Жексенбі, 8 Желтоқсан 2024
Алашорда 12462 0 пікір 9 Шілде, 2014 сағат 07:53

ӘЛИХАННЫҢ ЖАҢА ФОТОСЫ ТАБЫЛДЫ

ӘЛИХАННЫҢ ЖАҢА ФОТОСЫ: АЛАШ КӨСЕМІ ӨЗ ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚАУЛЫСЫМЕН ТҮРМЕГЕ ОТЫРДЫ 

«Ақ жолдың» Омбы экспедициясының тарихи олжасы

 «Ақ жол» демократиялық партиясының қолдауымен жүзеге асып жатқан Алаш экспедициясының Омбы сапары зор тарихи олжаға жолықты – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның  жаңа фотосы табылды! Бұрын еш жерде жарияланбаған фотоның арқасында Әлихан Бөкейхан өміріндегі тың деректер де ашылды. Бұл енді екі-үш жылдан соң болатын Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен Алаш көсемі Ә.Бөкейханның 150 жылдығына зор тарту деп білеміз. Тарихи фото мен тың деректер “Қазақ үні” газетінде тұңғыш рет жарияланып отыр. 

 

Бірінші бөлім

       Бұл фотосурет Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталып келген Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің ісінен табылды. Фотосуретті тапқан ғылыми экспедицияны шартты түрде болса да – «Омбы экспедициясы» деп атауға болады. Себебі, аталмыш экспедиция өлкентану мұражайына қоса Омбы қаласындағы облыстық мемлекеттік мұрағат, А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана, облыстық өнертану мұражайы сынды мекемелерде ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізді. Экспедиция жұмысына осы жолдардың авторымен бірге және соның басшылық етуімен тарих ғылымдарының докторы, «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Сұлушаш Құрманова және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ғылыми қызметкері Еркін Рахметуллин атсалысып, ғылыми ізденісі «Ақ жол» демократиялық партиясының қаржылай қолдауымен жүзеге асты. 

Фотосуреттің өзіне оралсақ, ол, еш дау жоқ – теңдессіз тарихи құжат. Өйткені, суретте Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан еңбек демалысында, отбасымен немесе географиялық қоғамның Батыс Сібір бөліміндегі ғылыми әріптестерімен, тіпті болмаса Алаш қозғалысындағы үзеңгілестерімен бірге емес-ау, абақтыда жазасын өтеп жүрген сәтінде бейнеленіпті. Оған сурет сақталған істегі «Павлодарская тюрьма, 1908 год» деген жазуы куә болады. Тағы бір қызық жайт: суретке қазақ көсемі – орыс шаруаларының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңге тән киетін жейдесін, оның үстінен жеңіл қазақы шапан, басына орыс шляпасын киіп түсіпті.

Бірақ, суреттің не түсірілген жері, не жылы қате көрсетілгенге ұқсайды. Өйткені, архив материалдарына және Алаш көсемінің өз естеліктеріне қарағанда, Қыр баласы – Ел ағасы Кереку (Әлихан Бөкейхан өз шығармаларында Павлодарды үнемі «Кереку» деп жазады) абақтысына 1906 жылдың басында жабылып, 15 сәуірде Омбы түрмесіне ауыстырылуынан 2 апта өткенде, өзінің туып өскен Тоқырауын болысынан сайлаушы (выборщик) болып сайлануына байланысты сол жылдың 30 сәуірінде Омбы түрмесінен бостандыққа шығады. Ізінше отаршыл Ресей империясы тарихындағы тұңғыш парламенті – Мемлекеттік Думаның І-шақырылымына Семей қазақтарынан атынан депутат болып сайланады. Алайда, 1908 жылы ол… Семей түрмесінен бір-ақ шығады. Сонда Әлихан Кереку, Омбы, Семей абақтыларының қайсысында отырып естелік суретке түсе алды екен? Тарихи айғақ-деректерге арқа сүйей отырып осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Алдымен, Алаш көсемінің абақты эпопеясын қысқаша шолып өтейік.

Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхан, өзінің ғылыми-публицистік және қоғамдық-саяси қызметінің барлық кезеңінде, яғни патшалық дәуірде де, азамат соғысы жылдарында да, бәлшебектік «пролетариат диктатурасы» тұсында да талай да түрлі қуғын-сүргінді басынан кешті – тұтқындалды, темір қапаста отырды, жер аударылды. Атап айтқанда, шамамен 1896 жылдан 1927 жылға дейінгі аралықта Әлихан үш рет отаршыл патша түрмелерінде отырды (Омбы, Кереку, Семей), 1919 жылы өзін өзі жариялаған кезекті «бүкілресейлік» үкіметтің («Омбы үкіметі») «жоғарғы билеушісі» адмирал Колчактың нұсқауы бойынша Алашорда үкіметінің делегациясымен бірге тұтқынға алынып, көп ұзамай босатылды. Ол туралы 1930 жылы ОГПУ-НКВД тергеушісіне берген жауабында Алашорда премьер-министрі Әлихан Бөкейханның орынбасары болған Халел Ғаббасұлы атап көрсетеді. Совет өкіметі тұсында Қыр баласы 1922 жылы НКВД-ның Қарқаралы мен Орынбордың темір қапастарында, Мәскеудің Бутырка түрмесінде 1926 және 1937 жылдары екі рет рет отырды.

Сергей Швецовтың мәліметіне қарағанда, патша абақтысына алғаш рет омбылық «Степной край» газетінің «бірден-бір жарқын» саяси шолушысы болып жүрген шамамен 1896-1897 жылдарды тап болды. «Омская газета «Степной край» и политическая ссылка» атауымен 1930 жылы советтік «Северная Азия» журналында басылып шыққан естеліктерінде С.П.Швецов үкіметке қарсы мақала жариялағаны үшін полиция «Степной край» газетінің бүкіл редакциясын тұтқындап, аз уақыт болса да абақтыда ұстайды. Қыр баласы тұтқында отырып шыққан алғашқы «тәжірибесі» туралы ешқашан аузына алып, не жазып көрген емес. Сәті келмеген де болар. Оның есесіне Әлиханның жарияланбаған «Қазақ даласының дзянь-дзюндері» (түпнұсқада «Дзянь-дзюны Киргизской степи») айдарлы мақаласынан және Мемлекеттік Думаның І-шақырылымының 10-жылдығына арналған «Дала өлкесіндегі сайлау» атты очеркінен осы І Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлауының қарсаңында екінші рет түрмеге түсуінің жай-жапсарын оқып білуге болады. Ескере кететін маңызды жайт: Әлихан «Қазақ даласының дзянь-дзюндері» мақаласын Кереку түрмесінде жазып, оны Санкт-Петербор газеттерінің бірінде жариялау үшін Конституциялық-демократиялық партиясын (ка-де немесе кадет партиясы) құрушылардың әрі көсемдерінің бірі Александр Колюбакинге құпия хатпен жібереді. Хаттың үзіндісі мынау: «Қосып жіберіп отырған 14 беттік хаттан менің бастан кешкен хикаямды көресіз. Оны «Наша жизнь» (С.-Петербордың либералдық газеті. С.Аққұлы.) немесе басқа сол сияқты газетке жариялауыңызды өтінемін». Алайда бұл хат әлгі мақаламен бірге полицияның қолына түседі де, арада 100 жылдан астам уақыт өткенде белгілі тарихшы Болатбек Нәсенов хатты да, мақаланы да Мәскеудегі Ресейдің әскери-тарихи мұрағатынан тауып алады.

«Мені 8 қаңтарда (1906 жылы) Керекуден Семейге қарай шыққан жолымда, Тұзқала кентінде (Ямышевский поселкесінде) тұтқындады… – деп жазады Әлихан Бөкейхан арада 10 жыл өткен 1916 жылы «Дала өлкесіндегі сайлау» атты естелігінде, – Мені түрменің бірінші қабатындағы үлкен екі терезесі, үлкен орыс пеші бар ең жақсы камерасына орналастырды… Кейін Омбының жандарм басқармасы «жоғалтып» үлгерген менің паспорт кітапшамды, өзіммен бірге менің барлық құжат-қағаздарымды, кітаптарымды тәркілеп алды. Мен қол қусырып отыру мен жалғыздықтан жалықтым, уақытымды гимнастика жасаумен өткізуге тырысып бақтым».

Өзінің жақын досы әрі үзеңгілесі, Абайдың інісі Кәкітай Ысқақұлы Құнанбайдың мезгілсіз қайтыс болуына орай жазған «Кәкітай» атты азынама-мақаласында («Қазақ» газ., № 105, 18.02.1915 г.) Әлихан өзін тұтқындаудан бұрын және одан кейін Семей мен Керекудегі достарының, тіпті Тұзқала казак кенті тұрғындарының өзін қашырмақ болған қызық оқиғаны жазады: «Януар басында 1906-ыншы жылы Керекуден Семейге баруға шыққан мені ұстасын деген Семейге хабар келген. Мархұм Омарбек пен Кәкітай һәм өзге аты теріс достар мені қашыртпақ болып, маған қарсы үш атпен «Б»-ны жіберген. Бұл мен ұсталған Тұзқалаға [жергілікті қазақтар Ямышевский кентін «Тұзқала» деп атаса керек. Құраст.] бір көш қана жетпей, ұсталғанды есітіп, кейін қайтты. Бірақ ол күні мен «Б-ға» жолықсам да, қашпақ емеспін. Егер мен онда қашсам, қырға отряд шығып, қазақты хор қылмай ма?

Мені Тұзқалада күзетке алып, қарауылшы бір қазақ-орыс [«қазақ-орыс» деп автор казакты айтып отыр. Құраст.]  қойып, мені ұстаған орыстар бір үйге тамақ ішуге кетті. Сонда маған жиылып келіп Тұзқала кісілері «қашырайық, қаш!» – деді. Мені ұстамас бұрын, маған Керекуден «С» қуып келді, «қашайық» деп.

Керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғанынан  ыңғайлы болар дедім «С»-ға. Омарбек пен Кәкітай (өзге достар бұға тұрсын) ісі жолдасқа осылай болатын».

Алдыңғы «Қазақ даласының дзянь-дзюндері» мақаласында Әлихан Бөкейхан өзін тұтқындаудың басты сырын ашып береді: «Мені тұтқындауға генерал Сухотиннің (Дала өлкесінің генерал-губернаторы. С.Аққұлы) жеке өзінің менен кек алуы себеп болды. Азаттық күндері ол 17 қазан манифесінің 1-тармағын бұзғаны үшін өзін сотқа беруді ұсынған менің бірнеше мақаламның бас кейіпкері болып еді. Оған қоса қазақтар мені Мемлекеттік Думаға үміткері ретінде таңдап отыр».

Әлихан Бөкейханның С.-Петерборға Александр Колюбакинге жазған құпия хатынан көрінетін тағы бір жайт: Алаш көсемі кадет партиясының 1906 жылғы қаңтардың басында Мәскеуде өтуге тиісті екінші сиезіне шақырылған болып шықты. Алайда хатта Әлихан былай деп атап көрсетеді: «Мемлекеттік Думаға үміткер ретінде мен ка-де сиезінің орнына түрмеге тап болдым».

«Түрмеде мені өзге тұтқындардан тіптен оқшау ұстады, – деп жазады Әлихан Бөкейхан «Дала өлкесіндегі сайлау» атты очеркінде, – Серуендеуге, күніне жарты-ақ сағат, мен жалғыз шығатынмын». Әйтсе де естелік авторы өзінің барлық тұтқынмен бірге болуына мүмкіндік берген айрықша оқиға – Пасха және Фома апталығы болғанын да жасырмайды: «Діни мейрамда Керекудің қарапайым тұрғындары түрмеде отырған бейшараларға күлше нан, пісірілген тауық аяғы, жұмыртқа және тағы басқа тағам-асты әкеп үйіп тастады. Оларды түрме старостасы қабылдап алып, қоймада тұратын екі ыдыс құдайыасқа қақпағынан асып лық толды. Қойманың есігі үлкен құлыппен құлыпталып, кілті кезекшілікке тұрған бақылаушыда болатын.

Пасханың бірінші күні-ақ таңертең тұтқындардың бәрі, оның ішінде қазақтар да бар, дәлізге жиналып, менің камерамды ашып, жиынға менің де қатысуымды талап етті. Мәлім болғандай, түнде құлып салынған қоймадағы ыдыстан бірнеше тауық аяғы, күлше нан және көп жұмыртқа ұшты-күйлі жоғалыпты. Тұтқындар бақылаушыларды, олардың ішінен қолында қойма кілті болған кезекшісін «соттады».

Сот-cымағы өзгеше әрі біржақты болды: тұтқындар құлаққа оқыс естілетін, балағат сөздерге толы түрме тілінде сөйлеуден жарысты, менің аң-таң болғаным – қазақтар орыс «шешендерінен» бір қалыспады – түрме бақылаушыларын жерден алып жерге салды-ау. Олар қаратер болып, үнсіз, сүмірейіп жерге қарап отыра берді.

Бір сағатқа созылған дау-дамайдан кейін, «шешендердің» бәрі сөйлеп болда-ау дегенде, түрме старостасы: «Бұл сорлылардан не қайыр бар дейсіңдер, олардың үстінен басқармаға арызданбай-ақ қойыңдар. Әулие және Фома күндерінде бүкіл түрме ашық болсын!» – деді. Бақылаушылар оған қуана-қуана келісе қойды. Сөйтіп бүкіл абақты екі апта бойы емін-еркін ғұмыр кешті».

Бірақ ол «еркіндік» шартты түрде болса керек, ешкім абақтыдан аттап шыққан жоқ-ты. Ол бір. Екіншіден, ол еркіндікті отаршыл биліктің күдігіне іліккен Әлихан Бөкейханнан басқасының бәрі көрді. Отаршыл билік болса Алаш көсемін Бірінші Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайлануына жол бермеу үшін ғана оны ешбір тергеусіз, сотсыз, отаршыл Ресейдің өз заңдарын өрескел бұза отырып абақтыға қамап, қос қолын жіпсіз байлап отырды. Орыс империясы министерлер кеңесінің тұңғыш төрағасы, премьер-министрі Сергей Виттеге, әділет министрі Михаил Акимовқа және тағы басқаларға өзінің қылмысы болса «тергеу жүргізіп, сотқа беруін» талап етіп, Кереку түрмесінен жіберген жеделхаттары жауапсыз қалды. Демек, Әлихан Бөкейханның Кереку түрмесінде, одан 15 сәуірде ауыстырылған Омбы абақтысында естелік болсын деп фотосуретке түсетін еш мүмкіндігі бола қоймағанға ұқсайды. Қай абақтыда түспесін, ол суреті естелік қана емес, күні бүгін теңдессіз тарихи құжатқа айналып отыр емес пе!

Дегенмен де Қыр баласы – Ел ағасының өзге тар қапаста әлдеқайда көп еркіндігі, мол мүмкіндігі болыпты. Бұл жолы енді Семей түрмесіне жабылғанында, ол егер кәсіби фотосуретшіні болмаса да, қолында фотоаппараты бар жора-жолдастарын шақыртып алуға еркі болған. Ол ол ма: түрме быламығының орнына құдайдың құтты күні бір саба қымыз ішіп, жаңа сойған бағлан қойдың етін жейтін мүмкіндігі де болыпты. Байқасақ, Әлекеңнің Семей түрмесіне түсуінің де, 3 ай емес, одан әлдеқайда ұзақ отыруының да өзіндік шым-шытырық хикаясы бар көрінеді…

1907 жылдың желтоқсанында Санкт-Петербор сот палатасының Ерекше отырысы (Особое присутствие Санкт-петербургской судебной палаты) Бірінші Мемлекеттік Думаның бұрынғы депутаты деген биік мәртебесі бар Әлихан Бөкейханды әйгілі «Выборг үндеуіне «қол қойғаны және таратқаны үшін» 3 ай мерзімге түрме жазасына кесіп, сайлау-сайлану құқынан айырады. Осы жазасын өтеу үшін және өз партиясының, яғни «Халық бостандығы» конституциялық-демократиялық партиясының шешіміне мойынсұнып, 1908 жылдың жазында Қыр баласы- Ел ағасы өз ықтиярымен Семейге келіп, түрмеге жабуын 3 ай бойы жақын достарымен, үзеңгілестерімен бірге күтеді. Ол туралы «Кәкітай» атты азынама-мақаласында қысқаша былай жазады: «Соттан кейін бірінші Государственни Дума депутаттары саясат әдісіне сайлаған жерде абақтыға отыралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908 жылы Семей келдім. Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шаһкәрім, Кәкітай, Тураұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп шат болған едік» («Қазақ» газ., № 105, 18.02.1915 ж.).

Осы жерде назар аудара кететін маңызды бір тарихи факт: Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған халқының мұң-мүддесіне кіршіксіз қызмет етуі, өз партиясының тілегі мен шешіміне сөзге келмей бағына білуі, партияның жарғысы мен ережесін бұлжытпай орындауы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның саясаткерлері, қоғам қайраткерлері, жалпы саяси партиялары үшін жарқын үлгі-өнеге болуға тиіс еді. Оған мысал бола алатын тағы бір тарихи факты: Мемлекеттік Думаның ІІ-шақырылымын сайлау науқаны басталған 1907 жылдың қаңтарында Алаш көсемі өзінің екінші рет депутат болып сайлануына көзі жете отырып, дауысқа түсуден бас тартты. І Мемлекеттік Дума сайлауында Әлихан Бөкейхан 176 сайлаушының (выборщиктің) 175-і қолдап депутаттыққа өткен болса, 176-ншы дауыс – өзінікі болатын. Ал бұл жолы, Омбыда өзі бас редакторы ретінде шығарып тұрған «Голос степи» газетінде жарияланған «Семей қазақтарына ашық хат» мақаласында (№ 7, 13.01.1907 г.) екінші рет депутаттыққа түсуден бас тартуының екі сырын ашып береді: «Мысалға, мен екінші рет қатар сайланған күнде, оған менің күмәнім жоқ, үкімет билігі сайлауды жарамсыз деп табады да, Семей облысы қазақтары өкілінің Мемлекеттік Дума сессиясына дер кезінде баруына кедергі болады.

1906 жылғы қазан айының соңында Ресей мұсылмандарының барлығы қосылған және мен мүшесі болып табылатын «Халық бостандығы» партиясы Мемлекеттік Думаның осы партиядан сайланған, бірақ «Выборг үндеуіне» қол қойғаны және таратқаны үшін сайлау құқынан айрылған бұрынғы депутаттары Мемлекеттік Дума депуаттығына өздерін екінші рет үміткер ретінде ұсынбасын деген қаулы қабылдады. Себебі, Мемлекеттік Думаның «Выборг үндеуіне» қол қойған бұрынғы депутаттары екінші рет жаппай қайта сайланған жағдайда, үкімет билігін бұл сайлауды жарамсыз деп табуға мәжбүр етеді де, Мемлекеттік Думаны (ІІ-шақырылымын) дер кезінде шақыруға бөгет жасайды».

Жазасын өтеу үшін өз ықтиярымен және «Халық бостандығы» партиясының қаулысымен Семей абақтысына келіп отырған Қыр баласы – Ел ағасы, қолға түскен жаңа фотосуретке қарағанда [№ 1 фотосурет.], сондай-ақ өзінің естеліктері мен түрлі мақала-жарияланымдарына және туған інісі Смахан төренің қолжазба естеліктеріне сенсек, «қол қусырып отырудан және жалғыздықтан жалықпағанға» ұқсайды.Омбы мұрағатынан табылған фотосуретке де осы Семей абақтысында түскені күмән келтірмейді. Отаршыл әкімшіліктің Алаш көсемін Кереку мен Омбы абақтыларындағыдай оқшау камерада ұстауына оның Мемлекеттік Думаның бұрынғы болса-дағы депутаты деген биік мәртебесі мұрша бермесе керек. Абақтыға күнде болмаса да, жиі келіп амандасып, амандығын, көңіл күйін сұрап, елдің жайын айтып, әңгіме-дүкен құрып тұрған өз туғандарын – анасы Бегім ханым, інілері мен жалғыз қарындасы Әзіхан, Смахан, Базылхан, Нұрбектерді (қарындасы) айтпағанда, бүкіл Семей өңірінен, оның ішінде Абай елінен өзінің жақын достары мен үзеңгілестері де үзбей қатынап, сәлем беріп тұрыпты. Мысалға, «Кәкітай» атты азынама-мақаласында өзі былай атап көрсетеді: «Мен абақтыда жатқанымда, осылар (яғни Шәкәрім Құдайбердіұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Тұрағұл Абайұлы Құнанбайлар және тағы басқалары. С.Аққұлы.) тағы келіп амандасқан. Бұған өзге қазақ жарамайды-ау дейім».

Смахан төренің алғаш рет «Жұлдыз» журналында (№ 3, 1996 ж.), соңғы рет «Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 9 томдық жинағы – Собрание сочинений в 9 томах» көптомдығының 6 томында жарияланған естеліктеріне сенсек (Астана: «Сарыарқа», 2013. – 6 том, 5-33 бб.), Семей түрмесінде Қыр баласы – Ел ағасы Санкт-Петербор сот палатасының шешеміне сәйкес 3 ай емес, 8 ай отырған. Әйтсе де туған-туысқандары мен дос-үзеңгілестері Алаш көсемінің 8 айын 8 күндей өткізді, – деп жазады Смахан төре Бөкейхан:«Әлихан 1908-інші жылы сегіз ай Семей абақтысында отырды. Қазаққа керек адам (Медеу Оразбайұлының сөзі. С.Аққұлы.) «Абақтыда ауырды» деп Семей тобықтысы жиылып, күнде абақтыға барып, Әлекеңмен әңгімелесіп, ел адамдары сегіз айды Семейде өткізіп сегіз күндей-ақ қылды. Тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып, осындай өмір өткізді» (6 том, 8 бет.).
    Алаш көсемінің Семей абақтысында түскен ақ-қара түсті жаңа фотосуреті, егер «1908 жыл» деп көрсеткен уақыты рас болса, онда ол кезде жасы 42-ден асқан еді (1866 жылдың 5 наурызында туған), одан әлдеқайда кейін – арадағы 29 жыл салып, 1937 жылы Мәскеудегі Бутырка түрмесінде түскен суретімен [№ 2 сурет] салыстырып, саралап қарауға мүмкіндік береді. Бұл суретті осы жолдардың авторына 1991 жылы Совет Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қоғаммен байланыс орталығы (ЦОС КГБ СССР) КСРО-ның ең зұлым, сол себепті де ең жабық қауіпсіздік мекемесінің архивінен, Ә.Н.Бөкейханның «қылмыстық ісінен» алып жіберген болатын. Суретте жасы 72-ге тақаған қарт (!) Алаш көсемі – ақырғы рет Бутырка абақтысына жабылған сәтінде бейнеленіпті.

Міне осы 2 фотосуретті еріксіз салыстырудан туатын көп сауалдың бірі: жоғарыда көз жеткізгеніміздей, патшалық Ресей билігі 72-дегі қартты «Мәскеуде және Қазақстанда антисоветтік террористік ұйымдар құрды және соған жетекші болды, «жапондарды сүйді» («японофил») деген санаға қонбайтын нақақ айыптармен үш ай темір қапаста ұстар ма еді? Тірі жан шыдамайтын азапқа салар ма еді? Одан өлім жазасына кесіп, сот өкімін сол күні-ақ орындап, денесін түн жамылып Мәскеудегі Дон зиратында өртеп, кеңестік қуғын-сүргіннің өзге 5 мыңнан астам құрбанымен бірге бір шұқырға көмер ме еді? Ол аздай – ұлт көсемінің сүйегі емес, сүйегінің күлі жерленген жерді өзі күйреп күлі көкке ұшқан сәтке дейін туған Алты Алаш халқынан, туған-туыстарынан 60 жылдан астам жасырып келер ме еді?

Бұл екі фотосурет – еш бояусыз, қоспасыз тарихтың куәгері ретінде самодержавиелік Ресей мен Кеңестік империяның түрмелеріндегі тәртіптері мен тұрмыстық шарттарын салыстырып қарауға да мүмкіндік беріп отыр. Мысалға, алғашқы 3,5 айында Кереку түрмесінің, соңғы 2 аптасында Омбы абақтысының қатаң оқшау камерасында отырған кезінде, Әлихан Бөкейхан санкт-петерборлық үш газет, «Семипалатинские областные ведомости» газетін үзбей және сол уақыттағы Кереку мен Омбыдан табылатын кітаптардың бәрін бір-бірлеп алғызып оқыды. Патша абақтыларында, оның ішінде Семей түрмесінде Қыр баласы – Елағасына тағы қандай «еркіндіктер» берілгенін жоғарыда оқып көз жеткіздік. Кеңес заманындағы атышулы ГУЛАГ-тарды айтпағанда, кеңестік еңбекпен түзеу колонияларында осыған ұқсас «еркіндіктер» болды ма екен? Жауапты оқырманның өзі тапсын.

Екі тарихи фотосуретті патшалық Ресейді ақтау немесе Кеңес империясын даттау үшін салыстырып отырғаным жоқ, екі отаршыл империяның бір бірінен айырмасы шамалы еді. Оған тағы бір дәлел, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның Семей түрмесінен бостандыққа шығуы сол-ақ екен – 1909 жылдың басында алғаш рет саяси айдауға да ұшырады – Самарға жер аударылды. Самардан туған еліне тек 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ғана оралып, Алаш (қазақ) демократиялық мемлекетін құруға мұрындық болып, оның шынайы демократиялық жолмен сайланған тұңғыш басшысы болады.

Сұлтан Хан Аққұлы, PhD,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ҒЗИ директоры.

“Қазақ үні” газеті,  №27 08.07.2014.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1553