Дәурен Қуат. Аттестация: «милицияның» тілеуі өзгеруі мүмкін бе?
Ауылымызда «домалақ шал» атанып кеткен Қанабек дейтін қария «молда мен мілисаның тілеуі жаман» деп отырушы еді көзін ежірейтіп. Ақсақалдың заманына қарай адамының ыңғайын бағып атеизммен айналысқан дәнеңесі жоқ, қылмыс жасап абақты көргенде пенде емес, бірақ, әйтеуір молда мен совет милициясына көзқарасы әлгіндей болатын. Әңгімеміз аяқ асты діни сипат алып кетпес үшін молдамызды қоя тұрып, «мілиса» туралы мәселеге көшейік.
Ауылымызда «домалақ шал» атанып кеткен Қанабек дейтін қария «молда мен мілисаның тілеуі жаман» деп отырушы еді көзін ежірейтіп. Ақсақалдың заманына қарай адамының ыңғайын бағып атеизммен айналысқан дәнеңесі жоқ, қылмыс жасап абақты көргенде пенде емес, бірақ, әйтеуір молда мен совет милициясына көзқарасы әлгіндей болатын. Әңгімеміз аяқ асты діни сипат алып кетпес үшін молдамызды қоя тұрып, «мілиса» туралы мәселеге көшейік.
Біздің милициямыз 2002 жылдан бері «полиция» атанып келеді. Милиция совет өкіметінің кезінде құрылған құрылым. Ол коммунистер билігін барынша қатал тәртіппен қалыптастырып, қылышының қынабын қанға толтырды. Кремль аспан астындағы жұрттың жартысын алып, әмірін жүргізіп бастағанда милиция арқылы өз үстемдігін еселей түсті. Сөйтіп бұрынғы Социалистік елдер: Болгария, Румыния, Польша, Югославия, Маңғолия, т.б. милицияның бақылауында болды. Милиция Қазақстанды да аяусыз езіп, білгенінше билеп төстеді. Телпегінің шекелігіне қызыл жолақ тартып, иығына қызыл погон таққан, шымқай сұр киімді түсі суық, сұп-сұр адамдар сау ете қалғанда жүрегі дір етпейтін қазақ Совет заманында кемде кем еді. Сол суық түсті адамдардың бет-аузының бояуы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялап, жаңа дүниенің жарығын көргенімен еш өзгере қойған жоқ. Тәртіп сақшысы (милиция) өзіне өзгеше міндет жүктеп азаматтардың құқығы мен азаттығын, денсаулығы мен өмірін қорғаушы (полиция) мәртебесін иеленгенімен баяғы дөрекі, дөкір мінезін өзгерте алмады. Өзгерту былай тұрсын, өркештене түсті. Себебі, аты дардай - полиция. Біздің бала кезімізде келіндердің келелі бір ісіне риза болған кәрілердің: «Ой, шырағым-ай, ұл тап!» деп алқайтындарын естуші едік, қазір бірден «полицей тап» дейтін болыпты. Ұл ма, қыз ба - бәрібір, полицей болса бітті әке-шешесін асырайды. Өйткені қай-қашаннан билік - полицейде . Ақша - полицейде. Елдің құтын қашырып, қорқытатын айбын да - полицейде. Ұры-қарымен жәмпейлесіп, жең ұшынан жалғасатын жылпостық та - полицейде. Полицеиіңіз жол қарап, жолаушы баққан полицей болса, тіпті керемет! Алатаяқ мына заманда әулейенің аса таяғынан да қасиетті затқа айналды. Алатаяқ айналмайды, айналса - ақша. Полиция қазір анау-мынау емес, - Америка! Халықаралық саясаттағы әсіре белсенділігіне байланысты АҚШ-ты саясаткерлер «әлемнің полициясы» дейді. «Әлем полициясынан» біздің Әндірбай полиция еш кем түспейді: әлекедей жаланып жаныңа жетіп келсе, «ә» деместен әкеңді танисың. Әкеңізді таныстыру жұмысын полиция тергеу орындарының бірінде жалғастырса біттім дей беріңіз. Өкпең өшіп, төбең тесік болып өмірден озасың. Тумысынан қатігез, жазықсыз жанның тартқан азабынан ләззат тататын қаныпезер, адам баласымен адам тілінде сөйлесіп, түсінісу жаратылысына жат, қағылған-соғылғандарды, басқа елді білмейміз, қазақ полициясына кірпияз талғаммен таңдай отырып жинаған сияқты: қайда құлақ тіксеңде «құқық қорғаушылардың» қорлығын айтып запыран құсқан жұрттың зарын естисің. Өткен-кеткенді теріп тізбей-ақ қоялық, «Жаңаөзен ісіне» қатысты күдікті ретінде тұтқындалғандардың сөздеріне сенсек, зәре-иманың ұшып, аза бойың қаза болады. Қараңыз:
«Адвокат: Жауап алу кезінде сізге заңсыз әдістер қолданылды ма?
Роза: Полицияға мен өзім бардым, одан соң мені 2-ші ықшамаудандағы ҰҚК-ге алып барды. Онда бірнеше адам болды, ал Ержан есімді қызметкер маған: «Сендер біттіңдер!» - деді. Менің 14 жасар қызым бар екенін білеміз деп қорқытты. Жауап алып жатқан кезде желке жағымдағы адам автоматымен арқамды нұқып тұрды. Біреуі: «Құлат оны», - деді. Маған: «Киіз үйлер мен «Альянс-банкті» өртеген сенсің, өйткені сен одан несие алғансың», - деді. Маған адвокат бермей қойды. Залда менің туыстарым мен таныстарым отыр, сондықтан олардың маған не істегенінінің бәрін айта алмаймын, арланамын. Бетінің тыртығы бар Руслан деген жігіт мені қорлады. Ол менің басыма полиэтилен пакет кигізді, мен есімнен танып қалдым. Бір түп шашымды жұлып алды. Жауаптау кезінде біреуі: «Егер саған Қазақстан ұнамаса, Түркіменстаныңа қайт!» (мен сонда туып-өскем) - деп айқайлады. Яғни, мені алалады.
Адвокат: Сіздің денсаулығыңыз нашарлады ма?
Роза: Мені тұтқындап, азаптағаннан соң дәм сезу қабілетімнен айырылдым, одан соң тәбетімді жоғалттым. Осылай екі аптадан астам жалғасты. Ұйқым қашып, үнемі жүрегім айныды. Мен тіпті өзіме қол жұмсағым да келді, бірақ өзімді тежедім. Жағым қарысып қалып, оны күшпен ажыратуға тура келді. Сондай-ақ, менің асқазаным мен бүйрегімнің созылмалы сырқаттары, мастопатиям бар» (http://old.abai.kz/content/zhanaozen-isi-tergeushilerdin-tesili-azaptau).
«Соған орай сотталушылардың бірі прокурорларға: «Сендер адамдарды аямайсыңдар!» - деп, тергеу кезінде прокурор Сыдықов оған тек психологиялық қысым жасап қана қоймай, дене азабын да қолданғанын айтып, судьядан оны сот залынан аластауды өтінген сәтте, Сыдықов оған: «Шықшы бері!» - деп айқайлаған. Әлбетте, оның мұндай оғаш, озбыр әрі дөрекі қылығы залда үлкен наразылық тудырып, жұртшылық арасынан: «Мүмкін, сендер бізді бірден ата саларсыңдар?! Біздің бар құнымыз бір миллион теңге ғой!» - деп ашына сөйлеген дауыстар естілген» (http://old.abai.kz/node/13085).
Abai.kz ақпараттық порталында «Жаңөзен ісі» деген тақырыппен жалғасып жатқан Жасарал Қуанышәлиннің репортаждарын үзбей оқып отырған оқырман полицейлердің, тергеушілер мен прокурорлардың, ҰҚК қызметкерлерінің жоғарыда дәйек үшін алған жолдардан өзге де сұмдықтарына көз жеткізуде. Жалғыз Жаңаөзенде дейсіз бе, жалғанды жалпағынан жайлауға бекінген құқық қорғаушылардың зорлық-зомбылығы тұтас Қазақстанды қан қақсатып тұр. Таяуда (алдағы мамыр айының ортасында болса керек) қарашы жұртты қарадай басынып, қан қақсатқыш құқық қорғаушылар жаппай аттестациядан өтпекші. Аттестацияның әңгімесі алдымен Мәжіліс қабырғасында талқыланып, қоғамдық ұйым жеткешілері тиісінше сөйлеп бақты. Осы жиынға қатысып сөз алған Ішкістер министрлігінің бұрынғы лауазымды қызметкері, профессор, заң ғылымдарының докторы Ысқақов: «Кезінде ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүргенде, бізге қылмыстық істердің саны бойынша белгілі бір меже-планка белгілейтін. Осындай жарыстар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін құқыққа қарсы шараларды қолдануға итермелейтін», - деп шынын айтты. Бұл енді бұра тартып бұлтаруға келтірмейтін шындық, және мойындалған шындық. Өйткені бізде құқық қорғау органдарының опырып істеген жұмысының көрсеткішіне қылмыстың алдын алу шаралары жатпайды, қылмыстың шұғыл ашылып, қылмыскердің сотталғаны жатады. Жаңаөзендегі жаппай жазалау -- сол көрсеткіш қуудың, нәтижеге жетудің, жоғарының тапсырмасын жоспардан тыс, асыра орындаудың бір мысалы. Советтік милиция мен тергеу орындары, КГБ 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қалай қимылдаса, қазақстандық полиция, прокуратура, ҰҚК Жаңаөзен оқиғасында көне мектептен көргендерін айна қатесіз қайталап, тағы да масқара болуда.
Қазақстанның құқық қорғау органдары (ҚҚО) осы күнге дейін қай заманда, қандай қоғамда өмір сүріп жатқандарын жақсы айыра алмайтынға ұқсайды. Неге десеңіз, ҚҚО кеңселеріндегі іс қағаздары әлі күнге советтік стилдегі сірескен тілде - орыс тілінде жазылады;
ҚҚО кеңселерінің төрінде қазақ-орысты қан қақсатқан, заманында «темір Фэликс» атанып, ГПУ-ді басқарған селдір сақал, сүйір иек, қу шеке Дзержинскийдің үлкейтілген суреттері әспеттеліп ілініп тұр;
Қазақстандық құқық қорғаушылардың қылмысты іздестіру, тергеу амалдары да советтік милиция мектебінің дәстүрінде қалып қойған: күдіктіні азаптау, ұрып-соғу, қорлау, қорқыту, жала жабу, т.б.
Ілгерідегі милициядан полициямыздың жалғыз айырмашылығы жемқорлық жолға қойылып, денесін май басқан, көтені ауыр, қарыны қабақтай, беті табақтай, сауаты төмен жігіттер форма киіп алды.
Сонымен, аттестация жайына оралайық. Мәжілістегі жиында қоғамдық ұйым жетекшілері мен депутаттардың қайсібірі полициямыздың жалақысы жанбағысқа жетпейтіндігін, сондықтан да олардың арандары толмай жүргенін айтып ақтауға тырысты. Полицейлердің көбінде баспана жоқ көрінеді. Жұмыстары болсада ауыр. Расында солай. Жалпы жұрт зәрезап болып қалған соң құқық қорғаушылар туралы жағымсыз сөздерді көп айтады, бірақ бұлардың арасында да азаматтар бар, кәсіби мамандар да аздық етпейді. Әйткенменде, ортаның ойнынан шығу, ортаның тәртібінен кетіп оңашалану олар үшін оңай емес, сондықтан бәріне үнсіз көнеді. Сөйтіп, «құпия қамақтарды» кезіп, «конспирациялық пәтерлерде» төгілген көз жастарын көріп жүре береді. Жүре алмаса, көнбесе, кетеді.
Былтыр газеттер «қазақстандық полиция «заң атымен» сөйлейтін болды» деп жарыса жазып, жамырай ақпарат таратқан еді. «Заң атымен» сөйлейтін полицей күдіктіні ұстағанда өзiнiң аты-жөнiн, лауазымы мен шенiн айтып, қызметтiк куәлiгiн көрстіп күдіктіге шағымдануға, қорғаушы жалдауға құқығы барын түсiндiруi тиiс болатын. Бейне кинодағы американдық полицией секілді Бұл талап «Iшкi iстер органдары туралы» жаңа Заң жобасында да көрсетiлген еді. Бiрақ, айналасындағы адамдарды қылмыскер немесе қылымыс жасауға бара жатқан күдікті ретінде ғана танитын полициямыздың «пошымы» сол баяғы қалпынан ауған жоқ. Аттестацияның да құқық қорғаушылар арасын жемқорлар мен қорқаулардан ада етеріне сену қиын. Ол үшін алдымен полция сойылына сүйенген жүйе, қоғамдық сана, халық пен заңның арасындағы қарым-қатынас, Ішкі істер органдарының қызметін бағалаудың критерийлері түбегейлі өзгеруі керек шығар. Сол кезде бәлкім, «мілисаның» тілеуі де өзгеруі мүмкін.
«Абай-ақпарат»