мен едім ғой.

Сурет: Сайт скрині.

https://abai.kz/post/173288

Менің 2023 жылғы 23 қыркүйекте жолдаған бірінші хатыма  (ЖТ-2023-01715267) «Құрметті Мұқибек Ауыт!  Маған арнап жазған хатыңызды оқыдым. Хатта қозғалған тақырыптың көпшілікке арналған әлеуметтік-қоғамдық мәнін ескере отырып, Сізге жауапты «ДАТ» газеті арқылы беремін деп шештім.» деп жауап бердіңіз.

Көп күттім, «ДАТ» газеті арқылы жауап берген жоқсыз.

Келесі жылы қазан айында сол өтінішімді (ЖТ-2024-05497298) Сізге тағы жолдадым.

Бұл жолы Сізден «Құрметті Ауыт Мұқибек! Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжілісі Сіздің 02.10.2024 жылғы келген өтінішіңізді қарап, келісіні хабарлаймын. Бұл өтініште көтерілген мәселелер туралы өзіңізбен телефон арқылы сөйлесуде талқыланды және біздер ортақ пікірге келдік деп ойлаймын. Азаматтық бастамаларыңыз бен қоғамдық белсенділігіңіз ел мүддесіне қызмет қылады деген сеніммен Сізге сәттілік тілеймін» деген жауап алдым.

Шынымды айтсам, Сізбен телефон арқылы сөйлесіп, қандай «ортақ пікірге» келгенім есімде жоқ.

Шамасы, осы жауапты жазарда Сіз Өзіңіздің депутат екеніңізді ұмытып, баяғы «ДАТ-та» жүрген кезіңіздегідей сезімде болсаңыз керек.

Әйтпесе, Елімізді тұралатып тұрған ең маңызды мәселеге депутат бұлай жауап бермесе керек еді.

Бірақ, мен Сіздің бұл жауаптарыңызға титтей де ренжіген емеспін!

Бірақ, аюдай ақырған тұлғаңыз бен депутаттық мандатыңызды,  ойлап, «Әттеген-ай!» деп Қанат Бозымбаев құсап қатты күрсінгенімді жасырмаймын.

Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!

Жалпы, Сіз менің сол Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы айтқандарыма сенбейтін секілдісіз.

Міне, кеше – 02 желтоқсан күні ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың салып жатқан лаңын жалпақ әлемге жайып салды.

Сурет: Сайт скрині.

https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1117102?lang=kk

Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың мәліметіне қарағанда, қысқартып айтсақ, 138 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар; 14,5 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланғаны; 33,6 млрд теңге бюджет қаражаты мен активтердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталыпты.

«Өңірлерде өздері дұрыс деп тапқанның барлығын жасап жатыр. Көп жағдайда бұл тіпті Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы келеді», — деді Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы ашуға булығып.

Иә, мен Сізге екі жылдың алдында айттым ғой, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов құрған тап-таза ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМА деп!

Міне, соған көзіңіз енді анық жеткен шығар деп ойлаймын...

Ал, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы тіпті де тереңірек білгіңіз келсе, әріптес ініңіз Мақсат Толықбайдан сұрасаңыз болады. Ол Сізге қоясын одан ары ақтарып тұрып айтып береді... 

Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!

Өзіңіз өте жақсы білесіз, мен қисынсыз іске араласпайтын жігітпін. Қайсы мәселені көтерсем де, оның шешу жолын қоса ұсынатын жақсы қасиетім бар. Сосын, сол мәселе қашан шешім тапқанға дейін тоқтаусыз күресетін жанкештімін...

Көші-қон, қандастарға қатысты түйткілді мәселердің бәрі үнемі мен айтқандай болып шешіліп келеді;

«Шекара өңірлер туралы Заң қабылдау керек!» деп едім, ол да Президенттің деңгейінде өз шешімін тауып, жүзеге асқалы жатыр;

«Ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту керек!» деп үш жыл бойы зарлап едім, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде: «Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек!» деп, тапсырма берді...

Сурет: Сайт скрині.

https://abai.kz/post/208345

Сол секілді, тынбай көтеріп келе жатқан Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көзін жойып, оның құзыретін немесе қызметін ауылдық округ әкіміне беру және «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы құқықтық актілерді ҰКП-нан залалсыздандыру туралы ұсыныстарым да бүгін болмаса, ертең; биыл болса, келесі жылы; бұл президент болмаса, келесі президенттің тұсында жүзеге асатынына бек сенімдімін!

Маған сеніп қойыңыз, Үкімет түбі менің осы айтқандарымды орындауға мәжбүр болады. Үкімет орындамаса, халық орындатады...

Егер, мен көтерген мәселелер шешілмей жатса, ол менің осалдығымнан болып жатқан жеңіліс емес, қолында мандаты мен құзыреті бар депутаттар мен атқарушы билік басшыларының жауапсыздығының, қырсыздығының кесірінен болып жатқан кемшілік деп білген дұрыс!

Ал, Сізге келсек, Сіз Парламентте бес жыл депутат болып отырғанда, Тимур Құлыбаев бір тал қылшығы қисаймаған күйі кетсе, позордың нағыз көкесі сол болғалы тұр!

Шынымды айтсам, мен бұл екі мәселенің Қасекең президент болып тұрғанда Сіз депутаты болып отырған шақырылымның ықпалымен шешілгенін қалаймын!

Ал, оны шешу Сіздердің – Мәжілістің қолында тұр...

«Ештен кеш жақсы!» дейді қазақ!

Әлі де кеш емес, Ераға, бұл мәселеге кірісіңіз!

Ең құрығанда басын бастап кетіңіз... 

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір