Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3769 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 05:57

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот ісі жалғасып жатыр...

Маңғыстау өңірі, ал дәлірек айтсақ - Жаңаөзен қаласы былтырдан, әсіресе - жыл аяғынан бері ел назарында. Тіпті, тек Қазақстан ғана емес, барша әлем назарында десе де артық айтқандық бола қоймас.

2011 жылдың мамыр айында басталған мұнайшылар ереуілі елді селт еткізгенімен, жұртшылық о кезде бұл наразылық акциясының бірте-бірте, біріншіден, бұрын республика тарихында болып көрмеген ең қуатты және ең ұзақ - жеті айлық қозғалысқа айналарын, екіншіден, еш те бір есі дұрыс адамның үш ұйқтаса түсіне де кірмейтін алапат қасірет - қанды қырғынға ұласарын білген жоқ, әлбетте.

Алайда, өкінішке орай, солай болды.   Өйткені, осы ереуілді тоқтату мақсатында билік тарапынан қаншама кедергілер, арандатулар мен зорлық-зомбылықтар жасалғанымен (бейкүнә адамдарды соттап жіберу, соққыға жығу немесе, тіпті, өлтіру!), мұнайшылар заңды және бейбіт іс-әрекеттер шеңберінен бір ауытқымай, бүгінгі заманда өте сирек кездесетін шыдамдылық, төзімділік пен табандылық танытып, өзгелерге үлгі-өнеге болар нағыз ерлік жасаған еді. Сондықтан, тура Тәуелсіздік Күні - 16-желтоқсанда, яғни, халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған ең қасиетті... ең қастерлі күні (!) халыққа аяқ астынан оқ жаудырып, қаншама адамды жусатып салатындай, ереуілшілер ешкімге, соның ішінде Құдайды ұмытқан имансыз, озбыр билікке де ешқандай қауіп төндірмеген болатын.

Бар «кінәлары» - адал еңбектеріне тиесілі жалақыларын дұрыс төлеуді талап еткені үшін ғана ел азаматтарына қарсы жаудан бетер жауыздық жасағанын және өзінің бұл қорқаулық іс-әрекеті ешкім (халқымыз да, адамзат та, тарих та, Алла тағала да) ешқашан кешірмейтін құбыжық қылмыс екендігін өте жақсы білетін жеке билік режимі, міне, Жаңаөзен қырғынынан бері өткен уақыт ішінде жатпай-тұрмай сол қылмыс үшін жауапкершіліктен жалтарып, оны өзгелерге аударып салу мақсатында не бір сұмдық айла-шарғыларды ойлап тауып, жанталасуда. Атап айтқанда, бір жағынан - онсыз да қан жылап, қара жамылған мұнайшылар мен олардың жетекшілерін (Талғат Сақтағанов, Роза Төлетаева, Ақжанат Әминов, Естай Қарашаев, Наталья Әжіғалиева, Айман Оңғарбаева, Жанар Сақтағанова, Мақсат Досмағамбетов, Асқар Іскендеров және т.б., барлығы 37 адам), екінші жағынан - ереуілшілерге қамқор болып, оларды залым биліктің шектен шыққан заңсыздықтары мен қуғын-сүргінінен қорғау ниетімен Жаңаөзенге сапар шеккен демократиялық күштер өкілдерін, тұтқында отырғандары бар, «ешқайда кетпейтіндігі» жөнінде қолхат алынғандары бар (Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Айжангүл Әмірова, Болат Атабаев, Жанболат Мамай және т.б.), неше түрлі қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр.

Мұнайшыларды негізінен «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» немесе оған «қатысты», «ұрлық жасады», «тонады» деп айыптаса, оппозицияшыларға - «әлеуметтік араздықты қоздырды», «конституциялық құрылымды құлатуға шақырды», «адамзат бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасады» (?!), «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» сияқты мүлде ойдан шығарылған, ешқандай ақылға сыймайтын айыптаулар тағып отыр. Ал шын мәнінде Жаңаөзенде жаппай тәртіпсіздікті, ұрлық пен тонауды қолдан ұйымдастырған да, адамзатқа қарсы қылмыс жасаған да (бейбіт қалыққа қарсы оқ атып), мемлекетіміздің тұтастығына қауіп төндіріп отырған да, халықтың Алла бұйыртқан бүкіл қазына-байлығын ұйымдасқан түрде топтаса тонап, талан-тараж етуші де - биліктің өзі екендігі баршаға мәлім.

Ал, «бүлікшілерді» соттау жөнінен Қазақстан билігінің мол «тәжірибесі» бар. Ол «тәжірибенің» мән-мағынасы мен ерекшелігін ұғыну үшін, меніңше, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты 99 азаматтың, 2006 жылғы Шаңырақ көтерілісіне байланысты 25 азаматтың нахақ сотталғанын еске түсірсе де жеткілікті.

Сонымен, «күштінің алдында қашан да әлсіз кінәлі» болып шығатын жабайы «принципке» сәйкес үш жарым ай бойы жүрген әділетсіз тергеу қорытындысы «негізінде» 27-наурыз күні Ақтау қаласының «Арман» жастар сарайында Жаңаөзен қанды қырғынына орай дайындалған әділетсіз «сот» процесі басталып, оның алғашқы отырысы болып өтті. Менің бұл жерде «әділетсіз» сөзін еш күмәнсіз, сенімді түрде қолдану себебім түсінікті болса керек. Біріншіден, Қазақстан билігінің берік қалыптасқан «сот дәстүрі» бойынша, қылмыстық жауапкершілікке тартылған «бүлікшілер» ешқашан ақталмай (арасынан тек «көз қылып», бірлі-жарымына «рақымшылық» жасамаса), міндетті түрде жазаланып, «қылмыскер» атанатындығын өмір дәлелдеген. Ал мұндай «дәстүр» шеңберінде, сөз жоқ, әділетке орын болуы мүмкін емес. Екіншіден, қылмыс құрбандарының қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ал қылмыс жасаушылардың өз құрбандарын «соттауы», әлбетте, жалпы «әділет» ұғымын таза жоққа шығаратындығы - аксиома, яғни, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Үшіншіден, мұндай «ерекшеліктермен» өтетін қазақстандық сот процестерінің тек таза формалды түрде жүріп (ешкім, әсіресе шетел: «Билік бейкүнә азаматтарды сотсыз жазалады», - деп айта алмауы үшін ғана), олардың түпкілікті үкімдері алдын-ала шығарылып қоятындығы - ол да өмір дәлелдеген ащы ақиқат.

Әрине, осыны айта отырып, мен Алла тағаладан өзімнің осы болжамымның қате болып шығуын тілеймін. Бірақ, бұл тұрғыда күмәнім өте үлкен болғандықтан, сонымен қатар: «Ей, құдіреті шексіз Жаратқан Ием, Шебер Құдай, өзіңнің бейкүнә құлдарыңды әділетсіз сот үкімінен сақтай гөр! Олардың орнына Жаңаөзен қанды қырғыны үшін шын кінәлі жауыздарды жазалай гөр!» - деп жалбарынамын. Және, тіпті егер осы тілегім бүгінгі  Қазақстан жағдайында орындала қоймаса да, көп ұзамай біздің еліміздегі қоғамдық-саяси жағдайдың түбегейлі өзгеруі нәтижесінде (ал бұған негізгі себеп Жаңөзен қырғыны мен осы «сот» процесі болуы тіпті де ғажап емес) ертең шығарылуы мүмкін әділетсіз сот үкімі өз күшін жоярына, сөйтіп, Жаңаөзен мұнайшылары мен олардың қамқоршылары - оппозициялық қайраткерлер түгел ақталып шығарына, ал, бұған керісінше, халық қанын мойнына жүктеген жендеттер өз жазасын аларына еш күмәнім жоқ. Сол кезде Шаңырақтық «бүлікшілер» де бостандыққа шығып, қазақтың ол қасіреті үшін кінәлілер де жауапқа тартылары сөзсіз. Әумин, тезірек солай болғай!

P.S. Біздің комитет Ақтаудағы сот процесіне байланысты өзінің бірнеше мүшесін (ішінде осы жолдар авторы да бар) іссапарға жіберуді жоспарлаған болатын, алайда, өкінішке орай, қаражат проблемасына байланысты әзір тек комитет төрағасы Рамазан Есіргепов қана аттанып кетті. Сонымен қатар, о жаққа алдын-ала жүріп кеткен біздің тұрақты өкіліміз - комитет мүшесі Ерлан Қалиев арқылы жұртшылықты аталмыш «сот» процесінің барысы жөнінде хабардар етіп отыру міндетін мен өз мойныма аламын.

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы, 2012 жылдың 28-наурызы.

«Абай-ақпарат»

Суреттер janaozen.net сайтынан алынды

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303