Ермекбаев ШЫҰ-да: Өңірлік қауіпсіздік һәм «Астана процесі»
Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлерінің кезекті жиын кеңесі өтті. Оған Қазақстанның Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев және Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан Қорғаныс министрлері қатысты.
Сонымен қатар, ШЫҰ Бас хатшысы, Өңірлік терроризмге қарсы құрылым басшысы мен Беларусь Қорғаныс министрі де қатысқан.
Саммитке қатысушы тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара байланыс пен әріптестіктің жоғары екенін атап өтіп, Халықаралық масщтабтағы, соның ішінде өңірлік қауіпсіздік мәселелері төңірегінде пікір алмасқан.
Әріресі, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен шекараласатын Ауғаныстандағы ахуалдың ушығуы, онда орын алып жатқан тәуекелдер мен қауіп-қатерлердің алдын алу, бейтараптандыру бойынша нақты әрі ықтимал әрекеттерді талқыға салған.
Жиынға қатысқан ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлемдік саясаттағы маңыздылығының артқанына тоқталып, өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне тоқталған.
«Бүгінгі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірдегі және әлемдік саясаттағы маңызы артты. Осы ұйымға мүше мемлекеттердің де іс жүзінде өңірлік, сонымен қатар, Халықаралық ұйымдармен, бірлестіктермен ынтамықтасуы уақыт санап нығаюда», - дейді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Министр Ермекбаевтың айтуынша, бұл жолғы кеңесте ШЫҰ шеңберінде мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытудың перспективалары, терроризмге қарсы күрес қимылдары, Ауғаныстандағы ахуалды талдау, дағдарысты жағдайларды бақылап, мониторинг жасау, алдын алу шараларын қабылдау, жекелеген секторлар бойынша өзара іс-қимыл форматтарын дамыту, соның ішінде жедел ақпарат алмасу секілді бірқатар мәселелер талқыланған.
Министр Ермекбаев әлемдік бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде Сүрия мәселесін мысал еткен. Ол «Астана процесі» барысында қол жеткізілген келісімдер мен уағдаластықтар аймақтағы ауқымды соғыс қимылдарын едәуір тоқтатуға ықпал еткенін айтқан. Өз баяндамасы кезінде, ҚР Қорғаныс министрі Ермекбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерге, соның ішінде Үндістан, Қытай, Ресей мен Пәкістанға коронавирус індетінін туындаған пандемия кезінде белсенді әрі нәтижелі ынтымақтастық көрсеткені үшін алғыс білдіріпті.
Ал ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзге де қатысушылары өңірлік серіктес ұйымдармен өзара іс-қимылдарды көбейту керектігіне тоқталған.
Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарының басшылары «Бейбіт миссия – 2021» деп аталатын терроризмге қарсы әскери командалық оқу-жаттығу жиынын бірлесіп өткізу жайын да ақылдасқан. Аталмыш шара Ресей жерінде биылғы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ қорғаныс ведомство басшаларының кезекті саммиті аясында Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-палковник Вей Фенхемен және аталмыш іс-шараға қатысушы өзге де мемлекеттердің Қорғаныс министрлерімен жекелеген кездесулер өткізген.
Министр Ермекбаев өзінің қытайлық әріптесіне коронавирус індетіне байланысты жарияланған пандемияға қарсы әрекет ету кезінде жүйелі және нәтижелі ынтымақтастық көрсеткені үшін алғысын жеткізіп, екі ел арасындағы өзара көмек елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға ықпал еткенін айтты.
Екі елдің Қорғаныс саласының басшылары Қазақстан мен Қытай Қарулы Күштері арасындағы жылдар бойы қалыпитасқан әскери ынтымақтастық, достық қарым-қатынастар бүгінгі таңда жоғары деңгейге екенін, сонымен қатар, қалыптасқан әріптестік байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларының бар екенін атап өткен.
ҚР Қорғаныс министрі Ермекбаев өз кезегінде Қытай қорғаныс министрі Вей Фенхені Қазақстанға ресми іс-сапармен келуге шақырды.
Сондай-ақ, аталған саммит аясында Беларусь, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан және Өзбекстан Қорғаныс министрлерімен де жекелеген кездесулер өтіп, бірқатар келіссөздер жасалған. Тараптар әскери білім беру, әскери тактикалық дайындық және қорғаныс саласының басқа да өзекті бағыттары бойынша әріптестікті нығайту мәселелерін талқылаған.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірқатар маңызды құжаттар қабылданған. Атап айтқанда, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық, өңірдегі қауіпсіздік, Ауғаныстан мен Ирактағы АҚШ пен НАТО әскери-бітімгерлік миссияларының аяқталуына байланысты болатын қауіп-қатерлердің алдын алу,т.б. мәселелер бойынша келісімдер жасалған. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша екі жылдық ынтымақтастық жоспары бекітіліп, бірлескен коммюнике қабылданған.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарының кезекті жиыны 2022 жылға деп бекітілген. Ол Өзбекстанда өтетін болады.
Ерғали Берікұлы
Abai.kz