Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 9333 26 пікір 16 Сәуір, 2021 сағат 13:40

Патша билігінің қазақтарды құлдыққа сату саясаты

1737 жылы 16 қараша күні әйел патша Анна Иоановнаның пәрменімен Сібірде (қазіргі еліміздің солтүстік өңірі) құл саудасын жүргізу заңдастырылды.

Осындағы жарлықта: «...түземдіктер қолға түссе, оларды сатуға, шоқындырып, ақысыз-пұлсыз тегін ұстауға рұқсат етіледі», деп жазылған. Құлдық езгі әсіресе, Ойрат хандығының құлауы мен орыстардың қазақ даласына ағылып келуімен байланысты күшейген үстіне күшейе түсті. 1755 жылы жоғарыдағы құл саудасын заңдастырған патша Анна Иоановнаның пәрменіне қосымша жарлық қабылданып, помещиктер сатып алған құлдарын тауар ретінде айырбастауға, оларды шоқындыруға ерікті делінген. Бұл заң 1822 жылы «Сібір қазақтарын басқару» ережесі шыққан соң күшін жойды. Демек отарлаушылар 1737-1822 жылдары, 85 жыл бойы қазақтарды құлдыққа сатумен айналысты.

Академик Манаш Қозыбаев: «Қазақ – отаршылықтың ең бір жексұрын түрін көрген ел. Кейбір тарихшылар: «орыс отарлауын ақтағысы келіп, орыстар құл саудасын жасамады, жергілікті халықты қырмады, тек ғана шикізатын пайдаланды», - дейді. Егер сіз профессор Фурсовтың 1915 жылы жарық көрген «Сибирские чтения» атты жазбасын оқып көрсеңіз, қазақтар әлемдегі ең жексұрын отаршылықтың түрін көргенін білесіз. Жазбада, отарлаушылар қазақтың қыз-келіншектерін пайдаланып жезөкшелер үйін жасақтау үшін арнайы қосын жіберіп, қазақтың жас қыздарын байлап-матап ұстап әкелгені жайлы, оларды базарда қойша сатқаны жайлы көрсетілген...», - деп жазады.

Сол сияқты, қазақ оқығандарының бірі Телжан Шонанұлы өзінің бір жазбасында құлдыққа сатылған қазақ қыздарының тағдырын ашына отырып баяндап: «Жарлы қазақтардың балаларын сатып алып, үкімет орысқа құл қылып бермек. Қыз балаларды каторгаға айдалғандарға қатын қылып бермек. Соның үшін патша 1825 жылы әмір қылады: «Қандай жолмен болса да қазақтан қыз балалар сатып алыңдар, оларды каторгаға айдалғандарға қатын қылу керек», - дейді.

Жоғарыда Шонанұлы айтқандай, қазақ қыздарын сатып алып, күң ретінде ұстау ХІХ ғасырдың ортасына дейін жалғасып келді. Саудаға түскен қазақтардың (1737 жылғы дерек) құны: 40 жастағы қазақ әйелі – 12 сомға; 30 жастағы жігіт (әйелімен бірге) – 1 ат, 1 құлын және 16 сомға; 16 жастағы бозбала – 12 сомға; 20-дағы жігіт – 15 сомға сатылған. Сол заманда құр аттың құны 91.5 тиын екенін есепке алсақ, құл саудасы аса тиімді болғаны байқалады. Осындай тиімді саудадан пайда табу үшін қазақ даласында адам аулау науқаны үздік-үздік жүргізіліп тұрған сыңайлы. Қазақ даласын зерттеуші ғалым Г.Н. Потанин өзінің бір жазбасында: «Сібір орыс-казак жасағы Ірбітке құл сату үшін қазақ даласына жиі-жиі жорық жасап тұрған. 1743 жылы қарашада жүзбасы Дороховтың 280 адамдық қарулы отряды қазақ даласына шабуыл жасап, 42 ер адамды құлдыққа сату үшін тұтқынға алып, 812 бас мал айдап кетті», - дейді.

Қазақ жерінен құлдыққа түскендер Орал, Ертіс, Есіл шекара шебіндегі бекіністерге сатылып кететін. Жалпы Ресей көлемінде құл сататын үлкен базар 1631 жылы ашылған Ірбіт (Ирбит) жәрмеңкесі болды. Мұнда құл саудасы ХVІ ғасырдың ортасында қатты қарқын алған. Онда ересек құлдар 25-50 сом аралығында, балалар 10-25 сом көлемінде сатылған. Патша ағзам қазақтарды құлдыққа сату жайлы рұқсат бере отырып, үкіметке бағынышты қазақ сұлтандарына құл ұстауға мүмкіндік жасаған. Бұл жайды «мүмкіндік» дегеннен гөрі империяға бағынышты түркітектестер арасына от тастау дегенге саяды. Мысалы, 1755 жылы 5 кыркүйекте жоғары мәртебелі патша Нұралы ханға жолдаған грамотасында: «Қашқан башқұрттардың әйелі, бала-шағасы, мал-мүлкі сізге және сізге қарасты старшын-сұлтандарға сыйлық болсын», – деген. Осы оқиға қазақ даласында құл пайдаланудың заң жүзіндегі алғашқы актісі болды», – дейді Крафт.

Осы тұстағы қазақ жұртының ахуалы жайлы Шоқан Уәлиханов досы А.Н. Майковке жазған хатында: «Сібірде бұратаналарды тек итке талатпайды, одан басқаның бәрін істейді», - дейді. Зерттеуші-журналист Амантай Кәкен «Зұлмат жылдардың запыраны» атты зерттеу еңбегінде: «Құл саудасына түскен қазақтардың құны базар нарқына байланысты өзгеріп тұрған. Мәселен, 1737 жылы 40 жастағы әйел 12 сомға, 30 жастағы жігіт (келіншегімен қоса) 1 ат, 1 құлын және 16 сомға бағаланған. 1748 жылы Әулие Петр қорғанында 25 жастағы әйел құлынды бие және шұға шекпенге айырбасталған. 20 жастағы қазақ жігіті 15 сомға жеткен. Сол кездің бағасымен ірі қара малдың екі пұт (32 килә) еті 80 тиын, ал, аттың құны 91,5 тиын болғанын ескерсек, қазақты құлдыққа сату аса тиімді бизнес көзі болған», - дейді.

Қазақ даласында балалардың құлдыққа сатылуы, біріншіден, далаға шеп-белдеу және бекіністер пайда болып, ғасырлар бойы мекен еткен жерінен айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырады. Оның үстіне, отарлаушылардың әскери отряды «шепке шабуыл жасады» деген желеумен қырғын-сүргін ұйымдастырды. Осындай жаугершілік һәм ашаршылықтың салдарынан дала да бала сату науқаны қызды. Орыс зерттеушісі А.И. Левшин: «Малы мен жерінен айырылған қазақтардың ат-көлігі барлары шетке босып қашса, аса ауыр тұрмыс-тауқыметіне тап болған жанұялар өз балаларын құлдыққа сата бастады. 1815 жылы Кіші жүз жерінде бір айдың ішінде 200 қазақ баласы өте арзанға сатылды», - деп жазады. Сол тәрізді Петербор Ғылым академиясының мүшесі, профессор В.И. Даль: «Шекара бойындағы қазақтар осы қыста тағы да өз балаларын сата бастады. Жақында мен 75 сомға (ассигнациямен) сатып алынған төрт ер баланы көрдім», - десе, 1802 жылы Тройцк қалалық таможна мекемесі Сауда министрі Румянцовқа жазған қызметтік докладта: «Қазақтардың көбі жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың аянышты хәлі көзге ерекше түседі», - деген жолдар бар. Қысқасы, 1819 жылы І Александр патша «бұратана балаларын құлдыққа сатуға, алып-сатарларға сатып алуға рұқсат еткен құжат қабылдайды. Сол сияқты Алексей Левшиннің де жазбасында (1832 жылы жарық көрген): «базарда сатылып жатқан қазақ балаларының құны» жайлы дерек бар. Онда, ер бала – 4-5 қап арыш бидай, қыз бала – 3-4 қап арыш бидайға сатылғаны айтылады. Керекулік тарихшы Жеңіс Марданұлы: «Осы заң шыққан тұста орыс-казак атты жасағы қазақ ауылдарын шауып, қолға түскен балаларды жеке өндірісі бар помещиктерге сатумен шұғылданды», - десе, көрнекті тарихшы Е.Б. Бекмаханов: «Басыбайлы еңбек күшін пайдаланатын ірі-ірі тау-кен заводтарының иесі мен орыс помещиктеріне балаларды құлдыққа сату туралы Александр I патшаның арнайы шығарған заңы арқылы рұқсат беруінің нәтижесінде, Гурьевте бір айда 100 қазақ баласы: ұлдар – 4,5 дорба, қыздар – 3,4 дорба қара бидай ұнына сатылды», - дейді .

1911 жылы Семейде шыққан «Записки географического общества» атты басылымының 5-ші бетінде: «1808 жылы орыстар қазақ балаларын сатып алуға және айырбастауға үкімет атынан құқық алды, бірақ сатып алынған құлдар 25 жасқа толғанда еркіндік алатын болды. Бұл әлі либералдық заң еді. Өйткені, бұл заң шықпай тұрып орыс-казактар және әртүрлі әскери қызмет атқарған адамдар қазақтардың әйелдерін, балаларын және жұмысшыларын күшпен тартып алатын еді. Біраз воевода қазақ әйелдерден гарем ұстайтын. Әйелдердің бағасы салыстырмалы өте төмен болды: 7 жастағы қыз 20 тиын тұрды, ал ұл бала 25 тиын, ересектердің бағасы 10-нан 20 сомға дейін көтерілді. Сауда өткізетін орталық ол Ірбіт жәрмеңкесі болды», - деп жазады. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихының очерктері» атты 1942 жылы жарық көрген еңбегінде: «1819 жылы І Александр патша қазақтың балаларын сатып алуға, басқаға сатып сауда жасау туралы заң шығарды. Бұл оқиға жайлы Алексей Левшин 1832 жылы жазған «Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы» атты кітабында: «Базарда қазақтың ер балаларының сатылатын құны 4-5 қапшық арыш бидай, қыз баланың бағасы 3-4 қап арыш еді», - дейді. Және бір айда қазақтан 100 бала сатылғанын айтады. Атамыз қазақтың, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, өздері ашаршылыққа тап болып, аман қалу үшін бала-шағасын сатуға мәжбүр болған қазақтарды екінші жақта, отарлаушылардың қолшоқпары орыс-казак атты жасағы олардың балаларын тартып алып, мал-мүлкін тонау ісімен айналысты. Тарихшы А.И. Левшиннің жазбасында: «Әскери іздеу» деп аталатын қарулы жазалау экспедициясы дүркін-дүркін ауылдарды ойрандап, мал-мүлкін тонады. Мысалы, 1830 жылы осындай отряд бір ғана Байбөрі еліне зорлық жасап, 12 мың қой, 2 мың жылқы, 1500 сиыр, 700 түйе айдап кетті», - дейді.

Құлдықты жою құжатнамасының қабылдануы

1808 жылы 23 маусымда шыққан жарлықта: «Барлық ерікті орыс азаматтары қырғыз (қазақ) балаларын айырбастауға, сатуға, мынадай жағдайда рұқсат беріледі:

  1. Жасы 25-ке жетсе;
  2. Айырбасшылар мен сатып алушылар бұл жөнінде (сату, айырбастау, сатып алу, алмастыру жөнінде) Орынбор шекаралық комиссиясына мәлімдесе;
  3. Әрбір сатып алушы тұтқынды басқа біреуге беруге ерікті делінген. 1819 жылғы 13 ақпандағы Сенат бекіткен жарлықта: «Қырғыздар және қырғыз әйелдері 1808 жылғы жарлыққа дейін сатып алынғандар және жарлықтан кейін сатып алынғандар деп бөлінгендіктен, алғашқылары өмірінің ақырына дейін қожайынының қолында қалады, ал соңғылары 25-ке толғаннан кейін азат деп есептелінсін», - делінген. ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында басталған құл саудасы 1822 жылғы 22 шілдеде қабылданған «Сібір қырғыздары туралы жарғы» негізінде тоқтатылды. Аталмыш жарғының 276-параграфында: «...Осы күннен бастап жаңадан құл ұстауға қатаң тыйым салынсын!», - делінген. Бірақ Н. Крафттың дерегі бойынша: «Қазақ даласында құлдықтың толық жойылуы 1875 жылдан кейін орнады», - дейді.

Расында, қазақтарды құлдыққа сату оқиғасы 1822 жылы патша үкіметі заң қабылдап тыйым салғанымен тоқтаған жоқ. Тағы бір құжатта, 1859 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфордтың бұйрығымен 400-ге жуық қырғыз (қазақ) құлдарға бостандық берілгені туралы мәлімет бар.

Бекен Қайратұлы,

журналист-зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5490