... Ақаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған кундері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызга елестетеді. Ақаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманынан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік әр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызга жайлы тиеді. «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі - қазақтың ұзын тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш - мәңгілік ескерткіш.
Ең көп оқылған
0 пікір
Үздік материалдар |