Түрік халқы Орхан Памукті мақтаныш етуі тиіс
Тұңғыш өлеңі 1962 жылы «Ауыл жырлары» деген атпен баспасөзде жарияланған ақын Әбдіманап Әбеуұлының «Балқұрақ», «Иірімде» қатарлы өлеңдер жинақтары жарық көрген. Оның «Аяулы ана», «Сауыншы жеңгей», «Қойшы әні», «Ақхалатты періште», «Асыл жар» қатарлы мәтіндеріне ән жазылып, ел іші-сыртында шырқалып жүр.
Ә.Әбеуұлы прозаға да ат ізін салған қаламгер, 1970 жылдың басында «Мен бәрін де ұмытқан екенмін» секілді әңгімелері, «Тез қасында қисық ағаш жатпайды» атты пьесасы жарық көреді. Бұлардан сырт, «Білім ырыс қазығы», «Жартас бетіндегі белгілерде белең берген ойлар», «Будсстер «Мекесі» Ыңмисан», «Изу елінде» секілді бірсыпыра сапар естеліктері мен шалқымалары басылым көрген. «Қазақ әдеби тілі және оның төркіні туралы» атты кітабы Орталық ұлттар баспасынан жарық көріп, қоғамда игі әсер қозғайды. Оның әр саладан зерттеп жазған «Есімдік және есімдікті аудару», «Аударма және сөз саралау», «Абайдың жаңашылдығы», «Таңжарық талғамы және оның қазақ әдеби тіліне қосқан есесі», «Ақын стилі ақаусыз сақталса», «Біліктілік білімнің ісі», «Сырласайықшы ағайындар», «Заманына қарай адамы», «Қазақ мақал-мәтелдерінің төркіндік негіздері», «Орхон-Енисейдегі түркі руникалық жазуының сырын ашқан кілт» қатарлы 20-дан аса ғылыми мақаласы жарық көреді.
Аудармашы «Екінші кездесу», «Ызғарлы түн», «Менің атым Қырмызы» (түрік жазушысы Орхан Памуктің), «Алтын тонау», ««Ян Уынжыңның балалар ертегілері», «Гүл таққан бикеш» сияқты роман, повестерін қытай тілінен аударып, қазақ оқырманмен жүздестірсе, Орталық музика зерттеу орнымен бірлесіп «Шынжаң қазақ әндерін» (екі жүз ән) қытай тіліне аударып, қалың қытай оқырмандарымен дидарластырады. Бұлардан басқада «Он жас шегеру», «Әкемнің қолы», «Мылқау қыз», «Қайтарда», «Жарты бет қағаз», «Жасқаншақ», т.б. шетелдік және қытайлық қаламгерлердің әңгімелерін тәржімалап, түрлі басылымдарда жариялайды.
Қаламгердің «Көркем әдебиет аудармасы туралы ізденіс» мақаласы қытай тіліне аударылып, 2002 жылы дүниежүзі мәдениет-көркемөнер зерттеу қоғамы жағынан «Үздік туынды» болып бағаланса, осы мақаласы 2003 жылы мамырда «Қытай басқару ғылымын зерттеу институты мен кәсіпкерлер қоғамы» жағынан екінші дәрежелі сыйлықты еншілеп «Қытай үздік мақалалар» жинағына, «Қытай қарттарының абройлы өмірі» жинағына енеді. «Шипагерлік баянға байырқалағанда» атты мақаласы 2003 жылы «ХХІ ғасырдағы Қытай энциклопедиялық мамандардың назариялық жаңалығы қамбасы» атты көлемді жинаққа енеді. «Үйренудің жолы» атты мақаласы 1980 жылы Іле қазақ автономиялы облысы жағынан бірінші дәрежелі сыйлыққа, «Әлемдегі ғажайыптар» атты аударма кітабы мемлекеттік сыйлықты еншілейді.
Осындай сүбелі ембектері үшін кәсіптік мамандығы бойынша Ә.Әбеуұлы 1987 жылы «тете аға аудармашы», 1992 жылы «аға аудармашы» атағын алады.
Аға аудармашы, ақын, тілгер, зерттеуші Ә.Әбеуұлы қазір Қытай аудармашылар қоғамының, Қытай аз санды ұлттар аудармашылар қоғамының, Қытай аз санды ұлт тіл зерттеу қоғамының, Қытай түркология зерттеу қоғамының, Шынжаң аудармашылар қоғамының, Шынжаң жазушылар қоғамының мүшесі. Оның еңбегі мен есімі «Әлемдік мамандар сөздігі», «Қытай ардагерлер сөздігі», «Қытай баспагерлер сөздігі», «Қытай дарындылар сөздігі», «Қытай осызаман аудармашылар сөздігі» қатарлы көлемді сөздіктерге енгізілген.
– Әбдіманап Әбеуұлы, алдымен оқырмандарға өзіңізді таныстыра кетсеңіз? Қай жерде туып-өстіңіз, қандай оқу орнынан білім алдыңыз дегендей...
– Мен, 1937 жылы желтоқсан айында (бұрын біз бұл айды қазақтың ескі ай тізбегі бойынша «қаңтар» деп атайтынбыз) Шынжаң Іле қазақ облысының Күнес ауданы, «Үшбұлақ» деген елдімекенінде малшы отбасында, он құрсақ көтерген шешеміздің төртіншісі болып дүниеге келіппін. Алғашында әкеміз қонақтық қойы, сауындық сиыры мен биесі бар орташа дәулетті болған екен. Кейіндеп бала-шағасы көп, балалары жас болғандықтан, жұмысқа жарар қолқанаты болмай тұрмыс тақсіретін тартады. Әкем 1953 жылы сәуірде ауырып, бар-жоғы төрт күн төсек тартып қайтыс болды. Оқымаған адам болғанымен ашық ойлы, жаңалықшыл адам екен. 1944 жылы қыста Әділқайыр деген жас молданы шақырып әкеліп, ауылдың ұл-қыздарын, жегжат-жұрат, көршілердің балаларын жиып, дін сабағын оқытып, намазға жықты. Сонда мен жұлқынып әкеме: ‹‹Мен де оқимын›› деген екем, әкем: ‹‹Ой, балам, талабыңа нұр жаусын. Өте жақсы, оқығың келіп тұрса оқи ғой, оқи ғой!» – деп алты жасымда ересек балалардың қатарына қосып отырғызып қойды. Басы ойын болғанымен, аяғы шынға айналып, осылайша алғашқы әліппелік сауаттымды осылай дінмен аштым. Зеректеу, ұғымтал болсам керек. Күнестегі сол дәурдің ғұламасы Тұрсыбай Әлімақын деген кісі батасын беріп, аузыма түкіріпті.
Оқу жасына жеткенде бастауыш мектептің бірінші, екінші сыныбын Үшбұлақта оқыдым. 1948 жылы қыркүйекте Күнес ауданынның орталығы Бестөбе қаласында орта мектеп ашылып, Күнестің ой мен қырынан оқушы жыйып, төменін 3-сыныптан, жоғарысын 5-сыныптан бастап оқытты. Мен 3-сыныпқа кіріп оқып, орталау мектепті 1953 жылы маусым айында бітірдім. Сол жылы ағаларыма көмектесіп, егін егіп, мал бағыстым. Қыста екі ай ауылдағы сауатсыздарды оқыттым. 1954 жылы тамыздың соңында, қызмет сұрап берген өтінішім қабылданып, аудандық Оқу-ағарту бөлімінің шақыртуымен мұғалімдікке қабылдандым. Сонымен менің алғашқы еңбек жолым Күнестің ең басындағы Ластай бастауыш мектебіне оқытушы болумен басталды. 1955-1956 оқу жылында Бестөбе бастауыш мектебінде, ал 1956-1957 оқу жылында Күнес аудандық орта мектепте оқытушы болдым. Қызмет барысында білім өремнің төмендігін, өзімнің таяздығымды сезініп, 1957 жылы тамызда өз өтінішіммен жұмыстан босадым. Себебі, жоғары оқу орнына түсіп таяз білімімді толықтыру, тереңдете түсу еді. Сол жылы мектеп оқушыларымен бірге жоғары мектеп емтиханынна қатынасып, жақсы нәтижемен Үрімжідегі Шынжаң тіл институтының қытай тілі факультетіне оқуға түстім.
Бала кезімде әкемнің қузауымен қиса, дастандарды, Абай, Таңжарық өлеңдерін келген қонаққа оқып беріп жүріп, әдебиетке қызықсам да, қоғамдық бөліс мені қытай тілі арнасына салып жіберді.
– Институт бітіргенен кейін қызмет жолыңызды қай жерден бастадыңыз?
– 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басы Қытайда шаруашылық құлдыраған, экономикалық қиыншылық ауыр жағдайда болды. Сол себепті, үкімет органдарын ықшамдау ісі жүрілді. Сол тұста бұрынғы Шынжаң тіл институты мен Шынжаң педагогика институты біріктіріліп, Шынжаң педагокика институты болды. Кейінтінен ол Шынжаң университетімен бірігіп, Шынжаң университеті болып құрылды. Мен 1960 жылы оқу бітіргеннен кейін Шынжаң университетінің кадрлар басқармасына бөлініп, жай қызметкер болып 4 жыл қызымет жасадым. 1964 жылы сәуірде Шынжаң халық басбасы қазақ бөлімінің шақыртуы бойынша жұмысым баспаға ауысты. Баспасөздің табалдырығын аттап, қазақ баспасөзінің алғашқы қадамын сол арадан бастадым.
«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деп Абай атамыз айтқандай, алдынғы баспагер аға, әпкелер мен замандастардың ұстаздығында баспасөздің әліпбиінен бастап кірісіп, біртіндеп қыры мен сырын игеріп, үлкенді-кішілі мақалаларды, шығармаларды қытайшадан қазақшаға аудару, редакциясын қарау, соңғы бекітуін істеу дәрежесіне дейін көтерілдім. Жай қызметкерден қазақ бөлімнің басшысы орнына шықтым. 1975 жылдың соңына дейін тапжылмай осы орында жұмыс жасадым.
– Естуімше, сіз Бейжіңдегі Орталық аударма мекемесінде ұзақ жыл істепсіз. Аталған мекемеге қай жылы бардыңыз? Ол мекемеде қандай жұмыстар атқардыңыз?
– 1975 жылдың қазанында астанамыз Бейжіңде тұңғыш рет мемлекет бойынша «Аз ұлттар баспасөз мәжілісі» ашылды. Сол мәжіліске Шынжаңнан баратын уәкілдердің қатарында қазақ баспасөзіне уәкіл болып мен қатнастым. Мәжілісте аз ұлттардың баспасөзін қалай дамыту мәселесі жөнінде ақылдасылды. Жиын соңынала Мемлекеттік баспасөз мекемесі мемлекеттік кеңестің бір құжатының рухын жеткізді. Ол құжатта: Маркс, Енглс, Ленин, Сталин шығармаларын, ел ішінде Мау Зыдұң бастаған көсемдердің шығармаларын, Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің құрылтайларының құжаттары мен мемлекеттік Халық құрылтайларының, мемлекеттік Саяси кеңес мәжілістерінің құжат, материалдарын аудару үшін Бейжіңде орталық аударма мекемесі құрылатындығын, ол мекеме моңғол, заңзу (тибет), ұйғыр, қазақ, карей тілдерінде (кейін жуаңзу, изу деген ұлт тілдері қосылды) жұмыс істейтіндігін жариялады.
Шапалақ соғып, қолдау көрсетіп Шынжаңға қайттық. Іле-шала артымыздан Орталық аударма мекемесіне адам жыюға, қызметкер алуға адамдар келді. Үрімжіні бір айдай дүрілдетіп жүріп қабылдайтын кадрдің біреуіне мен таңдалған болып шықтым. Кәрі шешем бар, балаларым жас, Бейжіңнің тұрмысына көндіге алмайды, мен бара алмаймын дегеніме қаратбады. Ұйым сол мекеменің қазақ бөліміне барып жұмыс істеуге бүйырды. «Дәм айдаса қалмайсың» демекші, 1975 жылдың соңынан бастап, 1992 жылдың соңына дейін, Орталық аударма мекемесінің қазақ тілі бөлімін жоқтан бар етіп, аздан көп етіп, басшылықтың, қызметкер жолдастардың құлшынысында жұмысты арнаға салып, баспасөзге ысылмағандарын ыслдырып, төселмегенін төселдіріп, Маркс, Енглс, Ленин, Сталиннің таңдамалы шығармаларынан да, әсіресе ел ішіндегі көсемдердің таңдамалы шығармаларынан көп томын, құрылтай құжаттарының әр кезеңінің материалдарын аударып, баспадан шығарып, оқырмандарға ұсындық. Жасымыз ұлғайған шақта ержетіп келе жатқан ұл мен қыздың келешегін ойлап, ұйымның мақұлдауымен, жұбайым екеуміз де қызметімізді Шынжаңға ауыстырып келдік. Ел-жұртқа, бауыр-туысқа бір табан жақын, барыс-келісіміз жиі, құдайға шүкіршілік.
1988 жылы мамырда Қазақ бөлімнің меңгерушілігінен Орталық аударма мекемесінің орынбасарлығына көтеріліп, касіптік жұмыстарды басқарыстым. Шынжаңға келгенде мен ШҰАР халық үкіметінің ақылшылар мекемесіне жұмысқа жегілдім. Бағдат үйреншікті кәсібі Шынжаң оқу-ағарту баспасына орналасты.
– Кезінде Қытайда болған аты шулы ‹‹Мәдениет төңкерісінде›› қазақтың марқасқаларын күреске алынғанын жақсы білеміз. Сіз де бұл солақай саясаттың құрығынан құтыла алмаған шығарсыз?
– Өтірік айту қажетсіз. Мәдениет төңкерісінде көп күреске алынбадым. Десе де, қаңқу сөзден құры емеспін. Шынжаң университеттің кадрлар басқармасынан оңай аусып кетуіме де осындай себеп бар секілді. 1966 жылы «Мәдениет төңкерісі» басталғанда Шапчал ауданында социалистік тәрбиеде ауыл-қыстақта болатынмын. «Социалистік тәрбие жүргізуге салауаты жоқ, қайтарып әкеліп күреске алу қажет» дейтін Дазыбаулар (үлкен харіпті қабырға газеттер) жауыннан кейінгі саңырау құлақтай жамырағаннан кейін, Шынжаң университетінен, қатысты мекемелерден адам жіберіп тексеріп көріп, пәлендей бірдеме таба алмаған соң кері шақыртып әкелмепті.
Оның үстіне келіншегім Бағдат Тұрсынбекқызы Шынжаң университетінің саяси-ағарту факультетін бітіргеннен кейін, қызметі Құлжаға бөлініп, Іле ауылшаруашылығын машиналандыру техникумына мұғалім болып істейтін. 1965 жылы Үрімжіге көшіп кеткен. Үкіметсіздік қабындаған тұс, бала-шағаның қамы деп, біресе Құлжаға кетіп, біресе Үрімжіге келіп, Үрімжіге келгенде алыс-жұлыс аң-даңнан мүкіндігінше ауашарақ, бастық тапсырған міндетін тындырып орындап, кейде мекеменің жұмысына қатысты Іледен қызмет тауып істеп беріп, сырғақтап өтіп кеттім.
Жағдай біраз оңалып, алды-алдына бөлініп кеткен топтар бірігіп, жұмыс арнаға түсе бастаған жылдары бір үйлі жан екіге, үшке бөлініп 7 жыл жүргеннен кейін, 1973 жылы жазда Бағдат қызмет бабымен Шынжаң оқу-ағарту баспасы мекемесіне ауысып келді. Үй ішіміз бірігіп, басымыз қайтадан құралып, көңіл орнына түскен соң, жолдастармен бірге баспасөздің кітап шығару жұмысын табандап істедім. Қазақ бөлімнің қызметін басқарғанда көбінше қытайшадан тәржімалап қана кітап шығаратын жәйітке тамамша бұрылыс жасап, қазақ қаламгерлері жазған ғылыми, көлемді әдеби кітаптардің шыға бастауына мұрындық болдым.
– Сіз аудармашы ғана емес, ақын-жазушы да екенсіз. Әдебиетке поэзиямен келдіңіз бе, әлде прозамен бе? Тырнақ алды шығармаңыз есіңіздеме?
– Жоғарыда ‹‹бала шағымда әкемнің қузауымен қиса, дастандарды, Абай, Таңжарық өлеңдерін үйдегілерге, келген қонаққа оқып беріп жүріп, өлеңге әуестеніп, әдебиетке қызықсамда қоғамдық бөліс мені қытай тілінен тәржімалау арнасына салды›› деген едім. Өмірімнің көбі аудармамен өтсе де, әйтеу әдебиеттен алыстап кете алмадым. ‹‹Шіркін өлең›› деген өлеңімде:
Тар жерде де қап жүріп бір тілдесіп,
Самайға ақ кіргіздің біртіндетіп.
Құрдасымдай қағысып қатар өскен,
Ойға тыным бермейсің бүлкілдетіп, – деп жазғаным есімде. Алғашқы өлеңдерім 1962 жылы ‹‹Ауыл жырлары›› деген атпен ‹‹Шынжаң әдебиеті» (қазіргі «Шұғыла») журналында жарияланды. Жоғары мектеп бітіріп, ауылға барған кезім. туыс-туғандар қоғадай жапырылып, астыға ат беріп, қасыма жолдас болып еріп, үлкенге сәлем беріп, алыс-жақындағы жегжат-жұратқа амандасып жүрдік. ‹‹Ойымның тұғыры да, аспаны да, жанымның жайлауы да, асқары да, өзіңсің, сендегенде кеудемдегі, кетеді жырдың селі ақтарыла›› («Туған жер»), «Ән көтеріп жүр құрбым, аға, жеңге, қарындас. Менде білек түріндім, орақта екен қалың жас›› («Егінжайда»), ‹‹Қана ішіп қоймалжың сар қымызын, елік атып, аюдың шалдық ізін. Айлы түнде бедеумен жылқы иіріп, әнге қостық күзетте малшы қызын›› («Таспа жайлауында»). Осындай көңіл күй лирикалары туған-ды.
«Жастықта көңіл шіркін қайда аумаған» делінетін халық өлеңіндей, жастықта бірен-саран әңгіме, пьеса, очеріктер жазып көрсем де, өзімнің бұл жақта талантымның таяздығын сезініп, көркем әдебиетте көбінше аудармаға бой ұрып кеттім.
– Қандай шығармаларыңыз баспадан шықты, қандай еңбектеріңіз марапатқа ие болды?
– Өз туындым көп емес. 1982 жылы «Балқұрақ», 1993 жылы «Иірімде» деген екі шағын өлең жинағым жарияланды. 1982 жылы марқұм шешемді еске алып жазған «Аяулы ана» атты очерігіме қосып жарияланған өлең ән мәтіні болатын, соған Иманәлі деген жас сазгер «Аяулы ана» деген ән жазды. Сол «Аяулы ана» әні «Іле әуені» атты ән фестивалінде бірінші жүлдені жеңіп алды. Халыққа әсері күшті болды, ел арасына кең тарады. Бұл ән түрколог ғалым Алтай Аманжоловтың дәнекерлігінде Қазақыстанның асқақ дауысты әншісі Нұрғали Нүсіпжанов мырза орындаған патипон табағын Алтай туыстан тапсырып алдым. «Білім алудың жолы›› деген мақалам «Іле жастары» журналы редакциясы жағынан «Үздік туынды›› болып бағаланды.
Бұдан басқа «Көркем әдебиет аудармасы туралы ізденіс» деген мақалам ханзу тіліне аударылып, 2002 жылы Дүниежүзі мәдениет-көркемөнер зерттеу қоғамы жағынан «Үздік туынды» болып бағаланса, 2003 жылы мамырда «Қытай басқару ғылымын зерттеу институты мен кәсіпкерлер қоғамы» жағынан 2-дәрежелі сыйлық еншілеп «Қытай үздік мақалалар» жинағына, «Қытай қарттарының абройлы өмірі» жинағына енді. «Шипагерлік баянға байырқалағанда» атты мақалам 2003 жылы «Шипагерлік баян қанбайтын бұлақ» топтамасына, осы мақаламның қытайша аудармасы 2003 жылы «ХХІ ғасырдағы Қытай энциклопедиялық мамандардың назариялық жаңалық қамбасы» атты көлемді жинаққа енді. «Үйренудің жолы» атты мақалам 1980 жылы Іле қазақ автономиялы облысы жағынан бірінші дәрежелі сыйлыққа, ал ‹‹Әлемдегі ғажайыптар›› деген аударма кітабым 1987 жылы Қытай жағарапия ғылыми қоғамы жағынан мемлекеттік сыйлық алды.
– Сіз және ғылыми жұмыстармен де айналысып жүр екенсіз, қандай ғылми еңбектеріңіз бар?
– Ғылыми салада шынымды айтсам, пәлендей үлкен жұмыс тындырғам жоқ. «Орхон-Енисейден түрки жазуы табылды, оның сырын ашқан кілт Қытай жазуы болған» екен дейтін ғылыми еңбектерді оқығаннан кейін, Таң патшалығының патшасы Таң Шуанзоң, сірә, недеп жазды екен дейтін қызықты ой туып, көп іздестіріп жүріп ақыры 1998 жылы көне тарихи кітаптан хан тіліндегі нұсқасын тауып, ежелгі жазуды ханзу тарихшысының көмегімен ежіктеп, мағыналап оқып жүріп «Орхон-Енисейдегі түрки руникалық жазуының сырын ашқан кілт» деген зерттеу мақала жазып. Бұл мақалам Үрімжіде шығатын «Мұра» журналында жарияладым. Сондағы патшаның мәңгілік тасқа қашатқан сөзі:
«Далалық ел көшелі, диңлиңдердің мекені.
Ата-бабаң ежелден, қас батырлар жетелі.
Ел басқардың айдынды, көршіге даңқың жайылды.
Тұтынған жолды тура ұстап, Таңға болдың қайырымды.
Ажал қақпан құрулы, қысқа қиды ғұмырыңды.
Тас ескерткіш таудағы, мәңгі етер ерлік жырыңды» деген мадақтау, мадақтау жыры болып шықты.
Қытай тілінен қазақшаға аудару кәсібім болғандықтан, аударманы қайтып қазақша жаттық сөйлетуге, дұрыс түсінуге болады дейтін тұрғыдан бірсыпыра мақала жазып, кәсіптестермен, оқырмандармен ой бөлістім. «Қазақ әдеби тілі және оның төркіні туралы толғаныс» атты кітабым 2004 жылы басылып шықты. Көркем әдебиет аудармасы туралы мақалам жоғарыда айтылды.
Қала берді қазақтың өзінен жоғары жеті ата, өзінен төменгі жеті ұрпақ турасындағы аталымы әр жерде әр түрлі, әр автордың қаламынан әрқалай жазып жарияланып жүр. Осы жайытты ескеріп ‹‹Бір ыңғай болғаны абзал-ақ›› деген мақала жазып «Тарландар» журналында жариялаған едім, оны «Іле газеті» көшіріп басыты. Жұрттың бұл мақалаға деген аңысы недәуір жақсы болды.
– Ғылыми атағыңыз туралы білгіміз келеді?
– 1987 жылы «тете аға аудармашы», 1992 жылы «аға аудармашы» ғылыми атақ алдым. Қазір Қытай аудармышалар қоғамының, Қытай аз ұлт аудармашылар қоғамының, Қытай аз санды тіл зерттеу қоғамының, Қытай түрколгия зерттеу қоғамының, Шынжаң аудармашылар қоғамының, Шынжаң жазушылар қоғамының, Шынжаң Таңжарық зерттеу қоғамының, Қазақ мәдениетін зерттеу қоғамының мүшесімін.
– Сіз көркем әдеби аудармамен көп айналысыпсыз, кімдерді қазақша сөйлеттіңіз? Көркем әдеби аудармаларды тапсырысымен аудардыңыз ба, әлде өз қалауыңызбен аударып жүрсіз бе?
– Қытайдың әйгілі жазушылары Ба Жинның «Ызғарлы түн», Жаң Яңның «Екінші кездесу» романы мен «Ян Уынжіңнің баллалар ертегілерін» және шетелдік жазушылардың «Женни бөйжеткен», «Гүл таққан келіншек» (бұл екеуі ықшамдалған нұсқа), «Алтын тонау» және Тайуан жазушысы Сан Маудың ‹‹Мылқау құлын›› романдарын аудардым. Жоғарыда аталған көлемді туындылардың бәрі де тапсырыспен аударылған болатын. Ал өз таңдауым бойынша шетелдік, қытайлық жазушылардан аударған «Он жас шегеру», «Әкемнің қолы», «Мылқау қыз», «Қайтарда», «Жарты бет қағаз», «Жасқаншақ» т.б. ондаған әңгімелер мен поэстер түрлі басылымдарда жарияланды. Сонымен бірге Орталық музика зерттеу орнымен селбесіп «Шынжаң қазақ әндерін» (екі жүз ән) ханзу тіліне тәржімалап, қалың қытай оқырмандарымен дидарласуына ат салыстым.
– Нобель сыйлығын иегері Орхан Памуктің ‹‹Менің атым Қырмызы›› романын жеңгеміз Бағдат Тұрсынбекқызы екеуіңіз қытай тілінен аударыпсыздар.
– Иә, Іле халық баспасынан бізге тапсырыс түскен соң жеңгең екеуіміз селбесіп қытай тілінен аударып шықтық. Өзің шет жағасын білетін шығарсың, біздің елдің баспагерлері (қытайды айтып отыр, Ә.Ә) әлемде жылт етіп жарыққа шыққан танымал ақын-жазушылардың шығармаларын қытай тіліне тәржімалап өз оқырмандарына ұсынып отырады. Қытайда сауаты бар, хат танитын адамдардың бәрі әлем әдебиетімен өз тілінде оқуына осылай толық мүмкіндік жасалған. Ал ақын-жазушылары қытайдың ұлттық әдебиетінің тамырынан нәр алып, әлемдік әдебиеттің өресіне қарай бет алып барады. Біз де Қытай тілінде шыққан әлем әдебиетінің кесек шығармаларын шамамыз келгенше қазақ тіліне аударып оқырмандарымызға ұсынып отырамыз. Бұл бізде дәстүрге айналған.
– Орханның Нобель сыйлығын алуындағы басты ерекшелігі неде ойлайсыз? Жазушының Түрік еліндегі беделі қалай?
– Нобель сыйлығын берудегі құзырлы орган Шветция әдебиет институтының хабарында, «2006 жылғы әдебиет сыйлығын Түркия жазушысы Орхан Помуке атамекенінің шерлі рухы жөнінде ізденіп жүргенінде, өркениет арасындағы қақтығыс пен араласудың жаңа нышанын байқағандығы үшін берілді» делінген.
Ал жазушы Орхан Памук журналистердің: «Сіз шығармаңызды елден ерек тәсілімен әңгімелепсіз, романда көптеген баяндаушылар бар, дегенмен сабақтас екі тарау әсте кездеспеген секілді, романға неліктен осылай желі тарттыңыз?» – деген сұрауына ол: «Түптеп келгенде бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерге рөл атқартып, өзіне сөйлету өте қызықты. Мен әр түрлі тәсілмен сөйлету жолын таптым. Бірі – ХVІ ғасырдағы еркін өрісті сурет шеберінің үні, енді бірі – соғыста атсыз-атақсыз жоғалған күйеуін зарыға күткен, екі баланың шешесінің үні, енді бірі – қандықолдың үрейлі үні, тағы бірі – өлген адамның ақретке кетіп бара жатқандағы үні тағысын тағылар. Осыларды табу сапарым өте көңілді болды. Мен баяндаған оқиғаларда кейіпкердің өзі ғана сөйлеп қалмастан, тағы да бірсыпыра ұқсамаған заттар мен бояулардың бәрі де өз кейпімен сахнаға шығады. Осы ерекше үндерден бай мазмұнды саз құрауға болады. Жүз жылдың алдындағы Стамболдың күнделікті өмірінің әуелгі қалпы көрінеді деп есептеймін. Көрініс ауыстыруда, сайып келгенде, романдағы басты назарды өз тарапымнан Тәңірде бар көзқарас бойынша, бұрынғы өткен пірлерімізді табуды қарайластырдым. Осының бәрі менің сызба жөніндегі түснігіммен қатысты. Кейіпкерлерімнің бәрі анық көрсету амалының шектемесіне ұшырамайтын әлемде ғұмұр кешеді, сондықтан олар өзінде ғана бар қасиеттің елесімен өзін көрсетеді... Тарихи романды жазудағы қиыншылық бұрынғыны қаз қалпында қайталау да емес, қайта тарихты кейбір жаңа нәрселермен байланыстыру арқылы толассыз кемелдендіре түсіп, шарықтаған ой мен жекенің басынан кешкендері арқылы оны өзгертуде» деп жауап береді.
Орханның «Менің атым Қырмызыда» суретші мен сурет өнері үзілмес арқау болады. Жас кезінде өзі де суретші болуға қызыққан екен. Ол «барлық көркемөнер шығармалары түрліше мәдениеттің арласуынан жарыққа шығады» деп есептейді. «Осы романды жазуға көбінесе исламияттық еркін өрісті сурет себеп болды, өзім көрген сан-санақсыз еркін өрісті суреттегі мән-жайды романыма сіңірдім. Сүйіспеншілік пен соғысқа жасырынған исламдық хикаялар елдің бәріне таныс, десе де, батыс мәдениетіне бой ұрған қазіргі жағдайда оларды еске сақтайтындар тым аз. Романымда осы ұмытыла бастаған хикаияттар мен көздің жауын алатын қисапсыз тамаша суреттерге тағзым етуді ойладым» дейді ол және бір сөзінде.
Автор осы романды жазуда 6 жыл дайындалыпты. Ол: «түркиялықтар тамаша сақтаушылар, үкіметтің бұрынғы құжаттары мен көркемөнер шығармалары толық сақталған. Сол ескі үйінділерді айналсоқтап, қызықты көп істерге жолықтым» дегенді де айтады.
Ел ішіндегі аңыстарға құлақ түргенде, көп бөлегі оның шығармаларын мақтаса, аз бөлегі оны ойындағысын жасырмай айтатын адам. Оның шығармасындағы тарихқа көзқарас және Түркия үкіметіне бағытталған сын. Әсіресе, Түркия ішіндегі күрттердің көрген күні, 20 ғасырдың бастарында армениялықтардың аянышты жанышталғаны турасындағы әңгімелері қарсылыққа ұшырап өзі де суретші болуға қызыққан екен. Ол «барлық көркемөнер шығармалары түрліше мәдениеттің арыласуынан жарыққа шығады» деп есептейді. Сондықтан түрік халқы Орхан Памуктей жазушы туғанын мақтаныш етуі тиіс.
– «Менің атым Қырмызы» романы басы қалай басталып, соңы қалай аяқталады? Мүмкін болса үзінді оқып берсеңіз?
– Роман 59 әңгімеден құралған. «Менің атым қырмызы» оның 31-ші әңгімесі. Роман «Мен өлген адаммын» деген әңгімемен басталып, былай «Бұл күнде мен өлген адаммын, мүрдем құдықтың түбінде жатыр. Өлгеніме көп уақыт болып, жүрегім соғудан қалғанымен, әлгі сұрқия қандықолдан басқа маған не болғанын ешкім білмейді. Десе де, әлгі сұмпайы тынысымның бар-жоқтығын байқап, тамырымды ұстап көріп, көзімді жойғанына сенгенен кейін, ішіме бір тепті де, құдықтың аузына көтеріп алып келіп, мүрдемді татай салды. Құдыққа тастаудан бұрын таспен ұрып жарған басым быт-шыт болды. Бет сүйегім, маңдайым, бәрі талқандалып, денем күл-парша болып, аузы-мұрнымды қан жауып кетті.
Үйге қайтпағаныма төрткін болды. Әйелім, балаларым сарпалтаң болып іздеп жатқан шығар. Қызым жылай-жылай шаршаған соң көзін қақпадан алмай, келер жолымды сарыла күтті-ау.
Олар расында екі көзін қақпадан алмай тұр ма? Онысын білмеймін. Күдерін үзіп те болған шығар, қиын-ақ болды! Себебі, адам бұл араға келгеннен кейін, бұрынғы тірлігі әуелгісінше жалғасып жатқандай сезінеді. Туылуымнан бұрын көп уақыт өткен еді. Мен өлгеннен кейін де, уақыт аялсыз өте берді. Тірі кезімде бұларды мүлде ойламайтынмын. Ылғи мәңгілік екі қара түнек арасында, жарық дүниеде ғұмыр кешіп келетінмін.
Өте көңілдімін, жұрт та мені өте көңілді дейді. Енді түсіндім: Сұлтанның әсем шеберханасындағы ең әдемі кітаптың бетіндегі суретті мен сызғанмын. Ешкім де менімен бәс таласа алмайды. Сырта істеген жұмыстарымнан айына тоғыз жүз күміс теңге табамын. Менің өлгенімнен гөрі жұртқа осы батары табиғи...». Ал романның соңы. «Мен – Шәкурә» деген әңгімемен тамамдалады. Бұл әңгіменің өзі былай аяқталады: «...Ақмақ ұлым Орхан, барлық оқиғаны ақылға салып түсіндіруге тырысады. Көп жылдардан бері ол маған уақытты тоқтатып қоятын хирраттық суретшілер менің бейнемді әсте сыза алмайды деп ескертеді. Енді бір жағынан, ана мен баланың суретін сызуға шебер франк суретшілер уақытты тоқтата алмайтындығын айтады дейді ол.
Оның айтқаны рас шығар. Шынын айтқанда, біз бақытты суреттен шаттық іздемейміз, өмірден қуаныш табамыз. Еркін өрісті суретшілер бұл түйінді жақсы біледі. Бірақ, дәл солардың өзі мұны суреттеп бере алмайды. Мұның себебі, олар қуанышқа қарағанда тіршіліктің қуанышын бейнелейді.
Сызуға болмайтын осы әңгімені мен ұлым Орханға айттым, мүмкін сол жазып шығар деп үміттендім. Әрі-сәрі болмастан Қасеннің және Қараның маған жазған хаттарын соған бердім. Сондай-ақ, біз бейшара салауатты мырзаның жанқалтасынан табылған сиясы өшкіндеген аттың суретін де бердім. Орхан төтенше күйгелек, мінезі де нашар, онша көңілді өте алған жоқ. Өзі жақсы көрмеген адамын да обалды етпеді. Сондықтан, егер Орханның баяндауында Қараның салдыр-салақтығы артығырақ жазылса, менің тұрмыстағы қиыншылығым ауырлатып жіберілсе, Шәукатті жаман етіп, мені өмірдегімнен сұлу және қатал етіп көрсетсе, оған сене көрмеңіздер. Өйткені, оқиға тартымды болсын деп Орхан ешқандай өтірік сөз қоспайды».
– Өмірдегі жан жарыңыз, аудармадағы кәсіптес серігіңіз Бағдат Тұрынбекқызы туралы айта кетсеңіз дұрыс болар еді...
– Бағдат Тұрсынбекқызы 1943 жылы маусым айында Күнес ауданының Ұшбұлақ деген жерінде малшы отбасында өмірге келген. Бастауыш мектепті Ұшбұлақта оқып, орталау мектеп пен орта мектепті Күнес орта мектебінен бітіргеннен кейін, 1961 жылы Шынжаң университетінің саяси-ағарту факультетіне түседі. 1965 жылы жолдамамен Іле облысының Ауыл шаруашылығын машиналандыру техникумына оқытушы болып барады. Аталған техникумда оқытушы бола жүріп, мектеп жастар одағының қызметін қоса атқарады. 1973 жылдың жазында қызмет қажетімен Үрімжідегі Шынжаң оқу-ағарту баспасына ауысып келіп, бастауыш, орта мектептердің оқулықтарын, педагогикалық оқу орындарының оқулықтарын аудару, құрастру және оны баспадан шығару жұмыстарымен айналысады. 1976 жылы күзде Орталық ұлттар аударма мекемесінің қазақ бөліміне екеуміз қатар бардық. Ол арада да көсемдердің шығармаларын, Партия құрылтайлары мен халық құрылтайларының, Саяси кеңес мәжлістерінің құжаттарын қазақшаға аудару, зор жиындарда жарыспалы (сөзбе сөз) аудару жұмыстарын істеді. 1993 жылы Шынжаңға ауысып келіп, Шынжаң оқу-ағарту баспасында дәтүрлі кәсібі оқулық шығарумен айналысты. Тете аға редактор ғылми атағымен зейнетке шықты.
Жұмыстан сырт Қасым-жомарт Тоқаевтің «Қазақстан Респүбликасың дипломатиясы››, Волга Видеваның «Орта Азиядағы мықты елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев» деген кітаптарды екеуіміз тапсырыспен аударғаннан сырт, ‹‹Каңши патшалығы», «Каракөктың әулеті», «Өмір еркіңе көнбейді» деген секілді бірсыпыра сериалдарды Шынжаң теледидарының тапсырысымен тәржімалап, қалың көрермендерді көз айым етті. «Мұсылманша тағамдар» деген кітапты бір өзі аударып оқырмандардың қолына ұстатты.
– Жеңгеміз Бағдат екеуіңіз қай жылы отбасын құрдыңыздар?
– Жеңгең екеуміз бір мекенді өріс, қоныс қылған екі рулы елдің ұлы-қызымыз. 1961 жылы некеленіп, 5 бала сүйдік. Өкінішке орай, екеуі тар-тапшы, екі бөлек жүрген, арпалыс-төбелес жылдарда ерте шетінеп кетті. Қазір екі ұл, бір қызымыз аман-есен ержетіп, жақсы тәрбие, жоғары білім алып Үрімжіде қызмет жасайды. Үшеуі де қазақпен некеленді, қазір алды-алдына жеке отау. Құдайға шүкіршілік, үш немереміз бар. Аяулы жар, асыл ана, берекелі үлкен отбасмыз.
Жеңгеңмен ең алғаш танысқанда:
– Керме иық, қайқы бармақ, тұрымтай көз,
Бал таңдай, шекер тілді, жүйелі сөз.
Аққу үн, аласыз ой, кең тынысты,
Самалсыз май күніндей жібек мінез, – деген өлең жазып, жүрек лебізін білдірген едім. Ал, енді:
– «Жар» деген жанашырың қасыңдағы,
Ұйыған соған малың, басыңдағы.
Ол – ана, ол – күтуші, ол – жан жолдас,
Бағыңның жақсы жардан ашылмағы, – деп өлеңдететін болдым.
– Жалпы өз өмірлеріңізге ризасыз ба?
– Талпыныспен, мағыналы өткен өмірімізге ризамыз.
– Алда қандай жұмыстар атқару ойларызда бар?
– Алдыдағы істер жөнінде ой көп. Бірақ қазір біздің өмірдің өрісі бітіп, ылдиы қалған кез ғой. Ақиқатын айтқанда, ендігі қалған өміріміз аз болып тұр. Жата-жастана көре жатармыз. Тек Құдайдан «ден сау, бас аман болсын!» деп тілейік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz