Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4887 3 пікір 24 Тамыз, 2021 сағат 12:19

Cоттан басқа ар соты бар

Қабатовтың өзі сотталмайды. Оған қылмыстық айып жоқ. Бірақ, үшінші әрі тәуелсіз билік – соттан басқа ар соты деген бар. Қазіргі әңгіме ар сотының төңірегінде өрбіп тұр. Және қызына емес, тікелей Тұрсынбектің өзіне қатысты.

Қазақ қоғамын дүр сілкінткен – Тұрсынбектің қызы жалған құжатпен ұсталғанында емес, әкесінің "бұл әрекетті білмедім-естімедім" деп ант-су ішкенінде. Қабатов "қалың елім, осындай абайсыз іс болды. Білім саласы өзгеріске ұшырап, талап басқаша қойылған екен, ал менің қызым, тіпті ол емес, оны тестке дайындаған орталық соны білмеген екен. Бәріміз жаза басып, жаңылыппыз. Енді бұл жолмен жүрмеңдер, балаларыңды мұндай жолмен жүргізбеңдер" деп ағынан жарылғанда қоғам былай дүрлікпес еді.

Азаматтың беті ашық, алдағы жолы дұрысталар еді. Бар әңгіме істелген істі мойынмен көтеріп алуда ғой. Тұрсынбекте мүмкіндік болды. Бір емес, бірнеше рет. Басында қызы ұсталып қалғанда. Отбасында не болып жатқанын білуі керек еді. Қызынан полиция түсініктеме алады, одан кейін тергеуге шақырылған шығар. Соны әкесі екі ай бойы білмей жүре ме? Баласы не жағдайға тап болғанын естімесе, әп-әдемі болып бетіне сүйіп, оны әлеуметтік желіге жариялап жүргенінен не қайыр?!

Біздіңше, ол "жабулы қазан жабулы күйінде қалар" деп үміттенген, әрі солай істеуге талпынған шығар. Онда Тоқаев басқарып отырған мемлекетте мұндай оқиға тұрмақ он талдың заңсыз кесілгені талқыға түсерін білмеген. Жырқылдақ көрермені бар залдар мен телевизиядан басқа құралдар пайда болғанын, ол арқылы ақша табуға боларын аңғарғанымен, таяқтың әрдайым екі ұшы барын аңғармаған.

Оқиғаны бүкіл ел естіген күні келесі мүмкіндік болған. Ол: "Осылай болып еді. Аяғымды әнтек басыппын. Қалың елім, мен сияқты ыңғайсыз жағдайға тап болмай, бұдан былай бәріміз, бәріміздің ұл-қызымыз тура жолмен жүрейік" десе, қоғам арадай таламас еді. Қабатов онда Тоқаевтың адал, әділ мемлекет құруға деген талпынысын қолдаушы болып шығар еді. Ең бастысы өзі арылар еді. Жоқ, оның орнына әлдекімге WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы ұрысқан шоу жасап, батпақтың үстіне батпақ жабыстырды.

Қайнар Олжай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373