Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3519 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 07:55

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. САЙТАНҚЫЗ

«Карменсита» кейіпкер емес, «Карменсита» қойылым - режиссердің өзі. Қызуқанды, өмірге құштар, сотқар, батыл, еркін, асау...

Бізде М.Әуезов атындағы академиялық театрдың бары, онда «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Бәкей қыз», «Қилы замандардың» қойылғаны өте жақсы. Мұның бәрі қазақ театрының іргесін қалап тұрған табантас. Ал одан басқа, өзінше өрнек салып жүрген Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының бары тіпті үлкен табыс. Бұл театрда жарқылдап тұрған қыз-жігіттерден құралған жас, көркем, әбжіл актерлік құрамның жиналғаны көрермен үшін екі еселенген қуаныш.

Осы ансамбль режиссер Талғат Теменовтің жетегінде Проспер Мерименің атақты «Карменін» қойды. Дәлірек айтқанда, Т.Теменов повесті негіз қыла отырып, осы тақырыпта дербес драма жазып шығыпты.

Ең негізгі сүйінші - қазақ театрына Кармен келді. Естеріңізде болса, былтыр Н.Жақыпбай Астана жастар театрында «Карменді» мюзикл жанрында қойған. Хосе де, Кармен де нашар шықпап еді. Бірақ ол тек қана суреттеме (зарисовка) болатын. Жанар Мақашевамен бірге қазақ сахнасына толық мағынасындағы Кармен келді. Актрисаның өміріндегі ең негізгі, жалғыз роль бар деп есептеуге болады. Роль актрисасын, актриса ролін тапты.

Оның Кармені әсте де періште емес. Ол тәлтіректеп жүреді, төбелеседі,  сигара тартады, өзін жезөкше сияқты ұстайды. Бірақ ол - бір ғана көрінісі «жұмақ сыйлайтын» әйелдердің қатарынан. Және мінезі... капитан (Е.Жарылқасын) айта беретіндей, «сайтан».

Т.Теменов әлем білетін Карменнің бояуларын солғындатпай, қайта қанықтыра түсіпті. Біз білетін Кармен Хосені саналы түрде құрбан қылатын. Сыған қарақшыларына көмегі тиюі үшін мақсатты түрде пайдаланатын. Ал Теменов Карменінің «адамгершілігі мол». Ол Хосеге аяушылықпен қарайды. Өзін түрмеден босатқан сарбаздың соққы жегенін білгенде өзін кінәлі сезінеді. Мейірімі (аналық?), ұяты оянады. Жеңілгенді жұбату деген психология бар. Меримеде Кармен жыртқыш та, Хосе жемтік еді. Бұл басқа Кармен. «Басқа» Кармен Хосені мүлдем сүймеді деуге келмейді. Сезімнің көптеген бояулары болмайтын ба еді...

Хосені жас актер Дархан Мақсатұлы бейнелепті. Өмірлік тәжірибесі саяз, шыншыл да әсершіл бозбаланың ролі осы жігіт үшін жазылғандай. Карменге дейін ол кім еді? Қызметін мамыражай ғана атқарып жүрген ақжүрек сарбаз еді. Кармен деген дауыл келді де, бәрінің быт-шытын шығарды. Хосенің бейнесін, оның құштарлығын көрсету үшін сахнаға Микаелла шығады (Т.Теменовтің «баласы»), сөйтеді де Проспер Меримеде жоқ Хосенің анасы туралы әңгімені айта келеді. Яғни Хосе құштарлық үшін кісі өлтіріп қана қойған жоқ, туған анасын ұмытты. Оның Кармен үшін сүйген қызынан жерігені таңғалдырмаса да, жалғыз шешесін көмусіз қалдырғаны «науқасының» қаншалықты меңдегенін көрсетеді. Автор бояуларды солай қоюлатады.

Карменге тең бір азамат болса, ол Эскамильо еді. Бейбіт Камарановтың Эскамильосы - жеңімпаз, сұлтан. Б.Камаранов - герой болып жаратылған, сахнаға шыққанда қанат бітетін романтик актер. Ол сахнаға екі-үш көріністе ғана шығады. Спектакль соңында Хосе қолынан қаза табады. Мейлі. Оның оттай жанған жанары, алмас қылыштай жарқылдаған қимылдары бәрібір есте қалады.

Меримеде жоқ тағы бір кейіпкер сыған кемпір (Лидия Кәден). Соқыр кемпір көкірек көзімен бәрін көреді. Ол сахнаға фатум, тағдыр деген ұғымдарды әкелген. Бір қарағанда тағдыр деген өзгертуге келмейтін субстанция. Хосенің бір сұлуға кездесерін, одан тек азап шегерін алдын-ала ескерткен де сол болатын. Екінші жағынан, бәрін де кісінің еркі шешеді. Микаелла келгенде «кет осымен» дейтін де жаңағы кемпір еді.

Ә дегенде театрдың сахнасы ерекше кеңейіп кеткендей көрінді. Жас суретші Ерлан Тұяқов шығармаға қажетті кеңістікті жасай алған. Спектакльдің темірқазығы - музыка. Қойылым сазы жүрегіңде ойнайды, миыңда ойран салады, көңіліңде би билеп тұрып алады... Би демекші, И.Фадеевтің сонау Мәскеуден келіп қойған биі тамашалауға тұрарлық: заманауи, көркем. Ал жарық эффектілері театрда емес, кинозалда отырғандай әсер береді.

Бала-шағасын шұбыртып жүрген қазіргі сығандар басқа. Еуропалықтардың қиялын түрткілеп, шабытын шақырған, романтикалық дәуірдің көшін бастап берген сығандар басқа болатын. «Карменситада» шығармашылық ұжым сыған өмірінің романтикасын көз алдымызға әкелді. Гюго Эсмеральданы жырлады. Шәмші «Сыған серенадасын» жазды. Проспер Мериме Карменнің есімін мәңгілікке қалдырды. Джульетта, Офелия, Анна Каренина, Мадам Бовари секілді бейкүнә да күнәһар, әлсіз де мықты әйелдер образының қатарында еркі, рухы азат Кармен әлем әдебиетінде ерекше қалды.

Карменнің бүкіл әлемге танымал образ болғанына қарамастан, оның драмалық нұсқасы бұған дейін жасалмаған. Жасалса да, әлем сахналарын аралап кететіндей сәтті болмаған. Талғат Теменов жасаған «Кармен» кейін де, талай сахнада қойылатынын болжауға болады. Себебі пьесаның, ең бастысы, композициясы жақсы құрылған. Сюжеттік желі де елітіп, қызықтырып отырады. Автор ақындық шабыт үстінде тым-тым қарабайыр, сахнаның сәнін бұзатын ауызекі сөздерді жіберіп алған. Өкінішке қарай, «Бай», «қатын» ғана емес, «өстіп, өстіп» дейтін, ешқандай нормаға келмейтін жабайы сөздер көп-ақ.

Талғат Теменов бүкіл шығармашылық ғұмырында тек қана махаббат деген бір ұғымды зерттеп келеді. Спектакльде қызыл орамал байлаған жігіттердің  билегені («Қызыл орамалды шынарымды» еске түсірмей ме?) тегін емес. «Кармен» режиссердің махаббатты кезекті зерттеуі. Ендеше, махаббат деген ерлік. Хосенің өз күзетіндегі қызды түрмеден босатуы да ерлік. Соққы жеп жатып соған кінәлі жанды аңсауы да ерлік. Қарсыласына шоқпар ала жүгіргені де ерлік. Немесе әлсіздік. Немесе ессіздік...

«Қызғаныш болса, сезімің тікенек болып өседі», - дейді кемпір. Тікенек Эскамильоны да, Карменді де өлтіреді. «Сені сүйем, бірақ еркіндікті сенен де артық сүйемін», - дейді Кармен соңғы сөзінде. Бұл Мериме повесіндегі ең негізгі сөз, шығарманың түйіні. «Еркіндік» деген сөздің астарында ауқымды ұғымдар бар. Сүю еркіндігі,  таңдау еркіндігі, өмір сүру еркіндігі, жеке бас тәуелсіздігі. Адам баласы тек сезімнің жетегінде өмір сүргісі келер еді. Бірақ ол тек иллюзия. Сондықтан да әр заманның суреткерлері сезім еркіндігі туралы аңыз қалдырады. Ғашықтықтың есуастықпен пара-пар науқас екенін дәрігерлер баяғыда дәлелдеген. Бірақ «Карменситадай» жан баласы жеткізе алмаса керек.

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5301