Абай шығармаларындағы айқай, жаңғырық мотиві...
Мотив – өнер мен әдебиетке тән ұғым. Өнер дүниесінің ішінде музыкалық шығармаларға тән болып келеді. Себебі әдебиет пен музыка әуенге негізделеді. А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде көрнек өнерін беске бөлгенде музыканы әуез өнері деп атайды.
Ал сөз өнерінің ішінде шығарманың бір түрін «әуезе» деп алады. Осы арада қазақ ұғымында көркем шығарманы музыка өнерімен тығыз байланыста түсінгенін айқын аңғарамыз. Орыс әдебиетінде де М.Бахтин Достоевский шығармаларын зерттеу барысында музыкаға тән полифония терминін әдебиетке енгізді. Полифония бір шығарманың ішінде әртүрлі әуендік желілердің (дауыстардың) бір уақытта үйлесіп, дамуымен ерекшеленеді. Ал М.Бахтин Достоевский шығармаларындағы кейіпкерлер мен баяндаушының, автордың арасындағы көп үнділік, дау-дамай, көп дауыстылықты және шығарма мәтіндеріндегі диалогизмді, яғни бір шығарма мазмұнындағы бірнеше мәтіннің жарысып қолданылып, әртүрлі үн қатуын полифонизм деп атады. Демек әдебиет пен музыка үнге, дыбысқа негізделеді. Ендеше екеуіне де мотив тән. Музыкадағы мотивтің белгілі бір экспрессивті мағынасы бар және ол пайда болған кезде белгілі бір әуеннің сарыны танылады. Мотивте әдетте бір екпін болады (сөздегі бір екпін сияқты), сондықтан мотивтің ең көп кездесетін көлемі-бір өлшем. Музыкатанудағы тіректердің бірі болып табылатын бұл ұғым әдебиеттануда да белгілі бір жауапты роль атқарады. Орыс әдебиетінде мотивті әдебиеттанушы ғалымдар барынша зерттеді.
Мотивті әдеби ұғым ретінде тұңғыш рет әдебиеттану ғылымына А.Н.Веселовский 1906 жылы "Сюжеттердің поэтикасы" атты еңбегінде енгізді. Веселовский мотивтердің негізгі ерекшелігін «біркелкі бейнелі схематизм» ретінде ұсынады. «Мотивтің белгісі – оның бейнелі бірмүшелік схематизмінде; бұл қарабайыр мифология мен ертегілердің ажырамайтын элементтері: (күннің тұтылуы) біреу күнді ұрлап кетеді немесе найзағай-құс аспаннан от шығарады» [1. 494]. «Мотив деп мен қарабайыр ақыл-ойдың немесе күнделікті бақылаудың әртүрлі сұраныстарына бейнелі түрде жауап беретін ең қарапайым баяндау бірлігін айтамын» [1. 494]. Демек ғалым мотив ұғымын күнделікті өмірде адамдар арасындағы әңгімеде белгілі бір ойларды бейнелі сөзбен жеткізудің ең қарапайым баяндау бірлігі деп анықтады. Көріп отырғанымыздай А.Н.Веселовский бейнелеуді, біркелкілікті, схемалықты мотивтің белгілері деп санады [1]. Н.Веселовский мотивті алдымен сюжеттің негізін құрайтын - «мифтер мен ертегілер, кейінірек - әдеби шығармалардың негізін қалайтын «ең қарапайым баяндау бірлігі» деп атады. Веселовскийдің пікірі бойынша әр поэтикалық дәуір «ежелгі заманнан мұра болып келе жатқан поэтикалық бейнелердің» жаңа комбинацияларын жасайды және оларды жазушылар «өмір туралы жаңа түсінікпен» толықтырады. Мотивтер, Веселовскийдің пікірінше, шексіз қайталанатын тарихи тұрақты ұғым. Б.Н.Путилов мотив теориясын жалғастыра отырып, «Мотив сюжет жасаушы элемент ретінде» деген еңбегінде мотивті «эпикалық сюжеттің компоненттерінің бірі, эпикалық сюжеттік жүйенің элементі» деп анықтайды. «Мотив, - деп жазады ғалым, - сюжеттің бөлігі ретінде қызмет етеді, мұнда оның нақты мазмұны толық ашылды. Кез-келген белгілі бір мотив нақты айтқанда шығарма сюжетімен тұтастықта және сонымен бірге басқа мотивтермен, яғни бөліктерімен байланысты.[2] Әдебиеттанушылар И.М.Попова мен Л.Е. Хворовалар «мотив объектілік-тақырыптық ақпаратты тасымалдай алады немесе ол қандай да бір белгінің немесе әрекеттің мәніне ие болуы мүмкін»[3] деп түсіндіре келе мынандай ой айтады: «Соңғы онжылдықтар ішінде мотивтерді жеке шығармашылық тәжірибемен белсенді байланыста және жеке жазушылар мен жекелеген шығармаларға тиесілі мәселе ретінде қарастырылды. "Мотив" термині басқа мағынада қолданылатынын атап өткім келеді. Сонымен, мотивтер көбінесе жазушының тақырыптары мен проблемалары деп аталады (мысалы, көркем шығармадағы тартыс, яғни адамдардың мақсат мүддесінің, ойларының қарама-қарсылығы, тартыс, күрес) »[3].
Б.И.Ярхо 1930 жылдары жазылған «Әдебиеттанудың нақты әдіснамасында» мотивті «іс-әрекет кезіндегі бейне (немесе оқиға кезіндегі бейненің күй-жағдайы)» [4] деп анықтайды. Көріп отырғанымыздай мотив А.Н.Веселовскийдің пікірінше «ежелгі заманнан мұра болып келе жатқан поэтикалық бейнелер», яғни поэтикалық образдар ғасырдан ғасырларға жазушылар шығармасында заман өзгерісіне қарай жаңаша мағынада көрініс табады. Немесе белгілі бір сюжеттер әр дәуірден көшіп, келесі дәуірлердің шығармасынан орын алады деп түсіндерді. Сондай-ақ басқа зерттеушілердің де пікірінше мотив «сюжет жасаушы элемент» ретінде түсіндіріледі. Зерттеуші О.М.Фрейденберг: «мотив – бұл сюжеттік схеманы бейнелі түсіндіру» [5.115-119] деген болатын. Демек мотив те архетип образдардың бір түрі сияқты. Адам санасындағы белгілі бір оқиғаның немесе образдың жандануы, жаңғыруы, белгілі бір басқа образға айналуы немесе бір шығарманың сюжетіне өзек болуы. Бұл әсіресе метамәтінде немесе архаикалық мәтінде анық көрініс табады. Бұл жерде мотив бір шығарманың тұтас сюжетіне айналуы мүмкін немесе бір шығарманың бір бөлімі ғана болуы мүмкін. Мысалы Ш.Құдайбердиевтің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын алсақ, бұл шығарманың алғаш сюжетін бір жүйеге түсіріп, поэмаға айналдырған Әзірбайжан ақыны Гәнжауи Низами, кейін Дехлеви, Жәми, Науаи, Физули. Бір сюжет бірнеше ақынның шығармасында көрініс тапты. Демек аталған ақындар шығармасының өзегі бір мотивтен бастау алады. Сондай-ақ ертеден адам санасында келе жатқан архетиптер ақын-жазушылар шығармасында белгілі бір бейне, образ арқылы танылады. Әдебиетте жаңғырық, айқай ұғымы бар. Бұл ұғым да әлемдегі әрбір халықтың өнерінде, көркем әдебиетінде кездеседі.
Айқай – адамның бар дауысымен қатты үн шығаруы. Ашуы мен ызасын немесе айтайын деген ойын бар дауысымен қатты жеткізуі. Демек айқай адамның психологиялық көңіл-күйінен хабар береді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Айқай қызығу, өкіну мәнінде айтылатын көңіл-күй одағайы» [6.25] деген анықтама берген. Ал айғаймен өмір сүретін адамды «айқайшыл даурықпа, бөспе, даңғаза» деп түсіндіреді. Ендеше, айғай адам мінезін және адам өмірінің мәнін айқындайтын мотив болып табылады. Демек адам баласының жан-дүниесінен, көңіл-күйінен хабар беретін бейнелі ұғым. Жоғарыда А.Н.Веселовский, О.М.Фрейденберг сияқты мотивті зерттеген ғалымдардың дәлелдеуі бойынша бір нәрсені бейнелі түсіндіру. Яғни адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқын «сюжет жасайтын элемент» ретінде бейнелі ұғыммен жеткізу. Психология: энциклопедиялық сөздікте: «Айқай – адам өзінің іс-әрекеті мен қылығына иелік ете алмай, айқайлап тіл қатуы, дауыс көтеріп сөйлеуі. Айқай әдеттегі сөйлеу мөлшерінен қатты шыққан дауысты немесе үнді білдіреді. «Айқай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген қазақтың сөзі көңіл күйдің ризашылығын қатты шығарған үні арқылы білдіруі. Айқайдың ауыспалы түрі ұран салу мағынасында қолданылады. («Айқайлап жауға тигенде, Ағатай – Беріш ұраным!» Махамбет) Айқай адамдардың іс-әрекетіндегі сезім күйлерін білдіреді. Психологиялық тұрғыдан алғанда, айқайшылдық адамның жағымсыз қасиеті [7.19]. Демек А.Н.Веселовский көрсеткендей энциклопедиялық сөздікте де жалпы қазаққа тән көңіл күйдің ризашылығын «Айқай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген бөлшектеуге болмайтын тұрақты тіркестерден жасалған баяндау бірлігін аңғарамыз. Махамбет ақынның өлеңінде де жаудың бетін қайтару үшін соғыста күллі әскердің жауға қарсы рухын көтеру үшін «Айқайлап жауға тигенде, Ағатай – Беріш ұраным!» деп бөлшектеуге болмайтын тілдік бірліктен құралған бейнелі ұғым екеніне көз жеткіземіз. Бұл бейнелі мотив көркем шығарманың сюжетінде өзіндік роль атқарары сөзсіз.
Сонымен қатар көркем шығармаларда айқаймен бірге жаңғырық ұғымы бар. Оны да мотив ретінде қарастырамыз. Жаңғырық ұғымы ақын-жазушылар шығармасында кейіпкердің өмірі мен мінезін суреттейтін бейнелі ой мен іс-әрекетті жеткізеді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Дауыстың, дыбыстың екінші жерде күмбірлеп, қайталап естілуі» [6.268] деген анықтама берген. Адам таудың үстінде немесе биік, зәулім, кең сарайдың ішінде бар дауысымен айқайлап үн шығараған кезде, дауыстың күмбірлеп өзіне естілуі. Демек айқайдың адамға кері қайтып, қайталап естілуі.
Абай шығармасындағы айқай, жаңғырық мотиві де ақынның көңілінің күйінен, айналасындағы болып жатқан оқиғалардан, қазақтың өмірінен, тіршілігінен хабар береді. Сондай-ақ Абай заманындағы қоғам мен қалыптасқан адам мінезін тұтастықта бейнелеп жеткізеді. «Жастықтың оты қайдасың?» өлеңінде:
Мал бақпақтық шаруа боп,
Адал тауып асықпай.
Құр айғаймен әуре боп,
Өнердің жайын баса ұқпай.
Енді нені істейміз,
Бәрінен де бос қалдық?
«Ауызға келіп түс» дейміз,
Қылып жүріп құр салдық! -
-деген өлең жолдарында «Айқай» бір адамның емес, күллі елдің өмірін бейнелеп тұрған сюжеттік элемент. Бұл өлең жолдарындағы айқайдың мәні зор. Қазақтың ежелден келе жатқан ата кәсібі мал бағудан да нәтиже шығармай, жеңіл өмірге әуестенген Абай заманындағы адамдардың даурыққан, бос дау-дамаймен өткізіп жатқан өмірі анық байқалды. Сондықтан өлеңнің сюжетіне өзек болып тұрған айқай мотиві деп батыл айтуға болады. Себебі Абай айтып отырған айқай сол кездегі адам тіршілігінен, ақынның айналасындағы адамдардың мазасыз өмірінен және Абайдың өз заманындағы нәтижесіз істерді елеп-екшеген ақыл-ойынан хабар береді. Сондай-ақ мұндағы айқай мотивінен Абай заманындағы адамдардың өмірінен, құр айғай, бос мақтан, даурықпа, дау-дамаймен өмірді өткізудің еш мәні жоқтығынан сабақ алуға тура келеді. Екіншіден, айқайшылдық, даурықпалық, бөспеліктің адамға тигізетін зияны және мұндай мінездің адамда пайда болуының негізі туралы ойға жетелейді. Үшіншіден, айқайшылдық бір адамға тән емес, көптің санасына тән екенін анық көреміз. Ендеше, айқай, айқайшылдық бұл өлеңде көпке тән ұжымдық бейсаналық. Өлеңде қазақ санасындағы көпке тән ұжымдық бейсаналықтың мәніне үңілген ақын бейнесі де танылады. Даурығып, құр айғаймен жүрген ел өміріне көңілі толмай, налыған, шарасыз көңіл-күйін де бейнелейді. Мұндай ұжымдық бейсаналықты жою, болдырмау жолы туралы:
Жастықтың оты қайдасың?
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?
-деп, жастық шағыңда дүниенің көркі қызық қуып, салдық құру емес, ғылымның пайдасын білу деген уәж айтады.
Айқай мотиві Абайдың бірнеше өлеңіне тән. Әйгілі «Сегізаяқ» өлеңінде:
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ.
-деп жөн білген кісінің қу-сұмға әлі келмейтін дәрменсіз заманға тап келгенін, яғни жөні түзу, ақылдылардың емес, сұмдардың әмірі жүріп тұрған әділетсіз қоғамды меңзей отырып әрі қарай ақын:
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір.
-деген өлең жолдарынан жоғарыдағы «Жастықтың оты қайдасың?» өлеңіндегі айғай мотивінің жалғасын көреміз. Бұл өлең жолдарында «қайратты жастық шағындағы» алға талпынған, адамшылық істерге өзін де өзгені де сүйреген істерінен нәтиже шықпай, өзінің және сол кездегі елінің «қорлықпен», «қаратер» болып өткен қу өміріне күңіренген ақын бейнесін көреміз. «Айғаймен кетті амал жоқ» дегендегі айғай мотиві ақынның әділдік іздеп, шарқ ұрған өмірінің босқа кеткеніне күңіренген образын анық алға шығарды. Сондай-ақ қанша айғайласа да ұқпайтын, құлағына ілмейтін кімдер деген ойға еріксіз жетелейді. Өлеңде ақын олардың кімдер екенін атап, түсін түстеп береді:
Сөзуар білгіш,
Закүншік, көргіш,
Атанбақ – мақсұт, мақтанбақ.
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе, елің баптанбақ.
Өлеңде Абайдың айғайының мәні тереңдей түседі. Елдің рухын таптап, жігерін жасытып, мейілінше қорқыту әдісін ұстанған «сөзуар, білгіштер» мен «закүншік» билік иелерінің аяр психологиясын айқындап берді. Жауға қарсы қаймықпай қарсы тұрған, елдік пен ерлікті жоғары қойған бұрынғы қазақты Абай заманында ел билеушілердің «жасқанып, қорқып, жорғалап, жортып, именіп» тұруына барынша күш-жігерін жұмсаған сұм кейпін аңғарамыз. Өлеңде ақын:
Қарғағанын жер қылмақ,
Алқағанын зор қылмақ.
- деп қоғамды бүлдіріп, елді алалаған билеушілердің айғай мен дау-дамайды өздері қоздырып, қол астына қараған елді қорқытып, үркіткен қитұрқы істеріне наразылығын:
Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер.
Ел аңдып сені.
Сен аңдып оны,
Қылт еткізбей бағып көр.
деп ел билеушілер мен халық арасындағы жауласудың түп төркініне мән береді. Оның арғы түбі ел билеушілердің қарапайым ел алдында «атанбақ – мақсұт, мақтанбақ» екеніне ой жібереді. Бірақ одан ешнәрсе шықпайтынын, дау-дамаймен, қорқытып ел басқарудың еш жақсылыққа жеткізбейтінін, керісінше қоғамда билік пен халық арасында алшақтық, бірін-бірі аңду етек алып, өз халқын өзіне дұшпан ету қаупін ескертеді. Осындай бір-бірін аңдып, жауласқан билік пен халықтың ортасындағы өзінің күйін:
Көмексіз көзің,
Бір жалғыз өзің
Баға алмай басың сандалар,
Бауырыңа тартқан,
Сырыңды айтқан,
Сырласың сырт айналар.
Деп қалың елдің ішіндегі жан-дүниесінің жалғыздығына, ел адамдарындағы сенімсіздік, бірін-бірі сату, бірін-бірі дос көрмеу сияқты дұшпандық мінез себепкер екенін аңғартады. Абайдың бұл ойлары қалың елдің психологиясына түскен сызатты, ұлт болмысының бұзылуын көрсетеді деген ойға табан тірейміз. Оған айналасындағы «жақсымын» дегеннің:
Ол қаны бұзық ұры-қар,
Қапысын тауып сені алар.
-деп кемшілігін бетіне басып көрсеткен биліктің кім екенін және өзіне түбінде опа бермейтінін анық айтады. Осы өлеңде айқай мен жаңғырық мотиві А.Н.Веселовский, О.М.Фрейденберг сияқты ғалымдар айқындаған сюжеттік негіз, бейнелі ой екеніне көз жеткіземіз.
Қанша айғайласа да ақын үнін естімеген меңіреу қоғамы, бірін-бірі аңдыған айналасы туралы:
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
-деп жартас бейнесімен ассоциациялап жеткізеді. Ақын санасындағы өзі өмір сүрген қоғамы жартаспен тең. Оның ғылым, білім, адамшылықтың мәні, адам болмысы туралы күнде айтып, жазып, ел ішіне жайып жатқан ойлары жартасқа айғайлаған жаңғырық болып өзіне кері оралады.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздендім қаңғырып
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Халық түсінігінде ежелден келе жатқан «қара жартас», яғни алып тастардан ғана тұратын таудың үлкен бөлігі ғасырлар озса да, адамдар өзгеріп, бір-бірінің орнына келсе де өзгермейтін мифтік образ. Демек А.Н.Веселовскийдің әр поэтикалық дәуір «ежелгі заманнан мұра болып келе жатқан поэтикалық бейнелердің» жаңа комбинацияларын жасайды және оларды жазушылар «өмір туралы жаңа түсінікпен» толықтырады деп түсіндіргеніндей Абай да халық түсінігіндегі жартас образын жаңа мотивпен толықтырды. Өз заманының өмір сүру мотивін айқай, жаңғырық ұғымдарымен байланыстыра отырып, «қаңқ етіп дыбыс шығаратын жартасқа» жаңа мән, соны мағына берді. Өз дәуіріндегі билік пен қалың елдің, қоғамның психологиясы мен болмысын жартастан шыққан жаңғырық образында жаңғыртты.
Әлем әдебиетінде да айқай, жаңғырық мотиві өзек болған шығармалар аз емес. У.Шекспирдің «Много шума из ничего» («Жоқ жерден шу шығару») драмасы, А.Пушкиннің «Эхо», (Рифма) «Эхо, бессонная нимфа, скиталась по брегу Пенея…» өлеңдері, А. А. Блоктың «Тихо вечерние тени...», «Душа молчит. В холодном небе...» шығармаларындағы айғай-шу, жан айқайы адамның жан дүниесіндегі тылсым сырды ұқтыру тәсілі ретінде бейнеленген. Қазақтың белгілі ақыны Ілияс Жансүгіров А.С.Пушкиннің «Эхо» өлеңін аударған болатын. Осы өлеңдегі жаңғырық мотиві Абайдың ойымен үндес екенін байқауға болады.
А. С. Пушкиннен аударма[8.].:
Аң орманда ұли ма,
Дабыл қаққан сырнай ма,
Шатырлай ма найзағай,
Сай жақта қыз жырлай ма —
Мейлі қандай үн.
Үніңді еркін ауада
Қосуға сен дайын.
Өлеңде дауыс көп. Жай дауыс емес. Бар дауысымен жаңғырып шыққан көп үн. Олардың жаңғырығы да сан түрлі. Ормандағы аң біткеннің ұлыған дауысы, дабыл қаққан сырнай үні, шатырлаған найзағай мен тау жақтағы қыздың жыры. Барлығы неліктен бар дауысымен айғайлап үн қатуда? Былай қарағанда ақын табиғат құбылысы мен аңдардың, адамдардың үніндегі ерекшелікті жырлайды. Бірақ анықтап, өлең жолдарындағы сонша көп дауыстар мен олардың үніне мән беретін болсақ, Пушкин өз заманындағы әр түрлі әлеуметтік топтар мен адамдардың жан айқайын жырлайтын сияқты. Олардың үніне үн қататын ешкім жоқ. Олардың дауысын да ешкім естімейді.
Көк күрсінтсе найзағай,
Дауыл, толқын дауысына;
Тауда малшы салса айғай —
Жауабын алатын;
Үніңе үн жоқ...
Дәл сондай сен де, ақын!
Олардың айғайына ешкім жауап бермеген сияқты, өзінің де жан айқайына, жазған өлеңдеріндегі жан дауысына
Маңайынан әр түрлі дауыстар шығып жатса да өзінің үніне құлақ асатын ешкім жоқ. Себебі ол ақын. Абайда айғай, жаңғырық мотивін жартас образы толықтырса, А.С.Пушкинде маңайынан шыққан әр түрлі үнге найзағай, дауыл образы ерекше мағына үстейді. Екі ақынның шығармасында да жаңғырық айналасындағы ел өмірінен хабар береді. Сондай-ақ ақындардың жан-дүниесіндегі дауыл күйін, жан айқайын аңғартады.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Веселовский А. Н. Поэтика сюжетов. Введение и гл. I. // Веселовский А. Н. Историческая поэтика. Л., 1940.
- Путилов Б. Н. Мотив как сюжетообразующий элемент // Типологические исследования по фольклору: сб. ст. в память В. Я. Проппа. М., 1975
- Попова И. М., Хворова Л. Е. Проблемы современной литературы. Тамбов, 2004
- Ярхо Б. И. Методология точного литературоведения (набросок плана) // Контекст. М., 1983
- Фрейденберг О.М. Актуальные проблемы семиотики культуры. Труды по знаковым системам. Вып.20. Тарту, 1987.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі./ Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов -Алматы: Дайк-пресс, 2008. -968 б.
- Психология: Энциклопедиялық сөздік./ Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 624 б.
- І. Жансүгіров //https://bilim-all.kz/olen/6278-ZHangyryq
AP08855981 «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» тақырыбындағы ғылыми жоба 2020 жылдың 19 қарашасындағы №321 келісімшарт негізінде орындалған.
Мақпал Оразбек,
филология ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры
Abai.kz