Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2633 0 пікір 7 Мамыр, 2012 сағат 06:25

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

 

IV

Аппақ айым, айналайын:

Айтшы жайын, жөн сұрайын:

Кірпігінен меруерт төккен,

Көкірегінде қасірет бүккен -

Нұрияшым сенде ме екен,

Көрсетші бір жүз-шырайын?

Жасырасың күннің нұрын,

Қылғымассың кімнің нұрын!

 

*

 

Ерке бұлақ, еркін бұлақ,

Ерте тұра-ақ келдім сұрап:

Таза күміс қоңырау үнді,

Жайлы жаздай жаны гүлді,

Жарқылдаған жалын сынды -

Сенде күлген кім сыңғырлап?

Тасты жарып, таудан өндің,

Таныс үннің айтшы жөнін!

 

*

 

Айтшы жөнін, жансын көңлім,

Тапсын күнін!... О, дәриға-ай!...

Тұнығыңдай толқын атқан.

Мөлдір сезім қанат қаққан,

Жар алдына жанын тартқан -

Жарды айырмай, жанды айырғай!

Емін айтшы жан жарамның -

Қайда екен, қайда ақ маралым?!

 

 

IV

Аппақ айым, айналайын:

Айтшы жайын, жөн сұрайын:

Кірпігінен меруерт төккен,

Көкірегінде қасірет бүккен -

Нұрияшым сенде ме екен,

Көрсетші бір жүз-шырайын?

Жасырасың күннің нұрын,

Қылғымассың кімнің нұрын!

 

*

 

Ерке бұлақ, еркін бұлақ,

Ерте тұра-ақ келдім сұрап:

Таза күміс қоңырау үнді,

Жайлы жаздай жаны гүлді,

Жарқылдаған жалын сынды -

Сенде күлген кім сыңғырлап?

Тасты жарып, таудан өндің,

Таныс үннің айтшы жөнін!

 

*

 

Айтшы жөнін, жансын көңлім,

Тапсын күнін!... О, дәриға-ай!...

Тұнығыңдай толқын атқан.

Мөлдір сезім қанат қаққан,

Жар алдына жанын тартқан -

Жарды айырмай, жанды айырғай!

Емін айтшы жан жарамның -

Қайда екен, қайда ақ маралым?!

 

Тоғай арасында екі-үш үйден ғана отыратын шағын қоңыр ауылдардың бірінде жатырмын. Менмұндалап мөңірейтін қоралы малы жоқ, үкіметтен өздері де жасырынып жатқандай жым-жырт, шағын жанды үйлер екен. Үйдегі кемпір-шал жалғыз ұлындай күтті, сауатын екі түйесінің шұбаты маған құйылды. Күндіз естен айырып, түнде түстен шошытатын Нұрияға арнап осындай өлеңдер жаздым да жаттым. Әндетіп айтсам-ақ аңырап қоя беретін сияқтымын. Бұл ауылға жоқтау айтуға келгенім жоқ, үкіметке өшіккен мені де батыр деп түсінеді ғой. Іштен егіліп, қабырғадан сөгілулімін.

«Шырағым» дейді кемпір, «қарағым» деп қара шал атады. «Осындайда шашыңды қырғызып тасташы. Арғы бетке өтеді екенсіңдер, онда құйыршықтар да бар деседі. Құйыршық құрғырлар үкіметті соққылағанның үстіне қарапайым халықты да тонайды екен. Тіпті іш киімге дейін сыпырып әкететін бетсіз қарақшылар бар дейді. Сендердей шашы бар жігіттерді «шоқынған» деп, шашын да жұлып алатынын естіп тұрамыз. Кім біледі қандайына кез болатындарыңды, оларға қинатпай, өткір ұстарамен өзім алып берейінші!»

Ертеңіне таңертең хал-жай сұрап, хабарласуға келген мектеп меңгерушісінен осы сөздің шындығын сұрадым.

- Рас,- деді ол, - партизан атымен құралданып жүргендердің кейбіреуі ел-жұрттың бостандығы үшін төңкеріс жасап жүргендер емес, сол атпен мал табуға, қазына жиюға кіріскен қарақшылар. Кейде Оспанның атын жамылып, ойлағанын істей береді. Бұлардың ішінде бұлаңшылар да, әсіре мұсылман - шаш жұлғыштар да бар көрінеді. Сендерді бастап апаратын біздің жігіттер ондайларға қоса қоймас, сөйтсе де «сақтықта қорлық жоқ», шашыңды алғыза тұр! - Енді сенен шүйінші сұрайын!- деп арықтағаннан ұзын жағы сорая түскен меңгеруші тағы күлімсірей сөйледі.

- Алыңыз, алыңыз!- деп елеңдедім. Нұрияш табылғандай сезіммен денем лап ете түсті. «Бұл кісі Нұрияға жақындығымды былай қойып, оның өзін қайдан білмек» деген ой болсашы менде.

- Совет армиясы Берлинге кірді,- деді, - Китлер талқандалды деген сөз, енді жапонды шайқай салады! Жұңго Кұңчандаңы Гоминданды соқты дей бер! Енді Жұңгода коммунизмнің жеңімпаз туы көтеріледі!

«Олай болса Нұрияш екеуміз де азат болдық, табыстық» деген тәтті үміт жүрегімді тербете жөнелді. Сүйінші сұрап хабарлаған меңгерушіге жақсы шұғадан тігілген шапкімді ұсына бердім.

- Сүйіншіге мынаны киіңіз, кәде болсын!

- Мұндай ортақ қуанышқа сүйінші сұрау - жаңа салт, жақсы лепес үшін ғой, алмаймын, рахмет бауыр!

- Жоқ, тым болмаса естелік үшін киіңізші!... Ендігі жолда маған ескі тымақ қолайлы!...

Қанша өтінсем де сыпайы ұстаз шапкімді алмады. Өзі бұдан төрт-бес жыл бұрын Сыфан мектебінен оқып шыққан аға сабақтас екенін айтып, киіп жүрген сұр палтосын жолға киюге ұсынып еді, ұзын келетінін айтып мен де алмадым...

Күн еңкейіп, екінтіге құлаған шақта шашымды алдырып болып, жата беріп едім, ат дүбірі естілді. Бұлай дүбірлетіп келіп, күбірлесіп қайту екі-үш күннен бері дағдыға айналған. Сөйтсе де бұл дүбір жүрегімді қатты дүрсілдете жетті. Елеңдей ұмтылып, ашық тұрған есіктің босағасынан сығаласам, елу басы екен, түсі тым салқын көрінді. Ақ тобық ала атының тізгінін есік алдына келе тартты да, үстінен еңкейе қарады, жасаураған көк көзі мұз сүңгідей суық қадалды маған. Бұлай қарағанына жарай мен де жылы шыраймен амандаса қоймай аңырдым.

- Бері шықшы! - деді. Шыға келдім, артымнан шал да шықты. - Уақыт осылай болды... һы!... Хаупің неден болса, - деп кідірген елу басы мақалының соңын айтпай, арт жағындағы тоғайға жалт қарап қойып, шалға қамшысын білей бүйірді. - Байла, мына жігітті!

Тігіле қараған шал да кесек қайырды жауабын:

- Е, неге?... Әкелген өзің едің ғой, өзің байла, ант атқыр!

Ауылға зобалаң күштің жеткенін сезе қойып, мақталы мешпетімнің жеңін кидім де, қолымды артыма қайырып, шалдың алдына тұра қалдым:

- Сырттарыңыздан мылтық кезеніп қарап тұрған болар, жауапкершілік келмеуі үшін сіздің байлағаныңыз өзіңізге жақсы!

Шал сонда да тұнжырап тұрып алды.

- Түсіндім елу басы, - дедім енді оған бұрылып. - Сендерге кесел келтірмейміз, антымыз - ант. Байлауды бұйырған болса, өздеріңізге пәле таппай, неғұрлым тезірек... өзіңіз түсіп байлай салыңыз!

Елубасы атынан қарғып түсіп шалдан ұзынырақ жіп сұрады да өзі байлай кемсеңдеді:

- Шарағым, кейін түсінерсің кімнен болғанын, - дей салып, дереу ақырды. - Ей шал , біреу келгенше босағаңа байлап қоя тұр!...

Елубасы атына міне шауып, жоғары тартты. Әр босағадан, әр теректің түбінен сығалап тұрған ауыл адамдары маңыма жиыла бастады. Шешей тоғайдан теріп шыққан отынын тастай сала ұрысты шалына:

- Неғып тұрсың, босат мына баланы! Осы жас өрімдерді ұстап бергенше өздерің атылсаңдаршы!... Босат деймін қақбас, неғып маңқия қалдың! Қашып кетті дей салмаймысың, құтылып кетсін осындай да!

- Мені қойшы, жау келіп бәріңді ойрандайды ғой, әйтпесе... - деп күмілжіді шал.

- Бізге не қылмақ?! Әкетсе орнына сені әкетсін! - деп кемпір менің қолымды шешуге ұмтылды.

- Босатпаңыз, шеше, босатпаңыз, - деп шегіне бердім, - құтылсақ осы ауылдан емес, жолдан құтылармыз.

- Алда, жарығым-ай! - деп кемпір боздады, - кесірім тиер дерсің-ау енді! Бір ауылды жанға не қылмақ бұл лағынаттар?!

- Жоқ, шеше, пулеметтың астына алады.

- Дәм татшы жарығым тым болмаса, дәм татшы!... Батамды берейін, анаңмын ғой мен де!... Ей шал, мына төбеге шығып қарай тұр енді!

- Мен қарап тұрайын, келе жатса дыбыс беремін, - деп бір жігіт қарауылға жөнелді.

Кемпір болмай шешті де, мен жіпті үйге ала кірдім:

- Олай болса мынау дайын тұрсын, айдаушы келсе үйден байлап шығарыңыздар.

Үш үйдің адамдары түгел кіріп, көздерін сүртісті, кей мұрындардың піш ете түскені болмаса, тым-тырыс. Аяныш пен ашыныштың ажарлы көздері жасқа толып, бәрі де маған мөлтілдей төнулі. Шешей ақ жаулығын мойнына сала жылап, маған бата бергенде, бәрі де қол жайды, бәрі де дір-дір етеді, кемсең-кемсең қағады. Шешей дастарқан жайып, шұбат құйды. Көрші екі үйден екі тостаған құрт, ірімшік әкелініп, менің алдыма қойылды, екеуінен екі түйір ірімшік ауыз тидім.

Қапсағай қара Қали кіріп келді осы кезде. Бәрір үдірейе тұрды орындарынан. Қали табалдырықтан озбай тұра қалып, аман-сәлемсіз-ақ асыға сөйлеп кетті:

- Бауыр, қалаға шауып, әскер бастап әкелген әлгі Қабдолла дейтін ит екен. Оған кім жеткізгені қазірше белгісіз. Жолдарыңнан кешіктіріп обалдарыңа қалдық. Сол күнәміз үшін енді сендерді қаматпауға, қамаса да уақытын ұзарттырмауға ел болып бар күшімізді салмақ болдық. «Тұтқындалған жастарды босат» деген талапты Үрімжі маңындағы барлық тау халқы бірдей жаудыратын болады. Қорықпаңдар!... Осыны жолдастарыңның бәріне жеткіз. Ал, кеттім, аман шығасыңдар!

- Бізден пәлендей үлкен мәселе таба алмайтын болады, - деп ескерттім мен.

Қали «бәрекелдісін» айта сала жөнелді. Іле-шала үйдің арт жағынан ханзуша саңғырлаған үн естілді.

- Келді, мені тез байлай қойыңыздар,- дедім есік алдында тұрған қартқа. Ол дір қаға келіп, екі қолымды жіптің бір ұшымен бостау байлады. Үй сыртына ұзын жіпті сүйрете жүгіріп шығып едім, жуан кері ат мінген ұзын бойлы қара сұр жалт беріп шегіне барып тоқтады. Ұйғырша жағасыз қара шекпен жамылып, қазақ тымағын киіп алған Гоминдан офицері екен, шекпен ішінен автомат асынып, маузерін жалпақ сары белбеулі қарнына қыстырыпты. Күн батып барады. Осы бойы айдай жөнелсе ну орман, қараңғы түн жамыла жол шегетін сияқтымыз.

Офицер маған түйіле қарап алды да шалға ханзуша бұйыра сөйледі.

- Мынаны алып жүр, төменгі ауылға апарасың!

Ханзуша білмейтін шалға өзім аударып айттым да, «алып жүре алмайтыныңызды айтып, жіптің ұшын өзіне ұстатыңыз» деп қостым.

- Мен алып жүре алмаймын, кәрі кісімін, өзің айдап әкет,- деп қарт мені байлаған жіптің бір ұшын өзіне берді. Сол-ақ екен, офицер шалды қамшымен шықпыртып-шықпыртып жіберді. Ауыл адамдарының жасырағы түгел тығылып қалған екен. Ұмтылып барып шал мен алдашы арасына тұра қалдым:

- Баугау жүнгуан! - деген «итағатты» сөзіме айдаушы үдірейе шегінуімен жауап қайырып тұра қалды. Өзім білетін ханзушаммен бұлдырықтата жөнелдім, - мына шалда күш жоқ, маған ие бола алмайды. Жолда жұла қашсам, сен оны атасың, шал содан қорқады. Мархабат қылып, өзіңіз айдап жүріңіз мені. Олай болмаса мына шалдың қолынан қашуым мүмкін.

Офицер таңданыспен мырс ете түссе де, көзі қанталап, тістенуден жақ сүйегі қисая қалды. Мендей сыпайы қашқынды Үрімжіге апарып тексермей ата алмайтынына сенімім толық еді. Мен де тік қарадым көзіне.

- Сен қашамысың?- деп зекіп, маузерін ұстай қойды.

- Қорыққандықтан қашуым мүмкін ғой. Мына шалдың қолынан құтылуым оңай. Жіптің ұшын күшіңіз бар өзіңіз ұстаңыз. Жолда қателесіп қалмауым үшін шынын айтып тұрмын. Жаспын ғой, маған да жан керек.

Ол әр үйді түгел тіміскілеп, бала-шаға мен кемпір-шалдан басқа ешкім таба алмады да, жіптің ұшын шалға еріксізден ұстатып, екеуміздің соңымыздан маузерін кезей ерді. Мен тұспалдаған жерге ымырт үйірілгенде жеттік. Жіп білезіктігімде қолқылдап бос келеді. «Мына жартастың түбіндегі құмайтқа ыршып түссем, маузерін шақылдатып төгіп жіберер еді. Атылған оқ далаға түскен менің үстімнен ысқырып өтіп, жер қаба берер еді. Жартас далдасымен бұлтарып барып, әнеу жерден түсе қалсам, меңіреу орманға сүңгігенім емес пе. Амал қанша, бұл жерде қашсам, жазықсыз қарттың алал қаны мойнымда кетеді ғой!»

Сай аузындағы жалғыз үйлі малшының қотанына келдік. Жолдастарымды түгел ұстап әкеліп, бір арқанға үштен-төрттен қосақтап, екі қолдарының қарынан көгендей байлап отырғызыпты. Ең соңы өзім екенмін. Жартыкеш айдың ала екеуім сәулесімен санап та үлгірдім. Сұр палтолы мектеп меңгерушісін де Мұсаның қатарына байлапты. Екі әскер екі қолымнан қос қолдай ұстады да енді біреуі екі татарға қосақтады.

Ыңғай қол пулемет, автоматпен жарақталған жиырма шақты әскер төрт жағымыздан қоршап тұр. Олардан арырақта, қарсы жағымызда жуан-жуан төрт-бес тымақты қазақ отыр, ел шонжарлары болса керек. Бұл ауылды осылардың салмағымен басып, бізді осылардың қармағымен ұстаған тәрізді. Әскерлерден үн шықпайды, құтырған қасқыр екендіктерін бұл жерде білдірмегісі келгендей сып-сыпайы тұр. Бұларды осы әдепке еріксіз көндіріп тұрған халық қаһары, төңкеріс айбаты еді.

Мені айдап әкелген ұзын бойлы, қара сұр офицер ғана тінту жүргізіп, пышақ-қағаздарымызды жиып алды да, аты-жөнімізді, ата-мекенімізді, қазіргі орнымызды сұрап, қол шырақ жарығымен тізімдеуге кірісті.

- Иттен жаралған сатқын!- деп қалды Ақай қарсы жақта отырған төрт-бес жуанға қарап, әдейі естірте кіжінді. Ортада отырғанның бірі айтулы Қабдолласы екен, соған тісін баса қадалып, сөзін дағдап-дағдап тастады. - Сенің адам аты қойылған ит екеніңді Үрімжіде тұрғанда-ақ естіп болғанбыз. Осы маталуымыз сенің ісің!... Осыдан біреуіміз аман қалсақ, сендік боламыз, көресің әлі-ақ!...

Олардың ешқайсысы үн қатпай қала берді де, бізді төрттен қосақтаулы қалпымызда айдай жөнелді. Беталыс оңтүстік, Дауаншың1 жақ. Өңшең атты, автоматты әскер қамай айдап келеді. Ел көзіндегі сыпайылығы сол шеткі қотанда қалғандай, былай шыға шақылдап, қамшылауға кірісті. Суға, батпаққа келгенде қой айдағандай батырлатып, ат омырауымен соға, қылышын суыра соққылап түсіреді де, орман арасындағы жолда шеп жайып қоралай қуады. Біздің тілімізді білетін ешкімі жоқ екені байқалады. Орманға келгенде өзара күбірлесіп кетеміз.

- Менің қолым босады,- деді Ақай бір қалыңға кіре бергенімізде. - Жанаса жүріп біріңді-бірің босатыңдар... Әрқайсынымыз өз тұсымыздағыға ыршиық, тым болмағанда жарымымыз құтылып, ат пен құралға ие боламыз.

Оны Салық, Шақан бас бірнешеу қостады, бірнешеуіміз басу айттық.

- Бекер қырыламыз, шақпақтары қайраулы.

- Масасын басқанша желкесіне қонып болмаймыз ба...

- Жолдастар, бұлар қазір бізден сылтау іздеп келе жатыр,- деді Мұса, - біреуің қарсылық көрсетсеңдер-ақ осы иенде қырып салады да, «қарсы көтерілді, өзіміз қырылмау үшін қырдық» деп баяндай салады. Онан да осы жолдан аман жетіп көрейік.

Бұл пікірді мектеп меңгерушісі де қостады:

- Күрес әлі де алда ғой, жігіттер, құр тәуекелмен қырылып қалмайық!

Осы әңгімемен түн ортасында жазық далаға түсіп, жол үстіндегі екі бөлмелі там үйге жеттік. Жылтыраған май шамы бар түп үйге бізді қамады да, байлауымызды шешкізбеу үшін болса керек, ішкі босағаға бір күзетші қойып, төрт-бесі ауыз бөлмеге ұйықтауға жатты.

Келе сала босағадағы қазандық үстіне отыра қалған күзетші сары аяқ маңдайын автоматына сүйеп, аздан соң-ақ қорылдай бастады. Шақан мен Ақай байлаулы қолдарын арқаннан босатып алды. Түстері бұзылып кетіпті. Мектеп меңгерушісі мен Мұса екі жақтарынан бірдей күбірлеп, тоқтау айтып отыр. Терезе тостаған аузындай ғана әйнек екен. Оның сыртында да мықты күзет бары белгілі.

- Кеңірдегінен шап беріп шиқ еткізбей құртуға міндеттімін,- дейді Шақан.

- Осы автоматтың бір оғын құр жібермеуге мен міндеттімін,- деп Ақай серт етті.

Екі жағындағы екеуі тым қатерлі жәйтті ескертті.

- Сырттағы он неше автомат пен қол пулеметтарды да шиқ еткізбеуге міндеттімісің?!...

- Қалған жиырма екі сары аяқтың бір гранат тастауына да мұрсасын келтірмеуге міндеттімісің?!

Бұл ескертулерге де бой бермей өкірештеген екеуін шорт тимасақ, ауыз үйдегілердің біліп қоятындығы байқалды. Ханзушалап күзетшіге зекідім мен:

- Ей зангуан1, ұйықтама, тұр орныңнан!

Күзетші селк ете түсті де, орнынан ытқып тұрды. Менің дауысымды естіген ауыз үйдегі екі күзетші кіріп келді де, менен арман шақ-шақ ете түсті оған. Жатқандарының да ұйқысы шайдай ашылып, менің «қожайындығыма» күлісті.

- Анық шпион мынаның өзі болды ғой енді?- деп қисая кетті Ақай, - әй мынауың тергеуші алдында бәрімізді күйретер!

- Есіңнен адастың ба?- деп Ынтықбай шошына қарады маған.

- Жоқ, екеуі де емеспін,- деп күлдім мен, - ап-аман құтылатын жолдарыңды таптым. Оны анықтап айтып беруім үшін, алдымен бір-екеуің даңғырласып сөйлесіңдерші, иә, жақсылап бір күлісіп алайық, қане!

Осы сөзбен түгел күлісіп едік:

- Тама... ды,- деп тілдеді ауыз үйдегі сары аяқтың бірі, - есек!... Мал!...

- Ей мықтылар, - деп дауыстадым ханзушалап,- әскери тәртіпте дұшпанға қойған күзетші ұйықтаса малдан да жаман болады, солай ма, солай емес пе?... Сендер дұшпандық қылып қылыштап, киімімізбен су кештірдіңдер. Біз ғой, ұйықтап кеткен күзетшілеріңді оятып, достық қылып отырмыз, қайсынымыз есек?

Ұйықтаған күзетші мен ауыз үйдегі біреу кәрленіп, зеки тілдегенде, кейі менің сөзімді құптағандай басу айтып жатты. Мен жолдастарға қапсағай қара Қалидың сәлемін жеткіздім.

Залың жағынан мұндай күшті талап қойылса, қазіргі жағдайда бізге үлкен жеңілдік келетінін Мұса қуана сөйледі.

- Жеңілдік үстіне жеңілдік әперетін шараны, егер бопсаға шыдап берсеңдер, мен таптым,- дедім тағы да, - ол жеңілдік алдағы тергеушіге беретін жауабымызда, бір ауыздылығымызда.

- Рас, рас!- деп Ынтықбай мен Қуат, Мұса үшеуі қатар қуаттады да, Ынтықбай ақылдасып, бірлікке келіп алуға шақырды.

- ...Алдымен өз ойлаған жауабыңды сөйлеші.

Мен ойымды жалпылай, қысқаша баяндадым:

- Осы қашып шыққан он тоғызымыз түгел шет ауданнан, көпшілігіміз батыстағы үш аймақтан келген оқушылар екенбіз, қараңдаршы... Мен жауабымда шарқи-парқиыңды да, ұйым-сұйымыңды да «түсінбей» қоямын. Біздің қашуымыз екі-ақ себепке байланысты: бірі, «құйыршықтар» Үрімжіні қоршай қалғанда ханзу сабақтастар құралданып, бізге кезенеді екен (өткен қыста солай болып, үш түн бойы жатақханада дәреттендірген ғой). Енді соғыс хаупін естіп, солардың атып тастауынан қорықтық. Екінші, үйіміз алыста жатыр, дүрбелең бола қалса далада қалмай, ертерек үйімізді тауып алу үшін қаштық. Осы жауаптан басқаны білмеймін. Бұл жауаптан жазсам бәрімізді құртады.

Ұйымға қатысты мәселенің әрқандайын жасыру үшін де мұның тиянақты жауап болатынын жолдастар түгел түсінді.

- Бірден-бір дұрыс жауап осы,- деп Ынтықбай айқындай толықтыра түсті. - Біз ұйым арқылы емес, бұрыннан сырластығымыз, жерлестігіміз арқылы, үйді сағынғандық пен әлгіндей қорқынышымыз себебінен бірлестік. Сонда ұйым жоқ болып шығады. Бұл екі себепке сендіруіміз оп-оңай болуы мүмкін.

Мұнан соң Мұса ұзағынан сөйлеп, басқа кейбір сұрауларға беретін жауапты нақтап түсіндірді. Ұйым мәселесінен жылт шығармай, мүлде мойындамай қоюға келістік.

Сары аяқтар күн шыға қайта тізіп, арқанымызды мықтап байлап жатқанда, үш қазақ қағаз әкеліп, мектеп меңгерушісін алып қалды. Біз айдала жөнелдік. Сары аяқтар түндегідей қылыштап шақылдауын азайтса да, суға қой айдағандай киімшең итермелеп түсіруін қойғаны жоқ. Таудан алыстап, құлдаған сайын күн қуырып барады, желсіз тымырсық ыстық. Кешіп өтіп бара жатып, суға бас қоямыз. Бұл жайымыз айдалған сиырға ұқсаса да, бір жайымыз сиырдан да төмен еді, қосақталған төртіміз бірдей бас қоймасақ, ерніміз суға жетпей жыбырлайды.

Суға біріміз бас қойғанда бәріміз бас қойып келе жатып, тағы бір қырсыққа тап болдық: қосағымдағы татар жігіт іш ауруға шалдықты. Дәретке ол отыра қалғанда мен де отыра қалмасам және болмайды, ол әлсін-әлі отыра кетеді, шарасыздан қалған үшеуіміз де отыра қаламыз. Артымыздан тірсектей қуып келе жатқан айдаушылар аттарын тоқтата алмағансып, үстімізден бір-екі рет бастырып та өтті. Сары аяқ айдаушымыздан қара тұяқ аттың рахымдылығы молырақ екен, баспай аттап қана өте шығады.

Ауырған іш шұр ете түскенде, бәріміз шу ете түсіп отыра қалуға біз әдеттендік те, кілт тоқтай қалуға ат жануарлар әдеттенді. Бірақ, арсылдамауға сары аяқтар әдеттене алар емес, шақшырайған күн еңкейгенде Дауаншың абақтысына жеткізіп қамаған соң ғана тынды.

Екі босағасы еркек ит дәреттеніп, сиыр жапалағандай дайраққа толған, терезесі иә булығы жоқтығын былай қойғанда, әнденектей ғана «әдемі» абақты екен. Еденіндегі дәретсіз, тазарақ топырағына жуан бір ұйғыр ғана сиып жатыпты. Алды болып «тышқақтар тізбегі» аталған біздің қосақ кірді. Симай қалған артқы қосақтарды нығарлап сары аяқтар сақылдады да, «тұрсаңшы, ака!» деп жуан ұйғырға біз сақылдадық. Кіргеніміз соның астындағы қалың борбасты «артқы аяқтарымызбен» мысықша тарпып жүріп, жапаларды жаптық.

Сонда да сиысып отыра алмай біз даңғырласақ, дайрақтан ақталып жалғыз ұйғыр саңғырлайды: «бүгін шыққан гөйлер толтырып кетті» дейді ол. Абақты ішін ақ түтек тозаң басты. Қысылыстан шүмектеген ащы терден дем ала алмай тұншығып, шу көтердік. Тыңдарлық сары аяқ жоқ еді, есікті ұрған әлгі ұйғырдың жұдырығы тыңдатты, екі қойып жіберіп, бір тепкенде есік шарқ ете түсті де, шалқасынан ашылды. Құлып салған ілгегі үзіліп кетіпті.

Сары аяқтар қайта қаптап жетіп келді:

- Кім бүзді?! ... Кім?!... Кім?!...

- Біз!... Біз!... Біз! - деп шуладық. - Өлтірсең топырақпен тұншықтырмай атып өлтір!...

- Мен!... міне, мен! Не қыласың? - деп ұйғыр ыршып тұрды. Дөңгелек қара сақалы қалшылдап кетті. - Бұл молаңды салсаң адам сиғандай етіп салсаң болмай ма?... Біздің көп халық екенімізді білмеймісің?...

Сақшы сожаңы келіп қарады да:

- Есік ашық тұрсын, қашсаңдар атыласыңдар!- деп сұқ саусағын шошаң еткізді.

- Су!...Су!- деп біз тағы шулап, су алдырып іштік. Енді қарастық бір-бірімізге. Лайдан бетіміз көрінбейді, баттасқан әлем-тапырық батпақтан әрең таныстық. Бір-бір момы жеген соң ғана көзіміз шалшық ботқасы арасынан әрең жылтырады...

Таңертең бәрімізді қосақтан айырып, жеке-жеке матай бастады. Қолымызды артқа қайырып, дымдалған жіңішке кендірмен бас бармақтарымызды қосып бір байлады да жуан кендірмен шынтақтан қайырып бір байлады. Үрімжіден келген екі машинаның біріне дағарланған ет шығарғандай домалата берді сонан соң. Машинаға қатар-қатар отырғызып, қораптың төрт бұрышына автоматты төрт сары аяқ шоқиды.

Ендігі бір машинаға қалған сары аяқтар шығып жатқанда жүріп кетіп едік, олар Саяпыл көлі тұсында қуып жетті. Кабина желкесіне екі орындық қойып, тымақты екі қазақты отырғызып алыпты.

- Әне Қабдолла,- деді Ақай кіжініп. Көкшіл көзі қиықтанып, қалың қырма сары сақалы тікендей тікірейе қалды. - Силыққа Ужұңшин беретін бір шәй, бір топ шытын алып қайтпақ қой!... Сол шәйін ішкізбей бассалып аузына шаптырсам еді!..

Ынтықбай күжірейіп, тұқыра қарады Қабдоллаға:

- Асықпасын, күн туғанда анау шоқша сары сақалынан басып тұрып, аузын өзім ашып беремін!

- Қолыңа шаптырып қоймай ма?- дегенде Шақанның қалың ерні болп ете түсті.

- Қойсаңшы ей, сен,- деді Салық шамы келгендегі әдетімен беті қызара қалды, - өлім алдында неткен қалжың?

- Өлмеспіз?- деп Мұса серпіле түсті, - өлсек те бетіміз жарық қой, қалжыңдаса, күле тұрып өлу - бізге ғана тән қайрат!... Биған, сені әнші дейді ғой, басташы «Елім-айға», мына шалқар Саяпылды мұңымызбен бір толқыта кетейік.

«Елім-ай» аталғанда Нұрия екеуміздің соңғы жыласқанымыз есіме түсіп, шиқ ете түстім де, кенет ширап, жұтына сала бастай жөнелдім. Жолдастарым түгел қосылып, күңірентіп әкетті. Төрт сары аяқ бажырайысып, таңдана қарады... Өлім табалдырығынан аттағалы тұрғанда ойын-тойға келе жатқандай әндетуімізге ауыздарын қисайта жымиды...

Екінші түрмеге түс ауа жеткізіп түсіріп еді. Үстінен тікенді тоқ сымын керіп тастаған биік дауалды, шой құлыпты темір қақпаның ішіне енген соң таудан айдап келгендерден де көп сақшы қоршап тұра қалды бізді. Бірінен соң бірі келіп тінтіп жатыр. Белбеуді ғана емес, іш киімнің бауына дейін суырып алып, ескі көрпеден жыртқан шүперектермен байлатты да, киімімізден түйме қоймай үзіп тастады. Түкпірден түкпірге бір-бірден итермелеп әкете берді сонан соң.

Кешегі тұңғыш көрген түрмедей емес, солай нығарлап жүз адам қамаса да сиярлық, едені мұздай жалтыраған цементті түрмеге жалғыз өзімді қамады. Шинжяңда қамалатын «халық көп» екенін біліп салған түрме осы сияқты. Былтыр күзде «түрмелерді жоғалтамыз» деп жүргенде қалаған шыт-жаңа түрме көрінеді. Неше қараңғы залдан өтіп, неше иін айналғанымды, қай жақтан қалай кіргенімді білмей қалыппын. Артымдағы темір есік шарқ етіп жабылғанда алдыма ыршып түстім, маузермен атып қалғандай жабылады екен де, құлпын салғанда құлақты ыңғуырлағандай шаңғырлап, «сөйлеп» кетеді екен. Ертегідегі жеті басты жалмауыздың тылсымды сарайларының бірі сияқты. Кешегі жуан ұйғырдай неше дәу шалжайса да сиярлық тақтай сәкіге жалғыз мешпетімді жайдым да құлай кеттім. Бір босағада ғана дәреттің бөшкесі бар екен, қанша уақыттан бері ашытқанын кім білсін, ішіндегі сұйық дәрет кеңсірікті ірегендей мүңкиді.

Кең «жәннәтқа» кіргендей-ақ қол-аяғымды кере жатып ұйықтап кетіппін. Есік тағы да шаңғырлап «сөйлеп» қалғанда, басымды көтеріп алдым, есік емес, есік ортасынан төрт бұрышты тесік ашылыпты. Күлшедей бір момы мен бір аяқ су кірді.

Есік шақ ете түсті тағы бір кезде. Қатты ұйқыдан ыршып тұрыппын. Есік өзінің құлақ жейтін үнімен «сөйлеп» барып, шалқасынан ашылды. Түннің қай шағы екені белгісіз.

- Шық,- деді қара киімді сақшы, жан мылтығы қолында тұр. Сол бойыммен шыға беріп едім. - Нәрселеріңді қалдырмай ала шық!- деп, мынау «сарайымнан» біржолата әкететінін білдірді.

Күндіз тінтіп, тонаған аулаға жолдастарымды түн ортасында қайта әкеліп, қайта байлап жатыр екен. Тас қараңғы бұлтты түн, бір-бірден әкеліп, тағы да төрттен қосақтап түгендеді де айдай жөнелді. Сыбанып алған көп сақшы тұс-тұсымыздан мылтық кезей шақылдап, тіл қатыстырар емес. Асфалтті жарық көшеге шығарып, үлкен төрт көшеге қарай айдады.

- Мына меңіреу түнде атқалы алып шыққан шығар,- деп сыбырлады қатарымдағы Қуат. - Сиықтары тым зәрлі, сыбанып алғандарын көрмеймісің?

Артымыздағы Ақай да осына айта берді.

- Шұймогу жақ шеттегі кер жотаға шығарып атар! - дегенді қосты ол.

Көбінің ауыр оймен арпалысып келе жатқаны байқалады. Кейбірі солқ-солқ жылап келеді. Төрт көшеге жақындап, Ғұпыр таз атылған жерді көргенімде мен де хауіптеніп қалдым. Бәрімізден кіші Әмірқан ғана мығымдық көрсетіп, ашық жариялай сөйлеп қалды:

- Ата алмайды... Атсыншы қане, мықты болса!

- Сөйлеме, кішкене есек!- деп зекіді тұсында келе жатқан сақшы. Жан мылтығымен Әмірқанды мықыннан түйіп қалғаны байқалды.

- Не дедің, не дедің?- деп тағы екі сақшы тепсіне жетті. Әмірқан да ханзушалап сілке қайтарды жауабын:

- «Ұйқым келді, шаршадым» дедім, естімедің бе? Неше күн болды осылай қосақтап қуалағандарыңа, не істеппіз сонша?

- Ұйқың келсе мәңгі ұйықтатамын, сөйлеме!...

Сақшылардың назары Әмірқанға ауғанда, Мұса айтатынын айтып үлгірді.

- Ата алмайды, ел көрді, жұрт хабардар. Тергеуде де осылай қорқытады, жауаптарыңды мықты ұста!

- Әлден жыласаң тергеуде артыңнан жіберіп, әлемді былғарсың,- деп күлдім мен. Бәрі күлді бұған. «Біздің қорқытуымызды келемеждеп келеді» деп түсінгендей сақшылар сөзді де, күлкіні де тергеусіз қалдырды.

Сақшылар бізді өлкелік үкімет үйі алдындағы алаңды жанай айдап әкеліп, төртінші түрмеге кіргізді де, қорғанның дәл ортасына салынған сары ғимараттың алдына, абажурлы үлкен шыраққа қаратып тоқтатып еді. Шет елден келген силы мейманды қарсы алуға тағайындалғандай сәнді киінген екі «шансың»1 күлімсіреп шыға келді. Бірі, қара көк костюм-сым киген, көк сұр шляпалы сида ақ сұр. Енді бірі, шолақ жең ақ жібек көйлекті, жуан тұмсық, жалаңбас ақ сары. Ақ сұр сидасы күлімсіреген қалпында сөйлей жөнелді де ақ сары жуаны ұйғыршаға аударды. Екеуінің кескінінен қайтсем түсіндіремін, қайтсем жазадан құтқарамын дегендей «жанашырлық» бейне байқалады да, сөз мәнінен қайтсем түсіремін, қайтсем құртамын деген жадігөйлік танылады.

Ол Жұңхуа Минго заңының «әділдігін» мақтай сөйлеп алып, онан соң біздің ісімізге оралды: «Титтей мәселені жасырамын деп қатал жазаға ұшырап қалмаңдар, бәрібір таппай қоймайды. Бәрің де жап-жассыңдар, бәрің де біздің үкімет мектебінің оқушысысыңдар, өмірлеріңді аяңдар! Әрқандай мәселені жасырмай, партияға, Жяң зұңсайға алалдықтарыңды көрсетсеңдер, қоя бере саламыз! Мектептеріңе барып оқи бересіңдер, қызмет алып, мемлекетіміздің үлкен дәрежелі қызметкері боласыңдар. Бәрің жассыңдар, жас болғандықтан алдандыңдар, оны біз кешіреміз, жүректеріңде титтей де кір қалдырмай айтып берсеңдер болғаны, тез болғанда тез кеңшілік етеміз, а... қамқорлық етеміз! Бар мәселені түгел ашып тастап, қайта беріңдер!» деп екі мырза ұзақ сөйледі.

Батыс жағымыздағы айқын көрінген бір тізбекті ескі балшық үйдің әр номеріне таң бозара үштен-төрттен қамалдық. Терезесіз-шырақсыз қараңғы үйдің сыз еденінде қоқыс шөп-шардан басқа төсеніш жоғын сипалап жүріп білдік те құлай кеттік.

«Үһ» деп көз жұмғанымыз сол-ақ екен, қалақайға жалаңаш аунағандай-ақ, тұла бойымыз дуылдап ала жөнелді. Ыршып-ыршып тұрдық. Киімшең жатқан денеге жайшылықта өлерін білмейтін балапандары ғана «қол салатын» қандала қаптап толып алыпты. Арқамызды қотыр сиырша дауалға үйкеп, қол жететін жерлерімізді мыти бердік. Сонда да тоқтар емес, балақтан андағайлап жарысып келе жатқаны сезіледі. Ышқыр байлаған шүперектен жыртып балақты таңдық та, түрегеп тұрып жұлына бердік. Қояр емес, өлермен жануарлар жеңнен де, мойыннан да заулатады екен. Әлгі шүперектен енді жыртсақ, сымымыз тұрмайды ғой, көйлегімізді айырып-айырып жіберіп білек пен мойынды будық та бет-ауыз бен құлақты тырналай тұрып таң атырдық.

Іші-сыртымыз, тіпті ауыз-мұрнымыз түгел қанға малынғандай, қырылған қандаланың қанымен боялып болыпты. Дауалдар бұл «күрең сырмен» әлденеше қабат «сырланған» екен, оның бетін езілмеген «тірі сыр» қаптай қыбырлап өріп барады. Таң атса далдаланатын бұл түн шиебөрілерінің енді қаптап түсіп келе жатқанына да сан жетер емес. Төбедегі қуыс қалтарыстарға симай, қайта қаптағаны болса керек.

- Мынау түрме емес,- дейді Қуат дал болғандай күрсініп, - әлгі күлегеш шансыңдардың қандала бағатын үйі екен. Бізді осы балапандарын жемдеу үшін әкелгені ғой!

- Жоқ, бұл балапандары емес, ең қанқұйлы армиясы,- дедім мен. - Жазалаушы армиясы; қинап қырындымызды шығаруға зорлайтын жендеттері!

Екі татар Гитлер армиясының тұтқындарды итке талататынын әңгімеледі де, «олардың итінен бұлардың аш биті қатерлі» екенін дәлелдесті.

Біз жақтан үйдің есігі алдынан басына кенеп дорба кигізіп, жамылғы жапқан әркімді тепкілеп, жұдырықтап айдаған сақшылар өтіп-қайтып жатты. Дәретке бір-бірден шығарып жатқан қылмыстылар екен. Бізге кезек түске жақын әрең жетті. Дәретханаға дорба киіп, жұдырықталып барып, тепкіленіп қайттық. Көбірек соққыланған сары шегір татар мен Қуат болды. Біреуін «лаумаузы»1 деп, біреуін, «хаса» деп соғыпты.

- Қанды көз сақшылары қандаласынан кем түспейді екен, - деп күрсінді Қуат. - Осында енді үш күн қамалсақ өлерміз-ақ!

Төртеуімізге сықпадай ғана бір-бір момы мен бір тостаған су келгенде Қуат айтқан түсінікке бәріміз жеттік. Бұл тағам тәулігіне екі-ақ рет екен. Тергемей қолданған осынша жазасы бізді айтқанына мойындату үшін ғана болып жатқанын айтысып, қалай қинаса да мойындамауға бекіністік те бекемделе түстік.

- Жауға мойындап, туған ел алдында қара бет болғанша, мойындамай қараңғы көрде жатқанымыз мың абзал, - дедім мен, - бірін мойындасаң мыңын мойындатуға, жолдастарыңды әшкерелеп сойылдатуға зорлайды. Қинаса мойындай береді екен деп мойның үзілгенше қоймайды. Сонда екі өліммен өлген боласың ғой!... Бұлар мұнымен ғана тоймайды, әшкерелеген достарыңды әкеліп, осында тағы қинайды, саған көрсеткенімен сыйлайды. Тағы-тағы солай жинайды, тағы-тағы-тағы  қинайды. Мүлде мойындамау мың абзал дегенім осы. Фактіне сылтау тауып мүлде дарытпай қойсаң, өлтіре салуы екіталай, бізді ел көрді, - дедім де, қанды саусағымдағы сықпа момыны қансоқталы езуіме жолатпай, көмейіме тоғыта салдым.

«Күрең сырлы» дауалда қыбырлаған «сырларды» жеңімізбен жайпай салып, сүйене қалғыдық. Сүйеніп тұрып сылқ ете түсушілеріміз де баршылық еді.

 

Әділетті «тергеушім», түрмедегі қандаланың қанша талағанын айта бергеніммен арқамды қасымайсыз. Ашыққанымды айтқанымда көңіліңіз босап, көжеге тойдыра қоятын кісі де емессіз ғой. Қайта, өткендегі бар жегенімді желкемнен шығарып отырмайсыз ба! Оның бәрін айтудың сізді тыжырындыра беруден басқа титтей де пайдасы жоқ. Пайдасы жоқтығын былай қойғанда, «шоқ-шоқ!» деп те отырған шығарсыз.

Осы тарауда тергеушінің қинап мойындату қызметінде жүрген бірнеше жүз жасағын қырған қанды қол қарақшы, қанды ауыз қасқыр екенімді әшкереледім. Солай емей немене, мәселен, өзіңіздің бізді аспаққа асатын арқаныңызды қиып, көзімізге құятын көк сияңызды демесе дүреден тілінген арқамызға құятын қайнаған суыңызды төксем, ең арзаны - тергеу үстінде тізерлетіп отырғызатын әйнек қиыршықтарыңызды сырып қойсам да «фангымиңшылдік» емес пе еді. Бұған салыстырғанда, «жасақ қыру» деген жаныңызды түршіктірер! Мұндай қылмыс үшін қырқа салудан басқа жазаның бәрі жауды қорғаушы кері төңкерісшінің ісі!

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"



1 Дауаншың - Үрімжінің шығыс оңтүстігіндегі жер аты.

1 Зангуан (ханзуша) - күзетші.

1 Шансің (ханзуша) - мырза деген сөз.

1 Лаумаузы (ханзу дялекті) - орыс деген сөз.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397