Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 18187 25 пікір 18 Мамыр, 2021 сағат 16:10

Дін таратқан бабалардың басына белгі қойылды

2021 жылдың қасиетті Рамазан айында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылында осы өңірде өмір сүріп, кезінде халық арасында діни ілім таратқан, имандылық жолын нұсқаған байыс руынан шыққан Асламбек молда Тастыбайұлы (XIX ғ. соңы) және Нұртаза молда Асламбекұлының (1889-1932) басына құлпытас орнатылып, ескі зираттар орны қоршалды.

Бұл игі бастаманы бүгінгі ұрпақтары көтерген еді. Осыдан біраз уақыт  бұрын Алматыдан тарих ғылымдарының докторы, дінтанушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, өзі де Ақсуат топырағында туылған Назира Нұртазина алыста қалған ата-бабалар басына ескерткіш орнатуды арман еткен әке-шешесінің аманаты ізімен имамдар арқылы іздеу салған болатын. Көп ұзамай Шығыс Қазақстан облысы Өскемен өңірінің өкіл имамы, Халифа Алтай мешітінің бас имамы Мұқатай Ермек-қажы Тасболатұлы сауапты іске қолдау көрсетіп, өз тарапынан Тарбағатай ауданы мұсылмандарына тапсырма берді. Сөйтіп біз қасиетті Рамазанда ұйымдастыру жұмыстарын қолға  алдық. Көкжырадағы  ағайын, ауыл ақсақалдары да жол көрсетіп, кеңестерін беріп жатты.

Діндар молда-аталар жатқан орын ескі Көкжыра шетіндегі, тұтастай жойылып кетуге жақын,100-150 жылдық ескі шағын қорым болып шықты. Ұрпақтары үшін маңызды белгі болған ең үлкен бабалары Тастыбайдың «алтықұлақ» етіп қоршалған көне бейітінің орны сақталған-ды.  Соны бетке ұстап тиісті қабірлер орны анықталды. Сөйтіп, жалпы ұзындығы 23х10,5 метрдей қорым аумағы діни ережелерге сәйкес аяқ асты болмау ниетімен темір тормен қоршалып, зират орны тазартылды. Семейден құлпытас әкелініп орнатылды, сол күні құрбан шалынып, ауызашар берілді.  Жалпы, елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты іс-шаралардың біразын  ұрпақтарына қашықтан, аманат бойынша атқаруға тура келді. Сондықтан, аманатқа адал аудандағы мұсылман бауырларға, имамдарға, жерлестерге олардың алғысы шексіз.

Ал 6-7мамыр күндері ұрпақтары туған жерге келіп аталар зиратына тағзым етіп, Көкжыра ауылының тумасы, былтыр Алматыда бақилық болған аналары Нұрзия Қажыбайқызына және марқұм ата-бабаларға хатым Құран түсірді. Көп адам жиналатын дәстүрлі астардан гөрі аруақтарға сауабы тисін деп жаңа форматта өткізілген қайырымдылық акциясы – ауылдың мұқтаж отбасыларына мешіт арқылы құрбандық мал етінен  үлестіру – әсіресе Рамазан айында өзінің оңтайлығын және шариғатқа толық сай екендігін көрсетті.

Ақсуат өңірінде дін таратқан молда-ұстаздардың тікелей ұрпағы (немересі), тарихшы-ғалым әрі дінтанушы Назира Нұртазинаның сөзінен: «Алла нәсіп етіп, ештен кеш жақсы, ата-бабаларға тас қойылды. Кезінде 1932 ж. қиын жағдайлар болды, коммунистік идеология, содан көп нәрсе ұмыт болды дегендей...Аты-жөні осы мәрмар құлпытасқа жазылған бұл бес адам – барлықтарыңыздың жерлестеріңіз, ағайын аталарыңыз. Осылай қабылдап, қолдағандарыңызға, ықыластарыңызға мың алғыс. Осы қоршалған зират болашақта жалпы ауыл тұрғындарына тағзым ететін тарихи нысанға айналуы да мүмкін. Себебі, ескерткіш құлпытас орнатылған жер Ақсуат, Көкжыра тарихына, өлкетануға тікелей қатысты. Біріншіден, бұл жерде жатқан адамдар – өңірде Ислам дінін таратқан, медресе ашқан, бала оқытқан Асламбек молда және әке жолын ең қиын заманда жалғастырған діни ұстаз Нұртаза-молда (Нұртәжі Асламбекұлы) болып табылады. Ол кісі тіпті қари-молда болған деп те айтылады. Жалпы, «жеті ата», «генетикалық жады» деген нәрсе бар, сондықтан мен өзімнің Ислам тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғап, кітаптар жазғанымды, сол сияқты Мекке-Мединеге үлкен қажылыққа барғанымды осы текке тарту деп түсінемін.

Ал мазарының орны сақталған үлкен бабамыз Тастыбай, шежіре мәліметтері бойынша, білім мен руханиятты қолдаған меценат, сол кезде осы жақта татар ағартушыларын тартып, медреселер ашып жатқан байлардың қатарынан табылған ұлтжанды азамат болған. Тіпті осында жатқан әжеміз Рым Аманқызы да – мұсылманша оқыған, Құранды жатқа білген тамаша қазақ әйелі еді.  Осы өңірге әйгілі Аман деген байдың әлпештеген, тіпті оқытқан қызы болған, алайда, тағдыр оны аямады - ол басқа мәселе...

Елдегі ауызекі әңгімелер менің атам мен әжемнің үйінде Асламбек бабадан мирас болған бір жұмбақ кітап болған дейді. Арабша хат танымайтын көпшілік оны түсінбей, сырттай «жұдырық кітап» деген ат қойыпты, себебі формасы текше тәріздес болған сияқты. Сол кітаппен олар болашақты болжайды екен-мыс.  Шын мәнінде, аталарымның қолында, әрине, көптеген діни әдебиет, Құран кітаптары  болғаны сөзсіз, бәлкім сопылық («тасаууф») ілімі бойынша да еңбектер сақталған шығар. Алайда, Кеңес өкіметінің шолақ белсенділері аталарымның жеке архиві мен кітапханасын өртеп жіберген.

Екіншіден, тарихи нысан, «тағзым ету орны» деудің тағы бір себебі - бұл жерде жатқан ата-әжелер – Ашаршылық пен сталиндік Қуғын-сүргін құрбандары болып табылады. Қазір елімізде Ашаршылық құрбандарының тізімдерін жасау қолға алынып жатыр. Менің атам мен әжем 1932 жылы күзге таман қайтыс болыпты. Тікелей болмаса да, жанама түрде олар осы басталып келе жатқан Аштықтың салдарынан көз жұмған. Ия, Ашаршылық, зұлмат жылдар қасіретін басынан кешкен, небәрі 35-40 жастарында өмірмен қоштасқан. Өте қайғылы оқиға: ата жалғыз түйесін сатып, Көкпекті базарына біраз бидай сатып алуға барады, қайтар жолда шапаны жұқа болғандықтан өкпесіне суық тиіп, көз жұмыпты (алайда, осылай ерте кету де қайырлы ма деп ойлайсың – егер ол кісі 1937-38 жж. жетсе міндетті түрде «молда» деп сотталып сталиндік лагерлерде одан да зор азап шегер ме еді...).

Көп ұзамай әжем де, қазіргі заманғы тілмен айтқанда, депрессиядан, күйіктен, кедейлік пен ашқұрсақ өмірді қатты уайымдаудан біраз уақыт төсек тартып жатып, сол 1932 жылы ол да дүние салыпты. Балалар жетім қалды, өлетіні өлді. Менің әкем бір әулеттен жалғыз қалған тұяқ болған, Нұртазин Дәуітбек. Ол кісі ҚазПИ-дің филология факультетін бітіріп, осы өңірде мұғалім, білім беру мекемелерінде қызмет  жасаған, Ұлы Отан соғысы ардагері. Көкжырада, Ақсуатта мектеп директоры, ертеректе аудандық оқу бөлімін де басқарған. Ата-анамыз Алматыда жерленген, сол жақта топырақ бұйырып, Алатау баурайында жатыр. Жетісуға 70-шы жылдары өздерінің қалауымен, балаларының болашағын ойлап қоныс аударған. Ата-бабалар зиратын  былтыр өмірден өткен марқұм анамның аманаты, айтқан өсиеті бойынша тауып, анықтап, келіп тағзым еттік, сауабы әуелі анама болсын. Мейірімді адам еді, ақылды, діндар анашым...

Ал құлпытастағы тізімнің соңында есімі жазылған тағы бір атамыз Көшкін Асламбекұлы – 1937 ж. Қуғын-сүргін құрбаны. Қызыл жендеттер Ақсуаттың түрмесіне алып кетіп, еш жазығы жоқ атып тастаған. Туған ауылында аты аталып жүрсін деп, имамдармен ақылдасып ол кісінің де аты-жөнін тасқа ойып жаздық.

Бір сөзбек айтқанда, бұл жерге бұрылып, аялдап, Құран оқуды жөн көрген адам еріксіз қазақ тарихының қайғылы беттерін еске түсіреді... Жалпы, біз мола, зиратты құрметтеген халықпыз ғой. Сондықтан, аузында «кәләм шәрифі» болған молда-аталарымызға сол жақтағы қай мұсылман баласы болса да «Аллаху акбар» айтып, бет сипап, дұға жасап жүреді деп сенемін. Әсіресе, имамдар, дін қызметкерлері, намазхан азаматтар. Алла разы болсын. Еліміз аман болсын, халқымыздың имандылығы артсын, Ақсуат, Көкжыра, туған жеріміз көркейе берсін».

Айдын Құсманұлы Жортымов,

Тарбағатай ауданы,
Ақсуат өңірінің бас имамы

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435