«Қазақ әдебиетінің өресі ешкімнен төмен емес»
Қытайдағы қазақ әдебиеті десе, аттап өтуге болмайтын қаламгердің бірі Оразхан Ахмет. Қай шығармасын оқысаңыз да, тұнып тұрған қазақы болмысты көресіз. Сондықтан да болса керек, жазушының шығармалары Қытайдың көптеген сыйлықтарын иеленген. Қытай сыншыларының айтуынша, оның әңгімелеріне мейлінше шынайылық пен сол шынайылыққа шырай беретін шыншылдық тән. Қарапайым, әйткенмен әр сөзінің астарында қорғасындай ауыр мысқыл мен астарлы ой жатады. 2012 жылы Орекеңнің «Тұлпардың соңғы тұяғы» атты кітабы Қытайдың мемлекеттік «Тұлпар» сыйлығын еншіледі. Алматыға жазушы ағамыз келгенін естіп құстай ұштық. Әңгімеміздің арқауы өзінің өмір жолы мен шығармашылы жайлы өрбіді.
– Оразхан Рахманбекұлы, сіз қандай отбасында дүниеге келдіңіз және қандай жоғары оқу орнын бітірдіңіз?
– Мен 1938 жылы тамыз айында Іленің Қорғас ауданы Сарбұлақ деген елді мекенінде дүниеге келіппін. Үлкен әкем – Ахмет қажы, өз әкем – Рахманбек елге сыйлы ауқатты адамдар болған. Өкінішке орай, ол кісілер өмірден ерте қайтты да. бір отбасында 9 ұл-қыз бала жетім қалдық. Біз әжеміз бен шешеміздің тәрбиесімен ержеттік. Әке дәулетінің, атақ-даңқының пайдасынан зияны бізге көп тиді. Жасымыздан байдың баласы атанып, елге көзтүрткі болдық. Айналамыздан жәбір көрдік. Міне, осы жағдай маған ызақорлық пен кекшіл мінез сыйлаған сияқты. Сондықтан кейінгі өмірімде көп тауқымет тартуыма осы мінездің де үлесі аз болған жоқ. Аудан орталығындағы орталау мектепті бітірген соң, 1955 жылы Шыңжаң институтының (қазіргі Шыңжаң Университеті) қазақ әдебиеті факультетіне оқуға түстім.
– Бала кезіңізден әдебиетке қызығушы ма едіңіз?
– Мектепте жүрген кезде әдебиеттің не екенін білетінмін, бірақ әдебиетке деген қызығушылық менде болған емес. Институтқа түскенде 17 жаста едім. Біздің кезімізде өзің қалаған мамандық бойынша оқуға түсу деген жоқ. Үш мамандықты талдаған едім, мені әдебиет факультетіне бөліп қойыпты. Байқасам біздің факультеттегілердің дені әдебиетке құштар, ақын жігіттер екен. Өзің білесің, өлең жазатын студенттің көбі бөспе, алкеуде келеді ғой. Бір өлең жазып алып, жер-суға симай гүрілдеп жүрді. Өлең тұрмақ, жөнді мақала жазып көрмеген мен олардың жанында ештеме болмай қалдым. Біздің қазақ рушыл, жершіл ғой. Өлең жазып ақын болып жүргендер біздің басқа аймақтан келгендер болатын. Әрібірден кейін олар: «Оразқан, сен әдебиет дегеннің не екенін сезбейді екенсің, мұнда адасып келіпсің. Ең жақсысы сен басқа факультетке ауысып кет. Сенің орныңа оқитын ақындар бар...», – деп маған ақыл айта бастады. «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» дегендейін, олардың бұл сөзі менің намысыма тиді.
– Содан кейін не болды?
– Не болушы еді, олардың бұл сөзі маған қамшы салды. Өлең жазу қолымнан кеймейтіні анық. Сол себепті прозамен айналысып көрейін деген бекімге келдім. Өйткені ол кезде әңгіме жазып жүргендер жоқ еді. Сонымен оларға сездірмей бірнеше әңгіме жазып тастадым. «Кішкене суретші» деген әңгімем 1956 жылы «Шұғыла» журналының 4-санында жарияланса, ал «Менің досым» атты әңгімем 6-санына басылды. Одан соң да бірнеше әңгімемді жіберіп едім, соның біреуі ғана жарық көрді де, 1957 жылдың соңынан бастап менің баспасөзге қатысу құқығымды шектеп тастады. Менің жұлдызым теріс туған болу керек, ендігәрі шығарма жарялауыма мүмкіндік бермеді. Онымен қоймай жазған-сызғандарымды түгел тәркіледі. Мен алғаш прозамен осылай табысып, осылай қоштасуға тура келді. Бірақ батқан күннің, қайта айналып шығарына сендім.
– Әйтеуір оқудан қуылып кеткен жоқсыз ба?
– Оқудан қуыла қойғаным жоқ, бақылауда жүріп 1958 жылы оқуды бітірдім. Өкінішке орай, қызметке шығып үлгірмедім. Сол мезгілде зиялы жастар үшін ауыр апат болған «стил дұрыстау» қозғалысының қара дауылы мені де ұшырып әкетті. «Кері төңкерісшіл топ құрды» деген жаламен бірнеше курстасыммен бірге Үрімжі маңында қуғын-сүгінде жүрідім. 1960 жылы Тарым ойпатындағы егіншілік алаңына жіберді. Онда миллионға тарта адам өмір сүреді екен. Біз де солардың қатарына келіп қосылып, егінші болып жұмыс жасадық. Бізден бұрын барғандар әр ай сайын еңбек ақыларын алып отырады екен. Ең төменгі жалақы – 36 юань, ал ең жоғары жалақы – 52 юань екен. Көбісі сонда отбасын құрып, бала-шағалы болыпты. Мен 1963 жылы желтоқсанда ауру себебімен ауылыма қайттым. Бірақ «Кері төңкерісші» деген қалпақ астында бақылауға алындым, ауылдағы халық сақшысы әр ай сайын айдап жүріп істетті. Шыны керек, Тарымдағы күніме зар болып қалдым. 1975 жылы қалпағым алынып, бақылаудан құтылып, өндіріс әтіретінде егінші болып істедім. 1980 жылы қаңтарда түбегейлі ақталып, Құлжада шығатын әдеби журнал «Іле айдынына» жұмысқа орналастым. Алғашында бөлім редакторы, кейін бас редактор болып қызмет жасадым. 1990 жылдан бастап кәсіптік жазушы болдым. Қазір зейнет демалысындамын.
– Жерлестеріңіздің сөзіне сенсек, сіздің қалпағыңыздың ертерек алынып, қызметіңіздің қалпына келуіне «Өзгерген өңір» деген романыңыз ықпал еткен көрінеді...
– Мен қандай ауыр жағдайда да әдеби жасампаздықтан жазбадым. Мүмкіндік туа қалса, ойға алғанымды ептеп қағазға түсіре жүрдім. Осы жансебіл тірлігім көмектесті. 1974 жылға келгенде аяқ астынан Қытай саяси саханасына Дың Шаупиң қайта шыға қалып еді, қоғамда аз жылымық білінді. Ұмыт болған ғылым мен мәдениет қайта дәріптеле бастады. Бұл шақта ауарайын баққан бақташылардай күніміз саяси жағдайды бақылаумен өтіп жүрген емес пе? Сондықтан мына орайды қалт жібергім келмеді. Ойда жүрген оқиғаларды асығыс-үсігіс бір айдың ішінде қағазға түсірдім де оған «роман» деген айдар тағып, Іле қазақ автономиялы облыстық үкіметтің мәдениет кеңсесіне жібердім. Ол шақта Қытай қазақтары ішінде роман жазған ешкім жоқ. Бұл шығарманың жарық көруінің мүмкін еместігі де маған айдан анық. Өйткені менің басымда қалпақ бар. Баспасөздік құқығым тағы жоқ. Сөйтсе де, мына жаңалықтың менің тезірек ақталуыма, жұмысқа орналасуыма септігі тиер ме деген бір болмашы тосын үміт алға жетеледі. Бұл тәуекелішілдігім алғашында есек дәме боп білініп еді. Бірақ аз уақыт өткен соң жоғары-төмен бұл оқиғадан хабарланса керек, мен жөнінде әңгіме айтылып, сең қозғала бастады. Әлдеқандай бір үлкен басшы маған көңіл бөлу жөнінде ауызша нұсқау беріпті. Бар болғаны сол – менің жағдайым жақсара бастады. Әлгі ажырамастай болған қу қалпақ бастан түсті. Жеңіл-желпі жұмысқа жегіліп аздап ес жидым...
Содан 1980 жылға келгенде әлгі роман да баспадан шықты. Бәлкім, бұл романның қолжазба күйінде таралып атышулы болуының да ықпалы тигендей. 1981 жылы желтоқсанда бүкіл Қытайдағы аз санды «ұлттар әдебиеті» үшін белгіленген тұңғыш әдеби сыйлықтың бірінші дәрежесін еншіледі.
– Аталмыш романыңыз сыйлық алып, ел арасындағы бет-беделіңіз тіктелгеннен кейін бір жолата әдеби жасампаздыққа ден қойғансыз ғой?
– Осыдан кейін менің әдеби жасампаздығым үшін кең жол ашылды. «Бірінші дәрежелі жазушы» деген ғылыми атақ алдым. Кәсіптік жазушы болдым. Мамандық жақтан, тұрмыстық жақтан, қоғамның, әр дәрежелі басшылардың қамқорлығына ие болдым. Алаңсыз шығармашылықпен шұғылдандым. Міне содан бері: «Көктемгі ойлар», «Сөнбейтін шырақ», «Ең соңғы көз жасы», «Жасыл бақша», «Тұлпардың соңғы тұяғы» секілді әңгіме-повестер топтамасы мен «Өзгерген өңір», «Көк белес», «Құмдағы іздер», «Аманат» (екі кітап) қатарлы романдарым жарық көрді.
– Сіздің оқырмандарыңыз «Оразқан Ахмет – қара сөздің қамбасы» деп айтады екен. Демек, сіз қазақ әдеби тілінің сөздік қорын жақсы меңгерген болдыңыз ғой?
– Мен елге елеусіз, абыр-дабырсыз жүріп әдеби жасампаздық үрдісінде үздіксіз ілгерілеп, үйренумен болдым. Әлемнің көптеген ұлы тұлғаларының ой-пікірімен, айшықты образдарымен таныс болдым. Өзімше іздендім, өзімше зерттедім, өзімше ой қорттым. Сондағы келген байламым, тапқан тиянағым – «қазіргі заман қазақ әдебиетінің өресі ешкімнен төмен емес» деген шындық-көзқарас. Мақтаным емес, өзімшілдігім емес, саналы түрде осылай ойладым.
Біздің тек санымыз ғана аз, үгітіміз кемшін, өзімізді әлемге танытуға қауқарымыз аз. Бір-бірімізге жақсы атақты қимаймыз. Осы кінараттарымыздың кесірінен ата жұртымыз болған Қазақ елінің өзіне әлі дұрыстап таныла алмай жүміз. Әйтбесе, Қытайдағы қазақ әдебиетінде өрелі жазушылар мен жақсы шығармалар жетерлік. Менің әдебиеттегі үлгі тұтқаным – шығыс әдебиетін, халық ауыз әдебиетін көп оқыдым, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов пен қазақ әдеби тілінің кемеңгері Ғабит Мүсіреповты өмірлік ұстазым тұттым. Соларша суреттеуге, солардай образ сомдауға талпындым. Олар секілді қазақтың ұлттық жазушысы болып қалуға тырыстым. Шамам келгенше әр елдегі, ой-қырдағы қазақ оқырмандары қызығып оқитын шығарма жазуды мақсат еттім. Қазақ әдеби тілінің өміршеңдігіне сүйендім. Ешбір «измнің» соңына түспедім. Көрмеген, білмеген оқиғаларды ойдан құрамадым. Тек көрген-білген оқиғаларымды ештеңе алмай-қоспай баяндамақ болдым. Жазушының да, шығарманың да тағдыры оқырман қолында. Мұны естен шығарған жазушы өмір бақи рухани азаппен өтеді. Міне, сол себептен және оқырман арасында көп жүріп, оларды жақсы түсінгендіктен сол оқырмандарды баурау амалын іздедім. Біздің алдымыздан үнемі кездесе беретін саяси және қоғамдық кедергілерден бөгелмей өтетін әдеби әдіс-амал ойладым... Сондықтан да үлкенді-кішілі бағалаулардың бәрінде де жүлдесіз қалған емеспін. Әрине, мұның өзі оқырмандардың қолдауы мен құрметі. Сол үшін де мен қашанда шығармаларымды қызығып оқып жүрген халқыма өзімді борышты сезінемін. Олар үшін және қызықты бірдемелер жазуды да есімнен шығарған емеспін.
– Сыйлық демекші, биыл сіздің «Тұлпардың соңғы тұяғы» атты әңгіме-повестер жинағыңыз Қытайдың мемлекеттік «Тұлпар» сыйлығын еншілепті. Сыйлығыңыз құтты болсын!
– Рахмет, інім! Қытайда тікелей «Мемлекеттік сыйлық» деген әдеби сыйлық жоқ. Тек, «Ғылым-техника алғабасар сыйлығы» деген мемлекеттік дәрежелі жалғыз сыйлық бар. Ал, қалған сыйлықтар түгелімен министрлік дәрежелі. Әрнәрсені өз атымен атау – сауаттылықтың белгісі. Сондықтан Қазақстан басылымдарында Қытайда таратылған сыйлықтарды өз деңгей-дәрежесімен атаған дұрыс.
Қытайда бұрын үгіт-насиқаты дабыралы, берілуі талас-тартысты өтетін министрлік дәрежелі үш әдеби сыйлық – «Мау Дұн сыйлығы», «Лу Шұн сыйлығы» және «Балалар әдебиет сыйлығы» болған. Ал, «Аз санды ұлт әдеби сыйлығы» дәрежесі жоғарыдағы сыйлықтармен тең, дегенмен бағалануы қатаң емес, беделі төмендеу еді. Кейінгі кезде бұл сыйлықты «Тұлпар сыйлығы» деп аталып, бағалану шарты күшейтілді. Қаражатын молайтты. Дәрежесін шын мәнінде басқа сыйлықтармен теңестірді.
Қазір осы сыйлықтардың бағаланау барысы едәуір күрделі, қиын болып тұр. Әуелі оқырмандар аңысын тыңдайды, одан соң мамандардың сарабына салады. Ең соңында ашық дауыспен шешеді. Мұндай тәсіл бар жерде алдыңда былай, арттан олай сөйлеуге жол жоқ. Кімге дауыс берсең өз қолыңмен атыңды жазасың. Егер автордың бет-беделіне қарап нашар шығарманы өткелден өткізіп жіберсе, сол дауыс иелері сын тоқпағының астында қалары сөзсіз. Осы жағынан қарағанда Қытайда әдеби шығарма бағалау біршама әділ жүрілетін сияқты. Бірақ кінәратсыз әділдік болуы екіталай. Бәрі де салыстырмалы түрдегі әділдік. Тіпті, басы бүтін әділдіктің өзі де біраз адамның наразылығына ұшырайды. Неге десеңіз, бар оқырманға түгел ұнайтын шығарма, бар адам ұнататын жазушы болуы мүмкін емес. Қандай мықты жазушыны да, қандай жақсы шығарманы да ұнатпайтын адам табылады. Сондықтан «көп ауған жаққа Құдай да ауады» деген сөз бар. Көп дауысты қолдасаң, әділдіктен алшақ кетпейсің. Міне, осындай өлшем арқылы осы жылы қыркүйекте Бейжіңде 10-шы рет «Тұлпар» әдебиет сыйлығы таратылды. Қазақ қаламгері арасынан менің «Тұлпардың соңғы тұяғы» деген әңгіме-повестер жинағым осы бәйгені қанжығалады.
Жоғарыда айттым, әрқандай бағалаулар салыстырмалы болады. Бұл сыйлықты алғанда Қытай қазақтарындағы ең мықты жазушы Оразхан Ахмет, ең үздік шығарма «Тұлпардың соңғы тұяғы» деген мағына шықпайды. Неге десеңіз, бұл марапаттың уақыт шектемесі бар. Бұл рет 2008 жылдың қаңтарынан 2011 жылдың желтоқсанына дейін баспадан шыққан кітаптар бағаланды. Менің бұл кітабым 2011 жылы мамырда жарық көрген болатын. Сондықтан сыйлық шартына толып отыр. Міне, осындай орай келгендіктен осы сыйлықты үш мәрте алыппын...
– Сіз жаңа Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповты ұстаз тұтқаныңызды айттыңыз. «Шығармаларым осы классиктердің көлеңкесінде қалып қоймас па екен» деген ой сізде болған жоқ па?
– Біздің алдыңғы буын кемеңгер жазушыларымыз тарихымыз бен бүгінгі өміріміздегі елеулі оқиғаларды түгел дерлік жазып кетті. Кең де, даңғыл әдеби өріс ашты. Біз солардың ізімен жүріп, олар ашқан өріске беттеп, кедергісіз кете берсек қадамымыздың құтты болатыны тұрған сөз. Бірақ әдебиетке, оқырманға құтты бола ма? Бұлайша тыраштана берсек қайталау болатыны сияқты, тіпті, ұлы тұлғаларымызға көлеңке түсіретін келеңсіз тірлікке ұрынуымыз да мүмкін еді. Сондықтан мен де өзімше сүрлеу салуды ойладым. Бірақ алдыңғы буын аяқ баспаған сүрлеу жоқ дерлік екен. Сөйтсе де, олар тым таптауырын етпеген көмескі соқпақтар шалынып қалады. Мен, міне, сол өңірге тарттым. Алдыңғы буын және атақты жазушыларымыз ірі-ірі оқиғалар мен кесек-кесек тұлғаларды, ұлттық бітіміміздегі айқын-айқын ерекшеліктерді жазса, мен солардың қаламына ілінбей қалған ұсақ-түйек оқиғаларды, қарапайым адамдардың бейнесін іздедім. Азды-көпті тапқандай да болдым. Іздегенімізді тапқан соң тағы да ойландым. Біздің мықты қаламгерлеріміз тарихымыздағы ерлік пен өрлікті айшықтап кетсе, мен әттеген-айымыз бен осал тұстарымызды неге ашпасқа?! Мәселен, біз төңіректің төрт бұрышына неге шашылдық, неге сонша қырғын көрдік, сыртқы себеп беп-белгілі. Оны кемеңгер жазушыларымыз бүге-шігесіне дейін қалдырмай жазып кетті. Меніңше, аз жазып жүргеніміз – өз тарапымыздан туындаған себеп. Шұқшия ойланар болсақ, кейде бәлені өзіміз іздеп тапқандай сезіле берері бар. Алысқа бармай-ақ, өз басымнан алсам, ешбір өзге ұлт өкілі біздің түрмеге жабылуымызға, айдауға түсуімізге себеп болды дей алмаймын. Жасырып-жаппай айтар болсам, өз қандастарымыз, өз жақын достарымыздың жапқан жаласы себепкер бұған. Бұрын көп аңғармаған екем, басқа түскенде ғана түрме жыршысы Таңжарық Жолдыұлының:
«Достарым өз қолымен берді ұстап,
Гоминдаңға қырқыншы жыл басында...»,
немесе:
«...Айдатқан бізді ұстап ағайындар,
Қош, енді жолыққанша жақсы жаса!» деген күйінішке толы зарлы үнін түсіндім. Сондықтан осы кемістігімізді айқындап тұрып жазуды ойладым. Бірақ, төтесінен айқайлай жөнелуге және жол жоқ. Неге десең, бізде ұлттық намыстан кейде рулық намыстың жоғары екендігі белгілі. «Ата-бабаларымыздың бәрі де кемеңгер, бәрі де батыр, бәрі де ұлт қамқоры» деп күпсіп жүргенімізде құлаққа жақпайтын сөз сөйлеп, пәлеге қалмайын дедім. Сондай шабуылдан сақтанып епке көштім. Үйренген ұзақ жылдық әдіс-амалым бойынша қазымырланбай, өткелден амалдап ептеп өтіп кеттім. Оның өзіндік алуан қыры мен сыры бар.
– Мәселен...
– Көркем әдебиет – сөз өнері болғандықтан амал-көп, қара жолмен ескі арбаны салдырлата бермей, сан алуан көлікті пайдаланғанымыз абзал деп ойлаймын. Қытай қазақ әдебиетінде міне осындай ойдың жетегімен ізденушілердің үлкен шоғыры бар. Біздің әдеби тірлігіміздегі осы үрдіс әлемде өзіндік орны бар ханзу әдебиетін де кей-кейде елең еткізіп қояды. Бірақ мұндай ізденуді «сөзбен ойын салу» деп түсіну – үлкен ағаттық. Қандай тәсілмен жазсаң да, қойылатын жалғыз ғана талап: кенелуі көркемдік, сенің оқырманың болу керек. Жазушының да, шығарманың да тағдыры – оқырманның қолында. Біз ешқашан оқырмады қолымыздан қолдан жасай алмаймыз, зорлықпен таба алмаймыз. Тек оқырмандардың көңіліне жағатын шығарма жаза аламыз.
– Қазақ әдебиетінің тарихына көз жібіретін болсақ, «Қазақ әдебиеті» – «Қазақстан қазақ әдебиеті», «Қытай қазақ әдебиеті», «Моңғол қазақ әдебиеті» деп сан салаға бөлініп кете барады... Мұны бір арнаға құятын күн қашан туады деп ойлайсыз?
– Жалпы, қазақ әдебиетін үлкен арналы өзен десек, әр ел, әр өңірдегі тарау-тармақтарымен тіпті ұлғайып, шалқып, тасып кете бермек... Бұл құбылыс – әдебиетіміздің өміршеңдігін дәлелдейтін бір белгі. Біз бір ұлт болғанымызбен саяси түзімі, қоғамдық қарым-қатынасы, тыныс-тіршілігі ұқсамайтын түрлі елдерде жасап жатырмыз. Осындай ұқсамастық халқымыздың салт-дәстүріне, психологиясына белгілі ықпалдар жасағанын жасыра алмаймыз. Мұның мысалын алыстан іздемей-ақ, қазір мына Қазақстандағы «оралмандар» мен «жат жерлік қандастар» арасында анда-санда түсінбестіктің туындап қалып жүргені де дәлел бола алады.
Адамдар арасындағы осы түсінбестік қазір әдебиетімізде де айқын түрде сақталып отыр. Өзге елді айтпағанда, мына Қазақстан мен Қытай – ежелден көрші елдер, ұзақ заманнан бері осы елдегі қазақтардың ауылы аралас, қойы қоралас дерлік. Баспасөзі, радио, телеарна хабарлары да еркін араласып тұрады. Тек әдебиетімздің араластығындағы жалғыз кедергі – әліпбидің бөлектігі. Қазақстан крилицияны, ал Қытай қазақтары Ахмет Байтұрсынұлы жасап берген төте жазуын қолданады. Бұл құбылыс, әрине, жат халыққа кедергі болғанымен, зиялы қауым үшін үлкен кедергі емес. Сөйтсе де, Қазақстандағы қазақ қаламгерлерінің көбі Қытайдағы қазақ әдебиетінен бейхабар. Тіпті, «Қытай қазақтарында көркем әдебиет жоқ» дейтіндері де табылады. Баспасөзде мұндай пікірлерді еш шімірікпестен анда-санда жазып та жүр. Біздің әдебиетімізбен дұрыстап таныспай жатып, ат үсті пікір айтқандарға біздің қаламгерлер недәуір реніш танытты. Өзге ұлттармен сыйласыуға, руханият алмасуға мәдениеті жеткен Қазақ Елі жазушыларының өз қандастарын көзге ілмей, алымсынбай сөйлеуі тым кеудемсоқтық, анайы мінез екенін айтысты. Әрине, кейбір Қазақстан жазушылары «Қытай қазағында көркем әдебиет жоқ» дегенмен бар нәрсе жоқ болып қалмайды. Қытай қазақ қаламгерлерінің шығармалары да Қазақстанда да, өзге елдерде де жарық көріп, жақсы бағасын алып жүр. Мұндай пікір әрине, араласпаушылықтан туындап отыр. Біздің жастарымыз осы түсінбеушілікті жою үшін белсенді жұмыс істеулері керек деп білемін.
Қазір дүние материалдық жақтан да, рухани жақтан да шұғыл өзгерістерге ұшырап отыр. Бірақ бір ғажабы – жалпы қазақ әдебиеті көзқарасы жағынан да, әдеби тәсіл жағынан да осы өзгерістерге сәйкеспей, тіпті, сәйкескісі де келмей отырған сияқтанады. Бұрын мейлі Қазақстан әдебиеті болсын, мейлі Қытай қазақ әдебиеті болсын социалистік реализмнің таптауырын жолымен тарта бергені шындық. Саяси бағдарды басшылыққа алдық. Шындықтан алшақтадық, тарихты, адам өмірін саясиландырдық. Сол себепті талай әдеби мұрамыз бүгінгі оқырманның рухани азығы болуға жарамсыз болып қалды. Мұны құй мойында, құй мойындама, ақиқаты осы. Мен мұндай көне көзқарас пен көне тәсілді біз сияқты қарт жазушылар ғана малданып жүрген шығар деп ойласам, олай емес екен, жас қаламгерлеріміздің де сол көне көзқараспен жүргенін байқадым.
– Биыл Қытай қаламгері Мо Ян бүкіл әлемдік «Нобель» сыйлығын еншіледі. Қазақстандық БАҚ-та «Мо Ян Қытайды «қорлағаны» үшін марапатталды» деген сөз тарады. Мо Ян шынымен де Қытайды масқаралағаны үшін «Нобель» сыйлығын алды ма?
– Жақында бір жас қаламгердің: «Қытай жазушысы Мо Ян Қытайды масқаралап жазып «Нобель сыйлығын алды...» деген пікірін көріп жағамды ұстадым. Осыны айтқан қаламгер, шыны керек, Мо Янды білмейді, тіпті, бірде бір шығармасын оқымаған. Әйтеуір, ескі саяси көзқарас бойынша әлемдік беделге ие сыйлықты қаралау үшін айтып отырған сияқтанады. Мо Яан – Қытайдағы реформадан кейін әдебиетке келген ханзудың таңдаулы жазушысы. «Қызыл гаулияң» романын 28 жасында жазған. Ол «Нобель» сыйлығын «Қызыл гаулияң» романы үшін емес, «Бақа» деген романы үшін алды.
Мо Янның сыйлыққа ие болуы қазіргі Қытай қоғамына үлкен мақтаныш әкелді. Елдің іші-сыртындағы көрнекті тұлғалар жаппай «бұл сыйлықтың берілуі әділ болды» десті. Төраға Ху Жынтаудың өзі оған телофон шалып, қуанышты лебізін білдірсе, Орталық саяси кеңестің тұрақты мүшесі Ли Шаңчүн Мо Янның үйіне барып құттықтады. Ал, оның атамекені Шандұң өлкесіндегі жерлестері мерекелер ұйымдастырып, жиналыстар өткізді. «Қызыл гаулияң» мәдениет сарайын салу жөнінде қолма-қол шешім қабылдады. Қуаныштарын Мо Янмен осылай бөлісті. Егер осы жазушы Қытайды масқаралаған болса, оның сыйлық алуы Қытай қоғамында мынандай жағымды дүмпу тудырмаған болар еді... Рас, Мо Ян – сондай бір батылдықпен қоғамдық кінәраттарды терең ашқан жазушы. Ол өзін Қытайдың ұлы сыншыл реалист жазушысы Лу Шүннің жолын ұстанушы санайды. Өз сөзімен айтар болсақ: «Мен, Лу Шүн мырза айтқандай, сөмка ішіндегі өзімді жаздым», – дейді.
Шынын айту керек, мұндай шын өмірді, шынайы бейнені суреттеген жазушылар Қытайдың коммунистік билігі орнағаннан кейін бір мезгіл жоғалып кеткен еді. Дың Шаупың реформасынан кейін қайтадан бой көрсете бастады. Мұндай жаңалықты оқырман да, билік те жақсы қабыл алды. Себебі, бұл жаңашылдардың бәрі де, Қытайдың ұлттық рухтағы қаламгерлері еді. Олар өз ұлтын жанына балайды. Отанның гүлденіп-көркеюін тілейді. Сондықтан ұлттың дамуына кесірін тигізетін, өмірден артта қалып қойған ғұрып-әдетті, мінез-құлықты аяусыз сынға алады. Әсіресе, ұлттың өз кезіндегі надандығы, қорқақтығы, ынтымақсыздығы салдарынан халықтың тартқан жәбір-жапасын бүкпесіз жазады. Сол арқылы бүгінгі бірнеше жүз миллион Қытай жастарын ұлттық рухпен қаруландыруға тырысты. Мо Янның жазғандары – ащы болса да, шындық. Мұны Қытай қоғамы түсініп отыр, қолдап-қорғап отыр. Ал біз бір шетте тұрып, ол жөнінде өзімізше тон пішеміз. Мұнымыз қалай десек те, ұнамсыз мінез, ұятты іс болған.
Одан соң жас қаламгерлердің түрік жазушысы Орхан Памук жөнінде айтқан сыны да қисынсыз. Оған «түріктер өз кезінде армяндарды қырғындады» деген сөзі үшін «Нобель» сыйлығы берілді» деп кесете сөйлейді. Егер Орхан Памуктің тап осы сөзі шындыққа саятын болса, әрине, мадақтауға татиды. Неге десеңіз, адам баласына жасаған қиянатты әшкерелеу – әрбір арлы адамның бас тартуға болмайтын борышы. Шындықты жасыру, жауырды жаба тоқу – өз ой-пікірі жоқ, биліктің сойылын соққан мондыбастардың ісі. Мұны бүгінгі Қазақстанның жас қаламгерлері әлбетте түсінеді. Сондықтан Орхан Памукты сынаудың орнына одан үйренуіміз, үлгі алуымыз керек. Әрине, ондай іс қолдан келсе...
Сөзден сөз шығады. Кешегі өткен ұлы Абай қазақты қандай сынады. Сонда ол өз ұлтын жек көріп, туған халқын масқаралады дей аламыз ба?! Жоқ, Абай – қазақ халқының ұлттық ақыны. Қазақты жанындай жақсы көрді. Бар арман-тілегі өз ұлтының, өз халқының көркейіп-гүлденуі болды. Ұлттың көркейіп-гүлденуіне кесе көлденең болған осал тірлігіміз бен нашар қылығымызды жер-жебірімізге жіткізе сындады. Көзінен қанды жас ағыза отырып сынады. Бүгін біз сол Абай айтқан міндерімізді түзеу үстіндеміз. Көркейіп-гүлдену үстіндеміз.
Ендеше, бізде қазір жетпей отырған басты кемістік – қазақ әдебиетімізде Орхан Памук пен Мо Ян сынды тұлғалардың шықпай отырғаны. Тіпті, ондай тұлғалар болса да «жоқтығы» тануымыз бен дәріптеуіміз кемшіндігінен деп білемін.
– Сіз мұны қандай мағынада айтып отырсыз?
– Мұны ешқандай теріс мағынада айтып отырғаным жоқ. Анық-қанығын білмей жатып сырттан тон пішетін сыншыларға қаратып айтып отырмын. Осыған қатысты бір мысал айта кетейін. Қытайдың «Батысқа сапар» деген атақты фантазиялық романы және осы роман негізінде түсірілген көп сериялы телефильм бар. Сол телесериялдың бас кейіпкерінің бірі – жын-шайтандарды аластаумен көзге түсетін Сұң маймыл. Асқан ер жүрек, әрі маскүнем маймылдың кей-кейде өз қожасы Таң қазіреттің де сөзін тыңдамай шалықтап кететіні бар. Оның бұл қылығына төзбеген аспан әміршісі Сұң маймылдың басына алдап жүріп сыйқырлы құрсау салады. Одан соң ол шеңберді тарылтатын, кеңітетін дұғаны Таң қазіретке үйретеді. Құдыреттің күші деген міне сол – енді тентек маймыл қалайдан қалай қиғылық шығарса болды, Таң қазірет бұрынғыдай дағдарып тұрмастан, аспан әміршісі үйреткен дұғасын оқып жібереді. Сұң маймыл қиғылығын жалғастыру былай тұрсын, қу жанын қоярға жер таппай дөңбекшиді. Дұғаны тоқтатуын өтініп, Таң қазіреттің аяғын құшақтап жылап-еңірейді. Өзіне қалтқысыз адал қызмет көрсетуге ант береді. Бұл телехикаяда тағы бір көзге түсетін нәрсе – Сұң маймылдың алтын күрзісі. Осы күрзімен бір сызық сызды болды, жын-шайтан дегендердің одан аттап өте алмай қор болады. Таң қазіреттің қасиетті етін жеуге аңсары ауған жын-шайтандардан Сұң маймыл оны осы күрзісі арқылы қорғайды. Зәуде қазіреттің қасынан бір жаққа кетуге тура келсе, Сұң маймыл алтын күрзімен жерге бір шеңбер сызады да Таң қазіретті сол шеңбердің ішіне отырғызып кетеді. Бұл шеңбер – ол үшін алынбас қамал, алаңсыз отыра береді. Сөйтсе де, сайтанның азғыруы оңай ма, анда-санда алдауға түсіп шеңберден шығып кетіп, бәлеге ұшырап жүреді...
Фантазиялық аңыз болғанымен, мұның астарында ғажайып пәлсапа жатыр. Бейнелеп айтар болсақ, бір шақта біздің де басымызда осындай сыйқырлы құрсау болды. Біз аттап өте алмайтын алтын күрзінің сызығы да бар еді. Қазір осы сиқыр шеңбер мен алтын күрзі сызығы жоқ болса да, ұзақ заман сол шеңберге басымыз әбден үйреніп, алтын күрзі сызығына жоламауды әдетке айналдырып кеткендігімізден артық бірдеме айта алмай, не ілгері аттап баса алмай, айналсоқтаумен жүрміз. Егер біз енді Таң қазірет қанша сиқыр дұға оқыса да, шеңбердің басымызды қыса алмайтын, алтын күрзінің де қасиеті қалмағанын шынайы сезінер болсақ, әдебиетіміздің мұнан да биік белеске көтерілетініне сенімім кәміл.
– Қытайдағы көзі тірі жазушылардан оқ бойы озып тұрған екі жазушыны жақсы білемін. Оның бірі – Жұмабай Біләлұлы, ал екіншісі – Оразқан Ахмет. Осы екі жазушының күні бүгінге дейін Қазақстанда кітаптарының басылып шықпауының себебі неде?
– Менің кітаптарым Қазақстанда басылып шыққан жоқ. Өйткені «Кітабымды басып беріңдерші!» деп есік жағалайтын әдет менде жоқ. Мүмкін, Жұмабай Біләлұлында да сондай мінез бар шығар. Оның үстіне анау-мынау емес, мүйізі қарағайдай жазушылар «Қытай қазақтарында көркем әдебиет жоқ» деп отырған соң бергім келмегені де бар. Сондықтан мен Қазақстан оқырмандарына бейтаныс Қытайдағы қазақ жазушысымын. Қазақстан басылымдарында бар-жоғы төрт әңгімем жарық көрген. Оның екеуі «Жұлдыз» журналына басылды. Қайдан алғанын білмеймін, Мұхтар Мағауин «Жұлдыз» журналына «Толқынды көл» деген әңгімемді беріпті. Оның шыққанын да білмеймін, кейін Мұхтар Мағауин Қытайға барғанда өзі айтты: «Ореке, сіздің әңгімеңізге ғашық болып қалдым, және біреуін беріңіз!», – деді. Мен: «Мұха, сіз мені асыра мақтап отырған жоқсыз ба?» – деп едім. Ол күліп: «Жазушының қалам қарымының қаншалықты екенін бір әңгімесінен білуге болады», – деді. Содан «Дөрегей» деген әңгімемді алып кетіп, 2002 жылы «Жұлдызға» жариялапты. Сол үшін Мұхаңа алғысым шексіз.
Ал Қытайда мен мемлекетке танымал жазушылардың санатындамын. Шығармаларым ханзу тіліне, сонымен бірге ел ішіндегі ұйғыр, мұңғыл, тибет, корей, қырғыз сияқты аз санды ұлт тілдеріне көптеп аударылған. Ішінара шығармаларым ағылшын, жапон, араб тілдеріне аударылып жарық көрген. Ханзудың жоғары оқу орындары мен мектептерірінің әдебиет оқулықтарында аз санды ұлттардың өкілдік жазушылары мәртебесімен шығармаларым оқытылады.
– Қытайдың мемлекеттік «Тұлпар» сыйлығын алған «Тұлпардың соңғы тұяғы» повесіңіз туралы арнайы айта кетсеңіз?
– Жаңа «мен аға буын қаламгеріміздің қаламына ілінбей қалған ұсақ-түйек оқиғаларды жаздым» дедім. Мұным – шындық. Бірақ айналаны елең еткізетін ірі оқиғаларды жаза алмадым. Әуелде қарымым жетпейді деп тартындым, артынан өзгелер ол өріске түрен салып кеткендіктен қосанжарлағым келмеді. Сондықтан ұсақ-түйек оқиғаларды малдандым. Көбінше, елеусіз, бірақ аздап мән-мағынасы бар шындықты қалт жібермедім. Қазақ – шешен халық, астарлы сөйлеуді ұнатады. Мен де осылай астарлап қана жаздым. «Тұлпардың соңғы тұяғы» повесімде осылай дүниеге келген. Біздің ауылда Шерияздан деген көп жасаған бір қария болды. Өзі бала екеш баламен де ойнап жүретін әпенде шалыс кісі еді. Үнемі ат емес, есек мініп жүретін. Қазақтар есек мінуді ар санап, оған айтса да, қыңқ етпейтін. Қашан көресең көк есегін тықыр-тықыр жорғалатып, осы жүрісін мақтаныш сезінгендей, айналасына жымың-жымың қарап қойып кете баратын. Бір жылы осы көк есекке қодығымен қосылып, бір кертөбел құлын ілесіп жүрді. Естісек, енесі туа салып өліпті де, құлынды Шекең осы есегіне теліп жіберіпті. Қарияның бұл қылығын бар ауыл жаратпады. Сұмдық көрді. Бірақ оны елеген Шекең жоқ, жымың-жымың күліп жүре берді. Кейін осы құлын есейе келе түр-тұрпаты жылқы болғанымен, мінезі, әдет-талғамы есектің тап өзі боп шықты. Сондықтан бар ауыл оны жылқы деп танымады. Арамға балады, «айғырлығы ерте қозды» деп ертерек пішіп тастады. Кейін осы аттың аяғы сынып өлімші болғанда, ешкім бауыздамай қояды. Етін итке тастайды. Міне, осы оқиға менің миымнан ұзақ жыл бойы шықпады. Ақыры осы оқиға желісімен «Тұлпардың соңғы тұяғы» деген повесть жаздым. Сиқыр шеңберден жүрексінгендігімнен аздап қиналдым. Сызықтан сүрінбей өтудің амалын қарастырдым. Сонымен аз, бұлыңғырлау пікір айттым. Негізінен осы оқиға арқылы азғындап бара жатқан қазақтың ұрпағының тағдырын бейнелегім келді. Мен бекер шошып жүріппін, сөйтсем осы шығарманы оқырман жылы қабылдады. Қоғамдық пікір де қисық болған жоқ
– Соңғы рет жарық көрген «Аманат» романыңызбен нені «аманат» қылғыңыз келді?
– Бұл романда біздің көрнекті жазушыларымыз шұқшиып зерделемеген, тіпті, айтқылары да келмеген кейбір оқиғаларға түрен салдым. Ашығын айтар болсам, оқиға өз-өзімізге жасаған қиянатымыз бен қастандығымыз жөнінде өрбиді. Бұл ретте де мен шындықтан ауытқитын пікірге бармадым. Ауыр болса да шындықты жаздым. Бірақ бұл роман оқырманмен тұтастай бет көрісіп үлгірген жоқ. Тек бір кітабы «Шұғыла» мен «Іле айдыны» журналдарында жарияланды. Міне, осыған қарағанда, өзгенің сүрлеуіне баспасақ та, бізге тағы да жеке беттейтін өріс, жүретін соқпақ табылатынына көз жеткіздім.
– Біздің оқырмандарға айтар және қандай өтініш-тілегіңізтеріңіз бар?
– Біз Қазақстандағы қазақтар айта алмаған, жаза алмаған кейбір жайттарды айттық. Өйткені бұл кісілер шығыс әдебиетінің дәстүрін тастап қойып, Еуропаға кетіп қалған. Талай шығармаларын ханзу тіліне аудардық. Оларға бұл шығармалар Еуропаның аузынан түсіп қалғандай әсер қалдырды. Өйткені ханзулар Еуропаның шығармаларын әлдеқашан оқып қойған. Біз сондықтан шығыс әдебиеті мен ұлттық әдебиетіміздің тамырынан нәр алуымыз керек. Сол дәстүрді қалпына келтіріп, туған әдебиетімізді байытуымыз қажет. Біз басқа елді, басқа ұлтты ұлттық әдебиетімізбен ғана таңғалдыра аламыз. Қазіргі көп шығармаларды оқып отырсаңыз, бұларда қазақтың харектрі, қазақ образы жоқ десе де болады. Кейбір шығармаларды өзіміз де қабылдай алмай қалдық. Кешке дейін бетін боямалап көрсететін Еуропаның сері жігіті мен сылқым бикештері секілді кез келген жерде бас салып сүйісе кететін қазақты бұрын көрдің бе? Мәселен, М.Әуезов «Абай» романында көрінген қызды көрінген жерде бас салдырып сүйдірген жоқ қой. Абай мен Тоғжан екеуі бір түн отырып әңгімелескен кезде де, Абайға Тоғжанды сүйдірмек тұрмақ, қолын ұстатқызған жоқ қой. Сондықтан прозамыз болсын, поэзиямыз болсын ұлттық дәстүрге, шығыс әдебиетіне бет бұрып, тамырына қан жүгіртуіміз керек. Шыңжаң қазақ әдебиетінде әлі қазақы мінез, ұлттық бояу, ұлттық харектр бар. Жақсы болсақ та, жаман болсақ та өзіміз «әдебиет айдынында шықсақ» деп еңбектеніп жатырмыз. Сондықтан да қазақтың арманы не, ойы не, тілегі не деген секілді нәрселерді ойлап көру керек. Кеңес әдебиеті кезіндегі көп жазышуларда «қазақ» деген сөз жоқ, ұлттық мәселе жоқ, социалистік адам бар. Осы әдебиетті әліге дейін үлгі қылып отыр. Мен қай шығармамды жазсам да ұттық мүддені жаздым.
Сондықтан да мен азырақ қоятын ұсынысым: мейлі Моңғолиядағы қазақ болсын, мейлі Қазақстандағы қазақ болсын, мейлі Қытайдағы қазақ болсын, әдебиетімізде ауыс-түйіс жолға қойып, күшейтіп, бір-бірімізді біліп-түсінуге қол жеткізсек дұрыс болар еді. Жөні де осы.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген: Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz