Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 2744 0 пікір 4 Шілде, 2009 сағат 13:03

Бейбіт НҰРСАПА. Қазақ, сериал және сіз

Бір күн - бір ғұмыр. Сізге өмірдің ащы әрі тәтті дәмін татқызып келе жатқан ғұмырнамаңызға, яғни әр күніңізге есеп беріп көріп пе едіңіз? Өміріңізді - роман делік. Басты кейіпкер - сізсіз. Ата-анаңыз, бауыр-жараныңыз, туған-туысыңыз, жекжат-жұрағатыңыз, бәрі-бәрі сол романның кейіпкерлері ғана. Сол романның желісі дәл бүгінгі күнге келіп тірелді. Сіздің әу бастағы жайдары қызыл галстукты коммунизміңіз қытайдың ала дорбасына айырбасталып кетті. Сіздің әу бастағы қолында балтасы мен орағы бар социализміңіз капиталистердің қолында. Сіздің көзсіз сеніміңізді, яғни атеистігіңізді санаңыздан жұлып алған заманауи азғындаған һәм иманды бүгінгі қоғамның бұлай боларын кім ойлаған? Роман осы тұста үзіліп тұр. Кейбір шығармаңызға рең беретін Астананың 11 жылдығы, бәсекеге қабілетті 50 ел, жолдау, депутаттардың айғайы, тіл майданы секілді сюжеттерді көркемдеу үстіндеміз. Мұнан кейін қалай болады? Сюжет желісі қалай тарқатылады? Белгісіз. Белгілісі - біз қанша тыраштансақ та қазақ болып қаламыз! Қазақ...

Ал, осы романның жалғасы қалай өрбігенін қалар едіңіз? Мысалға, оқып жатқан көркем шығармаңызды (күнделікті өмірдегі шын кітапты айтамын) жинатып тастап, өзіне еріксіз баурап алатын телесериалдарды алайықшы. Оның ішіндегі түріктердің «Еларнадан» беретін «ГҮМҮШІН». «Гүмүш», қазақшасы - Күміс. Түріктің бір қызының ойдан шығарылған проблемасын бәріміз бірге шешетіндей теледидардың алдына үймелейміз. Осы сериалды көріп жүрсіз бе? Көріп жүрсеңіз айтыңызшы. Сіз қайсы кейіпкер болуды қалар едіңіз? Мехмет, Гүмүш, Пынар, Онур... Мен Онур болғым келеді. Рас, Онур. Байдың қызы менен жүкті болып, Америкаға кетіп қалған. Ол келеді. Артынан кіп-кішкентай сүйкімді Дефне атты қызым да келеді. Шындық ашылады. Үйленем. Байдың қызына. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда. Шайқалып тұрып өмір сүремін. «Не бар, не жоқ» деп бас қатырмаймын. Сонымен, білдей бір компанияның директорлар кеңесінде балдызымды һәм досымды «капитан» деп қойып жантая кетемін. Әйелімнің әр ұзынетектіден қызғанатыны болмаса, бақыттымын! Сіз ше? Кешіріңіз, өткенде біздің курста оқитын бір қыз телефон шалды. Аудандарында жарық болмай қалып, «Гүмүшті» көре алмапты. «Не болды?» - дейді. Майын тамызып айтып бердім. «Жалғасы не болады екен-ә? Гүмүш Мехметтің бұрынғы сүйіктісі тірі екенін, одан баласы бар екенін біліп қойыпты ғой» - дейді. Осы сәт мен аталмыш сериалды (бұған дейінгі сериалдарда да) көріп болғаннан кейін «ертең не болады екен?» - деп ойлайтынымды есіме алып, күліп жібердім. Күлмегенде ше? Күнделікті сериалдың арты не болатынына бас қатыратын біз ертеңгі өз күніміздің не боларына ойланбаймыз да. Керісінше, Гүмүшке ұқсап, кешкісін күйеуімізге бір проблема тауып беруге тырысамыз. «Оның сүйікті Ниханы бар шығар» деп, күн-түн демей ізін аңдимыз. Немесе, проблемасын шеше алмай дал болып жүрген Мехмет секілді күйіп-пісуге, әйелімізді қызғануға дайынбыз. Сонымен, сіздің өзіндік романыңызды болашағына тым құрыса, телесериалдың ертеңі не болатынына ойланғандай бас ауыртуға болады ғой. Болады. Мысалға, ертеңгі ұрпақ сізден не дәметеді? Ең алдымен - рух. Сіз сол жұлмаланып, жыртық шапанмен қалған қазақы рухты болашаққа тәбәрікке қалдыра аласыз ба, жоқ па? Сіз аруақ  атымен рухтанып, ұран тастап, Алладан медет тілеген ата-баба жерін балаңызға аманаттай аласыз ба? Осы елді, Алашты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай әлемге атой салғызуға өз еңбегіңізді қай деңгейде сіңіре аласыз? Біз бен сіз бұл мәселеге әлі бас қатыра қойған жоқпыз. Неге?

Қазақтың салт-санасы есіктің көзінде баяғыда қалған. Бесік жырынан жоқтауға дейінгі қазақы әуен мен саз әлемді «бұрында солай болған» деп тарихи кітаптардан ғана оқитын болдық. Салт-санасының кейбір ұшқындары болмаса, атымыз бен ер-тұрманымызды баяғыда музейге өткізіп жібергенбіз. Киім-кешегімізден тым құрыса өзбектердікі секілді ала тақияны да жеке меншіктеп ала алмай қалғанбыз. Сырттан қараған адам бізді кәріс, жопан, өзбек, қырғыз, тәжік, татар деп ойлауы әбден мүмкін. Себебі, ұлттық ерекшелігіміз жоқ. Тек, тіліміз ғана - қазақтікі. Қалғаны...

Иә, ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз? Тілді, жерді, рухты! Ендеше біздің бір күн - бір ғұмыр. Олай болса, өмірдің ащы һәм тәтті дәмін татқызып келе жатқан ғұмырнамаңызға, яғни әр күніңізге есеп беріңізші. Есеп. Мұндай есепті күнделікті қара басыңыздың жұмысына да бересіз ғой. Ұлт үшін, Алаш үшін сіздің өмір романыңыздың сюжеті оқырманыңыздың, яғни ертеңгі ұрпағыңыздың мәңгілік мақтанышына айналатындай етуге тырысу үшін есеп беріңізші, есеп... Өтінемін!

«Алты Алаш» газеті, №3 (03.07.2009)

0 пікір