Сәрсенбі, 22 Шілде 2026
Қоғам 149 0 пікір 22 Шілде, 2026 сағат 12:57

Қалаға келдің бе? Қақыңды біл де, қатарға қосыл!

Сурет: kisi.kz сайтынан алынды.

Фарида ауылдан қалаға көшіп келген. Тепсе – темір үзетін жігіттермен қатар тұра қалып, қара жұмысқа кіріскенде, ешкімге есе жібермейтін ауылдың қара қызы қалаға қоныс аудармайтын-ақ еді... қарекет табылмады. Жо-жоқ, ауыл мүлде қарекетсіз емес: сауатын сиыр бар, бағатын қой бар, баптайтын бақша бар, бірақ соның бәрі түптеп келгенде ішім-жемді ғана айыратын тіршіліктің көзі болып қалған. Жалғыз қара сиырды қақтап сауып алғанымен, сүті шайға қатып, артылғаны азын-аулақ құрт-май болудан аспайды. 15-20 қойдың жүні ешқайда өтпейді, терісі тулақтыққа да жармайды. Содан тістің суын сорып қалған күндерде қотандағы әлгі 15-20 қойға көз тігеді. Мұндай үйде малдың басы өсе ме? Ала жаздай түбін қопсытып суарып, жапырағын жау құрттардан арылтып алғандағы картобы мен қызанағы, қияры мен қырыққабаты ішім-жемнен артылмайды. Үйдегі балалар көкеніске қарап көк қарын болып отырғанда, оны қалай базарға шығарып саудалсын?

Фарида үш жасқа аяқ басқан үлкенін арқасына таңып, жасқа жаңа толған кішкентайын омырауына алып, мүгедек күйеуін ертіп қалаға аттанған. «Алда, бейшара-ай, адамы адамын танымайтын қалада қайтіп күн көресіңдер? Әйтеуір, ел іші – ауылда отыра бергендерің жөн еді!» – дескен үлкендер жағы шын жандары ашып. Фарида: «Көрерміз, – деді, – бұйырғанын көрерміз. Жас пен кәрі түгел барып жатқан қала ғой, аштан қатып қалмаспыз. Тіпті, күнімізді көре алмай, тапталып табанда қалсақ, алтынқұрсақ ауылға қайтып оралармыз».

Фарида қалаға көшер алдында қорадағы мал мен қолға ілінер мүкәммал-мүлкін түгел сатқан. Өзі – задында ұқыпты әйел, бұрыннан жинап жүретін біраз ақшасы бар еді – барының басын құрап қалаға көшіп келген бетте біреудің «времянкасын» сатып алды. «Времянка» – нән қаланың шетінде қалқайып тұрғанымен, электр жарығы тартылған, іргесінен құдық қазылған, шатыры жабылған, едені салынған, есік-терезесі бүтін жайлы қоныс болып шықты. Енді Фарида іске кіріссін. Екі білекті түрініп алып ол дәулетті адамдардың үйін тазалап, тамағын істейтін жұмыс тауып алды. Артық-ауыз сөзге үйірлігі жоқ, біртоға, ісіне адал, жүзінен иман төгілген қарапайым келіншек бәріне ұнады. Бай әйелдер біріне-бірі қоңырау шалып, Фариданың қызметін мақтасатын. «Еңбегі адал Фариданың. Оның қызметіне қанша ақы төлсең де артық етпейді», – дейді кең сарайларда былқ-сылқ етіп отыратын ханымдар. Соның бірі Гүлнара ханым Фаридаға ақыл айтты.

–  Фэри, – деді ол, – сен неге отбасыңа Үкіметтің тарапынан беріліп тұратын атаулы әлеуметтік көмекке ұмтылмайсың?

– Денім сау, дертім жоқ, тегі, сондай көмек сұрап, кеңселерді жағалағаным жарамас? –  деп Фарида қызарып кетті.

– Фэри, сен тартынба. Атаулы әлеуметтік көмекке байланып қалмайсың. Оның үстіне қазір тоқсан сайын Үкімет адамдары жағдайыңды біліп, сұрап тұрады. Жағдайың жақсарып, ешкімнің алдында кіріптар болмайтындай халге бір жетіп алсаң – атаулы әлеуметтік  көмек тоқтайды. Оған дейін сен мемлекеттің жәрдемін пайдалан. Үйіңде шикіөкпе екі балаң жүр сенің жолыңа қарап жәутеңдеп. Жолдасың 1-топтағы мүгедек. Жұмысқа жарамсыз. Бірақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын созатын мансап орталықтарына барса, олардың сұраған құжаттарын сауатты түрде тапсырса, жолдасыңа да жұмыс табылып қалар. Әуел десең мансап орталығындағы азаматтар күйеуіңе жеке кәсіп көзін ашып беруі де мүмкін.

–  Рас па, әпке, осы айтып тұрғаныңыз? – Фарида мансап орталығының қызметі туралы шын қызығып, қадала сұраған. Гүлнара ханым оқыған, ері де, өзі де үлкен кәсіпорынды басқарып отырған жандар емес пе, Фаридаға Қазақстан Үкіметі мен жергілікті органдардың әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қалай, қайтіп жағдай жасап жатқанын ұқтыруға тырысты. Сол кезде Фариданың ұққаны мыналар болды:

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) әр тоқсан сайын тағайындалады екен. Оның мөлшері отбасы құрамына, табыс деңгейіне және өңірдегі кедейлік шегіне қарай жеке есептеліп отыратынға ұқсайды.

Атаулы әлеуметтік көмекті алуға Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар, елде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар құқылы екен. ҚР азаматтары мен қандастардан өзгесі АӘК алуға неге қақылы екенін түсіне алмаса да, Фарида ішінен, «е-е, мейлі, тарыққан жандардың бәріне Үкіметіміз қамқор болып жатса, оны несіне қызғанамын?» деді де қойды.

Басты талап – отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болуы тиіс екен және есептеу кезінде отбасының барлық мүшелерінің жиынтық табысы ескеріледі екен. Әзірге Фариданың отбасында Фаридадан өзге жан баласы жұмыс істемейді. Қала берді, атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау көрсетіледі екен.

–  Анықтап айтқанда, – деді Гүлнара ханым ресми ақпараттардың біріне көз жүгірте отырып, – 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардың әрбір баласына ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша төлем беріледі. Ал, 2026 жылғы 1 наурызға дейін  50,1 мыңнан астам бала 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем алған. Оған 618,1 млн теңге жұмсалған.  Балалардан бөлек 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, АӘК 163,3 мың адамға тағайындалыпты,  2026 жылға республикалық бюджеттен бұл бағдарламаны іске асыруға 62,7 млрд теңге бөлініпті.

– Фарида, – деді қалың цифралрдан сіңлісінің басын қатырғысы келмеуді  ойлап, сөзін қысқа қайырған Гүлнара ханым, – қалаға келдің бе? Қақыңды біл де, қатарға қосыл!

Фариданың жүрегі атқақтап кетті. Балаларына төлем ақы алып тұрса,  мүгедек болып қалған күйеуі кәсіп ашып кетсе, өзі тынбай жұмыс істей берсе, қатарға қосылып кетеді-ау, ә? Солай болады, солай болуы керек. Фарида жақсылыққа сенеді, айналайын Үкіметінің қолдауына сенеді. Оның өмірінде бәрі де жақсы болады!

Нұрлан Асылбек

Abai.kz     

0 пікір