Жұма, 18 Қазан 2024
2690 0 пікір 23 Сәуір, 2021 сағат 14:09

Қазақстандықтарға отандық вакцина қашан салынады?

22 сәуір күні COVID-19-ға қарсы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді.

QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады.

Ағымдағы жылғы 26 сәуірде халықты QazVac вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады.

Ал, бүгін Президент Тоқаев вакцинаның еліміздің басқа аймақтарына жеткізіле бастағанын мәлімдеді.

- QazVac вакцинасы еліміздің өңірлеріне жеткізіле бастады. Барлық азаматтарға қолжетімді болу үшін отандық екпе өндірісін ұлғайтамыз. Қазақстан әлем бойынша өз вакцинасын шығарған бірнеше елдің қатарында. Екпені әзірлеген ғалымдар мен мамандардың бәріне алғыс айтамын!,- деп жазды ол Твиттер парақшасында.

Айта кетейік, отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Оның толық қауіпсіздігі дәлелденді, вакцина коронавирус инфекцияысна қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Белсенділігі жойылған вакцинаның артықшылығы, ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды.

Бұдан басқа, QazVac вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді, олар тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады.

Abai.kz

 

0 пікір