Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
5045 7 пікір 1 Қыркүйек, 2021 сағат 14:01

Жолдау: Орыс тілі, территория, атом энергиясы

Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына кезекті Жолдауын арнады. Жолдау Парламент отырысының ашылу сессиясында айтылды. Президенттің Жолдауда айтқан маңызды мәселелерді қысқаша былай топшылауға болады. 

Тіл мен қоғамдағы қатынас

«Біз заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қарсы мұндай жауапсыз қадамдар елдің негізгі мүдделеріне нұқсан келтіреді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл салада нәтиже бар.

Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Бұл табиғи құбылыс, сондықтан, қазақ тілінің өрісі шектеулі деп айтуға негіз жоқ. Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Оны қолдануға біздің заңнамаға сәйкес кедергі келтіруге болмайды», - деді Мемлекет басшысы.

Осы арқылы елдегі соңғы уақыттағы Ресей тарапынан айтылған «орыс тілі мәселесі» деген сұраққа да нүкте қойғандай болды.

Аумақтық тұтастық пен радикализм, этностар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты да айтылды.

«Этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы әрқашан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болған және бола береді. Бұл тәсілді қазақстандықтардың абсолютті көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтар үшін келісім, толеранттылық - бұл өмірдің өзі, мәдениеттер мен тілдердің араласуы.

Біз Конституция бойынша біртұтас ұлтпыз. Және бұл біздің сөзсіз күшіміз. Пікірлердің плюрализмін сақтай отырып, біз сонымен бірге, радикализмнің кез келген түрін қатаң түрде жоямыз. Біз мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз», - дейді Тоқаев.

Бұл Ресей тарапынан соңғы екі жылда айтылып келе жатқан аумақтық тұтастыққа қатысты негізсіз мәлімдемелері қарсаңында айтылып отыр.

Әлеумет

«Елімізде ең аз жалақы көлемі 2018 жылдан көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына салдарын тигізді. Оның үстіне ең төменді жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар мемлекеттерінен қалыс қалған. Осы орайда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге арттыру туралы шешім қабылдадым. Аталған бастама 1 млн-нан астам қазақстандықты қамтиды. Бұл өз кезегінде көлеңкелі жалақы мәселесін жойып, ел экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді. Және сарапшылардың пікірінше бұл ЖІӨ-ді 1,5 есе артуына ықпал етеді», - деп мәлімдеді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау барысында.

Бұл әрине жақсы. Алайда инфляция көлемі мен бағаның өсуі, мемлекеттік сектордың баға тұрақтандыру саясатының әлсіздігі оны тиімді ете ма екен деген сұрақ туындайды.

Президент ауыл шаруашылығының маңызды екенін де атап өтті. Тоқаев азық -түлік бағасы туралы айтты. Оның айтуынша, азық-түлік бағасына бірыңғай бақылау орнату қажет.

«Бұл нарықты монополиялауға болмайды. Бұл жағдайды істі ретке келтіретін уақыт жетті», - деді Президент.

«Цифрландыру Қазақстан үшін маңызды. Кем дегенде 100 мың IT мамандарын дайындау қажет. Мемлекеттік органдардың бизнес-процестері цифрландырылуы тиіс. Көршілес мемлекеттерге қызмет көрсетуі тиіс қазіргі заманғы деректерді өңдеу орталықтарын құру қажет. Қазақстан цифрлық хабқа айналуы керек», - деді Президент. Сондай-ақ, ол халық 100 пайыз қызметті телефон қосымшалары арқылы іске асыра алуы тиіс деп санайды.

Сонымен қатар, Президент баспана мәселесін де көтерді.

«Мен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бастамасының оң динамикасы туралы айттым. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кейіннен тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банк» есепшотына жеткілікті шегінен көп мөлшерде аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын», - деді Тоқаев.

Білім

Ел басшысы білім саласына үлкен мән беретінін көрсетті. Атап айтқанда мамандық таңдау жағы мен оны жетілдіру жағы маңызды. Себебі көптеген жастардың алып жатқан мамандығы оқу бітіргенге дейін қажетсіз мамандық болып қалуы мүмкін.

«Жаһандық өзгерістер жағдайында, бітіруші еңбек нарығына шыққанға дейін алған білімі ескіруі ықтимал. Сондықтан, тиісті министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа шындыққа бейімдеу бойынша шұғыл міндет тұр»,  - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, пандемия кезінде қашықтықтан оқыту нәтижелері ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігінің жеткіліксіздігін көрсетеді.

«Бұл бастапқы білімі жоқ студенттердің көп болуына әкелді. Тағы бір үлкен проблема туындады, тіпті оны қиындық десек те болады, балалар мектептен кетуді қалайды, себебі оқудың қажеттілігін көрмейді. Үкіметке бұл мәселеге байыпты қарау тапсырылды. Атап айтқанда, қашықтан оқыту форматы үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру керек. Біздің білім қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Мектеп салу мәселесін де тілге тиек етті. «Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы - мектептерде орын жетіспеушілігі болып отыр. 225 мың орын тапшы. Шұғыл шаралар қолданылмаса, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салуға тапсырма берген едім. Бүгін 1000 мектепке дейін жеткізу міндетін қоямын», - деді Президент Қазақстан халқына жолдауында.

Энергия

Қазақстанда алдағы уақытта энергия тапшылығы болуы ықтимал. Оны Президент өз Жолдауында атап өтті.

«2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болады. Әлемдік тәжірибе шығудың ең оңтайлы жолын ұсынады, ол бейбіт атом. Әрине бұл сұрақ оңай емес, сондықтан оны шешуге мүмкіндігінше рационалды түрде, эмоциясыз қарау қажет. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жыл ішінде Қазақстанда қауіпсіз және экологиялық таза атом энергиясын дамыту мүмкіндігін зерттеуі тиіс», - деп тапсырды Тоқаев ел халқына Жолдауында.

Президенттің айтуынша, бұл мәселені біздің елде білікті ядролық инженерлердің жаңа буынын қалыптастыру тұрғысынан қарастыру қажет.

«Перспективалы бағыт - жасыл сутекті, жалпы сутегі энергиясын өндіру. Үкіметке осы мәселе бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Саясат

Тоқаев аудан әкімдерін сайлауға қатысты да айтты. Бұған дейін Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау басталған болатын.

«Бұл былтырғы жолдауда мен ұсынған саяси реформаның іргелі сәті. Бұл шешім ауыл тұрғындарының мүдделеріне тікелей әсер етеді, яғни қазақстандықтардың - 40 пайызы. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы халық пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлайтын деңгейде болады. 

Сауалнама көрсеткендей, жұртшылық ауыл әкімдерінің сайлануын қолдайды. Бұл маңызды қадам, оған мұқият және жүйелі түрде қарау керек. Біз бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты түсінуіміз керек. Менің ойымша, ауылдарда әкімдер сайлауын өткізу қажет», - деді ол.

Жолдауда ауыз су мәселесіне қатысты:

«БҰҰ алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Сондықтан, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таса ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Тоқаев.

Ұлттық геологиялық қызмет құруды да тапсырды.

«2025 жылға қарай орта мерзімді мақсат - өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға дейін арттыру. Геологиялық білім төмен деңгейде. Инвесторлардың сапалы идеологиялық ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту қажет. Бұл үшін ведомствоға бағынышты ұйым негізінде тиімді Ұлттық геологиялық қызмет құру керек», - деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Ал ең маңыздысы, президент Ұлттық қорға қолды көп салмау керектігін айтты.

«Негізінен, мемлекеттік қарыздың аздығына және елеулі резервтердің болуына байланысты, Қазақстан пандемия салдарын салыстырмалы түрде сәтті еңсеріп келеді, бұл біздің бәсекеге қабілетті артықшылығымыз, енді оны жоғалтпау маңызды. Алайда соңғы уақытта шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан трансферттер көбейетін үрдіс пайда болды. Өмір бойы бұлай жалғаса бермейді. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес.

Әрине, бюджет кірісін ұлғайту шаралары қажет. Бірақ бізге бірінші кезекте мемлекеттік шығындар көлемі мен тиімділігін бақылау қажет. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені іске асыруды жеделдету қажет, сәйкес заңнамалық түзетулер 2021 жылдың аяғына дейін қабылдануы тиіс.

Жалпы алғанда, елге мемлекеттік қаржыны, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын, Ұлттық қорды басқарудың бірқатар ережелері қажет. Мен үкімет пен Ұлттық банктен жыл аяғына дейін мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын дайындауды сұраймын», - деп тапсырды Президент.

Abai.kz

7 пікір