Тәуелсіздік күні бір күндік мереке ме?
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңінде халықаралық сарапшылар біздің болашағымызға қатысты екі болжам айтқан-ды. Екеуі де жүректі күпті қылып, көңілде алаң туғызатын қорқыншты болжам еді.
Бірінші болжам: «қазақ жері алапат соғыс ошағына айналатын аймаққа айналады» дейтін болжам болды.
Екінші болжам: «Қазақстан халқының саны азайған үстіне азая береді, табиғи өсім болмайды» дейтін болжам еді.
Шүкір, қазір осы екі болжамның екеуі де «еңіреп» дөй-далада қалды. Қазақтың аспаны ашық, елі тыныш. Ал, халқының саны еселеп артып келеді.
Биыл желтоқсанның 16-күні Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өтеміз. Осы арада бәрімізге ортақ жалқы сұрақ. Тәуелсіздіктің 35 жылдығын бір күнде атап өтуге бола ма? Біздіңше Азаттық күні, Тәуелсіздік мерекесі – бір күннің ойын-сауығымен жалт-жұлтқа бөленіп өте шығатын мереке емес. Бұл мерекеге жан-жақты ойланып, өткен-кеткенді еске түсіріп, кем-кетігімізді шолып, барымызды бағалап баруымыз керек. Солай екен, ендеше, «екінші болжамға» байланысты аз-кем шолу жасап көрейік.
Рас, 1991 жылы демографиялық ахуалымыз күрделі еді. Бір орайда тәуелсіздікке ұмтылып, екінші орайда нарықтық қатынасқа үдере көшу – ел ішін әрпі-тәрпі қылды. Алайда бізге «екі майданда» да өмір сүруге тура келді. Құдай-ау, сондағы халықтың төзімділігі мен саяи һәм рухани ерік-жігеріне таң қаласың!.. Қазіргі заман тез өзгеріске түсіп, уақыт тегершегінде тез айналатын болды. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақ иек астында қалған «тоқсаныншы жылдар» деп аталатын кезеңнің кейбір сәттерін түсіне алмауы мүмкін. Мысалы, қазір қырдағы елден қала тұрғындарының қарасы басым. Бір кезде қалалықтардың саны аз болатын. Жергілікті тұрғындар – қазақтардың қалада бар-жоғы тіпті білінбейтін. Қалаңыз былай тұрыпты, тұтас республикада Бабақонысындағы байырғы ұлт, яғни қазақтар қалт-құлт етіп 40 прайызға әрең жетіп отырды. Бұрынғы КСРО-ға мүше елдердің ішінде жері кең болғанымен, жергілікті халқының саны аз республика Қазақстан еді.
1916 жылғы үркіншілік, 1917 жылғы Октябрь төңкерісі, «ақ пен қызылдың соғысы», колхоздастыру, шаруашылықтарды басқара алмаудың салдарынан туған келеңсіздіктер, алапат аштық, ауа көшу – осының бәрі қазақты тілерсегінен қырықты да отырды. Ал, 1950 жылдары «Тың игерудің» желеуімен артынып-тартынып жеткендер болса, жергілікті ұлтты мүлдем екінші қатарға ысырып тастады.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда, міне, осы фактлер есепке алынса керек. Оның үстіне постиндустрия кезеңіне тап болған, заманауи қоғамның салтын ұстануға еріксіз бейімделетін қазақтар бала тууды шектейді, қазақта бұрынғыдай көп балалы шаңырақтар болмайды деген де ойда тұрса керек. Мойындауға тиіспіз: Қазақстанның халқы 1991 жылы 16,8 миллион болса, он жылдан кейін 14,8 миллионға түсті. Сонда екі миллионға азайыппыз. Бірақ бұл – тарихи отанына қоныс аударғандардың миграциясынан болған азаю. Дәл осы аралықта, нақтырақ айтсақ, 1991 жыл мен 2001 жылдың аралығында қазақтың табиғи өсімі іштей өсе бастады. Табиғи өсімге Атажұртына түбегейлі көшіп келген қандастарымыз да қарқынды үлес қосып жатты. Әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарға қарамастан жас жұбайлар да «көк көрпелерді бүлкілдетіп» (демограф Мақаш Тәтімовтің термині), қара домалақтарды көбейтті. Мәселенки, ресми деректер бойынша, 2015 жылы көпбалалы отбасылар саны 2006 жылмен салыстырғанда, 20 пайызға көбейіп, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлерінің саны екі есе артқан болса, 2026 жылғы деректерге сүйенсек, 636 мыңға жуық көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады екен.
Жалпы қазір халық саны елімізде 20,5 млннан асты. Соның ішінде қазақтардың үлесі – 14 миллионға жуықтап, 70,7%-ға жетті дейді ресми мәліметтер. Осы уақытқа дейін қазақ жерінде 8,7 миллионнан астам сәби дүниеге келіпті.
Сонымен, бірінші болжам да, екінші болжам да теріске шықты. Қазақстанның шет мемлекеттермен және әртүрлі тараптармен қарым-қатынасы жолға қойылған. Ел іші тату. Қазақтың қара орман халыққа айналуымен қатар қазақ тілінің де өрісі кеңіп, қазақ тілінде сөйлейтіндер көзге жиі түседі.
Қараңыз: Түркітілдес халықтардың ішінде: өзбектердің 72 пайызы; ұйғырлардың 71,7 пайызы; қырғыздардың 58,5 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлей алады. Бұл ұлттардың 12 пайызы қазақша оқып, жазуды жоғары деңгейде меңгерген.
Славян диаспорасы ішінде: орыстардың 25,1 пайызы; украиндардың 23,7 пайызы; белорустардың 22,8 пайызы; поляктардың 22,1 пайызы қазақша білеміз деп жауап берген (Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын Тіл саясаты комитеті сауланамасының нәтижесі. 20023 жыл). Ал, неміс диаспорасының 25,2 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеп, хат танитын жағдайда.
Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық айтулы мерекесіне біз осылайша қарасы қалың, қадамы құтты, бірлігі жарасқан тұтас ел болып бара жатырымыз. Бәрекелді!
Айтуған Дәлел
Abai.kz