Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2737 0 пікір 8 Қыркүйек, 2021 сағат 16:48

Маңғыстау үшін ең өзекті мәселе - радиоактивтік қалдықтар қоймасы

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Мәжілістің бүгінгі жалпы отырыста қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеріп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Васильевич Склярға депутаттық сауал жолдапты. 

Депутаттың айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Қазақстан территориясы әр түрлі жаңа технологиялар мен әскери қару-жарақтардың сынақ полигонына айналды. Соның ішіндегі ең ауыр зардаптар атом энергиясын пайдалану үшін жасалған жұмыстардың нәтижесінде болды. Семей сынақ полигонын айтпағанда, уран өндірісінің зардаптарын әлі күнге дейін көрудеміз.

Әсіресе, 77 шаршы километр аумақты алып жатқан, «Қошқар Ата» ойпатында орналасқан әлемдегі ең үлкен радиоактивтік қалдықтар қоймасының экологиялық жағдайы, Маңғыстау үшін ең өзекті мәселе болып отыр. Онда жобамен 105 млн тоннадан астам уытты, оның ішінде 52 млн тоннадай әлсіз радиоактивтік қалдықтар орналасқан. Бұл радиоактивті қалдықтар қоймасы Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарының 400 мыңдай халқының, яғни облыс тұрғындарының 55 пайызының денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр.

Қазіргі таңда, тұрғындардың арасында онкологиялық және тағы да басқа аурулардың көрсеткіші өте жоғары. Сонымен қатар, Қазақстан ғалымдарының «Қошқар Ата» қоймасының айналасындағы жануарлар мен өсімдіктерді зерттеу нәтижелері оларда мутациялық процесстердің бар екенін көрсетті.

Кезінде Елбасы Н. Назарбаев және Президентіміз Қ. Тоқаев бұл қойманы рекультивация жасау жөнінде тапсырма берген. Қалдықтар қоймасының жері 2012 жыл рәсімделіп, жобалық сметалық құжаттары жасақталып, радиоактивті қалдықтар шаң болып атмосфераға көтерілмес үшін, ашық қалған 45 шаршы километрдей жер 30 сантиметр топырақпен жабылатын болып шешім қабылданған. Бұл ең арзан және бүгінгі күні оңтайлы шешім еді.

2020 жылы осы жұмыстарға Маңғыстау облысының табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасы конкурс өткізіп, 15,5  млрд теңгені құрайтын жұмысқа мердігер анықталып, ағымдағы жылдың көктем айында республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге қаржы қарастырылған. Рекультивациялық жұмыстар жергілікті бюджеттің есебінен басталған болатын.

Алайда, жақында өткен Маңғыстаудағы кездесулерімізде бұл жұмыстарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі негізсіз тоқтатып тастағаны белгілі болды. Республикалық бюджеттен бөлінген 1,0 млрд теңге әлі күнге дейін жергілікті мемлекеттік органның есеп шотына аударылмаған.

Рекультивацияның тоқтап қалуы Маңғыстау тұрғындарының үлкен наразылығын туғызып, «экологиялық және мемлекеттік сараптамалардан өткен бұл жоба қалай тоқтатылады?» - деп, жергілікті тұрғындар үлкен мәселе көтеруде. Партияның бағдарламасында қабылданған шешімдер неге уақытында орындалмайды? Неге министрлік халықтың тағдырымен ойнайды?

«Қошқар Ата» ойпатындағы радиоактивтік қалдықтарды рекультивациялаудың әлеуметтік маңызының зор екенін ескере отырып, тез арада заласыздандыру жұмыстарын қайтадан бастау қажет. Ол үшін биылға бөлінген 1,0 млрд теңге тиісті мемлкеттік органға тез арада аударылсын және осы жобаны тоқтатқан лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қаралсын.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес Сізден депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394