Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2445 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 08:50

Шалқар Естен. Кішкене аралдың даңқты ұланы

Осыдан 22 жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында кубалық бозбала Феликс Савон қарсыластарын тегіс қапы қалдырып, чемпион атанды. Бокс мамандары Бостандық аралында тағы бір жас таланттың еңсе көтеріп келе жатқанын сөз етісті.
Расында да көп ұзамай-ақ Феликстің есімі әлемге әйгілі бола бастады. Оның салмағында өнер көрсететін боксшылар үшін кубалық шебер алынбас қамалға айналды. Даңқты бапкер Альсидес Сагаррадан тәлім алған ол алдымен 1986 жылы өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Сол жылы Савон бар-жоғы он тоғызда еді. Ал 1987 жылы, жиырма жасында Феликс Америка құрлығын ұлы дүбірге толтыратын Панамерикалық ойындарда тамаша өнерімен дараланып, чемпион атанды. Іле-шала Әлем кубогы жолындағы айтулы сында да оның күрзі жұдырығына шыдас берер қарсылас табылмады. Бір жылдың ішінде екі бірдей үлкен додада топ жарғаннан соң Феликс Кубаның маңдай алды боксшысына айналды. 1989 жылғы Әлем чемпионатына алтыннан басты үміткерлердің бірі ретінде келген ол спорт мамандарының болжамын расқа шығарып, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Арада бір жыл өткенде Савон екінші мәрте Әлем кубогында үздік шықты. Мұнымен қоса АҚШ- тың Сиэтлінде алауы тұтанған Ізгі ниет ойындарында да Сагарра шәкірті жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Куба елінің жанкүйерлеріне үлкен жеңіс сыйлады.

1991 жылғы Әлем чемпионатына қатысқан кубалықтар дәстүрлі түрде жемісті өнер көрсетті. Қалың жанкүйер қара қабыландардың қатысуымен өтетін әрбір жекпе-жекті жіберіп алмауға тырысты. Әсіресе, Феликс Савонның өнерін тамашалауға ниет еткенедердің қарасы көп болады. Ал өз кезегінде Савон үміт артқан тілеулестерін жерге қаратпады. Барлық кездесулерін сәтті аяқтаған жиырма төрт жасар кубалық әлем чемпионы деген құрметті атаққа үшінші рет қол жеткізді. Сондай-ақ осы жылы Панамерикалық ойындардың екі дүркін жеңімпазы болып та танылды.
Әлемдік додадан өзіне шендесер қарсылас таппаған Феликс Испанияның Барселонасында өтетін Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындала бастады. Алдын-ала болжамдар жасауға құмар мамандар Барселонада топ жаратын боксшылардың арасына Савонды да енгізді. 1992 жылғы Олимпиада Савон үшін тым сәтті аяқталды. Бұған дейін барлық дерлік атақтарды иеленіп үлгерген талантты боксшыға Олимпиада чемпионы деген теңеу ғана жетіспей тұрған еді. Куба елінің үкілі үміті 91 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын тегіс ұтып, аталған олқылықтың орнын толтырды.
Жер шарының үздік боксшылары 1993 жылы кезекті әлем чемпионатында бас қосты. Бұл жарысқа әркім өз мақсат-жоспарымен келері анық. Томағасы жаңа сыпырылған жастарға ең алғашқы үлкен сынақ болса, талай сында шыңдалған тарланбоздардың кейбіреуі үшін бұл - бәлкім, Олимпиададағы сәтсіздіктің есесін қайтаруға берілген мүмкіндік болуы ықтимал. Тағы біреулер үшін ол - сол олимпиадалық додадағы жетістіктің жайдан-жай еместігін дәлелдеудің реті. Міне Олимпиада алтынының буына масаттанған Феликстің де әлемдік сайыста бір жыл бұрынғы жеңістің кездейсоқ келмегендігін дәлелдеуі қажет еді. Ол бұл жолы да ринг төрінде еркін ойқастап, әлемді төртінші рет мойындатты.
1994 жылы үшінші мәрте Әлем кубогын ұтты. Ал келер жылы ол өзін ғана емес сеніс артқан Куба халқын тегіс тағы да толағай табысқа кенелді. Алдымен Панамерикалық ойындарда топ жарып, Америка құрлығы үшін маңызы аса жоғары саналар осынау жарыстың үш дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар Савон өзі ең алғаш он тоғыз жасында бақ сынаған Әлем чемпионатына қайта қатысып, барлық жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Бұл - оның әлемдік додада бесінші рет топ жаруы болатын. Осы жылы оның қанжығасы Санкт-Петерборда өткен Ізгі ниет ойындарында да майланып,  алтын жүлдеге қол жеткізді.
1996 жылғы Атланта Олимпиадасына аттанған кубалықтардың басты үміттері боксшылары болғаны сөзсіз. Бостандық аралының өкілдері кез-келген салмақ дәрежесінде тек қана жүлде үшін бәсекеге түсері бесенеден белгілі. Алақандай елдің назары әсіресе Феликс Савондай ардақты ұлдарына ауғаны айдан анық. Сагарра әкелген шеберлердің осалы болмасы мәлім, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, сәуегейлік танытқандардың дені 91 келідегі бас жүлде Савонға тиесілі боларын айтысты. Дуалы ауыз мамандар қателеспеді де. Сагарраның сайыпқыраны өзімен қолғап түйістіргеннің бәрін сабады. Атланта көгінде Кубаның жалауы желбіреп, Әнұраны қалықтады. Талай намысты жанның жанарына жас үйірілді. Савон екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.  
Сол тұста ол өзі қатысқан жарыстардың бәрінде қарсылас шыдатпай, үздік шығып жүрді. Жеңілместей көрінген Савонға да жеңілістің ащы дәмі жақсы таныс. Бес рет қатарынан ұтқан Әлем чемпионатын алтыншы рет бағындыру Феликстің қолынан келмеді. Барлық кездесулерін жақсы аяқтап келген ол дәл орда бұзар отыз жасында опық жеді. Чемпионаттың уыста тұрғандай болған алтын жүлдесі сусып түсіп, өзгенің бағын ашты. Бұған еңсесін түсірген күміс жүлде бұйырды.
Ел ішінде «Савон қартайды»; «Дәуірлі шағы аяқталды»; «Бокспен қоштасқаны жөн ғой...» дегендей гу-гу әңгіме таралды. Отызға аяқ басқан боксшыға мүсіркей қарағандар да болды. Жұрттың бәрі «Ұлы боксшы енді қандай шешім қабылдар екен?» деп елеңдесті. Бірақ біраз үзілістен соң Савон ринг төрінен қайта көріне бастады. Алда 2000 жылы Сиднейде өтпек Олимпиада ойындары тұрды. Спорт сүйер қауым үшін төртжылдықтың басты оқиғасы саналар Олимпиаданың орны ерекше бөлек. Осы байрақты бәсекеде бақ сынар спортшы үшін де ол асқар шыңның ең биік нүктесі екені сөзсіз. Ал оны үш рет бағындыру - тек ұлылардың ғана қолынан келер іс, маңдайына бұйырар бақ. Бокста Сидней Олимпиадасына дейін осы биікке тек екі адам ғана шыға алған еді. Оның бірі - венгрдың біртуар ұлы Ласло Папп болса, екіншісі әрине кубалық Теофилио Стивенсон еді.
Сонымен спортшыларды сергелдеңге салған Сидней Олимпиадасы да басталды. Бұл сынға Куба бокс құрамасының көшбасшысы ретінде екі дүркін Олимпиада және бес дүркін әлем чемпионы Феликс Савон да түсті. Отыз үш жасқа қадам басқан ол Австралия жерінде жігері тасыған жас жігіттей өнер көрсетті. Әрбір жекпе-жек сайын ширай түскен Савон жартылай финалда 1999 жылғы әлем чемпионы америкалық Майкл Беннотты (Хьюстондағы чемпионатта төрелікке наразылығын білдірген Феликс осы Беннотпен күш сынасуы тиіс финалдан бас тартқан болатын), ақтық бәсекеде ресейлік Ибрагимовты ұтты. Шәкіртіне риза болған саңлақ бапкер Сагарраның қуанышында шек болмады. Өйткені сәті түсіп, кішкентай ғана аралдың екінші ұланы күллі әлемді тамсандырды, Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атанады.  
Ұлы жеңісінен соң Феликс Савон үлкен спортпен қош айтысуға мәжбүр болды. Оған AIBA - ның (Халықаралық әуесқой бокс федерациясы) ережесі себеп болды. Оның негізінде, жасы отыз төрттен асқан боксшылар халықаралық жарыстарға жіберілмейтін еді. Бірақ, Савонның рингтен көтеріңкі кеудемен кеткені анық. Куба бокс мектебінің абыройын аспандатып, даңқты отандасы Теоның жетістігін қайталады. Спортшы үшін Олимпиаданың үш дүркін чемпионы деген атақтан қымбат не болсын?

Феликс Савон 20- ғасырдың соңғы онжылдығының ең үздік әуесқой боксшысы болып танылды.
2009 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434