Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ
Мүсірәлі Өтебаев, Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы:
Мүсірәлі Өтебаев, Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы:
- Мүсірәлі Смайылұлы, биыл «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңның күшіне енгеніне екі жылдан асып барады. Бұл бағытта нендей жұмыстар атқарылды?
- Жаңа технологиялардың дамуына байланысты ақшаны жылыстату әдістері өзгеруде, сондықтан осы саладағы заңнаманың жетіліп, өзгеріп отыруы - заман талабы. Қазіргі кезде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық жүйені жетілдіру бойынша бірнеше өзгеріс енгізілуде. Бұл орайда, комитет атқарған маңызды жұмыстардың бірі - қаржы мониторингінің бірыңғай ақпараттық талдамалы жүйесін құру. Өз кезегінде ол ішкі және халықаралық қаржы барлау жұмысында ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және алмасуға арналған желі болып табылады.
Үстіміздегі жылы заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен, Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен өзара ақпарат алмасу және мәліметтер беру жөнінде бірлескен бұйрыққа қол қойылды.
Ал оған дейін, 2011 жылы, Қазақстан Республикасының қаржы мониторингі жүйесі қылмысты кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бағытында Еуразиялық топтың заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша бағалауынан өтті.
Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топпен (ЕАТ) мемлекетаралық келісімге 2012 жылдың 21 ақпанында қол қойылды.
- Ал енді осы заңға тағы да өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер нақты қандай мәселелерді қамтитынына тоқтала кетсеңіз...
- Иә, Қазақстан Республикасының конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 20 тамыздағы №5 нормативтік қаулысының құқықтық бағыттарына заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сәйкестендіру мақсатында ҚР Парламентінің Мәжілісіне «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды. Енгізілетін өзгерістер біршама болмақ, мысалы, қаржы мониторингі субъектілерінің тізімін ұлғайту, белгілі бір операциялар бойынша шекті сомаларды ұлғайту, Кедендік одақ щеңберінде ратификацияланған шартқа байланысты жеке тұлғалардың қолма-қол ақшаны Кедендік одақтың шекарасынан ауысу тәртібін сәйкестендіру.
Сонымен қатар Үкіметтің 2012 жылғы 13 қаңтардағы №25 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл және қолма-қол ақшаға айналдыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы Парламенттен қайтарып алынып, оның нормалары қарастырылып жатқан заң жобасында қамтылды. Толығырақ айтқанда, қаржылық мониторингіге тиісті операцияларға қолма-қол ақшаға айналдыру операциясы енгізілді. Қазіргі кезде қолма-қол ақша айналымы ақшаны жылыстатуға және сыбайлас жемқорлыққа қолайлы болып тұр. Сондықтан төлемдерді төлем карточкалары арқылы қабылдауды міндеттеген жөн. Сонда ғана ақшамен жасалған әрбір операцияның бүкпесіз болуы қамтамасыз етіледі. Заңды тұлғаларды қолма-қол ақшасыз есеп жүргізуге ынталандыру керек және карточка арқылы төлемді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (POS-терминал) болмағаны үшін сауда немесе қызмет көрсету ұйымдарын әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Заң жобасында осы секілді жайттар мен тағы да басқа көптеген өзекті мәселе қарастырылып, талқылануда.
- Сіздердің міндеттеріңіз - қаржылық операцияларды жинау, өндеу және талдау. Осыған орай 2011 жылы ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға байланысты деп жорамалдауға негіз бар деген қанша материал ҚР құқық қорғау органдарына берілді?
- Айтқаныңыз дұрыс, бірақ біз қаржы мониторингі субъектілерінен түскен мәліметті жинаған бойда оларды құзырлы органдарға жібере салмаймыз. Ақпараттар түскеннен бастап бірнеше талдау кезеңдерінен өтеді, бұл - өте күрделі жұмыс. Қаржы мониторингі субъектілерінен хабарламалар екі белгі бойынша келіп түседі, бірінші - заңда көрсетілген белгілі бір операциялар бойынша бекітілген шекті сомадан асқан кезде, екіншісі - экономикалық мәні жоқ мәмілелер жасау, қаржы мониторингінен жалтаруға бағытталған іс-қимылдар, сонымен қатар терроризмді қаржыландыруға қатысы бар деген жорамал бойынша операциялар күдікті операцияларға жатады.
Осы ақпараттар алдымен бірінші бөлімшеге түсіп, жинақталып, мәліметтер базасына енгізіледі. Бірыңғай ақпараттық талдама жүйесі бойынша мәліметтер өңделіп, екінші бөлімшеге түседі. Өзіңіз білесіз, қаржылық операциялар тек қана мемлекет ішімен шектелмейді. Сондықтан егерде бір операция шетел азаматының немесе шетел заңды тұлғасының қатысуымен болған жағдайда комитет сол шетелдің құзырлы органдарына жасалған операция бойынша сұраныс жасайды, шетелдің қаржы барлау бөлімшелерімен тығыз жұмыс атқарылады. Міне, содан кейін өңделген мәліметтер талданып, күдікті деп табылған жағдайда ғана құқық қорғау органдарына ары қарай іс жүргізу шешімін қабылдау үшін жіберіледі.
Ал енді істелген жұмыстардың нәтижелері жайында айтар болсақ, комитеттің мәліметтер базасына бір күн ішінде қаржы мониторингі субъектілерінен күдікті деген болжаммен екі жарым мыңға жуық хабарлама мен ақпарат түседі. Түскен ақпараттар бойынша жан-жақты талдаулар жасалып, тек 2011 жыл ішінде 120-ға жуық материал құқық қорғау органдарына ары қарай жұмыс жүргізілу үшін берілді.
- Жоғарыда атап өткен заң қабылданғанда сіз «шетелдік әріптестерімізбен де тығыз байланыс орнатамыз» деген болатынсыз. Бүгінгі күні қанша ел сіздермен әріптес болып отыр?
- Бұл орайда, ең бірінші айтарым: заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық жүйесінің толық қатысушысы болуға ұмтылу барысында Қазақстан осы салада негізгі халықаралық құжаттарды қабылдап және ратификациялады.
Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді, экстремизмді қаржыландыруға қарсы күрес шеңберінде халықаралық ынтымақтастықтың рөлі зор. Ақшаны жылыстату бір мемлекет аясында жүзеге асырылатын қылмыс емес, қазіргі таңда бұл трансұлттық қылмысқа айналуда. Сондықтан шекара ақшаны жылыстатуға кедергі емес, тіпті десеңіз, себепші болуда. Осыған тосқауыл қою мақсатында 1989 жылы Парижде өткен Үлкен жетілік саммитінің шешімімен Қаржыны жылыстатумен күрестің іс-шараларын әзірлейтін халықаралық қаржы тобы (ФАТФ) құрылды. Бастапқыда бұл топ есірткі бизнесінің нәтижесінде түскен кірістерді жылыстатуға қарсы іс-әрекет еткен еді, бірақ 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та болған террористік актілерден кейін ФАТФ тобының назары терроризммен күреске де бағытталды. ФАТФ-тің аумақтық 9 тобы бар, соның біреуі - заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ (ЕАТ). Қазақстан 2004 жылы осы топтың мүшесі болды. Осы топ аясында біз Ресей, Беларусь, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерімен ақшаны жылыстатуға қарсы күрес аясында ақпараттар мен мәліметтер алмаса аламыз.
Сонымен қатар комитет құрылған күннен бастап «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелерінің тобына кіру басты мақсаттарымыздың бірі болды. 2011 жылы осы топтың 19 пленарлық отырысында Қазақстан «Эгмонт» тобының теңқұқылы мүшесіне айналды. Қазіргі таңда «Эгмонт» тобы 127 мемлекеттің қаржылық барлау бөлімшелерін біріктіріп отыр.
Осы топтың мүшесі болу - біздің ұлттық қаржылық барлау жүйесінің халықаралық деңгейде танылғаны. Сонымен қатар заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл саласында шетел мемлекеттерімен ынтымақтастығына, комитеттің жұмыс шапшаңдылығын арттыруына және шетелдік серіктестерімен (Egmont Secure Web) қорғалған желі арқылы ақпарат алмасуға мүмкіндік туды.
Екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында Молдова және Украина мемлекеттерінің қаржылық барлау бөлімшелерімен өзара қарым-қатынас туралы меморандумдарға қол қойылды. Ағымдағы жылдың маусым айында өтетін «Эгмонт» тобының пленарлық отырысында Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерімен меморандумға қол қойылады. Сонымен қатар Түркия, Канада елдерінің қаржылық барлау бөлімшелерімен меморандум жобасы келісімделіп жатыр.
- Жақында ФАТФ ұсынымдарының жаңа редакциясы қабылданды. Жаңа редакцияны қабылдауға не түрткі болды және оның біздің ұлттық заңнамамызға әсері қандай болмақ?
- ФАТФ ұсынымдарында түбегейлі өзгерістер болды деп айтуға келмейді. Осы топ құрылғаннан кейін, 1990 жылы ФАТФ ақшаны жылыстатуға қарсы бағытталған 40 ұсынымын бекітті. 2003 жылы оның қатары терроризмге байланысты тоғыз ұсыныммен толықты. Ал биылғы жылдың ақпан айында Париж қаласында Қаржыны жылыстатумен күрестің іс-шараларын әзірлейтін халықаралық қаржы тобының (ФАТФ) пленарлық отырысында ФАТФ-тың жаңа ұсынымдары қабылданды. Есіңізге сала кетейін, бұл ұсынымдар қаржылық операцияларды талдауда пайдаланылатын халықаралық стандарттар деп табылады.
Сұрағыңызға байланысты айтар болсақ, ФАТФ-тың бастапқыда жоспарланған міндеттері жүзеге асты, қаржылық барлау бөлімшелері жұмыс атқаратын инфрақұрылым жасалды, сондықтан да халықаралық стандарттар жаңа деңгейге көтерілді.
Ал енді өзгерістер бойынша сөз етсек, халықаралық стандартқа қауіп-қатерді бағалау бойынша толықтыру енгізілді. Әр мемлекет ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыруға байланысты қауіп-қатерді анықтауы қажет және соған қарап осы саладағы ұлттық заңнамасын сәйкестендіруі керек. Сол себептен қауіп-қатерді анықтау және соның негізінде бағалаудың ілкімді тәсілдерін пайдалану ұсынымымен толықтырылды. Осы ұсыным бойынша, қаупі жоғары бағаланған салада алдын алу шараларын ұлғайту және қаупі төмен бағаланған салада жеңілдетілген шаралар қолдану қарастырылған. Бағалау негізінде ілкімді тәсілдерді пайдалану ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесін нәтижелі етеді және шығынды азайтады.
Жаңа енгізілген ұсыныстың бірі - жаппай қырып-жою қаруларын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл. Әрине, қазіргі кезде жаппай қырып-жою қарулары бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары, бірталай халықаралық келісім бар, ал ФАТФ жұмысы нені қамтиды деген сұрақ тууы мүмкін. Соңғы кездері жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы іс-қимылдың тиімді тетігі оны қаржыландырудың алдын алу шаралары екені айқындалып қалды. Сондықтан ФАТФ-тың жаңа ұсынысы осы бағытта қаржылық санкцияларды БҰҰ талабымен қамтамасыз етуді көздейді. Бір айта кетерлік жайт - біз осы саладағы басқа құзырлы органдардың жұмысын қайталамаймыз. Олардың басты мақсаты жаппай қырып-жою қаруларының таралмауына тосқауыл қою болса, біздің жұмыс - осы қаруды жасау немесе жасалған қаруды таратуды қаржыландыруға тосқауыл қою.
Тағы бір жаңалық - салық қылмыстарын ақшаны жылыстатуға себеп болатын предикаттық қылмыстар тізіміне енгізу бойынша толықтырулар болды. Осыған байланысты ақшаны жылыстатуға қарсы іс-әрекет шаралары ұлғайтылды.
Сонымен қатар ФАТФ ұсынымдары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жаңалықтар енгізді. Саяси қызметкерлер өздерінің лауазымына байланысты сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдайлар туғызуы мүмкін. Сол себептен аталған ұсынымдар бойынша саяси қызметкердің және оның отбасы мен жақын байланыстарының қаржы көздерін айқындау тәжірибесі енгізіледі.
Әр мемлекеттің қаржылық барлау бөлімшелері өз жұмыстарында осы стандарттарды 2013 жылдан бастап басшылыққа алады. Осының негізінде әр мемлекет заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы ұлттық заңнамасын сәйкестендіруі қажет. Ал ол - өте күрделі жұмыс. Бұл жерде тек қана біздің саладағы заңды ғана емес, басқа нормативтік құқықтық актілерге де біршама өзгеріс енгізілуі тиіс болып отыр.
- «Еуразиялық топ туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойылғанын білеміз. Бұл заң бізге не береді?
- Жалпы, Еуразиялық топ жайында біздер құрылғаннан бері сөз етіп келеміз. Жоғарыда аталған келісімге қол қойылғаннан бастап Еуразиялық топ үкіметаралық ұйым болып, халықаралық орган ретінде жұмыс атқаруда. Бұл топтың басты мақсаты - мүшелігіне кірген мемлекеттер терроризмнен төніп тұрған қауіптен ұлттық қаржылық жүйелерінің ашықтығын және қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етеді, сонымен қатар халықаралық стандарттар бойынша жұмыс атқарады. Еуразиялық топқа мүшелік Қазақстанға заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы жүйесін халықаралық стандарттарға сай жетілдірумен қатар, ФАТФ тобына ЕАТ тобының толыққанды мүшесі ретінде қатысуға мүмкіндік береді.
- Сіз бір сөзіңізде «әлемдік дағдарыс көлеңкелі бизнестің тынысын ашып отыр» дедіңіз. Яғни ел экономикасындағы қаржының бір бөлігі көлеңкелі бизнеске кетіп жатыр. Осыны тарқатып айтып берсеңіз. Алда тағы да үлкен дағдарыс келеді деп күтіп отырмыз, бұл көлеңкелі бизнеске қалай әсер етеді деп ойлайсыз және көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін қандай шаралар қолданған жөн?
- Қазіргі таңда біздің мақсатымыз - көлеңкелі экономиканың «нәтижелерін» айту емес, оның көлемін одан әрі арттырмау үшін тосқауыл қою шараларын жетілдіру. Істелген қылмыстың нәтижесімен күресуден гөрі, қылмысты болдырмау, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ, сондықтан да алдыменен мемлекеттік деңгейде көлеңкелі экономиканы дәлме-дәл бағалау мәселесін шешу қажет.
Адам құқықтарының, еңбек заңының сақталмауымен заңсыз өндірістік қызмет, пайдакүнемдікпен жасалатын лауазымды шаруашылық қылмыстар, есірткі бизнесі, заңсыз құмар ойын бизнесі, аламандық сипаттағы құқық бұзушылықтардан түсетін табысты, табыстың көлемін салық салудан жасырушылық көлеңкелі экономиканың кең таралған құбылысына айналады.
Осыған орай айтарым: «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заң - Республиканың қаржы секторының тазалығы мен инвестиция келетін жолдарының ашықтығының айқын белгісі. Инвестиция экономикалық өсудің негізі бола отырып, елдің әлеуметтік дамуына жағдай жасайтыны белгілі.
- Бізде қазір, жасыратыны жоқ, қай саланы алсаңыз да, маман тапшылығы деген мәселе бар. Қаржы мониторингі саласында бұл жағы қалай болып жатыр? Кадр жеткілікті ме? Олардың біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберіп оқыту бағдарламалары бар ма?
- Біздің комитеттің кадрлық құрамы толығымен жасақталған, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша және Мемлекеттік басқару академиясында білім алған, ағылшын тілін жетік меңгерген жас мамандар бар.
Қаржылық талдау және жоғарғы ақпараттық технологиялар саласында қаржы мониторингі жүйесін құру және қызметін қамтамасыз ету үшін мамандар іріктеліп даярланды. Комитет қызметкерлерін, қаржы мониторингі субъектілерін, құқық қорғау және қадағалау органдарының мамандарын дайындау мәселелерінде Дүниежүзілік банк, Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ басқармасы, ЕҚЫҰ, сонымен қатар АҚШ елшілігі мен Росфинмониторинг атынан Қаржы мониторингінің халықаралық оқу-әдістемелік орталығы (ҚМХОӘО) едәуір көмек көрсетуде.
Ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шеңберінде тәжірибе алмасу мақсатында Қаржы мониторингі комитетінің қызметкерлері Ресей, АҚШ, Беларусь және Украина мемлекеттерінің қаржылық барлау бөлімшелеріне барды.
Сонымен қатар осы салада мемлекет ішінде өтіп жатқан шаралар да аз емес. Мысалы, қызметкерлеріміз жақында өткен, АҚШ елшілігі ЕҚЫҰ-мен бірлесіп ұйымдастырған қаржылық барлау және қаржыны жылыстату мен терроризмді қаржыландырудың типологияларының техникалары мәселесі жөніндегі тренингіге қатысты. Осындай семинарларға қатысқан қызметкерлер комитет ішінде барлық бөлімше қызметкерлерімен өздерінің қатысқан семинарларынан алған жаңалықтар мен жаңа әдістемелермен бөліседі.
- Сіз үшін қазір өз салаңыздағы өзекті мәселе не деп ойлайсыз?
- Бұл комитет - Елбасының жеке тапсырмасымен және халықаралық ФАТФ ұсынымдары негізінде қаржылық барлау органы ретінде құрылған әкімшілік типтегі орган. Комитет өз жұмысын халықаралық стандарттарға сай жүргізеді. Сол себептен жақында қабылданған халықаралық стандарттардың жаңа редакциясын мемлекеттік органдарға, қаржы мониторингі субъектілеріне және жеке секторға түсіндіру және жеткізу қажет.
Қазақстан - Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағына мүше мемлекет. Сондықтан алдымыздағы негізгі жұмыстардың бірі заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы әрекеттерді сәйкестендіру және заңнаманы үйлестіру қажет.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік банк арасында 2011-2012 жылдарға арналған «Бірлескен экономикалық зерттеу бағдарламасы» аясында ақшаны жылыстату саласындағы Ұлттық қауіп-қатерді бағалау жұмысын жақсы деңгейде өткізу және зерттеу нәтижелерін мемлекеттік, құқық қорғау органдарының жұмысында қолдануын үйлестіру біз үшін маңызды әрі өзекті міндеттердің қатарында тұр.
Алашқа айтарым...
Біздің мақсатымыз - көлеңкелі экономиканың «нәтижелерін» айту емес, оның көлемін одан әрі арттырмау үшін тосқауыл қою шараларын жетілдіру. Істелген қылмыстың нәтижесімен күресуден гөрі, қылмысты болдырмау, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ, сондықтан да алдыменен мемлекеттік деңгейде көлеңкелі экономиканы дәлме-дәл бағалау мәселесін шешу қажет.
Салтан СӘКЕН, Астана
"Алаш айнасы" газеті