Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 2730 0 пікір 11 Маусым, 2012 сағат 09:16

ҰБТ-ның биылғы былығы

Иә, жыл сайын жаз шыға ҰБТ төңірегінде дау-жанжалдың шығатынына етіміз үйреніп алғаны рас. Биыл да солай. Тапа-тал түсте Астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте естіген адамның төбе шашын тік тұрғызатын оқиға болды. Анығырақ айтсақ, сол күні кезекшілік атқарған әйелдер (ең сорақысы сол, олар жәй адамдар емес, елорда мектептерінен шақырылған инспекторлар екен) ҰБТ тапсыруға келген өрімдей қыздарды тыр жалаңаш шешіндіріпті.

Ай мен күннің аманында білім сынағынан өтемін деп ар-намысы аяққа тапталған бойжеткендердің өздерімен, ата-аналарымен тілдесу үшін жолға шықтық. Астанадағы Бөгенбай батыр даңғылындағы Ғали Орманов атындағы №7 гимназияның ғимаратына бас сұққанымда күн түстен ауып кетіпті. Әуелгі іздегеніміз - мектеп директоры. Табалдырықтан аттай бергенімде жүзі жылы, денелі қазақ әйелі қарсы алды. Директордың өзі екен. Журналист екенімді айтып едім, әңгіме тиегін ағыта жөнелді.

Иә, жыл сайын жаз шыға ҰБТ төңірегінде дау-жанжалдың шығатынына етіміз үйреніп алғаны рас. Биыл да солай. Тапа-тал түсте Астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте естіген адамның төбе шашын тік тұрғызатын оқиға болды. Анығырақ айтсақ, сол күні кезекшілік атқарған әйелдер (ең сорақысы сол, олар жәй адамдар емес, елорда мектептерінен шақырылған инспекторлар екен) ҰБТ тапсыруға келген өрімдей қыздарды тыр жалаңаш шешіндіріпті.

Ай мен күннің аманында білім сынағынан өтемін деп ар-намысы аяққа тапталған бойжеткендердің өздерімен, ата-аналарымен тілдесу үшін жолға шықтық. Астанадағы Бөгенбай батыр даңғылындағы Ғали Орманов атындағы №7 гимназияның ғимаратына бас сұққанымда күн түстен ауып кетіпті. Әуелгі іздегеніміз - мектеп директоры. Табалдырықтан аттай бергенімде жүзі жылы, денелі қазақ әйелі қарсы алды. Директордың өзі екен. Журналист екенімді айтып едім, әңгіме тиегін ағыта жөнелді.
- Бұл тіпті айтуға аузың бармайтын арсыздықтың көкесі! - деп бастады сөзін Жанат Тұрысбекқызы Айтова. - Бір таңғаларлығы, сол арсыздық 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні орын алған. ҰБТ-ға барған оқушыларым мен олардың ата-аналары маған еңіреп жылап келді! Етегі жасқа толып, еңіреген жандарды көріп, орынбасарым екеуміз қоса жыладық! Жыламағанда ше?! ҰБТ-ға кірерде он екіде бір гүлі ашылмаған бейкүнә қыздарды тап бір жезөкшелерді тексергендей қорлап, мазақтаған! Ең сорақысы сол, тіпті етеккірі келген бір оқушыма: «Әй, қолыңа прокладкаңды алып көрсет!» - деп бұйырған. Мұндай масқараны әлі күнге жан баласы естіген жоқ?! Кеудесі жалаңаштанған бір қыз бала онысын екі қолымен жапқан көрінеді. Қорлаудың көкесі сол, іш киіммен тұрған қыздардың лыпасын тартып ішін қарап, резеңкесін жіберіп қалатын көрінеді. Мұндай қылмыс менің ақылыма сыймайды. Бүйткен ҰБТ-сы бар болсын! Мен сынақ тапсыруға барған әрбір оқушымның қолынан ұстап: «Ештеңеден де қорықпаңдар!» - деп қайрап шығарып салдым. Кіретін кезде олай тексеретінін білгенде, түгелін төңкеріп тастайтын едім! Ең алдымен маған білімнің деңгейі емес, әр баланың амандығы мен тәрбиесі қымбат. Бүгін жас қыздарымызды бүйтіп қорлатып қойсақ, ертең қандай ұрпақ өсіп шығады?! Өз ұрпағымызды өзіміз қорғай алмасақ, кім қорғайды?
Батыл әйел намыстан булығып, қызынып сөйледі. Одан кейін қыздардың бірнешеуімен сөйлестік. Алғашқы кейіпкеріміз - аталған гимназияның 11 «ә» сыныбының түлегі Жадыра Бекжанова.

ҰБТ «ұтты»

Жадыраның айтуынша, инспекторлар қыздардың ішкі киімінен шпаргалка іздеген көрінеді. Тура осындай «тінтуді» ер балаларға да жүргізген. Ешбір ақылға сыймайтын мұндай масқара бұрын-соңды ҰБТ-ның 9 жылдық тарихында тіркелмепті. О, тоба! Мұндай өрескелдіктен кейін оң мен солын әлі танып үлгермеген бозбалалар мен бойжеткендердің өз-өзіне қол салғанына неге таң қаламыз? Иә, бейкүнә бойжеткендердің ар-ұятын аяққа басып қана қоймай, болашақтан үмітін үзген мұндай масқара іс болды. Өзге емес-ау, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың өзі: «Аграрлық университетте ҰБТ тапсыру кезінде мұндай жағдайдың орын алғаны рас» деп мойындады. Үкіметтегі алқалы жиыннан соң, журналистерден бой тасалап бара жатқан министрге бір-екі сауалымызды қойып үлгердік.
- Мұндай масқараға жол бергендер жазаға тартыла ма?
- Ал, сіз қалай ойлайсыз? Әрине, бұл оқиғаны тексереміз. Содан соң, не істейтінімізді шешеміз.
- ҰБТ-ның қорытындыларына жалпы қандай баға бересіз?
- Бүгінгі күні ҰБТ-ның қорытындылары өте жақсы деңгейге көтерілді. Менің ойымша, биылғы жылы біз ҰБТ-ны өткізудің ең жоғарғы, ең қажетті деңгейіне жеттік.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, қыздарға жасалған қиянаттың көкесі әлі алда екен. Күзетшілердің қорлағаны аздай-ақ, агротехникалық университеттің ректоры өз оқушыларына араша түскен мектеп директорларын «Жұртты босқа дүрліктіріп жүр» деп кінәлапты. Сонда жазықсыз жапа шеккен бойжеткен қыздардың тағдырына кім араша түседі? Өрімдей қазақ қыздарының ар-ұяты қорланып жатқанда шара қолданбақ түгілі «Ол оқиғаны тексереміз» деп бейғамдық танытқан Бақытжан Жұмағұлов пен Қалмұханбет Қасымовтың өзі тексерушілерді жазаға тартуы керек. Айтпақшы, бұл ойымызды мәжілісшілер де қолдап отыр. Мәселен, мәжілісші Гүлжан Қарақұсованың айтуынша, бұл - заңсыз әрекет болғандықтан, қылмыс болып саналады. «Ал қылмыс болса, Қылмыстық кодексіміз арқылы жазаланады. Бұл - адамның ар-намысына қол сұғушылық. Тіпті одан да сорақы қылмыс! Сондықтан, Ішкі істер министрінің өзі бұл іске араласып, кінәлілерді жазаға тартуы керек», - дейді Гүлжан Жанпейісқызы. Оның әріптесі Светлана Романовскаяның пікірінше, ар-намысы қорланған әр қыз бала, әр ата-ана моральдық шығын талап етуге құқылы. «Қыздарды шешіндірген өрескелдік туралы БАҚ-нан естіп-білдік. Біз ҰБТ-ның нақты қорытындыларын күтіп отырмыз. Содан соң, өзіміз де мұндай оқиғаларға зерттеу жүргіземіз. Құзырлы министрліктер мен ведомстволардың өкілдерінен тұратын келісім комиссиясын құрамыз», - деді Светлана Юриевна. Оның айтуынша, жәбірленген кез келген оқушы, ата-ана нақты бір лауазым иесінен немесе адамнан моральдық шығын талап ету үшін сотқа шағым жазуға құқылы. Сол болса, өз кезегінде ондай жағдайларды мұқият қарап, тиісті шешім шығарады.

Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана

 

 

Тақырыпқа орай

 

Жадыраның әңгімесі:

«1 маусым күнгі болған жантүршігерлік оқиға әлі көз алдымда. Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетке ҰБТ тапсыруға сағат 09.00-де бардық. Бізді кіреберісте тексеріп тұрған формадағы әйелдер бір бөлмеге жұлқып кіргізді. Бір сұмдықтың болатынын сезгендей қалшылдап кеттім. Үстімдегі көйлегімді, тіпті іш киімдерімді де шешуге мәжбүрледі. Мен қарсылық көрсетіп, екі қолыммен кеудемді құшақтап алып едім, әлгі әйелдің бірі төстартқышымды жұлып алды. Ол - ол ма, қос анарымды қысып ұстап, шпаргалка іздеді. Бір кезде «Төменгі іш киіміңді де шеш!» деп бұйырды. Сол күні етеккірім келген. «Апай, менің етеккірім келіп тұр. Шешпей-ақ қояйыншы!» деп жалындым. Өзіңіз ойлаңызшы, ішкі киіміме шпаргалканы қалай тығып аламын? Әлгі әйел іш киімімді де шешіп, етеккірімнің келгенін де көрді. «Ендеше, прокладкаңды қолыңа ұста!» - деп қорлады. Мен мұндай қорлыққа қалай төземін? Бұл неткен айуандық? Сонда да ол іш киімімді түгел шешіп, тыр жалаңаштады. Екі қолымммен бетімді басып жылап жібердім. Бірақ, мен ешқандай жеріме шпаргалка тықпаған едім. Содан соң: «Тез киін!» - деп дауыс көтерді. Мынадай қорлықтан кейін сынақты қалай тапсырамын? Сонда да өзімді өзім қолға алып, бар білгенімді белгілеп шықтым. Балаларды қорғау күні біз осылай қорландық!»

Мақпал Майлыбаева:

«ҰБТ-ға кірерде төрт әйел (бірі - ақ халат киген гинеколог) бізді жезөкшелерді тінткендей тексерді. Ол күнгі қорланған күйімізді айтып-жеткізу мүмкін емес. Менің алдымда кірген қыздың іш киімінен шпор тауып алды. Содан кейін кірген барлық қыздардың іш киімдеріне дейін тексерді. Бір бөлек бөлмеге кірдім. «Киіміңді шеш!» - деп бұйырды. Кеудешемнің түймелерін ағытып, екі қолымды көтеріп тұрдым. Ұлты орыс бір инспектор: «Ноги по ширине плечь поставь!» - деп қатқыл үн қатты. Екі аяғымды солай қойдым. Бір кезде әлгі адам қолдарын барлық ұятты жерлеріме жүгіртті».

Әйгерім Бәкірова: «Тексеріп кіргізетін жерде мені үш әйел инспектор үш жақтап жұлқылады. Киімдерімді зорлықпен шешті. «Сіздер бұлай істеуге қақылы емессіздер!» деп едім: «Сен жап аузыңды! Өшір үніңді! Кімсің өзің?» деп тыйып тастады. Сөйтті де, белдемшемді көтеріп тексерді. Сол сәтте өзімді ҰБТ тапсырушы түлек емес, қылмыскер адамдай сезіндім. Шыдамым таусылған соң: «Әй, тоқтатыңдар бұларыңды? Заң қайда?» деп едім: «Сенің заңыңның атасына нәлет!» - деді біреуі. Сол орнымда қалшылдап тұрып қалыппын. Тіпті сол күні біреуді өлтірген қылмыскердей сезімде болдым. ҰБТ-ға берілген үш сағат бойы не оқып отырғанымды білмедім. Екі қолым дірілдей берді. Сонда деймін-ау, бізді қорлағанына рақаттанатындай олар кімдер еді? Қатты қорыққаным соншалық, олардың түрлерін де ұмытып қалыппын».

Айдана Жүнісова:
«Өз басым ҰБТ-ға емес, фашистердің концлагеріне кіріп бара жатқандай болдым. Өйткені, ол жердегі инспекторлардың мақсаты - бізді емтиханға кіргізу емес, шпаргалка табу операциясын атқару болды. Тағы бір сорақылықты айтайын. Инспектор әйелдер үстіміздегі киген киіміміз үшін қатты ұрысты. Өйткені, мен көйлек киіп барған едім. «Мұндай көйлекті неге киесің? Сені қалай шешіндіреміз?» деп дүрсе қоя сөйледі. Мен сасқанымнан: «Артымда замогым бар» деппін. Біреу замогымды ағытып, төстартқышымды көтеріп, қос анарымның айналасын тексерді».
Айдананың анасы Гүлшат Жүнісованың айтуынша, ҰБТ-дан шыққан қызы екі күн бойы басы ауырып жатыпты. «Қатты қорыққандықтан, психологиялық ауыр жағдайды басынан кешті. Мен қызымның өмірі үшін қатты уайымдадым. ҰБТ тапсырған күні: «Мен өз өмірімнің соңғы күндерін сүріп жатқан сияқтымын» деп сандырақтаған кездері де болды», - дейді шарасыздықтан шаршаған анасы Гүлшат. Ал қорланған қыздардың бірі - Қаракөзайым Әбілованың анасы Майраш апай: «Қазір ҰБТ деген әр отбасының трагедиясына айналды. Бұл бассыздыққа, шектен шығушылыққа кім жауап береді? Ол күні біздің балаларымыз екі үлкен соққы алды. Бірі - анадай шешіндіріп қорлау, екіншісі - тесті сұрақтарының толық ауысып кетуі. Тіпті сол күннен бері психологиялық соққы алған балаларымыздың жанынан шыға алмай отырмыз. Қатты жәбірленгендіктен, өздеріне қол сала салуы да оңай. Біздің бұл қасіретімізді кім түсінеді?» - деп жылағанда етегі жасқа толды.

Атырау облысы: ҮШ БАЛА тестілеуден ТЫС ҚАЛДЫ

Атырауда ұлттық бірыңғай тестілеу 3 маусымда басталды. Бұл күні Атырау қаласындағы кейбір мектептердің және Жылыой, Қызылқоға, Мақат пен Махамбет аудандарының түлектері он бір жыл алған білімдерін сарапқа салды.

Алғашқы күні «Алтын белгіден» үміткер саналған 92 мектеп бітірушінің 31-і ғана білімдерін дәлелдей алды. Ал он баланың бір ғана балы жетпей қалып, апелляция беруге мәжбүр болды. Сондай-ақ «Үздік аттестатқа» үміткер 42 талапкердің сегізінің де бір-екі балы кем шығып, шағымдануға тура келді.
Жалпы, жылда үздік нәтижесімен көрініп жүрген қаладағы қазақ-түрік лицейінде төрт түлектің «Алтын белгіге» бір балы жетпей қалыпты. Енді оларға да шағымдануға тура келеді.
Махамбет ауданында үш бала ҰБТ тәртібін бұзғандықтан, тест алаңынан аластатылды.
Ал бұл күні Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейді қазақ сыныбы бойынша бітірген Ақбота Сәрсенова 124 балл жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті. Бір қызығы - бұл қарындасымыз «Алтын белгіден» де, «Үздік аттестаттан» да үміткер емес. Халықаралық та, республикалық та пән олимпиадаларында жеңімпаз болмаған. Міне, мектепте қарапайым ғана оқушы болған Ақбота мықты саналған тұрғыластарынан оқ бойы оза шауып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Осының өзі біздегі білім беру жүйесінде әлі де кемшіліктер барлығын көрсетпей ме? Оның үстіне, түлектер тарих пәніне қатысты түсініксіз сауалдардың көп екендігін айтады. Сонау алтыншы сыныпта оқыған ортағасырлық кезеңнен сұрақтар кездескен. Мұны Астанадағы Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетіне барғалы отырған Ақбота Сәрсенова да жоққа шығармайды.
Әзірге «құлап қалғандар» туралы мәлімет жоқ. Өйткені, көп нәрсе әлі нақтылануда. Әйтсе де, ебін тауып ұялы телефонды тығып өткізіп жатқандар бар. Әсіресе, қыздардан қулық артылған ба, олар, тіпті екі-үш телефонды алып өтпек болатын көрінеді. Біреуін тапса, екіншісі қалады емес пе?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Ақтөбе облысы: «Қулығын асырмады» немесе ҰБТ сынағы ақтөбелік түлектерге ерекше ауыр тиді.

Тесттен «бағы жанған» болмаса оңбай «сүрінген» оқушылардың дені биыл тарих пен математика пәнінің сұрақтары «түсініксіз» болғанын айтады. Күзетшілер арнайы металл іздегіш құрылғымен түлектерді тексергендіктен, ешбірі «шпаргалка» мен ұялы телефонның «көмегіне» жүгіне алмапты. Алайда, осы ережелерді бұзған «алаңғасар» екі түлек аудиториядан қуылды.
Жылдағыдай жылаған, құлаған болмаса налыған оқушылардың қатары биыл да көп кездесті. Байқағанымыз, тест тапсырушылар бұл жолы математика, тарих пәндерінен «әлсіз» екендіктерін байқатты. Тіпті №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушысы қазақ тілі пәнінен 1 балл жиып, екі алды...
Біз есік алдында жол тосып тұрған түлектердің жақындарымен тілдескенді жөн көрдік. Сәлима есімді ана кенже қызы тест тапсыратын болған соң алаңдап осы жерге келіпті. Әңгімесін білім саласындағы басшыларға ренішінен бастаған ана жыл бойы тек тест жаттаумен шұғылданған балалардың білімінің жоғары болатынына күмәнмен қарайтынын жасырмады.
- Осы ҰБТ-ны неге алып тастамайды екен басшылар? Анығын айтайын, мен осы күнгі балалардың оқығанына таңғаламын. Мысалы, менің қызым жыл бойы тест жаттаумен жүрді. Оның бірде-бір әдеби кітап оқығанын, болмаса сызу сызып, есеп шығарғанын көрген емеспін. Арнайы тест жинағы мен базардан «шпаргалкаларды» сатып алып, жата-жастана жаттады. Енді күзетшілер балаларды түгел тексеріп, арнайы құрылғы орнатып қолдарындағы «шпаргалкалары» мен телефондарын алып қалып жатыр. Бала абдырап тұрғанда мұның барлығы «ауыртпашылық» ғой. Балалар тест басталады дегеннен не ұйқы көрмейді, не жөнді тамақтанбай сарыуайымға салынады, - деді Сәлима ана.
Сынақ тапсырушы «Новый» орта мектебінің түлегі Лаура Мұхамеджанова тест сұрақтарының қиын болғанын сөз етті. Ол да қатарластары сияқты қалтасына ұялы телефон жасырған екен, бірақ орнатылған арнайы құрылғыдан «қулығын асыра» алмапты.
- Біз жыл бойы «Талапкер» кітабы бойынша дайындалған едік, бірақ тест сұрақтары мүлдем басқаша болды. Әсіресе, тарих пен математика пәндерінің тапсырмалары күрделі. Базардан әрқайсысын 800 теңгеге сатып алған «гармошкалы шпорымыз» кәдеге аспады. Сондықтан әр оқушы өз біліміне сенді. Мен 77 балл жинадым, - дейді Лаура Мұхамеджанова.
Ақтөбе облысы бойынша 5573 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. «Алтын белгіге» үміткер 312 оқушының әзірге 106-сы үмітті ақтады. Алайда, бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін. Себебі, өңірде апелляция шарасы өтіп жатыр. Оқу жылында халықаралық олимпиадаларға қатысқан 54 оқушы министрліктің шешімімен сынақтан босатылыпты.

Айгүл ЖҰБАНЫШ

Қарағанды облысы: БАС КИІМІМІЗДІ БАСЫМЫЗДАН АЛМАДЫҚ...

Өткен жылғы ҰБТ-ны қарағандылықтар ұмыта қоймас. Бір емес екі бірдей ұланымыз ең жоғарғы 125 балды жинап еді-ау. Бас киіміміздің қайда қалғанын білмей қалғанымыз. Білетініміз, әйтеуір аспанға атқанбыз. Биыл ол дәуреніміз болмай тұр. Бас киіміміз орнында.
Қарағанды облысы бойынша осы жылы ҰБТ-дан өтуге 6873 өтініш түскен. Бұл мектеп бітірушілердің 74 пайызын құрайды. ҰБТ-ның алғашқы екі күнінде тізімінен 68 талапкер алынып тасталған. Олардың 30-ы - халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары. Қалғандарының жайы белгілі, өз еркімен бас тартқандар... «Алтын белгіден» 313, «Үздік аттестаттан»174 бала үмітті.
- «Алтын белгі» мен Үздік аттестатты дәлелдейтін межеден көріне алмағандар бар. Бірақ олардың нақты санын қазір айта алмаймыз. Себебі, олардың кейбірінің өтінішін апелляциялық комиссия қарап жатыр, - дейді облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Б.Әдекенова.
- Былтырғы деңгейден шыға аламыз ба? - дейміз біздер.
- Шамамен 10-13 балға төмен, - дейді Б.Әдекенова.
- Меже табалдырығына жетпеушілер саны бізде 33 пайызға дейін барып отыр. Былтыр бұл 20 пайыздан аспаған болатын. Алтын белгіден үміттілердің үштен бірі дәрменсіздік көрсетті, - дейді Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Е.Аймағанбетов.
Әзірше Қарағанды облысының бағындырған биігі - 123 балл. Бұл көрсеткішке дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің түлегі І.Айтқожина жетті.

Төрехан МАЙБАС

«Жас қазақ» газеті

 

0 пікір