Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 4600 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 08:02

Асанқадыр Исабек. Бір қараңғы, бір шуақ (өлеңдер)

Асанқадыр ИСАБЕК, ақын, қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
1976 жылы 16 наурызда Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара ауылында дүниеге келді. 1998 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін тамамдады.
2002 жылы Халықаралық «ЗаманҚазақстан» газетінде тілші, 2004 жылдан бастап Қазақстан СоциалДемократиялық «Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалында үйлестіруші қызметін атқарды. «Райымбек», «Жас толқын», «Жетісу жырлайды», «Алматының жүрегіндей Алмалы» атты ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген. 2008 жылы «Тамырдағы тәтті әуен» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты (2003), республикалық «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты (2007). 2005 жылы өткізілген қазақ халқының даңқты батыры Райымбек Түкеұлының 300 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері.


АВТОПОРТРЕТ

Құл қылған қайырсыз тиынға,
Заманның зілі бар миымда.
Көңілді жыр таппай қиналам,
Қуаныш кернеген жиында.

Зәр шашқан ып-ыстық жалынға,
Тағдырдың уы бар  жанымда.
Қанымда нұры бар Бабамның,
Ғаламның кірі бар арымда.

Сұрамай пұлын да, құнын да,
Ұрымға  шашылған Қырымға.
Ұрынған  қисапсыз шығынға,
Ұлтымның мұңы бар жырымда.

Жұмбақтау жүзімнен көрдің не?
Арманның шөлі бар ернімде.

Асанқадыр ИСАБЕК, ақын, қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
1976 жылы 16 наурызда Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара ауылында дүниеге келді. 1998 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін тамамдады.
2002 жылы Халықаралық «ЗаманҚазақстан» газетінде тілші, 2004 жылдан бастап Қазақстан СоциалДемократиялық «Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалында үйлестіруші қызметін атқарды. «Райымбек», «Жас толқын», «Жетісу жырлайды», «Алматының жүрегіндей Алмалы» атты ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген. 2008 жылы «Тамырдағы тәтті әуен» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты (2003), республикалық «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты (2007). 2005 жылы өткізілген қазақ халқының даңқты батыры Райымбек Түкеұлының 300 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері.


АВТОПОРТРЕТ

Құл қылған қайырсыз тиынға,
Заманның зілі бар миымда.
Көңілді жыр таппай қиналам,
Қуаныш кернеген жиында.

Зәр шашқан ып-ыстық жалынға,
Тағдырдың уы бар  жанымда.
Қанымда нұры бар Бабамның,
Ғаламның кірі бар арымда.

Сұрамай пұлын да, құнын да,
Ұрымға  шашылған Қырымға.
Ұрынған  қисапсыз шығынға,
Ұлтымның мұңы бар жырымда.

Жұмбақтау жүзімнен көрдің не?
Арманның шөлі бар ернімде.
Бақыттың барына сендім бе -
Қайтадан тірілдім - өлдім де.


«ЖАНАЗА» ЖАЗАМ

Жоқтау айтылмай тұрғанда,
Қазан асылмай;
«Жаназа» жазам,
Моцарттың «Жаназасындай».

Қабірде ертең бір демім
Сілікпесін бой,
Қайырылмай кеткен
Қасымның шүріппесіндей...

«Жаназа» жазам,
Жалғанның жарығы, тыңда! -
Өзімді суға сүйреген,
Сөзімді шыңға.

(Қолыма түссе «сексеннің»
Көзірі келіп,
Жаза да алмаспын селкілдеп, 
Сезімім өліп.)

Жалғанның бірақ, жүзі де,
Жиырмасы да бір -
Жеткізбей кетер қолыңды 
Сырғасына нұр.

Өзіңмен бірге 
Өкініш кетпесе болды.
Кесе аларсың ба,
Айға  егер  жетпесе қолды?!

Ашылмай қалған 
Алтынның сынығы болып,
Қалмасаң болды
Жылдардың жылымы көміп.

Қаншырдай қатқан 
Тағдырдың құрығы төніп,
Шаншылмай қалған
Боз үйдің уығы болып!..


БІР ҚАРАҢҒЫ, БІР ШУАҚ

Бір қараңғы,
Бір шуақ!..
Бірі олай, бірі былай жұлқылап;
Күйіп кетпей екі арада жан байғұс
Қалай ғана жүр шыдап?!

Тұрған кезде тән дейтұғын қалыпта,
Қараңғыдан шыға алам ба жарыққа?!
Ұлт ұятын арқалаған ұл едім,
Не бетімді айттым енді халыққа...

Қарсы тұрар ем бар ма бұл індетке,
Адасып қап армандарым жүр көкте.
Шандып-шандып тастасам ба еркімді
Дін дейтұғын діңгекке?!

Болар мүмкін мисыз басқа қорған сол,
Тапқаным тек сайтан салған жолдан сор.
Адам оңай айналады ә, айуанға,
Ар тізгінсіз, тән тәуелсіз болған соң.

Қытығы жоқ қылықтардан сүйкімсіз,
Күлкім құнсыз,
Ұйқым - сыз.
Күн жүрегін күрсіндірген қалыпта
О дүниеге өту тіптен қисынсыз.

*        *       *

Көп жыл болды бұл қалаға келгелі,
Көп жыл болды тас құшаққа енгелі.
Көп жыл болды ала шұбар түтіктен
қара қайғы емгелі...

Бұл қаланың мадақтайын несін мен,
Алжастырған ақылым мен есімнен.
Көму үшін келсем келген шығармын,
Кіндігімді туған жерде кесілген.

Күлше уатқан көңілімнің әйнегін,
Бұл қаланың мақтай алам қай жерін?
Шырақ алып таппаған соң жан-құсым
Алматыдан арманына сай көгін!

Кім-кімдерге жаққан шығар жақса шын,
Мақтау қажет болса,
Солар мақтасын.
Жаншыланған жүйке байғұс сезердей
Осы арадан енді еш опа таппасын.

... Шаршадым ба Алматы, әлде... өмірден,
Неге осынша қуыс тартты кең іргем?!
Алматы ма, әлде өзім бе, білмеймін,
Жұлын құрттай жан-жүректі кемірген...


ЖҮРЕКПЕН СЫРЛАСУ

Тағы неге торықтың от жүрегім?
Тағы неге торықтың от жүрегім?
Ботасынан айырылған бозінгендей
Тағы неге  күңіреніп шөкті демің?!

Қайран ғана нәзігім, мөлдірім-ау,
Неден ғана жүзіңе қонды қырау?
Сортаңы көп, жаланған қорқауы көп,
Таңдап па едім сорыңа  жолды мынау.

Нені  аңсайсың сортаңнан баяны жоқ?
Қалаған ем... Алланың аяны кеп.
Адам іздеп сарылған пайғамбардай,
Алақтайсың шағылға - аяры көп.

Пейіл іздеп  шағылдан  шөлдегенде,
Жүрек емес - соғылдың кеуделерге.
Кінәламан мен сені беу, жүрегім,
Дүрсілінің тұнығын көрмегенге...

Сен ешқашан сыймайсың тар қамбаға,
Тар қамбаға төр  іздеп қарманба да.
Саған сая болады аңғал дала,
Саған пана болатын - таулар ғана!


ЖАЗ КЕЛЕДІ

Көкірегіме жазылмаған...
Жарылмаған бүршік толып;
Көрмеп едім көз ашқалы,
Жазға мұнша ынтық болып.
Мынау жаздан болмаса да
еш аларым, түк берерім;
Мен ешқашан ешбір жазды
дәл осылай күтпеп едім.
Тас балқытар мейірімге
Толатұғын барша ғалам.
Қызуы мол жаз құшағын
Бұрын бұлай аңсамағам.
Қыстан бетер бір ызғардан
Жаурады ма, жаным менің?
Бұрын бұлай аңсамағам,
Көктен соққан Тәңір лебін.
Қаңтар - өмір өкпегінде
Қатып-тоңған маңдайымды,
Жібітем деп, қарсы  алдымнан
Міне, жасыл, жаз жайылды!...
Жылу іздеп сарсылып ем,
Атқан таңнан,  батқан күннен;
Жан жылытар бар құдірет -
Жазда екен-ау, деп қалдым мен.
Сендер дағы, беу, ағайын,
Күте-күте шаршадыңдар.
Жұпары аңқып жаз келеді,
Жаз келеді,
Қарсы алыңдар!
Кемпірқосақ ғұмырындай,
Ол да өткінші аз ғұмыр-ау!
Аңсадыңдар,
Шаршадыңдар,
Қарсы алыңдар жазды, мынау.

*     *     *

Үйім бар. Үйім мынау,
Ішінде бұйымы жоқ.
Киім бар иығымда,
Қағарға тиыны жоқ.

Құдекем көгендеген,
Әйел бар. Бала да бар.
Бақытқа бөленбеген,
Көңілім жараланар.

Әкем бар. Ауыл жақта.
Сенетін баласы жоқ.
Шешем бар, дамылдатпай
шегетін наласы көп!..

Елім бар. Енді ғана
Оң-солын танып жатқан.
Жерім бар. Сорлы дала -
Сүліктер сорып жатқан!..

Тілім бар. Қара ғасыр
Қанатын кесе алмаған.
Сырым бар. Томағасын
Өлеңім шеше алмаған.

Жырыма шырай берер,
Өртім бар өзегімде.
... Неге осы, құлай берем,
Бақыттың кезегінде?

Өлсем де өшпейтұғын,
Жүректе жарығым бар.
Зердемде көктейтұғын,
Кеудемде дарыным бар.

Пұлы жоқ, мұңы қалың,
Ақындық «кәсібім» бар.
Жырыммен жылытамын,
Жырыма асығыңдар!..

ДАТ

Еске аламын тағдырын Қасымдардың,
Көңіл қалып, қоғамға ашынған күн.
Қайран қасқа жырлары-ай қазағымның,
Келеді әлі арылмай басыңнан мұң.

Төске шығып, таяздар тасынған күн,
Мұңдар жөңкіп өтеді басымнан мың.
Мен түгілі, жетті ме ел қадіріне,
Мұқағали, Төлеген - асылдардың?!

Бар арманын, бар мұңын жырға жүктеп,
Ақсап жүріп... асылдар қылған іс көп.
Тамырларын тереңге жіберді олар,
Тек өспеді бір жаздық күнбағыс боп.

Жарығы өшпес Жұмекен, Жұматайды,
Пірі емес деп өлеңнің кім атайды?
Соңдарынан солардың мен де шықтым,
Тұяғы алтын тебініп құла тайды.

Қайғы басса... (тірі боп) ұлы Абайды,
Ұлы екен деп еш топас жыламайды.
Мәңгілікке жағылған шырақ олар,
Құдай сүйген жұлдыздар құламайды.

Кебін киіп жалғанға кекті құлдың,
Жалын тарап өтті олар текті жырдың.
Өлтірдің де ей, қоғам, асылдарды,
Өлгеннен соң тірілтем деп құбылдың.

Өлтірмедің оларды, тірілтпейсің,
Тұра берсін өтірік күліп кейпің.
Аш жүрсек те күш кернеп бойымызды,
Сен түсінбес істер көп біз істейтін!


ТОТЫҚҰС

Ағам маған: "Сен тотықұс бол", - дейді,
Ал, тотықұс болғым менің келмейді.
Ау, ағасы, қам жейсіз ау бекерге,
Інің тоты болмаса да өлмейді.

Қолдар болсаң, сол байғұсты қолдай түс,
Бәлкім, бұлбұл бола алмай жүр ол байғұс.
Әттең бірақ, сайрағанмен айнытпай,
Бұлбұл болып жарытпайды-ау ондай құс.

Дарын сырын бермейміз-ау біз ұға,
Өмір деген кейде осындай қызық, ә.
Кеше ұяттан шөгіп қалды еңсесі,
Тотықұсым жүлде алған сол құжыра.

Ұқсаймын ба, құрағы жоқ жағаға,
Үсті-үстіне тұзын сеуіп жарама;
Ағам маған: "Сен тотықұс бол", - дейді,
Өз мінезім жақпай қойды ағама.

ДӘРМЕНСІЗ МАХАББАТ

Көзіңнен  сәуле төгіп тұнық ғалам,
Бекерге қарадың-ау, күліп маған.
Көңілімнің көлін шайқап  көзқарасың,
Жаныңның аңсап ұштым жаз даласын.
Білмеймін, жақыныңа баладың ба,
Жаныма от тастадың, қарадың да.
Бөлініп ойым - онға, сана - мыңға,
Бір сәтке Бақыт кештім жанарыңда!..
Көңілімнен жұлмайтындай  гүлімді ешкім,
Жалғыз сәт жанарыңда Ғұмыр кештім.
Жалғыз сәт жанарыңда жұтылдым да,
Көміліп кете бардым түтін-мұңға.
Алынбас арадағы асқарды ойлап,
Қамығып қайттым үйге, қашқандай Бақ...
Құшақтап қансыраған Арманымды,
Қайғылы түстер көрдім  таңға мұңды.
Өзіңді самал болып өппек едім,
Жалт беріп: «Әуреленбе, текке,» - дедің.
Өзіңді аспан болып құшпақ едім,
«Жоқ!» - деген және шықты қысқа демің...
Өзіңе өзен болып құйылғым кеп,
Қарайлап қабағыңа, қиылдым көп.
Күттірмей айттың тағы жауабыңды:
«Мен сенің  тартылмайтын күйіңмін!» - деп.
Тау болып келіп еді  құшақтағым,
Тастадың тілегімді  тұсап тағы.
Қосылмас қос ішекті алға тартып,
Санамды жалғыз сөзбен пышақтадың...
Осылай жабылды да жолдың бәрі,
Көңілге қарашаның қонды ызғары.
Кеудемде  қауыз  жарған гүлім қурап,
Кетті шын аққу қонар  көлдің мәні!..

КҮМӘН

"Өзіңнен басқа қыз жоқтай қазақта мынау,
Қылбырау салып жанымды азаптадың-ау!"
(Б. Үсенов)

Бар бақытым басымдағы
Байланғандай саған ғана.
«Кетем» дейсің, тасырланып,
Кете бергін, алаңдама.

Мен мұңымды  еселермін,
Сор боларсың - бақ болмасаң.
Кетем десең, кете бергін,
Кешігерсің, аттанбасаң!..

Бар қазақта сенен өзге
Қалмағандай шекер ерін.
Сезімімді келемеждеп,
«Кетем» дейсің, кете бергін.

Бақытыңды бөлшектеуге,
Біреу күтіп тұрған болар.
Сезім сүймес селтектерге
Тез барғын да, құрбан бол, ал.

Ал, босаттық сені, міне,
Кетем десең, кете бергін.
Өкінішті өміріңе
Өксік болып  өтелермін...

Сені өзім-ақ түптің-түбі,
Сағыныш боп жетелермін.
Соны жақсы ұққын, гүлім,
Ал, әзірше, кете бергін.

Р.S. Өстіп мен де мұңдана алам,
Толқып  күмән өткелінде.
Сенсіз бүгін бұл қаладан,
Кетіп қалғым кеп менің де!..


ТОЛҚЫН - АЙ

Үздігіп үр қыздарға,
Жыр құштым - жар құшпадым.
Қол созған жұлдыздарға,
Қозғадың жан құштарын.

Көрдім де ай жүзіңді,
Күрмелді тілім менің.
Ысырып қайғы-мұңды,
Санамда күлімдедің...

Сен жаққа  үнсіз барып,
Кеттім сан үнсіз және.
Болдым мен тілсіз ғаріп,
Бірақ сен тілсіз деме...

Өзіңе әлдене деп,
Айта алмай... айту үшін...
Барамын сәулеңе тек
шомылып қайту үшін.

Жаз қылған жүрегімді,
Жаныма азық алып;
Қайтамын нұр өңіңді
жадыма жазып алып.

Тербеген тұмса көкті,
Көркіңнен Ай ыққандай.
Осылай тұрсаң етті,
Көзімнен ғайып болмай!..


СҮЙЕМ СОНДА!..

Үзіліп кетеді-ау, деп сағағынан,
Жасқанам иіскеуге де тамағыңнан!..
Жібітсін жүрегіңді жырдың нұры,
Қауызын жел сипаған қырдың гүлі.
Өшіріле қоймайтын  өрттей мәңгі,
Жас жаныма бейдауа дерт байланды.
Көгімді торлап жатыр бір қасірет,
Жанымды қауызыңмен қымташы, кеп.
Адасқан серігінен аққу едім,
Жылайды теңін іздеп жас жүрегім.
Гүл едің сен шомылған  таң нұрына,
Дауалашы,  дерттенген жанды мына.
Жадыратып  жіберші, мені мүлдем,
Жалғыз рет сүйдір де  ерініңнен!..
Барына бір Бақыттың сенейін де,
Өлейін - ерініңнен өбейін де.
Аямашы, жұтайын шәрбатыңнан,
Айырмашы, минуттық жәннатымнан.
Таңдайыма татқандай Тәңір асын,
Бар бойыма Бақытым жамырасын!
Қайғым болсаң - сүймес ем жанып босқа,
Ерініңді сен бекер алып қашпа.
Сені ешкім сүймейді  бұл еріннен,
Мен сияқты - жанымен, жүрегімен.
Сүйер... бірақ, дәл  мендей сүйе алмайды,
Сүймеген соң - жүрегің жияр қайғы.
Құштырып жүрегіңді елесіме,
Аларсың мүмкін сонда мені есіңе.
Сүйем сонда - жырыммен аймалаймын,
Жас болып жанарыңнан тайғанаймын!


ЖАРҚЫН ЕЛЕС

Жүрегімнің терең бір  түкпірінде,
Сақталған-ды пәк бейнең  шық күйінде ...

Арамызға қалдырып алты  белес,
Қайдан келіп  көріндің, жарқын елес?

Сені көрсем көңілім ләззаттанып,
Өртенуге өтуші ем, аз-ақ қалып.

Желпіп өтсең жанымнан жібек желдей,
Қалушы еді қадамым  түгенделмей...

Құштар бейнең санамды  түлеткендей.
Көкірегіме көңілді жыр еккендей.

Жазирасыз жабыққан жаным менің,
Сені көріп жайқалды - табылды емім.

Шаттандым мен ойымды он күй  ұрғандай,
Жүрегіме жүз өзен құйылғандай.

Шынар едің сен онда  асқардағы,
Мұнар едім мен онда, қашқан бағы...

Ғашық едің сен онда көк, жұлдызға,
Асық едім мен саған - мөлдір қызға.

Өзгеріпсің бұл күні, мен де өзгергем,
Күлкің қапты сол қалпы ол кездерден...

Жанарыңа  болмашы мұң түнеген,
Мен жазбаған саған ол - мүмкін, өлең.

Сәби кейпің сәл ғана  солғын тартқан,
(Сәл мұңайған гүл сынды, жел құрғатқан).

Мезгіл сені  өзгертсін он есеге,
Ал, жаныңа бірақ жан теңесе ме?

Мезгіл сені  өзгертсін жүз есеге,
Пәк жаныңа  періште  ілесе ме?

Мезгіл сені өзгертсін мың есеге,
Мың қыз сенің  жаныңда жіп есе ме?

Солай... гүлім, кенеттен кездестік біз.

СЕН ҒАНА...

Тербейсің қиялымды
Тәтті бір елеске еніп.
Үмітім ұя қылды,
Үлбірім, сені ес көріп...

Жаныма тұрақтасаң,
Сен ғана тұрақтайсың.
Жыраға құлатпасаң,
Сен ғана құлатпайсың.

Қас қылып өзіме-өзім,
Ажалдың сөлін сордым.
Киелім, келіп өзің,
Ғаріпке қолың созғын.

Табытқа түстім талай,
Есіммен ерегесіп.
Ұяттан ұштым талай,
Көр болып көрер есік.

Таттым мен қанша уды,
Көміліп еңіске бой?
Соз маған, саусағыңды
Киелі періштедей!

Тамады тіліме мұң,
Ыңылдап ажал әнін.
Қайтсем мен тірілемін -
Қайтсем мен тазарамын?!

О, қандай асылымды,
Тонады өмір менен?
Жаһұтым жасырулы -
Тәнімде көмілмеген.

Ақын ба, көңіл-хошын,
Айқайлап айта алмаса?
Арылмас өмірге өшім,
Алғанын қайтармаса!
*    *    *

Ақ гүлім ең жаны аппақ,
"Аһ" ұрғыздым, ар аттап.
Қайтсем сені жұбатам,
Қайтсем қайта таң атпақ?!

Қалай ғана көгермек,
Күнәдан соң көсегем?
Отқа айдаса... елеңдеп,
Боққа қашқан есек ем!

Басын сүйрер молаға,
Бассыз неме мен едім.
Келмей жүрген тобаға,
Білмей жүрген өлерін.

Екеуміз де адастық,
Екеуміз де былғандық.
Түрегелді ағаттық,
Тұнықтықты құрбан ғып.

Айтарым сол ендігі,
Берме бекер қорлана.
Барлығы тек белгілі,
Бізге... сосын Аллаға.

Саған тиіс күнәні,
Көтерейін мен ғана.
Менен ізде кінәні,
Өзіңді тек, қарғама.

Қабағыңды аш, күлімде,
Таң атады қайтадан.
Шарасында мұңың мен
Шаттығыңды шайқаған.

Дариядай жаны ізгі,
Дархан едің, кең едің.
Алдыңдағы қарызды,
Ақтай алмас өлеңім!..

*           *          *

Өмірімде өлдім неше?!
Отқа құмар мен бір кеще.
Өзімді өзім буындырып,
Өзімді өзім көмдім кеше.

Тірі емеспін - мен өлгенмін,
Өлілерге теңелгенмін.
Өліп тұрып өмір жайлы,
Өлең жазар өлерменмін.

Марқұм болған бір елеспін,
Мен өлгенмін - тірі емеспін.
Өз-өзінен күйретіліп,
Сүйретіліп жүрер Еспін.

Айта алмаймын тірімін деп,
Себебі, ағат қылығым көп.
Көз көрмейтін басқа әлемге,
Кеп жүр мүлде құрығым кеп!

Түссін көңіл сабасына,
Күнә байлап қанатыма;
Мәз боп кіріп кетсем болды,
Мәңгі өртенер Ар отына!..

ҚАЗА

Сенбейді "өлдім" десем,
Мынау ел біледі не?
Өзің де көрдің кеше -
Жерлендім жүрегіңе!..

Көрмеппін "өлмей" тұрып,
(көзсізге тән ғой қаза);
Жаныңды көлдей тұнық,
Арыңды қардай таза.

Алғаусыз сенген едің,
Сенімің құмға айналды.
Жадырай берген едің,
Жаныңа мұң байланды.

Тарқамас бар-ау шерім,
Жаныңа жара салып;
Биікке балаушы едің,
Шөктім мен аласарып.

Балбырап балауса өңің,
Елжіреп ең шық көріп...
Тереңге балаушы едің,
Тартылдым көлшік болып.

Тарқамас бар-ау шерім,
Мәңгі бұл шер тарқар ма?!
Адамға балаушы едің,
Айналдым мен қорқауға.

Ем болмас енді өлең де,
(Мен сондай жарым Ес ем).
Жақындау келмегенде,
Мені анық танымас ең!..

Қор болмас қарғаларға,
Аққу ең жаның әсем.
Жақындау бармағанда,
Сені анық танымас ем!..

Санада сайтан барда,
Сылтау ма, сыра деген.
Ай мен Күн шайқалғанда,
Шырқырап туады өлең.

Жүрекке қатқан бір мұз,
Жылымшып... жыбыр етті.
Жанардан аққан жұлдыз
Жанымды тіліп өтті.

Алтынның барында шын,
Алтын деп қарамаппын.
Асқақтап ару қалпың,
Алыстап бара жаттың.

... Ақиқат өрге шықты,
Ағаттық жорығында.
Аспаным жерге түсті,
Ай қалды орынында!..

*    *    *

Арусың, аппақ нұрдан жаратылған,
Айырасың әп сәтте тағатымнан.
Сен өткенде: жаныңды нұрға малып,
Мас боламын мезетте буға оранып.
Жалыныңмен жанымды өтсең қарып,
Есеңгіреп қаламын, естен танып.
Бар секілді бір сиқыр жалыныңда -
Ыстық толқын ағады тамырымда.
Қарай қалсаң кірпияз жанарыңмен,
Мүлде адасып есімнен қаламын мен.
Талықсытып кетесің тоқ ұрғандай,
Ондай сәтте оһ, шіркін, өмір қандай!
Елтіп жүрмін, еркіме күйік түсіп,
Емделсемші, өзіңді сүйіп, құшып.
Құшағыма кетсең ғой келіп кіріп,
Өбер едім өзіңді өліп тұрып.
Жұтсам шіркін керемет кәусарыңды,
Жояр едім жанымнан қанша мұңды?
Шектеулердің санадан сызып бәрін,
Өрт кеудеңді келеді қызықтағым.
Білсең етті, құмармын саған қандай,
Атажұртқа асыққан оралмандай...
Жатырқамай, жайсаң сәл құшағыңды,
Жетер едім, шорт үзіп тұсауымды.
Құмарлықтың кендірі есілгенде,
Тамағыңнан, тоят ап төсіңнен де;
Бал құраққа бесті айғыр бас салғандай,
Ақ етіңді айқалап, жатсам қанбай.
Бата берсең тұңғиық теңізге сен,
Алақанмен аймалап, жоқ іздесем.
Қардай мамық тәніңе... балдай батып,
Ләззат уын сіміру қандай бақыт!
Жақын тұрған бақыттан тартынбайық,
Жалындайық, жанайық, жарқылдайық!
Бойымызға бал сезім өртін жайып,
Басқа әлемнің барлығы болсын ғайып.
... Жетем әлде, жетпеймін сол шат күнге,
Жанып, жанып, жабысып қалсақ бірге!..


МЕНІҢ ҒАШЫҚТАРЫМ

О, менің ғашықтарым!
Жүріңдер қуаныштан тасып бәрің!
Кей-кейде  көңілімді жасытса мұң,
Сендерсің - қуат іздеп асыққаным.

Жүректе сендер барда  маздайды өлең,
Бәріңді  бір басыма аздай көрем.
Бәріңе біраз өлең арнасам да,
Бір өлең барлығыңа жазбай келем!..

Білдірген ара-тұра назын маған,
Бір жыр бар әлі ешкімге жазылмаған.
Ай маңдайлы бір жанға сыйға тартар,
Алтыным бар кеудемде қазылмаған.

Бақ табар  жарастықтың мекенінен,
Бір жан бар - қиялымда жеке күлген.
... Біле алмай жүрмін әлі сондықтан ба,
Бақыт пен махаббаттың не екенін мен.

Жүрегін ұсынғанша ол қыз маған,
Арнасы тар өзендей толқынданам.
Жүрмін мен амалы жоқ құсбегі боп,
Жазықсыз аққуларға тор құрмаған.

Сондықтан сендер менен шошымаңдар,
Сеніммен мені  әркез тосып-аңдар.
Өздеріңнен қуаныш табайын мен,
Ал Бақытты - Ақыннан досы барлар!

Сиясың жүрегіме барлығың да,
Болдыңдар алтын діңгек әр жырыма.
Жүрек деген - шегі жоқ кеңістік қой,
Қарамайды ол кеуденің тарлығына.

Үйленіп жатпасам да біратола,
Нұр тұнған  жандарыңнан қуат алам.
Кеудеге  сыйдырмаса  бар шуақты,
Ақынды - ақынсың деп кім атаған!
«Абай-ақпарат»

0 пікір