Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11158 2 пікір 23 Наурыз, 2021 сағат 16:17

Әлиханның жаңа фотосы табылды

Алаш көсемі, қазақтың мемлекет және ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның тағы бір жаңа фотосуреті табылды. Бұл туралы белгілі тарихшы, алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.  

«Сүйінші, Алаш азаматтары! Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тағы бір жаңа фотосуреті табылды. Бұл жолы да тарихи фотоқұжатты әріптесіміз, таяуда ғана Алаш тақырыбын зерттеп, оны насихаттауға қосқан үлесі үшін «Қазақ Республикасына 100 жыл» төсбелгісімен (медалімен) марапатталған, ізденімпаз журналист Серікбол Хасан қазбалап жүріп тауып алыпты. Серікболға Алаш аруақтары атынан, Алаш қайраткерлерінің сөзімен Тәңірі жарылқасын айтамын!

Ал енді суреттің өзіне келсек, фотоқұжатта Омбы қаласында шыға бастаған ең алғашқы бейресми тәуелсіз «Степной край» газетінің ұжымы бейнеленіпті: Үшінші қатарда, солдан оңға қарай төртінші тұрған жас Әлиханның бейнесі көзге оттай басылады. Егер Әлиханның «Степной край» газетінде С-Петербор оқуы мен «Тобыл экспедициясынан» кейін Омбыға оралған 1895 жылдан 1897 жылға дейін қызмет істегенін ескерсек, бұл фотосурет 1895-1897 жылдары түсірілген болса керек. Әлихан ол кезде 29-31 жаста болатын», - деп жазды.

Ал журналист Серікбол Хасан өзінің желідегі парақшасында:

«Әлихан Бөкейханның «Степной край» газетінде қызмет етіп жүргенде әріптестерімен түскен суреті. Фото Ресей музей қорының мемлекеттік каталогы сайтынан табылды. Ресейдің саяси, тарихы мемлекеттік музейі қорында сақталған сурет екен...», - деп жазды.

Жаңа табылған фотосурет:

Айта кетейік, осыған дейін 2014 және 2016 жылдары Әлихан Бөкейханның мұрағатта сақталған, бұрын жарияланбаған жаңа фотосуреттері табылғаны жайлы материал Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған.

2014 жылы жарияланған фотосуреттер Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталып келген, Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің ісінен табылған. Фотосуреттерді тапқан «Омбы экспедициясы» деп аталатын зерттеушілер тобы. Экспедиция жұмысына алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Жүсіп, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Сұлушаш Құрманова және ғалым Еркін Рахметуллин атсалысқан.

Онан соң, 2016 жылы журналист Серікбол Хасан Алаш арысы «Әлихан Бөкейханның жаңа фотосуреттері табылды», деп сүйіншілеп, революцияға дейінгі жылдары Петерборда өмір сүрген фотограф Карл Булла (1853-1929) түсірген Ә.Бөкейханның жаңа фотосуреттерін жариялады. Ондағы деректерге сүйенсек, мұрағаттардан табылған фотосуреттер 1906 жылы түсірілген.

Түйін. Биыл 5 наурызда Ұлт көсемі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толды. Осыған дейін Қарағандыдағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы қоғамдық тыңдалым өтіп, ұсыныс бірауыздан мақұлданған еді.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383