Халықты алдауды қашан қоямыз?
Біздің еліміздегі билік жүйесінде мүлдем бақылауға келмейтін, «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ, ойына не келсе істеуге болатын бір жақсы қызмет бар. Ол олбыс әкімдері. Қазір қарап отырсаң, қай аймақта да өнеркәсіптің барлық салалары қарыштап дамып жатыр. Халықтың тұрмысы адам айтса нанғысыз. Ішкені алдында, ішпегені артында, жұмақ орнап қалды ма дерсің. Шындық, әрине, бұдан мүлдем бөлек. Дәл керісінше десе де болады.
Алайда не себепті біз облыстардағы өмірді үнемі қисық айнадан көреміз? Өйткені сол облыстағы әкім аймақтағы ешбір кемшілік атаулы сыртқа шығып кетпеуі үшін барлық жағдай жасап қойған. Алдымен сол жердегі жергілікті баспасөзді ғана емес, (олар онсыз да әкімге басыбайлы) республика деңгейіндегі белді-белді дегендерін олбыс бюджетінен яғни халықтың қаражатынан жемдеп тастаған. Мәселен, біздің Қостанай облысында еліміз түгілі бүкіл ТМД елдеріне тарайтын «Мир» атты телеарнаға белгілі бір сомада «көмек» көрсетіледі. Оның сыртында көпшілік жұрт оқитын бір республикалық газет пен аттары әйгілі—бірі қатты «нұрланған», екіншісі «тәңіршіл» екі бірдей портал да бұл «мырзалықтан» құр қалмаған. Әкіміміздің қолы ашық қой, өзін тек жақсы жағынан ғана көрсетуге аса ынталы мұндай баспасөз құралдарына жылына жарты миллиард теңгені сөзге келместен бере салады. Міне содан кейін кім облысты мадақтамасын. Ал мұндағы орын алып жатқан проблеманы көтеруге ешкімнің де ынталы емес екендігі онсыз да белгілі. Міне, сондықтан да бізде, яғни Қостанай облысында халың жұрттың қағанағы қарқ, сағанасы сарқ, жұмақтағыдай өмір сүріп жатыр ма деген ойдың өзінен-өзі туындайтындығы белгілі .
Олай болмағанда қайтсын. Әлгі қаржыдан мол қылқыған баспасөз әкіміміздің облыстағы істерін қалай мақтауға сөз таппай жүргенде, оның кейде Нұр-Сұлтанға барып, Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатындағы есеп беруін әкімге арналған одаға арнау жолында бір-бірімен жарысып, қайтсем көзге түсемін деп тыраштанғанын көргенде «қайран қор болған бюджет ақшасы» демеске лаж.
Мәселен, жергілікті баспасөз бір-бірімен қалыспай Архимедтің сол мәслихаттағы құрғақ цифрларын облыстағы аса зор жетістікке бағалап, мәселенің бәрін тек осы жалаң көрсеткішерге ғана телиді. Айталық, Архимедтің салатантты түрде мәлімдеуіне қарағанда «облысымызда тұтыну бағаларының индексі 103,3% – ды, оның ішінде азық-түлік тауарларына шамамен 104,8%-ды құрады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 106,1% — ға дейін артты. Осыған байланысты, жыл соңында жалпы өңірлік өнімнің кемінде 3% өсімі күтілуде. Айта кетсек, биылғы жылдың бес айында инфляция бар болғаны 3,3% — ды құрады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен төмен» екен.
Ал мұны аз десеңіз, облыс бюджетінен мол қылқытатын, әлгі өздерін өте бір обьективті жазамыз деп мақтанатын мықты басылымдардың бірі Архимедтің облыстағы атқарған істеріне тәнті болғаны соншалық, бұрын еш уақытта істемеген ерекше жомарттықа барып, газеттің қолақпандай бір бетін арнаған. «Оған тіпті ешбір салмақты сұрақ қойылған жоқ» деп бір жағынан мақтауын жеткіссе, екінші жағынан сауалдар «Архимедтің қай жерде тұратындығы мен облстағы Арқалық қаласының тағдыры жайлы ұсақ-түйектен аспады» деп ренжиді.
Алдымен, осы ұсакқ-түйек дегеннен басталық. Осы Архимедтің Қостанай қаласынан он шақырым алыста, қалың орманның ішінде аумағы ат шаптырымдай, нақты айтқанда 21 гектар жерді алып жатқан, ішінде адамның қалай тынығамын десе де не керематтің бәрі бар аумақты резиденцияда жалғыз өзінің тұруы қандай қисынға сияды? Елге сіңірген қандай еңібегі үшін? Тек әкімнің орынтағын иеленгені үшін бе? Жалпы, облысымызда тұрғын үй мәселесі толық шешемін таппай тұррғанда әкімнің мұндай өзге сырт көзден алыс хан сарайындай үйлерді иемденуі қалай? Оның сыртында күніне сол резиденция төрт рет қатынағандағы (таң ертең келу, түскі тамаққа бару мен келу, жұмыс соңында үйіне қайту) кететін бензиннің ақшасы кімнің мойнында? Қанша дегенмен жалпы көлемі 40 километр аз жер емес қой.
Екінші бір мәселе—Арқалық қаласы жайлы. Шаһарды қыста жылумен қамту мәселесі жыл сайын көтерілетін проблема. Оның шешілу қиын түйінге айналды. Мұның өткірлігі соншалықты, биылғы жыл басында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Архимед Ақ ордаға есеп беруге барған мұны мықтап тапсырған. Сонымн қатар облыста алыс аудандарда ауыз су мәселесінің де шешілмей отырғандығы сөз болған. Бұлар, әрине, Архимедтьің қолынан жем жеп отырған баспасөздің көтеретін мәселесі еместігі белгілі.
Айтпақшы, Архимедтің айтуына қарағанда бізде азық-түлік мәселесінде ешбір проблема жоқ. Шынымен солай ма? Әрине, тіпті де олай емес. Ашығын айтқанда, азық-түлік облыста ғана емес, бүкіл елімізде оның бағаларының шығандап кеткендігі құпия емес қой.Ол Қостанайды да оралып өткен жоқ. Өзгесін былай қойғанда картоп мен сәбіздің базардағы бағасының күрт көтереліп кеткендігі соншалықты, осындағы супермаркеттерде оларды арзандау бағамен, бір адамға екі килодан ғана сатуға мәжбүр болуды. Сонда дейміз-ау, азық-түліктің неге мұнша қымбаттап кетуінің алдын алуға қандай шаралар қолданылды? Ол жағдайды дұрыстауға қандай мүмкіндіктер бар еді? Әрине, әлгі мәслихаттағы мұндай сұрақтарды әкімге қоюға журналистер қатты қысылған болар. Жалаң цифрлар мен көрнекі көрсеткіштердің мысы қатты басып кеткен де шығар.
Егер қандай да есеп беруде өзекті проблемалар мен нақты ұсыныстар айтылмайтын болса, оның орынына бюджеттен қомақты қаржы алып отырғандық баспасөздер сол әкімді жер-көкке сыйғызбай мақтай беретін болса, мұндай кездесулерді біржолата тоқтатып, әлгі бюджеттен бөлінген қомақты қаржыны халыққа қайтарған жөн болар. Халықты алдауды қашан қоямыз?
Жайберген Болатов
Abai.kz