«Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» атты көрме ашылды
2021 жылдың 16 сәуірі күні Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай «Есік» қорық-музейінде осындай атпен көрменің ашылу салтанаты өтті. Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арнап ашылған аталмыш көрмеде Ұлы даланы дүбірлеткен салт аттылық тарихына терең бойлай келе атқа міну мәдениеті бізге һәм әлем халқына, әлемдік өркениетке қандай үлес қосты деген сұраққа жауап беруге тырысты. Себебі жылқыны алғаш қолға үйреткен орын Ұлы дала екені бүгінде бәріне белгілі шығар.
Адамзат осыған дейінгі тарихында жылқының рөлі өте жоғары болды. Жылқыны қолға үйрету адамзатқа не берді? Ең бірінші адамзат баласы осының арқасында уақыт пен кеңістікті бағындырды. Көшпенділер әлемі ерекше құдіретке ие болып, әлемге билік жүргізді. Адамзат игілігіне қызмет еткен ат әбзелдері, ат үсті соғысқа ыңғайлы қару-жарақтар, киім-кешектер, жылқыдан дайындалатын ет және сүт өнімдері, емдік-шипалы заттар, терісі, сүйегі мен қылынан жасалатын түрлі құрал-жабдықтар, жылқы арқылы іске асатын сан түрлі соғыс стратегиялары, дәстүрлі ат спорты – бәйге, аударыспақ, қыз қуу, көкпар, теңге ілу және т.б. спорт түрлері, ежелгі замандағы жетілген техника – ат арба, дәстүрлі өнердің биік шыңы – атбегілік, сыншылық өнер дүниеге келді. Жылқының арқасында Ұлы далада әлемдегі ең алғашқы шұғыл әрекет ететін атты әскер пайда болды. Жылқы әлем мифологиясына да әсер етіп, кентавр, қанатты пырақ, қазақ мифологиясында суын жылқы сынды мифологиялық жануарлар кейінге мирас боп жетті. Қазақ халқында жылқы тауар-ақша айналымының да негізгі өлшеуіші ретінде қабылданды. Ердің құны да, айып-анжы да көбіне жылқы арқылы есептелді. Жылқының адам өміріндегі маңыздылығы сондай бүгінгі күні көлік қуатының қозғалтқышы да ат күшімен есептеледі.
Көрмеде қазақ халқының жылқышылық тұрмысына арналған бөлімінде келушілер жылқы тарихы, жылқының даму эволюциясы, ат әбзелдерімен танысса, балаларға арналған бөлімінде жылқы мүшелерін құрастыратын және қазыққа арқанды байлау әдістеріне үйрететін бұрыш жасақталды.
Көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Алматы облыстық «Ұста Дәркембай Шоқпарұлы» ұлттық қолөнер музейінің жәдігерлері негізінде жабдықталды.
Көрменің ашылу салтанатына еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты шағын құрамда «Ботай» музей- ғылыми-қор жұмысы және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі – Амирова Сабина Кәрімқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң Тарих, археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, т.ғ.к. – Омаров Ғани Қалиханұлы, кафедраның аға оқытушысы – Бесетаев Бауыржан Берканұлы, «Ұста Дәркембай Шоқпарұлы» музейінің директоры – Дәулет Дәркембайұлы Шоқпаров қатысты.
Атқа міну мәдениетінің тарихынан жан-жақты хабар беретін көрме «Есік» қорық-музейінде біраз уақыт бойы қызмет көрсетеді. Көрменің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Есік» қорық-музейінің бас суретшісі – Д.Бектеміров.
Abai.kz