Тұрсынбек Әлиұлы. Қазақстанға қанша орман керек?
Қазақстанның кең-байтақ даласының физикалық картасына көз жіберсең, екі нәрсенің аздығына көзің жетеді. Біріншісі - таулар аз, таулар еліміздің шығысы мен оңтүстігінде біраз бар. Бұған орталықтағы қазақтың ұсақ шоқыларын қосуға болады. Бірақ олар атының өзі-ақ айтып тұрғандай шағын, ұсақ таулар. Ал жалпы, еліміздің жерінің 10 пайызы таулы жер болып есептеледі екен. Екіншісі - орманның жоқтығы. Орман шығыста - Семей маңында, сосын тау алды маңайларында бар. Солтүстік Қазақстан облысының орманды даласында шоқ тоғайлар, ақ қайыңдар кездеседі. Бурабайда біраз бар. Бірақ бұл аз, тіпті өте аз деп те айтуға болады. Статистикаға жүгінсек, жеріміздің 1 пайызы ғана ағашты екен... Енді, осы олқылықтың орнын алу үшін не істеу керек? Жалпы, Қазақстанға қанша орман керек?

Біріншісі, Құдайдың қолындағы шаруа, адамның қолынан оны жасау келмейтін болса, екіншісін түзеуге болатын секілді. Көрші Ресей орманға бай мемлекет. Дүние жүзіндегі барлық орманның төрттен бірі Ресейде екен. Бұл дегеніміз ғаламат көп дүние. Екінші орынды Бразилия алады. Канада да қалыспайды. Біздің олардан қай жеріміз кем? Бір өкініштісі, Ресейге қарай шықсаңыз қалай қазақтың жері бітеді, солай орман басталады. Осы олқылықтың орнын толтыру керек. Қазақ жерін тұтас орман-тоғайға айналдыру әрине, мүмкін емес, бірақ жері құнарлы солтүстік Қазақстандағы төрт облыстың жерін ағашы көп, орман-тоғайы мол жерге айналдыруға әбден-ақ болады. Солтүстік Қазақстанның жері аз жер емес. Түркиямен немесе Украина жерімен тең боларлықтай жер жатыр бұл аймақта.
1997 жылы елорда Алматыдан Ақмолаға көшкен кезден бері біраз шаруа тындырылғаны рас. Астананың маңына 70 мың гектар жерге ағаш егілді. Былайша айтқанда, қолдан орман жасалды. Қазір бұл жерлер құсы шулаған, аңы жүргірген жасыл алқапқа айналып келеді. Бұл - сәтті тәжірибе. Енді осыны бүкіл еліміз болып қолға алатын кез келді. Жаппай, барлық жерде, барлық елді-мекендерде, ағаш отырғызуды қолға алу керек. Бұның екі пайдасы бар. Біріншіден, ауыл-аймақтарды жайлаған жаппай жұмыссыздықты жоюға болады, екіншіден, бұның үлкен стратегиялық маңызы бар. Ол - ел қауіпсіздігіне байланысты. Тіпті, тәуелсіздігіміздің тұғырында тұра беруі үшін де қажет шаруа.
Қазіргі замандағы соғыстар бұрынғыдай болмайтыны күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Қазір ешкім де танкке отырып, қолына қару алып, бұрынғыдай жаяу жалпылап соғыспайды. Қазір бар қауіп - ұшақтардан. Аспаннан келеді де, атады да кетеді. Міне, сол кезде қайда тығыласың. Жерің жазық, бәрі алақандағыдай көрінеді. Тығылатын, қаруыңды, әскеріңді жасыратын жерің бар ма? «Араб көктемінде» билік басындағылар неге жеңілді? Өйткені жерлері ашық, құм, жазық дала, аспаннан төнген НАТО ұшақтарынан тығылатын жер таппай сандалған жоқ па? Ұшақтар әскерлерге бастарын көтеруге мұрша бермей барлығын күл-талқан еткен жоқ па?
Атамыз қазақ «жау жоқ деме, жар астында» деген. «Орыстан досың болса қойныңда балтаң болсын» деген де сол. «Қара қытай қаптаса, ақырзаман болады» деп те айтқан. Оңтүстіктен бір қауіп болса, «өз ағамыздан» болуы мүмкін. Өйткені олар қазір 30 миллионға жетіп, жеріне сыймай бара жатыр... Ташкенттің өзі шекараға тіреліп тұр. Арғы жағында Ауғанстан, Пәкістан бар дегендей...
Бірақ, менің ойымша, дәл қазіргі кезеңде бізге орыстан да, қытайдан да төнетін қауіп жоқ. Оңтүстікке өзіміздің де шамамыз жетеді. Бар пәле келсе, Америкадан келеді. Негізгі мақсаттары Ресейді бөлшектеу болып отырған батыстың Қазақстанға да көз алартуы әбден мүмкін. Біріншіден, Қазақстан Ресейге серіктес, көрші ел, екіншіден, біздің мұнайымыз бар. Көп мұнайымыз бар. Ал «алтын көрсе періштенің де жолдан таятыны» белгілі нәрсе...
«Араб көктемінің» негізгі себебі де осы мұнай еді. Ал мұнай болса әлемде таусылып келеді...
Жарайды, әрі қарай бармай-ақ негізгі тақырыбымызға оралайық. Сөйтіп, елімізді көгалдандыруды, жасылдандыруды жаппай қолға алуымыз керек. Елбасымыз бұның қолдан келетін шаруа екенін Астана маңын орманға айналдыру туралы тапсырма беріп, көрсетіп те берді. Осы ағаш егу жұмыстарына Астана маңындағы барлық ауылдардың адамдары тартылып, жұмыссыздық болмай тұр. Енді тек Үкімет осыны жұмыссыздықпен күрес бағдарламасы аясында барлық жерлерде мықтап қолға алса ғой, шіркін!
«Абай-ақпарат»