Қазақстан жалауына адалдық анты берілсе...
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер, армия мен құқық қорғау органдарының қызметшілері ант беретін дәстүр қалыптасқан. Оны дұрыс делік.
Біздің арамызда кеше Кеңес Одағына ант бергендер бар. Олар өздерін сол антқа адалмыз деп есептейді. Алайда әдетте ант беруші мен ант қабылдаушы жақтың бірі өмірден озса онда әлгі анттың күші жойылады. Совет Одағы бұдан отыз жыл бұрын тарап кетті. Ал ауған соғысы ардагерлері, әскери қызметке теңестірілгендер өздерін әлі күнге сол опасыз одақтың сарқыншағы сезінеді. Бұдан өзге ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагердерінің, полиция қызметі ардагерлерінің, сондай-ақ күзет қызметі, байланыс қызметі, өздерін әскери-патриоттық ұйым санайтын бірлестіктер, атыс қаруларын ұстауға рұқсат алған ұйымдар бар. Бірқатары өздерін ешкімнің алдында міндетті санамай лағады. Әлгі ресейлік «Бессмертный полк» сияқты атышулы акцияларға шақырып, соны ұйымдастырысып жүретін ардагерлер ұйымдары да, НОД та солардың қатарында. Бұл ұйымдар шекараға қауіп төнген жағдайда кімнің сойылын соғары тағы белгісіз.
Сондықтан еліміздегі сондай ұйымдар мен бірлестіктердің, жекелеген азаматтардың Отан алдында жауапкершілігін арттыру үшін Қазақстан жалауына Ант беру рәсімін жүйелі өткізуді ұсынамын.
Мұндай тәжірибелер шетелдерде қалыптасқан. Мысалы АҚШ-та 1892 жылдан бері АҚШ жалауына ант беру рәсімі бар. Бізде де осындай Қазақстан Республикасының жалауына ант беру рәсімі өте-мөте өзекті болып тұр. Ант беру рәсімінде жоғары аталған ұйымдар мен бірлестіктер мүшелері «Мен Қазақстан Републикасының жалауына адал болуға, Қазақстан халқының бірлігі мен Қазақстан аумағының тұтастығына қызмет етуге Жаратушы Иеміздің алдында Ант етемін!» деген мәтінді дауыстап оқып, қасиетті жалаудың шетінен ұстап сүюге тиіс.
Сонда кімнің кім екендігі көрінеді. Қазақстан жалауына ант беруден бас тартқандардың дұшпан пиғылды екендігін бірден танимыз.
Марат Байділдәұлының жазбасы
Abai.kz