Сенбі, 23 Қараша 2024
3139 0 пікір 5 Шілде, 2021 сағат 10:39

Жаңаөзендегі жұмысшылар ереуілі әлі басылған жоқ

Жаңаөзенде "КЕЗБИ" мекемесі жұмысшылары ереуіліне бес күн толды. Жұмысшылар наразылық басталғанда құрылған бітім комиссиясының жұмысына көңілі толмай, талабын түгел орындауды сұрайды.

"КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшылары видеоүндеу жасап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, премьер-министр Асқар Маминді, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинді, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Алик Айдарбаевты проблемаға назар аударуын өтінді.

Видеоүндеуде сондай-ақ жергілікті басылымдарда жұмысшылардың талаптары орындалды деген ақпар тарағаны айтылады. Ереуілге қатысушылар мұны жоққа шығарып отыр.

"Біз, "КЕЗБИ" мекемесі жұмыскерлері, Қазқстан Республикасы еңбек кодексіне сай өзіміздің наразылығымызды білдіріп, ереуілдеп тұрғанымызға бес тәулікке қарады. "КЕЗБИ" басшылығы комиссияда ұжымдық талап арызға сай сұраған құжаттарды бермей отыр. 2011 жылы да дәл осындай наразылық акциясы орын алып, қарайған бауырымыздан айырылдық. Сол жағдай қайталанбас үшін 8 шілдеге дейін шешілмесе, халықаралық жұмысшылар қауымдастығына арызданамыз" деп мәлімдеді жұмысшылар видеоүндеуде.

Күннің аптабында ереуілдеп отырған жұмысшыларға 4 шілдеде "Нұр Отан" және "Ақ жол" партиясынан мәслихатқа сайланған депутаттар келді.

"Біз сіздер сайлаған депутаттармыз" деп сөз бастаған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Мақышевтің сөзін наразы жұмысшылар бөліп жіберді.

– Сіздерді сол орынға отырғызды, халық сайлаған жоқ. Біз сендердің айлықтарыңды сұрап отырған жоқпыз, өз ақшамызды сұрап отырмыз. Жағдай сұрап биліктен біреу келген жоқ. Мына жерге жедел жәрдем келсін. Ана полиция көлігі кімді бақылап тұр? "КЕЗБИ" қожасы Бітім Кезбаевты Маңғыстау шейхы деуге де болады. Бірақ ол неге "ҚазМұнайГаз" берген ақшаны халыққа дұрыстап бермейді? Шетел компаниясы келсе алдымен жұмысшылардың жағдайын жасайды, – деді "КЕЗБИ" жұмысшылары кәсіподағының төрағасы Лұқпан Жолмұратов.

"КЕЗБИ" мекемесінің 600-ден астам жұмысшысы 30 маусымнан бері жұмысты толық тоқтатып, еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді талап етіп тұр.

1992 жылы құрылған "КЕЗБИ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларына ұңғымаларды жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Ол – Жаңаөзендегі ең ірі мұнай компаниясы "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамының мердігер мекемесі. Онда 27 бригада бар қызмет етеді. Компанияда 1200-ге жуық жұмысшы бар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364