Сенбі, 19 Қазан 2024
Жаңалықтар 2433 0 пікір 14 Маусым, 2012 сағат 09:52

Шекарадағы шырғалаң немесе жұрттың аузында жүрген қай генерал?

 

Қазақ-Қытай шекарасындағы қанды қасап­қа қатысты мәселе ушығып барады. Ушықпағанде ше, билiктегiлер әлдененi бүлдiрген­дей бүгежектей берсе. Құзырлы органдар шындықты жасырған сайын өсек өршiп, оның жалыны президент Н.Назарбаевтың өзiне де тиiп жатыр... 14 шекарашы мен қорықшының өлiмiне қатысты ресми ақпаратқа ешкiм сенген жоқ. Тiптi "тордағы бұлбұл" Ертiсбаевтың өзi де. Той-томалақ пен өлiм-жiтiмдi талғай бермейтiн ертiсбаевтар "Норвегияда Брейвик деген бiреу жетпiстен астам адамды бiр өзi қырып салмады ма?!" деп өрекпiгенiмен, өз өтiрiгiне өзi сенбейтiнi көзiнен көрiнiп тұрды.

"КУӘГЕРЛЕРДIҢ КӨЗIН ҚҰРТЫП ЖАТЫР"

Кеше газет шығарудың қамымен абыр-сабыр боп жатқанымызда редакцияға Алакөл ауданының Үшарал қаласынан бiр оқырманымыз телефон соқты. Аты-жөнiн айтқысы келмедi. Ол бүй дейдi: "Үшарал қаласы адам танымастай өзгерiп кеттi. Қала емес, әскери гарнизон дерсiң. Айтпағым - Алакөл ауданында әскерилер бiрi­нен соң бiрi өлiп жатыр. Бұдан бiр-екi күн бұрын ғана Үшарал - Достық тас жолында әскерилер мiнген жеңiл көлiк өзенге құлап, бiр жа­уынгер қаза болды. Тағы бiр­неше адам жоғалып ке­тiп­тi. Осы сендерге күдiктi көрiнбей ме? Менiңше, бұлар куәгерлердiң көзiн құртуда. Менiң ұлым да - офицер. Соған уайымдаймын...".

 

Қазақ-Қытай шекарасындағы қанды қасап­қа қатысты мәселе ушығып барады. Ушықпағанде ше, билiктегiлер әлдененi бүлдiрген­дей бүгежектей берсе. Құзырлы органдар шындықты жасырған сайын өсек өршiп, оның жалыны президент Н.Назарбаевтың өзiне де тиiп жатыр... 14 шекарашы мен қорықшының өлiмiне қатысты ресми ақпаратқа ешкiм сенген жоқ. Тiптi "тордағы бұлбұл" Ертiсбаевтың өзi де. Той-томалақ пен өлiм-жiтiмдi талғай бермейтiн ертiсбаевтар "Норвегияда Брейвик деген бiреу жетпiстен астам адамды бiр өзi қырып салмады ма?!" деп өрекпiгенiмен, өз өтiрiгiне өзi сенбейтiнi көзiнен көрiнiп тұрды.

"КУӘГЕРЛЕРДIҢ КӨЗIН ҚҰРТЫП ЖАТЫР"

Кеше газет шығарудың қамымен абыр-сабыр боп жатқанымызда редакцияға Алакөл ауданының Үшарал қаласынан бiр оқырманымыз телефон соқты. Аты-жөнiн айтқысы келмедi. Ол бүй дейдi: "Үшарал қаласы адам танымастай өзгерiп кеттi. Қала емес, әскери гарнизон дерсiң. Айтпағым - Алакөл ауданында әскерилер бiрi­нен соң бiрi өлiп жатыр. Бұдан бiр-екi күн бұрын ғана Үшарал - Достық тас жолында әскерилер мiнген жеңiл көлiк өзенге құлап, бiр жа­уынгер қаза болды. Тағы бiр­неше адам жоғалып ке­тiп­тi. Осы сендерге күдiктi көрiнбей ме? Менiңше, бұлар куәгерлердiң көзiн құртуда. Менiң ұлым да - офицер. Соған уайымдаймын...".

Аты-жөнiн айтқысы келмеген оқырманымыз көп нәрседен хабардар сияқты көрiндi. Суыртпақтатып сыр тартып көрiп едiк, "бас жаққа" барысқысы келмедi.

Апыр-ай, ә! Бiрден ком­пью­тердiң тiнтуiрiне жармасып, бұған қатысты қасаңдау бiр ақпарат таптық. Алматы облыстық IIД-нiң баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет былай дептi: "Алматы облысының Үшарал - Достық тас жолында үш әскери адам жол апатына ұшырады. "Мерседес" көлiгiнiң аударылып кетiп, суға құлауының салдарынан 1969 жылы туған әскери адам қаза болды. Оның денесiн судан құтқарушылар алып шықты. Жарақаттанған тағы бiрiне медициналық көмек көрсетiл­ген соң, үйiне қайтарылды. Кө­лiк­тiң жүргiзушiсi мен Үшарал қаласында қызмет ететiн та­ғы бiр офицер iз-түзсiз жоғалып кеткен".

Баспасөз хатшысының сөзiне сенсек, "әскерилер мiнген көлiк енi 3 метрлiк өзенге құлап түскен. Өзен­нiң ағысы қатты болғандықтан, көлiктi ағызып әкеткен. Жоғалған әскери­лердi құтқарушылар iздеп жатыр, өзеннiң көлiк құлаған арнасы бекi­тiлдi".

Бұл кездейсоқтық па, әлде әдейi жасалған қастандық па? Соңғы күндерi Алматы облысының Алакөл ауданында түсiнiксiз жағдайлар болып жатыр. Алдымен "14 адамды өлтiрген - осы" деп, бiр қазақ жiгi­тiнiң суретiн таратты. Одан кейiн 19 жастағы жасөспi­рiм­дi "құлағынан сүйреп әкеп" қылмыскер жасады. Мұнан соң әскерилер жоғалып, тағы бiрi өлдi. Түсi­нiксiз...

 

БҰЛ НЕ ҚЫЛҒАН "ЛЕКСУС"?

Сенбi күнi Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасы "Арқанкерген­дегi" оқиғаға қатысты заттай айғақтарды көрсеттi. Әскери прокурор Дастан Секенов айғақ ретiнде капитан Кере­ев­тiң тапаншасы, күртесi мен шалбары, ноутбугi, ұялы телефондары және 12 мың теңге­сiн көр­сететiнiн ескерттi. Бұл заттардың бәрi де Владислав Челахтан алынған. Жұрт мұның бәрiне жай ғана көзбояушылық деп қарайтын едi, тек та­ғы бiр түсiнiксiз жайт болмаса...

Тергеушiлер бiр жауын­гердiң неке сақинасын тауып алған. Сақинаны қаза болған азаматтың жары таныған. Сақинаға тiлдей қағаз iлiп, қай күнi, қай жер­ден табыл­ғанын жазған. Онда былай дейдi: "Кольцо изято 09.06.12 при осмотре а/м "Лексус"               В 311СХО опознание А.Иман­баевой".

Жұртты күдiк­тен­дiрген де осы. Бұл не қылған "Лексус"? Шекарашылардың тауға "Лек­суспен" барғанына күмә­н зор. Оның үстiне сақинаны тек 9 маусымда ғана тапқаны да күдiктi. Бұрнағы күндерi бiр­қатар басылымдарда оқиға болған жердiң төңiрегiнде әлдекiмдердiң нөмiрi жоқ бiр джиптi өртеп кеткенi айтылған-ды. Мұны Пекинде президент Н.Назарбаев та сөз еттi. Ендеше, бұл қымбат көлiктiң кiм­дiкi екенi неге жарияланбайды?

Тағы бiр сәйкессiздiк көзге ұрып тұр. "Челах өз ер­кiмен берiлген жоқ, оны шекарашылар наряды ұстады", - дедi әскери прокурор Д.Секенов.

Алғашқыда "Челах өзi кел­дi" деген ақпар тараған. Ар­тынан iшкi iстер министрi Қалмұхамбет Қасымов "Челахты қыстауда тығылып жат­қан жерiнен бiз ұстадық" дедi. Сонда Челахты кiм ұс­таған? Шекарашылар ма? Әлде полицейлер ме? Бәлкiм, бiрiгiп ұстаған шығар? Онда неге әрқайсысы "көрпенi" өзiне тартады? Кiмнiң сөзiне сенемiз: әскери прокурордың ба, министрдiң бе?

 

ҰҚК ТӨРАҒАСЫ НЕНI МӘЛIМДЕДI, ПРЕЗИДЕНТ НЕ IСТЕДI?

2006 жылы мемлекет және қоғам қайраткерi Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның се­рiктерiне қастандық жасалғанда ҰҚК-нiң сол кездегi төрағасы Н.Дүтбаев президент Н.Назарбаевқа жағдайды мәлiмдедi дейтiн әңгiме есiңiзде ме? Мұны президенттiң қызы Д. Назарбае­ва өзiнiң "Дежавю" дей­тiн атышулы мақаласында жазған. Ол сонда былай деген: "2006 жылдың ақпаны... ҰҚК-нiң төрағасы Н.Дүтбаев бiрден жағдайды мемлекет басшысына мәлiмдеп, қастандыққа қатысты өзiнiң болжамын айтқан: не - Рахат Әлиевтiң, не - Тимур Құлы­баев­тың, не - Қайрат Сатыпалдының қатысы бар...".

Мұны не үшiн айтып отырмыз? Ел арасында мынадай да әңгiме жүр: "Қа­зақ-Қытай шекарасындағы оқиғадан соң ҰҚК-нiң қазiргi төрағасы Н.Әбiқаев­ты президент шақырып алып, жағдайды мәлiм­деудi талап еткен. Әбiқаев бұл қылмысқа қай генералдың қатысы бар екенiн айтқанда президент сылқ етiп орнына отыра кетiптi-мыс".

Мiне, өсек-аяң прези­денттiң өзiн де шарпыды деуiмiздiң себебi - осы. Егер шынайы ақпаратты жасыру осылай жал­ғаса берсе, бұдан зорғысын естимiз әлi.

 

"ЕСIРТКI ЖОЛЫ"

Үшаралға барып, неме­ресiне жолығып қайтқан ақсақал Владимир Челах Алматыда баспасөз мәслихатын өткiзiп, мәлiмдеме жасады. Владимир Челахтың сөзiнше, ол Влади­славқа: "Владик, ұлым, сенiң жазықсыз екенiңдi бiлетiн адамдар бар. Егер сенi бiреулер қорқытса - қорықпа", - дептi.

Сондай-ақ ол "Арқанкерген" шекара бекетiнiң тұсынан "есiрткi жолы" өтедi деп есептейдi. Челахтың атасы ресми айыпты түбегейлi мойындамайтынын мәлiм­дедi. "Әлдекiм өздерiнiң берекесiз әрекеттерiн жасырып отыр. Неге екенiн айтайын. Маған қорықшының екi күн бұрын - 30-ына дейiн оққа ұшқанын айтты. Яғни оқиға шекарашылар постқа келмей тұрып болған. Шекарашылардың постқа қай күнi келгенi жария етiлмейдi. Баспасөздiң жазуынша, олар 28-i күнi келген. Менiң ойымша, немеремдi пайдалану арқылы әлдекiмдер қылмысының iзiн жасырған", - дейдi ол.

Владимир Челахқа "Ар­қанкергенде" "есiрткi жолы" өтетiнiн кiм айтқан? Неме­ресi айтты ма, әлде бұл жұрт аузында жүрген сөз бе?

Аса ауыр қылмысқа қа­тысты ойымызды бiр түйiп тастайтын тұсқа жеткен сияқтымыз. Тергеудiң болжамдарына жұрт сенбейдi, сен­дiру мүмкiн де емес. Ал ендi жоғарыдағылар жұрттың "аузына қақпақ қойғысы келсе", кiнәлiнi шенi мен шекпенiне қарамай жауапқа тартуы керек. Егер бұлай етпесе, халық аса ауыр қылмысты ашылды деп есеп­темейдi. Дәл Зәкең мен Алтекеңе қастандық жасалған кездегiдей...

 

Бас прокуратура Владислав Челахтың он төрт адамды қалайша жайратып салғанын жiпке тiзiп берсе де, оған сенетiндердiң қатары аз. Қарапа­йым халықты былай қойғанда, сарапшылар мен осы салаға бiртабан жақын әскери адамдардың өзi ресми дерекке күмән келтiредi. Төменде бiрқатар белгiлi адамдардың пiкiрiн ұсындық.

 

Николай КРЕМЕНИШ,

КСРО батыры, Ауған соғысының ардагерi:

- Ең бiрiншi, атыл­ған оқтардың қанша қарудан атыл­ғаны белгiсiз. Сонымен қатар автомат атылғанда, оның үнiн естiмеу мүмкiн емес. Барлық сарбаздарды пышақтап тастады десе, сөз басқаша. Ал мынау қылмыс бойынша әрбiр әскери азаматты автоматпен өлтiрген деген дерек бар. Сонда қалай? Сарбаздар өзiнiң кезегi келгенше В.Челахтың өзiне оқ атуын күтiп жатқаны ма? Мен В.Челахтың бұл қылмысты жасағанына үлкен күмәнiм бар. Бiрiншiден, қылмыс жасаған сарбаздың психикасына қатыс­ты болжамдар айтылуда. Расында Владиславтың психикасында ауытқушылықтар бар болса, онда әскери комиссия қайда қарады? Әрбiр азаматтың денсаулығын жiтi тексеру - әскери комиссияның мiн­детi. Сонда денсаулығында кiнә­раты бар баланы әскерге жiбергенi ме? Жалпы, Арқанкерген оқиғасына қатыс­ты ақпарат өте аз. Сондықтан қазiр нақты пiкiр айту да қиын. Десек те, менiң пайымдауымша, сарбаздарды шекара бекетiне барғанда-ақ әл­де­кiмдер күтiп алған сияқты. Әйтпесе, серiктерiн жайратып салды деген В.Челахтың өзiмен бiрге автомат емес, тапанша алуы қалай? Мәселен, мен Владиславтың орнында болсам, бiрден автоматты ала кетер едiм. Қорыта айтқанда, қылмысты тексерудiң қазiргi беталысы қисынсыз.

 

Әмiрбек ТОҒЫСОВ, зейнеттегi генерал:

- Жалғыз Челахтың бүкiл сарбаздарды қырып салуы - қисынға сыймайды, мүмкiн емес. Ойлап қараңызшы, сонда Владислав Челах қаруын кезенгенде, ешбiр сарбаз қарсылық көрсетпегенi ме? Жап-жас баланың жарты жыл бойы әскери мiндетiн бiрге атқарып жүрген әрiптестерiн жайратып салуы ақылға сыймайды. Оқиғаның барысына қарап, сараптап көрсеңiз, қылмысты жасағандар тәжiрибелi адам екенi анық байқалады. Менiң­ше, есiрткi сатумен айналысатындардың не болмаса, экс­тре­мистердiң осы қылмысқа қа­тысы болуы мүмкiн.

Бiр автоматпен он төрт адамды мерт қылу мүмкiн емес. Он төрт адамның әл­дебiреуi қарсыласып, күш көрсетуi мүмкiн ғой. Арқанкерген шекарасындағы жағдайды саясаткер Заманбек Нұрқадiловтiң өлiмiне ұқсатып отырмын. Кезiнде оның өлiмi­не қатысты өзiн-өзi үш рет атып, соңынан өзiнiң басына "контрольный" оқ атты дегiзiп, iстi жауып едi. Арқанкергендегi жағдай да сол сценарийдiң сүрлеуiмен жол тартқан сияқты. Сонымен қатар, шекара әскерилерi тек қана автоматпен жүредi. Ал В.Челахтан тапаншаның табылуы қалай? Әскери тәртiп бойынша шекарашыларға автоматтан оқ атуды үйретедi. Сонда В.Челахқа тапаншаның нендей қажеттiлiгi болды? Менiңше, қылмыстық жағдай шекарашылар мен әлдекiмдердiң арасындағы қақтығыстан болған жағдай сияқты.

 

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы, "Эксклюзив" журналының бас редакторы:

- Бiр сарбаз он бес адамды өлтiрдi дегенге сену - қиындау дүние. Әлемде азын-аулақ болса да мұндай сирек жағдайлар болған. Былтырғы жылы Норвегияда бiр жауынгер бiрнеше адамды қырып тастады. Бiрақ оны бiздiң шекарадағы жағдаймен салыстыруға болмайды. Бiрiншiден, сөз болып отырған Челах Брейвик сияқты маньяк, есi ауысқан емес сияқты. Екiншiден, айтарлықтай тәжiрибесi жоқ, әскери машықтарды бiлмейтiн он тоғыздағы жiгiт. Үшiншiден, хаттарда жазылған заставадағы қатарлас сарбаздарға қатысты көзқарасы әлгiндей әрекеттерге баруға негiз болмайтын сияқты. Төртiншiден, мерт болғандар - қатардағы бейбiт азаматтар емес, әрқайсысы қару асынған, белгiлi бiр дайындықтан өткен сарбаздар. Челах әскерге жаңадан шақырылған болса, көпшiлiгi келiсiмшартпен жұмыс iстеп жүрген кәсiби әскерлер.

Тергеу амалдары мейлiнше ашық, жария, анық жүргiзiлуi керек. Iстi тезiрек жауып тастауға жол бермеу керек. Себебi жоғарыдан сондай тапсырма келгенiмен, бұл iс бәрiбiр ұмытыла қоймайды. Қайта керiсiнше, билiк, құқық қорғау, тергеу органдарына одан әрмен сенiмсiздiк ұялатады. Бұған дейiн Заманбек Нұрқадiлов, Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза тапқанда келтiрiлген ресми деректер тым мардымсыз болды. Әрi бұл құқық қорғау органдарына деген сенiмдi қатты төмендеттi. Тiптi қазiр құқық қорғау органдары шын ақпаратты таратқан күннiң өзiнде оларға сену-сенбеуi екiталай.

Тергеу орындары бiрiн-бiрi жоққа шығаратын мәлiмдемелер жасады. Алдымен қаннан алкоголь табылды десе, сосын табылмады деп шықты. Бiрде он екi адам, ендi бiрде он төрт адам, ендi келiп он бес адам мерт болды дейдi. Дәл осылай шекарада он бес адамды қырып кеткен жағдай болған емес. Мұндайды тек Рембо тәрiздi кинолардан ғана көретiн едiк.

 

Арат НАРМАНБЕТОВ, ҰҚК-нiң отставкадағы полковнигi:

Арқанкергенде қоян-қолтық ұрыс болуы мүмкiн

- Бұл оқиғада күмәндi дүние өте көп. Бiрiншiден, 15 адамға автоматтан оқ ату хронометражға сәйкес келмейдi. Асып кетсе, екi рожок патрон саны атылу керек. Адамдар өздерiн атып тастағанша қол қусырып отырған жоқ қой. Олар қалайда да қарсыласуы керек. Өз басым жүргiзген хронометражда оқиға уақыт ме­жесiне сәйкес келмейдi. Екiн­шiден, шекара бекетiндегi құрамның үштен бiрi нарядта тұруға тиiс. Яғни шекара сызығында бақылау жасап, құпия қызмет атқарады. Тағы үштен бiрi шекара бекетiндегi iшкi қызметке жұмылады. Қалған үштен бiрi казармада қалып демалады. Күндiз-түнi сақталатын тәртiп осы. Үшiншiден, Челахты мұндай қылмысқа не итермеледi, оның себебi мен үшiн түсiнiксiз.

Бұл турасында қызмет­тестерiм­мен сөйлестiм. Шекара бекетiндегi әскерде әлiмжеттiк өзге әскери бөлiмшелердегiдей емес. Олар да мұны растады. Қанша дегенмен шекарада орналасқан және ҰҚК-ге қарайды, арнайы барлау бөлiмi бар. Қысқасы, үстiнен бақылайтындар өте көп.

Сонда ол ақыл-есiнен адас­қандықтан қылмысқа барды ма? Менiңше, ақыл-есiнен адас­ты дегеннiң өзi бiртүрлi термин. Себебi шекаралық әскерге анау-мынауды емес, әбден iрiктiлген сайдың тасындай жiгiттердi алады. Ақыл-есi дұрыс болмаса, арнайы бөлiм оны бiрден байқар едi.

- Сiздiңше, Арқанкергенде шын мәнiнде қандай оқиға болған?

- Сырттан жау шапты де­ген­дi жоққа шығаруға болмас. Бiрақ Қытай немесе өзге жақтан емес. Менiң болжауымша, бұл жерде жеке кландық кикiл­жiңдер мен кланаралық күрес болуы мүмкiн. Оған құқық қорғау мен арнайы қызметтiң "Альфа", "Арлан" тәрiздi бөлiмшелерi тартылуы ықтимал. Яғни конъюнк­туралық мақсатта кек алып, аяқтан шалуы да ғажап емес.

Челахтың ақыл-есi дұрыс емес десе, тергеу кезiнде мiндеттi түрде жанында психиатор болуы тиiс. Егер Челах ақыл-есiнен адасып қылмыс жасады десе, тергеушi одан жауап ал­ғанда ақыл-есi дұрысталып қалып па? Мұндай кезде ол "туған шешемдi өлтiрдiм" деп те бар кiнәнi өз мойнына ала салуы мүмкiн. Оған кiнәсiн мойындату үшiн 37-жылдағыдай тырнақ пен саусағының арасына ине тығудың қажетi жоқ.

- Арқанкергенге әлдебiр шенi жоғары адамдар барып демалыпты, бұл солардың жасаған iсi екен дейтiн әңгiмелер өрiп жүр.

- Егер ол жерге VIP-шенеу­нiктер барған болса, қасында оларды алып жүретiн жеке күзетi, арнайы дайындықтан өткен адамдары болуы керек. Бұл болжамды да тексерген жөн.

Шекарашылар шекара бе­кетiне не үшiн барды, онда не iстедi, осы жағы түсiнiксiз болып тұр. Менiңше, бұлар өзiнiң тiкелей мiндетi - шекара күзетiмен айналысқан жоқ. Себебi барлық мәйiттер казармадан табылды.

Жоғарыда айтқанымдай, олар үшке бөлiнуi керек. Бiр бөлiгi үнемi шекара сызығында жүрмесе, ол күзетсiз қалады. Соған қарағанда, шекарашылар әлдебiреудiң шаруашылығын күзетiп, сонда жұмыс iстеген болуы да ықтимал. Оның үстiне екi күн бойы байланыс болмағанымен, Сары­бөктердегi шекара заставасы бұларға iздеу салған жоқ. Тап бiр онда тұрған түк жоқ, бәлкiм, жұмыстан қолдары тимей жүрген шығар дескен болар. Соған қарағанда байланыс­қа шықпау олар үшiн үйрен­шiктi жағдай ма деп қалдым. Шекара бекетiндегi әскер кем дегенде күнiне үш рет байла­ныс­қа шығуы керек. Шықпады ма, тiкұшақпен он бес минутта жетiп баратын жерге екi тәулiкте әрең жеттi.

- Челах ұсталғанда жанынан ноутбук табылды делiндi. Сарбаз шекарада ноутбуктi қайтедi?

- Ноутбуктi тауда қайтсiн? Жақын елдiмекен шалғайда. Спутник немесе сымсыз ин­тернеттiң болуы мүмкiн емес. Әлдебiр затты басып шығармақ болды десең, оның қуаты екi күнге жетпейдi. Қысқасы, ақылға сыймайтын нәрсе. Бәлкiм, ол қылмысты жасады дегенге сендiру үшiн қалаймақанда жасап шығарған нәрсесi шығар.

- Қорықшы Руслан Кимнiң денесiнен оқтан бөлек пышақтың iзi табылыпты.

- Қателеспесем, одан бөлек басқа сарбаз денесiнен пышақпен салынған жарақат iзi табылды. Демек, бұл жерде қоян-қолтық ұрыс болған.

- Сараптама шекарашылар алкоголь iшпеген деген қорытынды шығарды. Өртелiп кеткен мәйiттерден алкоголь iшкен-iшпегенiн анықтау мүмкiн бе?

- Алкоголь iшкенiн анықтау үшiн қан алады немесе асқазаннан анықтайды. Ал өртенiп кеткен, күл-талқаны шыққан сүйекке геномды сараптама жасап, туыстықты анықтауға болады. Ал ал­когольдi iшкен-iшпегенiн анықтау мүмкiн емес. Бiрiнiң үстiнен әйелдiң iш киiмi табылыпты деген де сандырақ.

Тағы бiр маңызды нәрсе, Челах күзетшiнi жүз метр қашықтыққа алып шығып, тапаншамен атып өлтiрдi дейдi. Макаров тапаншасының даусы 600-700 метр жерден анық естiледi. Оның үстiне таулы аймақ болғандықтан ол жаң­ғыруы керек. Қысқасы, тапанша даусын шекара бекетiн­дегiлер­дiң естiмеуi мүмкiн емес.

Ең бастысы, Челах әрекетi­нен қылмыс жасауға итерме­лей­тiн себеп көрiп тұрғаным жоқ. Өз басым барлық бейнематериалды қарап шықтым. барлығы Челахқа жағымды мiнездеме бередi. Ақыл-есi дұрыс дейдi.

- Бәлкiм, Челах көз алдында көрген сұмдық оқиғадан шошынып, есiнен адасқан болар?

- Бұл да мүмкiн. Бiрақ тергеу орындары оны қылмысты есiнен адасып жасады деп тұр ғой. Челахтың ақыл-есiнде ауытқу қашан пайда болды? Қылмысқа дейiн бе, жоқ одан кейiн бе? Психо­логия­лық сараптама осыған жауап беруi тиiс.

ССР КГБ-сында қызмет атқарғанымда кезекшiлiк кезiнде ақыл-есiнен адасқан адамдар келсе, олардан бүге-шiгесiне дейiн сұратып, жауап алуға мiндеттелетiнбiз. КГБ төрағасы сондай бұйрық беретiн. Себебi бiр кезекшi мәлiмет беруге келген адамның шизофреник екенiн байқап, оны қуып жiберген. Артынша оның қолы­н­да алда болатын терактiлер туралы мәлiмет бар болып шығыпты. Мiне, сондықтан егер жұмыс дұрыс жүргiзiлсе, нақты жауап алуға болады. Ал егер "осылай айтсаң, сонда жеке бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз етемiз" десе, ол өзiне-өзi жала жауып, кiнәнi мойнына ала салуы мүмкiн.

Е.БИЕКЕ.

«Жас Алаш» газеті

 

0 пікір