Дүйсенбі, 9 Қараша 2026
Дін мен тін 128 0 пікір 9 Қараша, 2026 сағат 16:04

Ұлтаралық қатынастағы діннің рөлі туралы...

Сурет: qamshy.kz сайтынан алынды.

Ұлтаралық қатынас – қарапайым диалогтан басталып, өте күрделі рухани‑мәдени қабаттарға жалғасатын күрделі құбылыс.

Еліміздегі ұлтаралық қатынастың тұрақты болуы – еліміздің дамуына және әрбір азаматтың өмірден өз орнын тауып, бақытты өмір сүруіне өте қажет маңызды тетік. Ол ‑ азаматтардан тектілікті, мәдениеттілікті, адамгершілік қасиеттерді талап ететін тұлғалық көрініс. Сондықтан, оны түсіну үшін бұл мәселе жан‑жақты талқыланады. Бүгінгі тақырыпта  ұлтаралық қатынастағы дін мәселесін қозғаймыз.

Сөз басында мына жағдайды ерекше атап өткен дұрыс: Қазақстан – көпконфессиялы, зайырлы мемлекет. Қазақстан Конституциясы бойынша дін мемлекеттен бөлінген. Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін болып саналмайды.

Осы мәселені айрықша атауымыздың себебі мынада:

Бізге, ұлтаралық қатынастағы дін мәселесі туралы айтқанда, діндар азаматтарының санасында «бір діннің екінші діннен артықшылығы» деген жалған ойдың пайда болмауының алдын алу, сөйтіп, қоғамдық ой‑пікірде  діни тұрғыдағы қайшылықты тудырмау маңызды екендігінде.

Қазіргі статистикалық деректер Қазақстанда көптеген діндердің бір мезгілде қатар, бір‑бірімен толерантты жағдайда қызмет етіп жатқанын көрсетеді. Төменде 2026 жылғы 9 қарашадағы жағдайға қатысты қолжетімді ресми деректерді негізге алып, діни ахуалдың негізгі көрінісін ұсынамын.

Қазақстанда қандай діндер бар?

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің деректерінде 18 конфессия көрсетілген. Оларды негізгі бағыттары бойынша былай топтастыруға болады:

Ислам – негізінен сунниттік бағыт, ханафи мәзһабы.

Христиандық:

Православие;

Католицизм;

Протестанттық бағыттар (баптистер, лютерандар, пресвитериандар, адвентистер, елуіншілер және басқалар);

Ехоба куәгерлері;

Жаңа апостолдық шіркеу;

Мормондар.

Иудаизм – иудей діні.

Буддизм.

Бахаи діні.

Кришна санасы қоғамы.

Басқа да шағын діни қауымдар.

Діни бірлестіктер мен ғибадат үйлерінің саны

Мемлекеттік органдар жариялаған 2024 жылдың IV тоқсанындағы ресми статистика бойынша:

Тіркелген діни бірлестік саны ‑ 3 999;  Ғибадат үйлері саны ‑ 3 788.

Ғибадат үйлерінің конфессиялар бойынша бөлінісі:

Діни бағыт Ғибадат үйі
Мешіттер 2 857
Православ шіркеулері 302
Католик шіркеулері 116
Протестанттық ғибадат үйлері 421
Ехоба куәгерлері 55
Жаңа апостолдық шіркеу 25
Синагогалар 6
Кришна санасы қоғамы 3
Бахаи 2
Буддистік ғибадатхана 1

(Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті).

Мұнда бір маңызды жайт бар: 2025 жылы мешіттер саны өскен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылғы қаңтардағы есебінде ҚМДБ қарамағында 2 945 мешіт жұмыс істейтіні көрсетілген. Сонымен қатар 545 намазхана бар. (Дереккөз: muftiyat.kz)

Қазақстанда әр дінді ұстанушылар қанша?

Бұл сұраққа Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы халық санағы нақты жауап береді.

Діни сенімі Халық үлесі      Шамамен саны
Ислам 69,3% 13,3 млн
Христиандық 17,2% 3,3 млн
Буддизм және иудаизм 0,1%-дан аз          19 мыңнан аз
Дінге сенбейтіндер 2,3% 441 мың
Дінін көрсетуден бас тартқандар 11% 2,1 млн

(Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы, 2021 жылғы халық санағы. Ескерту: адамдар саны пайыздық үлестер негізінде дөңгелектеліп есептелді. Бұл – 2021 жылғы көрсеткіштер, 2026 жылғы нақты діни құрам емес).

Маңызды әлеуметтік және демографиялық ерекшеліктер

Қазақстанның діни құрылымына қатысты бірнеше маңызды жайт бар:

Мұсылмандар халықтың шамамен 70 пайызын құрайды.

Христиандар – халықтың шамамен алтыдан бір бөлігі.

Христиандық бағыттардың ішінде православие негізгі орын алады.

Протестанттық бағыттардың бірнеше тармағы бар.

Дінге сенетінін немесе сенбейтінін ашық көрсетпеген азаматтардың үлесі де едәуір – 11%.

(Тағы бір қызықты дерек: Алматы қаласында 2025 жылғы мәлімет бойынша 17 конфессияға жататын 190 діни бірлестік тіркелген. Қалада 121 діни ғимарат жұмыс істейтіні көрсетілген).

Енді, осы деректерді негізге ала отырып, өзіміздің сараптамалық ойымызды түзейік:

Ең алдымен, ресми деректе көрсетілген сандар қоғамның тұтас бейнесін анықтамайды. Мұнда бізге «діндарлық» пен «діни ғимаратқа үздікіз баратын адамдар» арасында елеулі айырмашылық бар екенін ескеру қажет. Себебі, көп адамдар қалыптасқан дәстүрлі мәдениетке сай, өздерін «белгілі бір дін өкілдеріміз» деп атауға бейім. Өйткені, олар өздерінің ата‑бабаларының осы дінде болғанын құрметтегендіктен, өздерін ойланбастан осы дінге жатқызады. Сондықтан, бұл мәселе діннен өзге психологиялық және мәдени құбылысқа жатады.

Мысалы, халық санағында өзін «мұсылман» деп көрсеткен 13,3 миллион адамның бәрі мешітке тұрақты барады деу – шындыққа жатпайды:

Біріншіден, осы 13,3 миллион адамның арасында өмірінде бір рет те мешітке бас сұқпаған мыңдаған азаматтар бар болуы мүмкін.

Екіншіден, өздерін мұсыламан деп көрсеткендердің арасында мыңдаған дінге сенбейтін, не,  исламды мойындамаған, не, оған іштей наразы адамдар да бар екені сөзсіз. Өйткені, санақ кезінде жүргізілген қысқа сауалнамада адамға өзінің діни көзқарасын анықтауға, өз уәжін айтуға мүмкіндік берілмеген. Онда тек «Иә, не, Жоқ» деуге мәжбүр болғандықтан, көп адамдар өзі туралы жағымсыз қоғамдық пікірдің туындауынан сақтанып, «иә» деп жауап бергені рас.

Үшіншіден, Ұлттық фактор маңызды роль атқарады. Осыған дейін жүздеген жылдар бойы қоғам санасына «Қазақ болсаң болды, априори (әлімсақтан) мұсылмансың» деген қағида дін тарапынан, ағымдағы билік тарапынан сіңдірілумен болды. Себебі, Қазақ елінің бастан өткерген Хандық дәуірде де, Ресейге отарлық езгіде болған кезде де, одан кейін, тәуелсіздіктен кейінгі авторитарлық билік кезінде де – дін халықты бағынышты қалыпта ұстаудың идеологиялық бір құралы ретінде қолданылғаны рас.

Сондықтан діндегі мына үш түрлі көрсеткішті ажырату қажет:

Өзін белгілі бір дінге жатқызатын азаматтар.

Діни рәсімдерді тұрақты орындайтын сенушілер.

Діни ұйымдарға тіркелген адамдар мен қауым мүшелері.

Бұлар бір-біріне сәйкес келе бермейді. Қазіргі кезде, еліміздегі наным‑сенім бостандығын назарға алып, көптеген азаматтар дін догмаларын ашық сынап жатыр. Әсіресе, діндердің еліміздің мәдени өрісіндегі ұлттық салт‑дәстүрлерге, әдеп пен ар‑намысқа қарсы тұжырымдарына деген қарсылық белең алуда.

Әрине, мұны мемлекеттің идеология саласына жауапты құрылымдары мен ресми дін білмей отырған жоқ – олар да мұны көріп‑біліп отыр. Соған сай дін де өзін‑өзі  іштей реформалауға ұмтылуда.

Бірақ, ол реформалар осыған дейін қалыптасқан догмалардан асып кете алмағандықтан – мысалы, елімізде мектеп формасы Оқу министрлігі бекіткен ережеге сай болуы тиіс болса да, Қазақстаннның ҚМДБ‑ның Ғұламалар кеңесі «Орамал шариғат бойынша талап етіледі» деген сырғыма шешім шығарады – қоғамның зайырлы өкілдері діни ережелерді мектепке ендіруге наразылықтарын білдіреді. Бұл мәселе жыл сайын қайталануда.

Әрине, бұл жерде мына ең алдымен мәселе ескерілуі тиіс емес пе;

Біріншіден, Мектеп (жаппай білім беру жүйесі) – тікелей мемлекет бақылауындағы әрі мемлекет жауапкершілігіндегі міндеттер қатарында тұрады;

Екіншіден, конституциялық заң бойынша Қазақстан зайырлы мемлекет деп танылып, дін мемлекеттен бөлінген. Ендеше, діннің мемлекет құзырындағы білім беру жүйесіне, оның стратегиялық бағытына қарсы тұруы Конституцияға сай келмейді.

Олай болса, діннің бұл мәселеге араласуына мемлекет тарабынан жауап берілуі міндетті – мемлекет өзінің билік етуші жігері мен күшін қолдану арқылы бұл мәселеге діннің араласуына арнайы тиым салып, конституциялық заңның қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Ол қоғамдық бірлікті және ұларалық татулықты қорғаудың бірден‑бір жолы!

Осыдан қоғамдық-саяси тұрғыдан қандай қорытынды жасауға болады?

Елімізде көптеген діндер өзара татулықта, өзара ынтымақтастықта әрекет етіп жатыр. Әрқайсысы өз Отанымыздың көркеюіне, мемлекетіміздің дамуына, адамгершілікті қоғам қалыптасуына мүдделі десек болады. Ең бастысы – ниет таза болғаны.

Алайда, әр нәрсенің өзінің шегі болатыны сияқты, діни насихат пен ұстаным шектен шығып кетсе – ол ұлтаралық, дінаралық шиеленістерге алып келуі мүмкін. Оның үстіне, мемлекетте бір дінді «үстем дін» деп жариялау аса қауіпті – ол жағдайда азаматтардың діни‑наным сенімін, дүниетанымдық көзқарастарын бір діннің монполизациялауы орын алып, азаматтардың ой‑пікірін, дүниетанымдық ұстанымын және сөз бостандығына шектеу сияқты құбылыстар пайда болады. Ал, бұл ішкі‑сыртқы әлемге өзін «әділетті қоғам орнатушы, адам құқын қорғаушы, демократиялық көпвекторлық сасат ұстанушы, ғылым‑білім мен жаңа технлогияны дамытушы мемлекетпіз» деп таныстырып жатқан Қазақстанның беделіне көп нұсқан келтіретін құбылыс.

Бұл сонымен бірге, Қазақ халқының ұлттық бірегейленуіне,  одан әрі, өзге этностармен татулықта өмір сүруге зиянын тигізетін құбылысқа айналуы мүмкін.

Сонымен бірге, бұл жерде Конституцияға қайшы әрекеттер болуы мүмкін. Мысалы, мемлекеттің құқықтық жүйесін алып қарайық:

Құқық, яғни, еліміздегі заңдар мен заңдық күші бар ережелер – қоғамдық және азаматтық іс‑әресеттерді реттейтін құзырға ие. Ол құзыр кәмелеттік жасқа толған, азаматтығы толық азаматтарға қатысты қолданылады. Ал, құқықтық нормаларды әлі меңгермеген балалар мен кәмілетке толмаған жастар заң алдындағы «құқықтық жаапкершіліктен» босатылған. Өйткені, олардың санасы әлі ол деңгейде емес – қазақ оны «буыны қатаймаған» дейді.

Сол сияқты, осындай нормативтік функцияны ұлтымыздың салт‑дәстүрі мен мәдени қалыптары да атқарады. Бұлар Ұлттық мәдениетті қалыптастыратын, Ұлттық тәрбиенің негізін құрайтын құндылықтар жүйесін құрайды. Сондықтан, елімізде балалар тәрбиесін Ұлттық құндылықтармен толықтыру, оны Ұлттық болмысқа айналдыру – бесіктегі баладан бастап, еңкейген қарттарға дейін қолданылады. Бұл – Конституциялық норма талабы. Өйткені, Қазақстан – унитарлы мемлекет, ал ондағы «мемлекет құраушы» халық – Қазақ ұлты. Еендеше, елдегі азаматтық бірегейлік қазақ тілі мен мәдениеті, салт‑дәстүрі төңірегінде жүзеге асырылуы – табиғи жағдай.

Сол сияқты, дін де нормативтік функцияға ие.  Бірақ, заң бойынша ол мемлекет ісіне араласапайды. Ендеше, оның нормативтік функциясы мемлекет тарапынан бақылауда болуы тиіс. Олай болса, елдегі  «буыны бекімеген балаларды» біз Құқықтық жауапкершіліктен қалай қорғасақ, ол балаларды Діни жауапкершіліктен солай қорғауымыз қажет

Яғни, басқаша айтсақ, санасы әлі құқықтық жауапкершілікке жетпеген балаларға «діни жауапкершілікті міндеттеу» зайырлы қоғам сипатына тән емес дер едік.

Өйткені, құқықта «міндет пен жаза» қалайша қатар жүретін болса, дінде де «міндет пен жаза» қатар қолданылады. Айырмашылығы тек мынада:

Құқықта ‑  адам Азаматтық сот алдында жауап береді;

Дінде – адам Құдай соты алдында жауап береді.

Міне, осы қағидаға сүйенген азаматтық қоғам балаларды «діни жауапкершілікті адам» деп санауға жол бермеуі тиіс.

Бұл, елдегі ұлтаралық татулықтың бастауы, қайнар көзі. Өйткені, буыны бекімеген әр ұлттардан құралған жастар әр түрлі дін жетегінде кетсе – болашақта олардың басын біріктіру, татулыққа шақыру қиын болатыны анық...

Ал, бірақ, олардың жас кезінен ұлттығын сезініп, белгілі бір ұлттық қалыптағы мәдениет субъектісі ғана емес, унитарлы мемлекет қабылдаған ұлттық мәдениет (қазақ мәдениеті) субъектісі етіп қалыптасуын қорғау – көп ұлттар мекендеген Қазақстан мемлекетінің конституциялық төл міндеті, төл шаруасы.

Ал, Қазақ Елінің ұлттық педагогикалық жүйесі – адамды адамгершілік бастауға тәрбиелеудің әлемдегі ең озық жүйесінің бірі, ‑ дей отырып осы мақаламды тамамдаймын.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір