Алматыда Бауыржан Байбекті сотқа тартуды талап етті
4 наурызда күндіз Алматының Тәуелсіздік монументі алдында қатарынан үш пикет өтті. Пикетке шыққандар саяси тұтқындарды босатуды, депутаттар жалақысын 42 500 теңге қылуды және "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары, бұрынғы қала әкімі Бауыржан Байбекті сотқа тартуды талап етті. Бұл туралы Centralasian мәлімдеді.
Былтырдан бері саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, жиі пикетке шығып жүрген белсенді Дариға Рақым бейсенбі күні де орталық алаңға "саяси тұтқындардың" аты-жөндері жазылған плакатпен келді.
- Мен елдегі барлық саяси тұтқындарды босатуды талап етемін. Егер қателеспесем, сондай 27 адам бар. Арон Атабек, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, Әсет Әбішев, Ержан Елшібаев, Шухрат Кибиров және жастар белсенділері. Қазір билік азаматтық белсенділерді қудалауды күшейтті. Азаматтық белсенділердің көксегені не? Олар билік құқықтарын құрметтесе дейді, Конституциямен кепілдендірілген бостандықтың шектелмегенін қалайды. Биліктің ауысымдылығын, даму болғанын қалайды. Біз бай елміз. Жер қойнауымыз ресурстарға бай. Ендеше неге біз дамыған елдердің қатарында емеспіз? - деді ол. Белсенді демалыс күндерінен бөлек пикетін жалғастыра беретінін айтты.
Ол пикетін аяқтағаннан кейін "42 500 теңге" деген жазуы бар қағаз көтерген Алматы тұрғыны Асқар Исатай алаңға келді. Әкімдік пикеттің "заңсыз" екенін айтып, ескерту жасады.
- Сенаторлар мен депутаттардың айлығы 42 500 теңге болуы керек. Қазір олар кем дегенде 600-700 мың теңге айлық алады. Олардың бұған қоса, хатшысы, көмекшісі бар. Екеуі де айлық алады. Қызметтік көліктері, кабинеті бар. Байланыс, санаторий деп тізбектеп айта берсе болады. Шамалауымша, бір депутатқа кемінде бір ай ішінде 2-3 млн теңге кетеді. Олардың жұмысы ондай ақшаға тұрмайды деп санаймын. Тіпті 200-500 мыңға тұрмайды. Депутаттар мен сенаторлар 42,5 мың теңгелік айлыққа көшсін. Мұндай ақшаны қазір көп балалы аналар, мүгедектер, тұрақты жұмысы жоқ адамдар алып жатыр, - дейді Асқар Исатай.
Одан соң белсенді Абай Ерекенов пикетін бастады. "Байбекті сотқа тарту керек" деген жазуы бар плакат көтерген белсенді "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары, бұрынғы қала әкімі Бауыржан Байбектің "жемқорлықпен байланысты" әрекеттерін сынап, сотқа тарту қажеттігін айтты.
- Енді қазір қаланы дамытудың бас жоспары деп сол "жемқорлық істерді" заңдастырғысы келеді. Байбек қоғамдық тыңдаусыз, қоғамдық талқылаусыз, адамдарға ақпарат бермей, мәслихат шешімінсіз, министрлер кабинетінің шешімінсіз өз бетінше бірқатар қаулыларға қол қойды. Іс жүзінде Байбек тұсында Алматыда жаппай заңсыз құрылыс басталды, - деді Ерекенов.
Ол Алматыдағы орталық демалыс саябағында жатақхананың салынатыны белгілі болып, қоғамда дау туғызған жер дауын да соның салдары ретінде мысалға келтірді.
Қазақстанда соңғы кезде наразылық жиілеген. Елде белсенділерді қудаламау, саяси тұтқындарды босату, баспана мәселесін шешу, ана мен балаға мемлекет қамқорын ұлғайту, жалақыны өсіру сияқты талаптар айтылған наразылықтар апта сайын өтіп жатыр.
Abai.kz