Путин сепаратистерге белгі берді
Ресей президенті Владимир Путин осыдан бір апта бұрын, 18 наурызда, Мәскеуде, Лужники стадионында Қырым аннексиясының жеті жылдығына арналған шарада Ресейдің Совет одағы құрамында болған елдерге жер беріп, «мол сыйлық» жасағанын, соның салдарынан көптеген территориясы мен геосаяси кеңістігінен айырылғанын тағы да айтты.
Өзін «Ресей жерін жинақтаушының образы» ретінде көрсеткісі келетін ол бұл тақылеттес пікірлерді тығырыққа тірелген, президенттік рейтингі төмендеп бара жатқан кезде айтатын. Ал мұндай сөздер Ресейдің империялық амбициясы мен ұлыдержавалық шовинизмін ту ететін күштерге отқа май құйғандай әсер ететін. 1914 жылы Қырымды басып алуы, одан кейін Украинаның Луганск мен Донецк облыстарындағы сепаратистік әрекеттерді ұйымдастырып, әрі қолдаған тұсында Путиннің орыстар мен орысқұлдар арасында рейтингісі көтерілгені анық. Әлгі сөзінен қазір жан-жақтан сакциялар қысқан тұста өзінің үйреншікті дағдысына басқаны байқалады. Басқа – басқа, бірақ осындай басқыншылық пиғылы көбіне нақты әрекеттермен жалғасып жатады.
Мұны өз басым, Қазақстандағы сепаратистік пиғылдағы күштерге берілген белгі деп қабылдаймын. Кейінгі кезде түрлі жазбалардан, ватсап бейнебаяндарынан НОД дегенді естіп жүрміз. Іс-әрекеттері жер астынан жік шығарғандай. Бұл өзі не қылған пәле? Осыны тереңірек зерттеп көріп төбе шашым тік тұрды.
НОД – «национально-освободительное движение» деген тіркестің аббервиатурасы, қазақша айтқанда «ұлттық-азаттық қозғалыс» болып шығады екен. «Русский мирдің» рухани жоқтаушысы. 2012 жылы қараша айында құрылған. Заңды тұлға мәртебесі жоқ, жартылай жасырын жұмыс істейді. Түпкі нысаналары – Ресейді ұлттық (орыстық) бағытқа көшіру, империяның 1945 жылғы шекарасында (СССР аумағында) үстемдігін қалпына келтіру.
Бұлар Ресей заңдарын әлем таныған халықаралық құқық нормаларынан жоғары қою, мемлекеттік идеологияны тоқтату, СССР-дің ыдырауын тергеу мақсатында Ресейдің қолданыстағы Конституциясына өзгерістер енгізбек. Сол үшін референдум өткізуге шақырған қол жинау науқанын жүргізіп жатыр. Көсемдері Евгений Федоров деген мемдума депутаты.
Қозғалыстың «Национальный курс» деген өз партиясы бар. 2014 жылғы наурыз айынан бері «НОД: За суверенитет» деген газеті шығарылады. Бұл қозғалыс 2015 жылы «Антимайдан» қозғалысымен қойындасқан. НОД ресейлік күштердің Қырымды аннексиялау, Украина аумағында қуыршақ Новороссия мемлекетін құру сияқты басқыншылық әрекеттерін қолдады. Адамдарын жіберді.
«Қозғалыстың» бүгінде бүкіл Ресей бойынша аумақтық жүйесі жұмыс істейді. Қазір Белорусь, Молдавия, Украина, Әзірбайжан, Канада, Финляндия, Эстония, Чехия, Германия елдерінде жақтастары бар. Ал Қазақстан олар үшін – майшелпек. Олар Қазақ елін әрқашан өз ықпалында ұстауды қалайды. Кейбіреулері «Біз Қазақстанның тәуелсіздігін іс жүзінде мойындамаймыз!» деп ашықтан ашық кетіп жүр. Бұрынғы әскери қызметкер Қуат Ахметовтың айтуына қарағанда қазір НОД-тың Өскеменде, Павлодарда, Қостанайда, Алматыда, Қапшағайда бөлімшелері белсенді жұмыс істейді. Тіркелмеген НОД ұйымының офистері «Бессмертный полк» штабтарында орналасқан. Бірқатарының қос азаматтығы бар. Казачество ұйымдары іс жүзінде НОД-тың әскери құрылымдарының қатарында. «Кустанайское казачее войска», «Семиреченское казачьее войска» деп ресми тіркелген ұйымдары апта сайын шіркеулерде бас қосады. Екі аптада бір рет стрельбищеде атыс жаттығуларын жасайды. Бұларға кейбір ауған соғысы ардагерлері ұйымдары іш тартады.
Қазақстанның солтүстік өңірлеріне көз алартқан Ресей империалистері ертең сөзден іске көшсе «Іштен шыққан жау жаман» демекші, бұлар үлкен қауіп. Құқық қорғау құрылымдары, бүкіл Қазақстан халқы мұндай сепаратистік пиғылдағыларға тосқауыл қоюы қажет!
Марат Бәйділдаұлы
Abai.kz