Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7223 4 пікір 2 Шілде, 2021 сағат 13:25

Бомж қазақтың қарындасы...

Керекудегі саусақпен санарлық қазақша аталатын үлкен көшелердің бірі Торайғыров көшесі. Сұлтанмахмұттың атын иемденген көшедегі зәулім ғимараттардың бірінде осынау әңгімені Дәурен аға айтып беріп еді.
- «Қаланың шығыс жағында, Ертістің жағалауындағы Усолка шағын ауданында болған оқиға еді, - деп бастады әңгімесін Дәукең. Бірде сол шағын аудандағы бос жатқан алаңқайда сол жердегі күзетші ағаймен сөйлесіп отыр едік. Сүт пісірім уақыт өтпей алаңның шетіндегі құбырлардан үй-күйі жоқ екі қаңғыбас шығып келе жатты. Сол мезет күзетші ағамыз «мына екі қаңғыбастың біреуі қазақ, біреуі неміс жігіті. Осы жердегі қоқыстардан нәпәқаларын тауып жеп жүр. Кезінде жағдайы тәуір жанұяда өскен жандарға ұқсайды» деп бір сырдың шетін шығарды.Енді біздің де назарымыз әлгі екі қайыршыға ауды. Күнделікті көріп жүрген көше кезген кезбелерден айырмашылығы жоқ, көп қаңғыбастардың бірі. Ел-жұртта шаруасы жоқ. Ел секілді уақыт жетпей жатыр деп жанталасып жатқаны да шамалы. Олар үшін уақыт өлшемі - қоқыс тазалайтын машина келгенге дейін және күн батқан соң деп білетін қайыршылардан бәлендей өзгешелігі де жоқ сияқты.

«Ана неміс жігітін былтырлары Германияда тұратын туыстары іздеп келіп, алып кетпек болған. Бірақ оған бұл көнбепті. Дортмундтағы жайлы үйден гөрі Павлодардың канализация құбырын артық санаса керек. Болмаған соң қаладағы көп қабатты үйден пәтер әпермекші болып, шыттай ғып киіндіреді. Бұл болса туыстарынан сытылып, үйренген жеріне қашып келді. Туыстары да бұдан күдер үзген болу керек, қайтіп мазаламады. Ал үстіндегі киімдерінен келе сала айрылып қалған болатын»-деп күзетші ағамыз қызық хикаяны айтып берді. Сенер-сенбесімізді білмей біз тұрмыз. «Сәл сабыр етіңдер»-деді күзетші ағамыз шылымын тұтатып жатып. «Қазір келетін уақыты болып қалыпты» деп көк түтінді құшырлана жұтты. Көп өтпей бағанағы екі қайыршы шыққан құбырға қарай, қолында түйіншегі бар бір әйел асыға басып келе жатты. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған әйел, құбырға жетісімен түйіншегін қоя салып, кейін қарай жылыстай жөнелді. Сонда барып байқадық. Әйелдің аяғы ауыр екен.

«Бұл жаңағы бомж қазақтың туған қарындасы» деп қарауыл ағамыз мән-жайды түсіндіре бастады. «Күн сайын, кейде күнара осы уақытта келіп, ағасына тамақ салынған болуы керек, түйіншек тастап кетіп отырады. Жалтақтап келетіні күйеуінен жасқанатын сыңайлы. Күйеуі қанша жерден «қайынағасының» енді адам болмайтынын айтса да, қарындасы бір ананың емшегін еміп өскен ағасын ондай жамандыққа қимайтын сияқты. Кейде тамақ әкелген қарындасының артынан ағасының «келесі келгеніңде ақша ала кел» дегенін де талай естідім» деп күзетші ағамыз күрсіне аяқтады сөзін. Менде үн-жоқ. Тамағыма бір түйін тұрып қалған сияқты» - деп Дәурен ағамыз да әңгімесін тәмәмдады. Енді менде үн-жоқ. Сол кездегі Дәурен ағаның күйін енді мен кешкендеймін.

Бір жағынан Отанын емес, туып-өскен жерін қимаған неміс жігітіне риза болып тұрмын. Ата-бабасының жерін тастап, мұхит асқан біраз қазақтарға қарағанда неміс жігітінің патриоттығы басым сияқты. Бірақ та былай тентіреп, қоқыс теріп жүргенше неге тарихи Отанына тартып-ақ кетпеді екен? Әлде кеңпейіл қазақ елін, қасындағы бауыр басып қалған досын қимады ма екен?

Туған ағасының тірі екеніне көзін бір жеткізіп қайту үшін, жанұясын тастап, жарынан тығылып, құстай ұшып жетер қарындасының одан кейінгі жағдайы не болды екен? Осы сауалдардың жауабын таппаққа Дәурен аға айтқан жерге келдім. Бірақ ол жерді айналдыра биік цемент қорғанмен қоршап тастапты. Мен Серік Елікбайдың « Қайыршы отыр. Өтіп кеттің, Ол сенің. Арың менен ұятың» деген өлеңін іштей қайталай бердім.

Оңғар Қабден

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364