Сенбі, 23 Қараша 2024
3924 2 пікір 17 Маусым, 2021 сағат 18:43

Сенатор: Елімізде су мамандары жетіспейді

Жақын болашақта еліміздің қауіпсіздігіне әсер ететін басты қатердің бірі – су тапшылығы болуы мүмкін.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 90-нан 76 км³ дейін төмендейді.

Сонымен бірге, су шаруашылығы секторы инфрақұрылымының тозу көлемі 70%-дан асады. Нәтижесінде республикада суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті тек қана 0,45-0,55 , яғни судың 40%-зы пайдаланылмай ысырап болып жатыр.

Қазіргі уақытта бізде ауылшаруашылығы жерлерінің тек қана 4% заманауи тамшылату тәсілімен суарылады, бұл бар болғаны 62 мың га.

Біз жақында Түркістан облысында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысын өткіздік. Қазірдің өзінде өңірдің барлық жерінде суаратын судың тапшылығы қатты байқалуда.

Халықаралық сарапшылар атап өткендей, біздің басты проблемамыз – суды жоспарлау, бақылау және пайдалану жүйесінің тиімсіздігінде. Яғни біздің еліміздегі су дағдарысы ең алдымен басқарудағы дағдарыстың салдарынан болып отыр.

Бірнеше мысал келтірейін. Су ресурстары комитетінің өзінде қызметкерлердің көпшілігінің салалық жұмыс тәжірибесі жоқ, 38 адамның 18-і немесе тек 40%-ы – су шаруашылығы мамандары. Жалпы «Қазсушар» кәсіпорын жүйесінде қызметкерлердің тек жартысы ғана тиісті кәсіби білімге ие, олардың көбісі зейнетке дейінгі жаста. 761 өзен, 529 көл, 71 су қоймасы орналасқан Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясында бар болғаны 21 маман жұмыс істейді. Төрт облыстың аумағын қамтитын Жайық-Каспий бассейндік инспекциясында қызметкерлердің жалпы саны – 12-ақ адам.

Аталған су шаруашылығында инженер-гидротехниктер, салалық инженер-құрылысшылар, гидрогеологтар, гидрологтар және гляциологтар (мұздықтар жөніндегі мамандар) мүлдем жетіспейді. Олардың көбісі, тіпті, университеттердегі мамандықтардың классификаторында да жоқ. Ал бұл саланы өзгерту үшін бізге су өнімдеу және цифрлық технологияларды менгерген заманауи кадрлар керек.

Жоғары оқу орындарында су мамандарын даярлау сапасын арттыру, Жамбыл гидромелиоративтік институтын қалпына келтіру, Қазақстанда су проблемалары бойынша әлемдегі жетекші университеттің филиалын ашу, су шаруашылығы ҒЗИ-ның жұмысын жандандыру, білімді арттыру және мамандарды қайта даярлау жөніндегі өңірлік орталықтарды құру қажеттілігі туралы көптеген жылдар бойы айтылып келеді. Бірақ бұл мәселелер бүгінге дейін шешілмеді. Судың да сұрауы бар емес пе?

Су объектілерінің көпшілігінде кәзірге дейін гидрологиялық бекеттер жоқ, сондықтан біз елімізде қанша су қоры бар екенін нақты білмейміз. Трансшекаралық өзендер туралы халықаралық келіссөздерде біз ғылыми негіздемелеріміздің әлсіздігінен және комиссия мүшелерінің жиі өзгеріп отыруынан ұтылып жатамыз. Атап айтқанда, осы бағытта біз қытайлық әріптестерімізден едәуір артта қалып отырмыз. Бұл – біздің көршілерімізбен су бөлісу мәселесінде әлсіз тұсымыздың бірі.

Осылайша, елімізде стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы саласын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету мәселелері толғағы жеткен сұраққа айналды.

Екіншіден, аграрлық ғылымды дамыту мәселесі бойынша.

Қазір біз саланы ғылыми қамтамасыз етудегі артта қалушылықтан аграрлық өндірістің қандай шығынға ұшырап жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз.

Қаржы министрлігі ғылымды жеткіліксіз қаржыландыруды бюджет тапшылығымен түсіндіреді. Бірақ жыл сайын 7 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражаты шетелдік селекция тұқымдарын субсидиялауға жұмсалады. Ал асыл тұқымды малды шетелден сатып алуға 500 млн. АҚШ долларынан астам қаражат кетті. Олардың бір бөлігі мемлекеттік субсидиялар болып табылады.

Аграрлық ғалымдарымыз жарты жылдан бері мемлекеттік қаржыландырудан тыс қалып отырған жағдайда, аграрлық ғылымды дамытуға қатысты қандай сөз айта аламыз.

Біз аграрлық ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа, тиімді форматын ұсынамыз.

Біріншіден, ауылшаруашылық өндірісінің сұранысын өтей алмайтын «шикі» ғылыми әзірлемелердің пайда болу себептерінің бірі – аграрлық зерттеулерді жүргізу мерзімінің үш жылмен шектелуі. Осындай қысқа уақыт ішінде әлемде еш жерде жаңа сорттар мен агротехнологиялар жасалмайды. Сондықтан аграрлық салада алға қойылған міндеттерге байланысты және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді ескере отырып, 5-15 жылға арналған ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламалар енгізуді ұсынамыз.

Екіншіден, мұндай зерттеулердің тақырыбын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің ұсыныстарын негізге ала отырып анықтау қажет, олар саланың стратегиялық маңызды міндеттерін шешуге бағытталып, конкурстан тыс, яғни конкурссыз іске асырылуы тиіс.

Құрметті Әлихан Асханұлы, біз аграрлық ғылымды дамытудағы жоғарыда аталған кедергілерді алып тастап, жақын арада агроөнеркәсіп кешенін ғылыми қамтамасыз етуді қалпына келтіре алатынымызға сенімдіміз.

Қорытындылай келе, мен есеп комитетінің төрайымы Наталья Николаевна Годуноваға жүгінгім келеді.

Қазір біздің қоғамдағы ең басты мәселе – азық-түліктің қымбаттауы, қарапайым халық күндерін әрең көруде. Осыдан тура 9 ай бұрын сенаторлар тобы Сізге сауда субъектілері арқылы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігінің тиімділігі төмен екенін айтқан болатын, мұның нақты себептерін келтіре отырып, осы схемадағы құрамдас сыбайлас жемқорлықты да көрсетіп берді.

Алайда қисынсыз жағдай орын алып отыр, өйткені ондаған миллиард теңге мемлекеттік қаражаттан сауда орталықтарын қаржыландыруға жұмсалады, ал баға өсуін тоқтатар емес. Депутаттар мемлекеттік қолдау шараларының кемшіліктерін көрсеткенмен, ешкім бюджет қаражатының әлеуметтік-маңызды жобаға қалай жұмсалып жатқанын әділ әрі нақты анықтай алмайды, ондағы заң бұзушылықтарды да жарыққа шығара алмай отыр.

Ақылбек Күрішбаев, сенатор

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475