Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 2178 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 10:25

Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарды қатаң жазалайтын заң қабылданды

 

 

Бекітілген тәртіп бойынша Үкіметтің бюджетті атқарғаны туралы есебін Парламенттің қос палатасы жеке-жеке талқылап, түпкілікті шешімді бірлескен отырыста қабылдайды. Соған орай өткен аптада төменгі палатада талқыланған былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы үкіметтік есепті кеше Сенат та қарап шықты.

Өткен жолы Мәжілістегі фракция басшыларын қабылдағанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы қазына қаражатын игеруге қатысты темірдей тәртіптің болуы керектігін сөз еткен-ді. Сосын мемлекеттік қаражаттың мақсатты орындалуын қатаң талап ету керектігін айтып: «Парламент, Консти­ту­ция­ға сәй­кес, жұмыста жіберілген олқы­лықтары не­месе мемлекеттік қара­жаттың елеулі түрде игерілмегені үшін кез келген министрге сенімсіздік танытуы мүмкін. Басқаша болмайды, депутат­тар мемлекеттік органның әр басшысынан оған жүктелген міндеттің орындалуын қатаң түрде сұрай алады. Халық сіздерді сол үшін сайлады», - деген еді Нұрсұлтан Назар­баев. Сондықтан да қос палата депутаттары атқарылған бюджеттің сапасын сұрағанда ең алдымен қаржының игерілісіне, қаражаттың мақсатты жұмса­луына үңілуді ерекше қаперде ұстайды. Былтырғы бюджеттегі қалдық - бұған дейін де белгілі болғандай, 42 млрд теңге. 2010 жылмен салыстырсақ, мемлекеттік органдардың игере алмаған қаражаты 15 пайызға артыпты. Алайда бюджеттің «жілігін шағып, майын ішуге» әбден жараған бас қаржыгер Болат Жәмі­шев мұның объективті себептерін көлденең тартады.

Қаржы министрі Болат Жәмішев айтады: игермеудің сүбелі үлесін объективті себептер құрайды. Мәселен, 17 млрд теңге ағымдағы жылы орындалу мерзімі бір жылдан артық жалғасып жатқан бюджеттік даму бағдарламалары бойынша 2011 жылы тіркелген міндет­те­мелердің төленбеген бөлігіне тиесілі. Ал 10,6 млрд теңге - бұл үнемдеу.

Бұдан басқа қаржы министрі санап шыққан игерілмеген қарыздардың дені жауапсыздықты нұсқайтын тәрізді. Мәсе­лен, 4,7 млрд теңге - мердігерлерге байланысты орындалмай қалған шарттық міндеттемелер, 5,9 млрд теңге - орынсыз олқылықтардың есебінен анық­талған, қажет болмай қалған қара­жат, 4,7 млрд теңге негізсіз жоспарлауға, шарттарды уақтылы жасамауға байланысты туындаған. Басқасын қайдам, Болат Бидахметұлы дәл осындай олқы­лықтары үшін депутаттар алдында кіші­рейіп, тиісті тұлғаларды жауапқа тарту­дың қаралатынын жеткізді. Айтуынша, орынсыз игерілмеулер үшін бірінші басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы хат та жолданған. Десе де, тү­йін­дей келе, бюджеттік қаражаттың иге­рі­лмеуіне қатысты қаржы министрі сон­шалықты «қорқыныштың» болмауы қа­жеттігін де алға тартып, әлемдік тәжіри­белерді келтіреді. Оның сөзіне сенсек, әлемнің алпауыттарында да бюджетте қалдық қалып, сол қалдық келесі жыл­дарға көше беретін көрінеді.

Ал Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың игерілмеген бюджетке қатысты пайымы бұдан бөлек. «Жекелеген объективті себептердің не болмаса төтенше оқиғалардың туындауына байланысты бюджет қаражатының толығы­мен игерілмей қалу жағдайлары болып тұрады. Ол түсінікті. Өкінішке қарай, был­тырғы игермеудің басым бөлігі - бюд­жеттік әкімшілердің кінәсінен», - дей­ді комитет басшысы.

Сөз арасында Есеп комитетінің төра­ғасы Ұлттық банкке қатысты сынның да бір ұшын шығарып кетті. Бұл сын жалған кәсіпорындардың қаулауына қатысты болған еді. «Жалған кәсіпорындар саны бүгінгі таңда 1 мыңнан асып кетті. Сөйтіп, жалған шот-фактураларды пайдаланған 270 бір күндік фирма өткен жылы 110,5 млрд теңге мөлшеріндегі салықты төле­ме­ген. Осындай фирмалардың саны был­тыр 23 пайызға артқан», - деді Омар­хан Өксікбаев. Соның салдарынан әл­гін­дей фирмалар қызметінен мемлекет­ке өнді­ріп алудан күдер үзілген салық бе­ре­шегі­нің мөлшері 22,8 млрд теңгеге өсіпті.

Осылайша, Үкімет пен Есеп комите­тінің баяндамасын тыңдаған сенаторлар бюджеттің орындалуын екі сағат бойы талқылады. Сосын біршама ұсыныс-ес­кертпемен есептерді қолдауға келісті. Дегенмен аталған мәселе алдағы уақытта Парламенттің бірлескен отырысында тағы бір сынға түседі.

Бұған дейін Мәжілісте мақұлданған мемлекеттік рәміздерге қатысты құжат Сенаттың қолдауына да ие болып, жоба заң мәртебесін иемденді. Енді Елбасы қолын қойса, аталған заң өз күшіне енетін болады. Тоқтала кететін жайт, бұ­ған дейін де белгілі болғандай, мемлекеттік рәміз­дер­ді қорлағаны үшін айып­пұл мөлшері­нің ең төменгі деңгейі - 200-ден 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, ал оның жоғары мөлшері 1мың­нан 2 мың айлық есептік көрсеткішке де­йін ұлғайтылды. Рәміздерді заңсыз пай­даланғаны үшін жауаптылық та қатай­тылып, бұған қатыс­ты айыппұл мөл­шері төрт есеге артты. ҚР Мемлекеттік Әнұранын пайдалану және орындау тәртібін бұзғаны үшін жауапты­лық қа­таңдау қарастырылды. Спорт және дене шынықтыру жөніндегі уәкілетті ор­ган­ның рөлін арттыру мақсатында еліміз­дің аума­ғында және шетелдерде спорттық іс-шаралар өткізу барысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңна­маны сақ­тауды қамтамасыз ету бойынша құзырет бекітілді. Ендігәрі спортшы­лардың Ән­ұран­ның музыкалық редакциясы мен мә­ті­нін білуі, кеше қабыл­дан­ған заң бо­йынша, міндетті болып табылады.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір