Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2024
Алашорда 12746 0 пікір 4 Ақпан, 2016 сағат 12:31

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ЖАҢА СУРЕТТЕРІ ТАБЫЛДЫ

Революцияға дейінгі жылдары Петерборда Карл Булла (1853-1929) деген фотограф өткен. Оны орыстар «ресейлік фоторепортаждың атасы» санайды. 1875 жылы Петербордан өзінің жеке фотоательесін ашқан. 1897 жылдан бастап түсірген суреттері атақты «Нива» журналына жарияланған.

Карл Булла көбіне бал кештерін, шерулерді, мемлекет қайраткерлерінің ресми кездесулерін, ғимараттардың ашылу салтанаттарын, спорттық жарыстарды, белгілі адамдардың мерейтойлары мен жерлеу рәсімдерін түсірген. Одан бөлек талай тарихи тұлғаны суретке тартты. Соның ішінде атақты суретші Илья Репиннің, орыс ақыны Корней Чуковскийдің, сұңғыла жазушы Лев Толстойдың суреттерін тарихта қалдырды.

 

(1 сурет) Карл Булла

Булла біздің қаймақтарымызды да объективінен тыс қалдырған жоқ.

Атақты палуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлын, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның, басқа да ұлтымыздың ұлы тұлғаларын фотоға тартты. Фотограф Қажымұқанның суретін 1912 жылы түсірген. Осы жылы Петерборда классикалық күрестен (бүгінгі грек-рим күресі) халықаралық чемпионат өткен. Чемпионатқа әлемнің сол кездегі ең мықтылары қатысқан. Міне, сол чемпионат қарсаңында Карл Булла палуандарды өзінің Петербордағы фотоательесіне шақырып, жеке-жеке суретке түсірген. Бұл суреттер кезінде «Русские богатыри» деген атпен фоторепортаж болып жарияланған.

(2 сурет) Жас Қажымұқан. 1912 жыл, Петербор, К.Булла түсірген

Ал Булланың Бөкейханға қатысты суреттерінің көбі Әлиханның Бірінші Дума депутаты кезінде түсірілді. Алайда, 1906 жылдың 8 қаңтарында Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен Павлодар түбінде тұтқындалды. Одан әрі Омбы асырылып, бас-аяғы төрт айдай түрмеде отырды.

(3 сурет) Әлихан Бөкейхан – Дума депутаты. 1906 жыл, Петербор, К.Булла түсірген. (3- сурет Болат Мүрсәлімнің "Алаш автономиясының әскері" атты кітабында жарияланғанын ескертеміз).

Ал түрмеден шығып Петерборға енді жеткенде, патшаның үкімімен Дума таратылды. Бұған қарсы болған Думаның бірнеше депутаты наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Териоки мекеніне жиналды. Наразы экс-депутаттардың арасында біздің Әлихан да бар болатын. Олар халықты патшаның бұйрығына бағынбауға шақырып, «Выборг үндеуіне» қол қойды. Териокидегі осы тарихи сәтті Карл Булла бастан-аяқ суретке түсірген екен. Бұған дейін баспа бетінде жариялана қоймаған Әлекеңнің суреттері осы Булланың архивінен табылып отыр.

 

(4 сурет) Әлихан «Выборг үндеуі» жарияланған газетті қолтығына қысып, темекісін тартып тұр. 1906 жыл, Териоки, К.Булла түсірген

Булланың Териокиде түсірген суреті мұнымен бітпейді. «Русское слово» газетімен бірге шығатын «Искры» журналының 1906 жылдың 30 маусымындағы №30 санында «Выборг үндеуіне» қатысты бірнеше сурет жарияланған екен. Бұл жерден де Әлихан Бөкейханның бейнесін көріп, төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Журналдың 389-бетінде бақ ішінде жиналыс құрып жатқан Думаның экс-депутаттарының суреті басылыпты. Осы суреттегі орындыққа жақсылап жайғасып, қырынан қараған күйі терең ойға шомып отырған адам – біздің Әлихан Бөкейхан.

 

(5 сурет) Ой құшағындағы Әлихан. 1906 жыл, Териоки, К.Булла түсірген

Бұл суретке қатысты әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы: «Әлихан І Думаның күштеп таратылуына наразы болып, Выборг қаласының іргесіндегі Териоки мекенінде 200 депутатпен бірге әйгілі «Выборг үндеуіне» Сәлімгерей Жантөрин екеуі 10 шілдеде қол қойды. Мына сурет сол Териоки мекенде түсірілген. Суретті алғаш рет көріп отырмын. Менің 1992 жылы тапқаным «Выборг үндеуіне» қол қойып болған соң түскен топтық сурет болатын», – деген түсініктеме берді.

 

(6 сурет) Әлихан сол жақтан екінші қатарда екінші болып тұр. 1906 жыл, Териоки, К.Булла түсірген

Дәл осы Териокиде түскен тағы бір суретінде Әлихан дастархан басына жайғасыпты. Экс-депутаттар «Выборг үндеуіне» қол қойып болған соң, осы тарихи сәтті атап өткенге ұқсайды. Атауға тұрарлық сәт қой, себебі бұлардың бәрі де патшаның әділетсіздігіне наразы болды. Оны тақтан тайдыруға тырысты. Өкінішке қарай, соңында бәрі де қатаң жазаланды. Соның ішінде 1907 жылы Петербор сот палатасының арнайы соты Әлихан Бөкейханды 3 айға түрме жазасына кесті. Үндеуге қол қойғаны үшін Семей түрмесіне қамалды. Депутат болып қайта сайлануына тыйым салынды. Тіпті, газет-журнал шығаруына да шектеу қойды. Соның кесірінен Әлихан Бөкейхан «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттерін шығарғанда бас редакторы ретінде басқа кісілердің есімін көрсетуге мәжбүр болды.

(7 сурет) Алғашқы депутаттар дастархан басында. 1906 жыл, Териоки, К.Булла түсірген

Териоки мекенінде түсірілген бұл суреттерді Карл Булла түсіргенін қайталап айтамыз. Осы суреттерден Булла серия дайындап, кейін архивке өткізген. Сондықтан, суреттердің түпнұсқасын  Санкт-Петербург орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінен (ЦГАКФФД) алуға болатынын еске салғымыз келеді.

Бұл суреттердің табылуын Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы қарсаңындағы табыс дер едік. Ал Әлекеңнің әлі де ашылмаған беттерін тарихшыларға қалдырдық. Біздің міндет – ел үшін тер төккен, қанын берген тұлғаның асқақ бейнесін аласартпау. Ендеше, «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Қазақ лидеріне біз қызмет етуіміз керек.

Айтпақшы, Мәдениет және спорт министрі кеше Әлихан Бөкейханның мерейтойына мемлекеттен қаржы бөліп, үлкен той ұйымдастырылатынын айтты.

Ендеше, той құтты болсын, қазағым!

Серікбол ХАСАН

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1652