Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 2336 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 10:22

Заңдағы әлсіздік мигранттарды құтыртып тұр

 

 

Елімізге табыс табу үшін шетелдерден келетін мигранттар легі жыл өткен сайын артып келеді. Өкінішке қарай, олардың ішінде еліміз шекарасын заңсыз кесіп өтетіні де, Қазақстан аумағында болу уақытын ескермей, заңбұзушылыққа баратындар саны да азаймай отыр. Айыр қалпақты ағайындар базар жағаласа, ала шапанды ағайындар құрылысты төңіректейді. Алайда олардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының көші-қон заңын өрескел бұзады екен. Бұл жайлы «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі ІІД, прокуратура, ҰҚК, басқа да мемлекеттік мекемелердің басшыларымен өткен кеңесте жиналғандарды хабардар етті.

Кеңесте мәлім болғаны - үстіміздегі жыл­дың бірінші тоқсанында Алматы қала­сына келген мигранттар саны 1,5 есеге артқан. Олардың басым бөлігі - ТМД елдерінен келгендер.

Кәкімжан БИШМАНОВ, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үстіміздегі жылдың үш айында Алматыға уақытша келетін шетелдік азаматтардың саны 57 пайызға арт­қан. Яғни 2011 жылы 27 463 миг­ран­т келген болса, 2012 жылы олар­дың саны 48 152-ге жетіп отыр. Олар­дың ішінде Ресейден келгендердің саны 6594-тен 14  583-ке, Өзбек­стан­нан кел­ген­дердің саны 6009-дан 12 176-ға, Қыр­ғызстаннан келгендердің саны 5883-тен 10 752-ге, Тәжікстаннан кел­ген­дердің саны 639-дан 1106-ға арт­қан. Ал алыс шетелдерден келген азамат­тардың саны да бірінші тоқсанда 10 пайызға артып, 7731 адамды құра­ғаны анықталды.

Елімізге келген мигрант кім, не мақ­сат­пен келді, оның өткені қандай, елімізге кел­генше өз елінде немен айналысқан, білі­мі, денсаулығы, психикалық жағдайы қан­дай? Өкінішке қарай, бүгінгі таңда нақ­ты осы мәселелермен айналысып отырған бір­де-бір мемлекеттік орган жоқ.

Сонымен қатар мигранттар қаладағы қылмыс оқиғаларының артуына да ықпал етіп отыр. Өткен бір жылда шетелдіктер тара­пынан жасалған қылмыс 26 796-ға жет­кен. Оның ішінде 101 жағдайда миг­рант­тардың өздері қылмыстың объектісі болған.

Алматы қалалық ішкі істер департамен­тінің бастығы Ерлан Тұрғымбаевтың айтуына қарағанда, көші-қон заңнамасын­дағы кейбір олқылықтар қырғыз азамат­тарының заңды белшеден басуына мүм­кіндік тудырып отырған көрінеді. «Қырғыз­стан азаматтары бойынша проблемалар жеткілікті. Бұл, біріншіден, қос төлқұжаттың: яғни халықаралық төлқұжат және Қырғыз­станда «төлқұжат» аталатын жеке басының куәлігінің болуы», - дейді қалалық полиция бастығы.

Оның түсіндіруінше, заң бұзған қырғыз мигранттарын депортациялаған кезде полиция қызметкерлері олардың елден қуыл­ғандығы туралы штамп қоя алмайды. Өйткені қырғыз азаматтары Қазақстан аумағында өздерінің жеке куәлігімен жү­ріп-тұра алады. Ал жеке куәлік пласти­ка­лық материалдан жасалғандықтан, оған штамп басу мүмкін емес. Тиісті штамп бол­мағандықтан, қазақ шекарасынан өтіп жат­қан қырғыз азаматтарының бұған дейін Қазақстан заңын бұзған-бұзбағанын анық­тау мүмкін болмай отырған көрінеді. Штамп тек халықаралық төлқұжатқа қойы­ла­ды. Заңдағы бұл олқылық заң бұзып, ел аума­ғынан аластатылған Қырғызстан азамат­тарының Қазақстан аумағына қайта кіріп, заң­сыз жұмыс істеуге, жүріп-тұруға мүм­кіндік береді екен. «Туыс, көрші елдер арасын­да­ғы осындай жеңілдіктерді, өкінішке қарай, қырғыз азаматтары теріс пайдаланып келеді» дейді құқық қорғау саласының мамандары.

Өз елдерінде жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын нәпақа табу үшін қазақ жеріне келуге мәжбір етіп отыр. Алайда олар­дың басым бөлігі заң талаптарын ескермейді. Әсіресе қырғыздан келіп, базар жа­ға­лайтын айыр қалпақты ағайындар Қазақстанда болу мерзімін ескермей көші-қон заңын бір бұзса, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып салық заңдарын екі бұзады екен.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, ала шапанды ағайындар да заңға бағына бермейді. Олар арзан жұмыс күші ретінде, бір жағынан, жергілікті құрылыс маманда­рының айлық жалақысының төмен болуына ықпал етсе, екінші жағынан, құрылыс жұмыстарының сапасыз жасалуына ықпал ететін көрінеді.

Басты мәселе - мигранттардың заң талаптарын орындамай, қауіпсіздігі­мізге көлеңке түсіруінде. Сондықтан да мигранттар мәселесіне ұлттық қа­уіп­сіздік тұрғы­сынан да, қоғамдық-эко­но­микалық қауіп­сіздік тұрғысынан да қарап, қатаң бақылау жасауымыз қа­жет. Өйткені «мигрантпын» деп, елі­міз­ге теріс пиғылмен келетіндер де бой көрсетіп жатады.

Дерек

Өткен жылы Алматыға уақытша келетін шетелдіктердің саны рес­ми мәліметтерге сәйкес 189 648 адамды құраған. Олардың ішінде 31 пайызы - ресейліктер, 23,8 пайызы - өзбекстандықтар, 18,2 пайызы  - қырғызстандықтар. Қалған 20,9 пайызы - алыс шетелдердің азаматтары. Олардың 20 пайызы Қазақстан Республикасының көші-қон туралы заңына қырын қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұл көлемі 157 млн 872 мың теңгені құраған. Айыппұл тек заң бұзған мигранттарға ғана емес, шетелдіктерді жұмысқа тарту мен пайдалану бойынша көші-қон заңнамасын бұзған заңды тұлғаларға да салынған.

Автор: Қалдар БЕК

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір