Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 2379 0 пікір 18 Маусым, 2012 сағат 07:23

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

II

«Бөрі аузынан қой алар» деп үміт артқан мықтыларым Үрімжіге қызметке шақырылып жатты. Алдымен Әлібек майор көше жөнеліп, көңілім бейжай болып отырғанда, Әлиев пен Махмұт Керімге шақыру қағаз тағы келіп, танауымды қусырды. Енді тотидым-ау!» дедім. «Мақпалды табуыма көмек етерлік кім қалды енді!».

Үрімжіден салмірейген бір қытай жігіт келіп жүр еді, Шакербайдың столының қатарына отыра қалды бір күні таңертең.

- Сіз Махмұт Керімнің орнына келген болсаңыз керек! -деп қытайша соқалай сөйлеп барып, соның орнын нұсқап едім, аңтарыла қалды да, бірдеңе деп былдыр-былдыр ете түсті. «Сенің сөзіңді түсінбедім» дегені екенін, шайқаған қолынан ғана ұқтым. Мен естіп көрмеген, басқа қытай тілінде сөйледі. Аудандық оқу-ағарту бөлімінің орынбасар бастығы болып, оқу-ағарту меңгермесінен тағайындалып келіпті. Бұл жайын Шакербай сөйлеп жүріп, өз столын бір бұрышқа тартып апарып қойды да, елпек қаға ұмтылып келіп, орынбасарының столын дәл төрге орналастырды. Орындығын да әкеліп қойып беріп, «отырыңыз!» дегендей қолын жая шұлғып еді, құрметке құрмет ретінде үш рет шұлғып барып отыра кетті орынбасар.

II

«Бөрі аузынан қой алар» деп үміт артқан мықтыларым Үрімжіге қызметке шақырылып жатты. Алдымен Әлібек майор көше жөнеліп, көңілім бейжай болып отырғанда, Әлиев пен Махмұт Керімге шақыру қағаз тағы келіп, танауымды қусырды. Енді тотидым-ау!» дедім. «Мақпалды табуыма көмек етерлік кім қалды енді!».

Үрімжіден салмірейген бір қытай жігіт келіп жүр еді, Шакербайдың столының қатарына отыра қалды бір күні таңертең.

- Сіз Махмұт Керімнің орнына келген болсаңыз керек! -деп қытайша соқалай сөйлеп барып, соның орнын нұсқап едім, аңтарыла қалды да, бірдеңе деп былдыр-былдыр ете түсті. «Сенің сөзіңді түсінбедім» дегені екенін, шайқаған қолынан ғана ұқтым. Мен естіп көрмеген, басқа қытай тілінде сөйледі. Аудандық оқу-ағарту бөлімінің орынбасар бастығы болып, оқу-ағарту меңгермесінен тағайындалып келіпті. Бұл жайын Шакербай сөйлеп жүріп, өз столын бір бұрышқа тартып апарып қойды да, елпек қаға ұмтылып келіп, орынбасарының столын дәл төрге орналастырды. Орындығын да әкеліп қойып беріп, «отырыңыз!» дегендей қолын жая шұлғып еді, құрметке құрмет ретінде үш рет шұлғып барып отыра кетті орынбасар.

Шакербаймен істес болғалы өзінен төменірек қызметкерге көрсеткен кішпейілдігін көргенім осы. Таңдана қарап тұрып қалыппын. Қит етсе, «мен бастығыңмын, бұйрық осы» деп қоразданатын осы мәнсапқор бастығымның бүгін мекиенге өздігінен айналғысы келгендей мына көрінісіне күлкім келіп еді. Онымды өзі де сезгендей:

- Қонақ қой, жаңа келді ғой! -дей салып бұрылды маған. - Биғаш, неғып тұрсың шырағым, қызметіңе бар! Махмұттың орнына біреу келгенше бар жұмыс екеуімізге қалды енді! Осы аптада қалалық мектептердің бәрін бір рет көріп, сабақ игерісін тексеріп шық! Қытайша бір клас қана ғой, оны мына кісінің өзі басқарар!

Мен өз бөлмеме кіріп, қағаздарымды жиыстырып жатқанымда біреу Шакербайдың есігінен қарап мені сұрады:

- Биғабіл бар ма, Әлиев шақырады!

- Шырағым, даңғырламасаңшы, жаңа келген кісі отыр!... Биғабіл мектеп аралап кеткен! -деп шақырушыны қайтара сала келіп, мені асықтырды. - Мектептеріңе тезірек кете ғой, Биғаш! По, қызметтен түсуге үш-ақ сағат қалды!

Қызметке бұл асықтыруы, Әлиевтен мені бұл жасыруында сыр барын тұспалдай шығып барып, Әлиевтің кабинетіне кірдім. Қызметін өткізіп болып, үйіне қайтуға киініп тұр екен.

- Міне, Биғабіл дейтін азамат осы, -деді, орнына келген қырма сақалды қараға қарап. - Арасындағы ахуал әлгіндей. Солай бола тұрып, тағы да жібергісі келмей, жабысып алыпты. Тым болмаса, қызметке шақырылған қағазын өзіне көрсетіп, пікірін тыңдамақ та емес! Жаңа кіріп айтып ем, "бәрін әкетпекпісің" деп, бәрін мен әкетіп бара жатқандай түйілді. Өлкелік үкімет алдындағы жауапкерлік үшін қағазын өзіне беріңіздер, өз ықтиярымен болсын!

- Әкімнің ісіне қол сұға алмаймын ғой! - деп жымиды жаңа орынбасар. - мен білмеймін дедім ғой!

- Олай болса мен-ақ ұқтырып кетейін!  Биғабіл, сені Үрімжіге оқу-ағарту меңгермесіне қызметке шақырған екен. Кеше кеште ғана естідім. Шақыру хат Досан әкімде. Барғың келсе, дайындал, ешкім тоса алмайды. Барғың келмесе, өзің білесің. Меніңше, өштік-қастықтан аман өсуің үшін саған Үрімжі жақсы. Ал, мен екі күннен соң жүремін. Оғанға дейін көрісерміз!

Осыны айтып шыға берген Әлиевтің соңынан ере шықтым.

- Тез өсуің үшін барғаның жақсы! -деп қайталады қақпадан шыға бере.

- Ағай, менің қазірше бара алмайтын себебім бар ғой, Мақпалды іздеусіз тастап кеткім келмейді!

- Онда өзің білесің. Бірақ, мына мұрт сенің өсу жолыңа бөгет бола береді, қатты өшіккен. Сол үшін орынбасарына бар ахуалыңды айтып ескерттім. Бірақ бұл бір ынжық неме сияқты. Мұндайдың саған ешқандай пайдасы тие қоймайды. Анау саған өз қолынан келгенін істей бере алады, ойланып көр! Өз қолынан жібермесе, менімен бірге жүре беруіңе болады!

- Бұрынғыдай емес, партия комитеті құрылады ғой әлі!... Бұрын менің бұл мұрттан зыта қашқым келіп тұратын. Қазір қарсысына тұра қалғым келе береді. Мұның бар мәселесі маған аян емес пе. Сәті келгенде өзін домалатуға сенімім бар!

- Олай болса, дұрыс! -деп күлді Әлиев. - бірақ, өте сақ болғайсың, бір іске тәуекелшіл болма!... Әлгі қыз туралы талабыңды Айыржапқа айтып қойғанмын. Бірақ ол да ауысуы мүмкін. Өз бетіңмен іздеуге тура келсе, өте байқап ізде, мұрттының содан бір сылтау тауып кетуі мүмкін, асқан аяр неме!...

Әлиев осы сөзбен айрылысты. Мен мектеп шарлай бердім, қиялым қиырда, сонау Жеменейде, Сауыр қияларында оған өткен күз соңында бір рет барып қайтқан Дүйсен ағай Мақпалдың тірі екенін бір әйелден ғана естіп, өзін көре алмай қайтқан. Бесік күйеудің нағашысы басқа бір беймәлім жердегі туыстарына екі күн ғана бұрын жөнелтіп жіберген екен. Дүйсен оның айдалған бағыт-бағдарын да біле алмай қайтыпты. «Жаз шыға тағы бір барып іздеп қайтамын» деп жұбатады. Тірі екенін айтқан сол әйелге Мақпалдың бар жайын біліп тұруды мықтап жалынып тапсырыпты.

Сонымды таппай осы жерден тапжылғым келмеді. Арман-тілегін азат ете алмаған азаматқа азаттық қайда. Егер оның өзі бесік күйеудің бесігіне бала салып, сонысын қимай мені қиса, сонда да жартылай азатпын дейтін сияқтымын.

Мектептегі жұмысым ертерек аяқтаған бір күні кешке жақын үйге қайтып келе жатқанымда бір қарымды қол арқамнан қағып кеп қалды. Жалт қарадым да құшақтаса түстім. Аласалау ғана иықты келген құбақан жігіт, мені белімнен қаусыра көтеріп әкетіп, шыр көбелек айландырды. Тарбағатай халқының бұлбұлы аталған әнші Шәкен Елубайұлы еді ол. Жұртшылық қанша ардақтағанымен өзін аямайтын «тесік өкпе» еңбекші  азамат Шәуешек қазақ орта мектебіне ғылми меңгеруші болған соң да демалыс күндерін қара жұмыспен өткізіп келе жатыр еді. Қартайған жалшының жалғыз ұлы, семия тұрмысы үшін жасынан дағдыланған осындай кәсібінен әлі айрыла қоймаған. Өзінен не дәуір тұрықты мені қомсындырған Қуат, құрыштай шынқтырған сол еңбектің қуаты үйіріп-үйіріп тікемнен тік қоя салды. Тәлтіректеп алқына тұрып амандастық. Мемлекет бойынша тұңғыш рет әдебиет-көркемөнершілер жиынына шақырылған екен. Түскен жүк аптамобилі артқы аяғынан "ақсап", емдеу керек болған соң қоналқыға деңге тоқтапты. Шәкенді қоналқыға кетіп бара жатқан жолынан бұрып, үйге қарай  қолтықтап ала жөнелдім.

- Үй-үй, Қиялзат түсте кездесіп, үйіне шақырып қойып еді, сонда баралық!

- Қиялзаттың да, оның қыдияр заты да қазір келеді біздің үйге!

- Бұрын шақырды ғой, уағда беріп қойып едім!

- Мыңбектің үйіне сол уағдаңның өзі-ақ қонсын, Шәкендер мен сияқты «бір бектің үйіне қонады!».

- Әкесі Мыңбек пе еді, онда ... болса-болсын! -деп өздігінен құлшына кетті Шәкен. - Қиялзатқа жауап та өзіңнен болсын!

Жолда кезіккен оқушылардан қағаз жазып, Бақай, Мәулен, Өмірбек, Қиялзаттарды қосарларымен шақырдым да, лайықты ішімдіктерін жол жөнекей түгендей келдім. «Арақты қойғанмын, мені қинаушы болма!» деп Шәкен өтіне кірді үйге.

Алқын-жұлқын болып Қиялзат пен Мәрия жетті алдымен.

- Мұның не ей, бастық, шақырып қойған қонағымызды жолдан жетектеп әкетіп, қай басынғаның бұл! -деп Қиялзат тепсінгенде, Шәкен маған қарап жымиды.

- Е, бастық дегеннің басқаны басыну үшін бастық болатынын көрмеп пе едің, оның жөнін Мыңбек әкеңнен сұра! -дегенімде Шәкен қарқылдай күліп, не дер екен дегендей Қиялзатқа қарады.

- Сені әкемнің басынғанын қашан көрдің! Айыбына жүр, сен өзің де жүресің біздің үйге!

- Мені әкең басынбаса, қасыңдағы оның келіні бұрын кімнің қалыңдығы еді, білмеймісің?! Жасау-жабдығымызды екеулеп дайындап болғанымызда зорлап саған құшақтатып жүрмей ме!

- Жеңілдің! -деді Мәрия Қиялзатқа баяу ғана күбірлеп, төмен қарап барып өкінші бар адамша әдейі күрсіне отырды орындыққа. Даңықты әншінің әнін қайнатаның үйіне кіріп тыңдай алмайтын болған соң осында қондыру жағына шыққаны, маған осы актердың күрсінсінен байқалды. Шәкен оған таңданысты шыраймен аңтарыла қарап қалыпты. Марияның бұл бейнесінен бұрын расында да менің қалыңдығым екендігіне сенген сияқты да, неткен шыншыл жан деп таңданғандай.

- Мыңбек ұлы кімнен кімді тартып алып малданып жүргеніңді енді мойындаған шығарсың, айыбына өзің отыр! -деп Қиялзатты жетектеп, Шәкеннің қатарындағы орындыққа отырғыздым. Қиялзат дауын қайта жаңғыртты:

- Өз қалыңдығыңнан айрылып қалған ынжық, соның кегін енді менен алмақпысың!

- Ие, оны тартып әкеткен де Мыңбек емес пе! -деп күрсіндім мен - қала қасқыры, қыр қасқыры - бәрі бір қасқыр. Мен екеуімізге де ортақ қонақты қолының ғана жетектеп күлдіріп әкелдім. Ал, сендер, қалыңдықтарымды зорлап атқа өңгеріп, шырылдатып әкеттіңдер ғой! Рас па Мәрияш?

- Рас! -деп Мәрия тағы да томсара күрсінді. - Екеуі де рас! -деді төмен қарай беріп.

Шәкен оған таңданыспен бадырайған қоңырша көзін енді маған аударды:

- Мына қалжыңдарыңа қарағанда тағы да талай оқиға кешірген сияқтысың ғой?

- Бұл тыныш жүрушіме еді, -деп Қиялзат жұлып әкетті жауапты. - Әкімдердің құйрығынан түрткілеп шамдандырып алып, өз таңынан тартқызады да жүреді!

- Әкеңнің көзімен қарағанда менің солай көрінетінім рас! -дей салдым. - Сау көзбен қарасаң, ондайдың қарсысындағы образбен көрінер едім.

Шәкен Қиялзатқа көзін сығырайта жымиып, мысқылмен қарап сөйледі:

- Әкімдердің құйрығынан түртіп шамдандыру емес, таңның тәттілігімен қызықтырып тартқызады десең, нанымды болар ма екен?! Таңы тәтті болмаса әкімдер тарта бермесе керек қой!

- Рас солай болатын! - деп Мәрия мұңайғанси құптады оны.

- Бәріміздің дәмімізді осы Мәрияш біледі! - деп күліп жібергенімде, Шәкен қарқылдап ала жөнелді.

- Үшеуіңнің араларыңдағы қалжыңға сеніп, Қиялзатқа өшіге қалыппын! -деп еселей күлді. - жарайды қарындас, мықты актер екен! Сендердің сөздеріңді шыраймен бекітіп, нандырып отырған осы!...

«Мақпалды осы өнермен де құтқара алмай қалдық қой, әттеген!» деген өкінішпен Мәрияға тына қарап алып, тығылып отырып қалыппын. Бұл жайымды терши қалған маңдайымнан байқады ма, Мәрия да сезіп, мұңая қарап отыр екен. Мәулен мен Өмірбек келіпті. Алдарына жүгіріп барған Шәкенмен есік жақта құшақтасып, амандасып тұрғанын бір-ақ білдім. «Қой, Биға, бұл жайыңды енді әшкерелей берме!» деп күбірлеп түрегелді Мәрия орнынан.

Жақында босанған Меһір, бала жағдайымен келе алмай қалыпты да, Бақай табылмапты. Дастарқан жасатып, шәй құйғыза бердім. Жеңгелерімнің алдына түсіп, күтуші бола қойған Мәрия бөтелкелермен стакандарды суырып шығарып ала қойды. «Әнді ертерек бастату үшін» деп күбірлеп барып, сәй қуырдақ әкеліп қоя сала түрткіледі мені. «Арақ құй!» дегені еді. Артыма қайрылып мен сыбырладым. «Көргенсіз болма, бәйбіше, алдымен шәй ішіп алсын!» дегенімде, құлағымды қос қолымен далдалай сыбырлады Мәрия: сен шәй ішкізіп баптап болғанша менің күлкішім қонағыңды жетектей жөнеледі де екеуімізді тағы да тақырға отырғызып кетеді!»

- Ей, ана екеуін қарашы ей, әлден сүйісіп отыр! -деп мырсылдады Өмірбек, Қиялзат орнынан ыршып тұрды:

-  Тап... қысыңдар енді!

- Бұл зіркілге қысыла қоймас, - деді Шәкен күліп, маңдайына жығылған шашын сілкіп қайырды. - Не деп сыбырласқандарын сеземін. Мен өздерін қысайын!... Қане, қарындас, Биғабіл екеуің алдымен ауылдың алты ауызын айтыңдаршы, сонан соң қонақтан күтетіндерің арақсыз-ақ орындала береді!

Мәрия сыңғырлап күліп, есіктен шыға жөнелді де, мен жалма-жан арақ құюға кірістім.

- Қыстырдың-ақ! -деп Өмірбек мырсылдады да,

- Мына біреуінің, тіпті, пішілгендей, - деп Қиялзат шиқылдады. -  Жымқырыла қалғанын қарашы!

- Жоқ, қыстырмаймыз да піштірмейміз! -деп күбірлеп стакандарды тарта бердім. - Ей, Мәрияш, бері кел, «алты ауызын» мен-ақ айтып беремін! Алдымен жадыратып алайық өздерін!

- Мен өзіңе айтып едім ғой! -деп Шәкен, алдына қойылған арақты маған күбірлей қайтарды да, жариялап сөйледі. - Достар, мен арақты бұрыннан жақтырмасам да, тек, жадырау үшін ғана ішетінмін. Енді міне көңілім ғана емес, бүкіл аспан жадырайтын негіз орнады. Маған бұдан артық температура керек емес. Мұнан соң ішпеймін деп, жас кемпіріме де ант беріп қойғанмын. Ал, сендер қуаныш үшін де, маған арнап жасаған осы отырысқа шаттық қызу шақырып та ішетін боларсыңдар... Бұл пейілдеріңе разылығымды әніммен көрсетіп, дос көңілдің мерекесін әніммен қыздыра берейін, арақтан рұқсат етіңдер, рұқсат етпесеңдер де бәрі-бір, ішпеймін. Бұл жайымды Биғанға келе жатып-ақ айтып болғанмын, кешіріңдер!

- Менің әуенім бұдан әдемілеу, -дей түрегелдім мен - рас, бұрын біз, «күніміз бір сорлымыз, күңіренейік қосыла!» деп те ішіп қоятынбыз. «Көңіліміз бірде күресте, Күлейкіші қосыла!» деп те ішіп қойған жеріміз бар. Бұл арақ бүгін сол екеуінен де басқаша себеппен құйылды: Бижіннен қараған көзге ең түкпір деп есептелетін Шәуешектен жалшының жалғыз ұлы, еңбекшілердің күрескер әншісі, ұстаз Шәкенді дәл тауып көріп, сол астанадағы көркемөнер жиынына дәл тауып шақырған компартияға - Маузыдұңға алғыс үшін көтерелік осы тосты!

- Әй, алып кеттің-ау! -деп ыршып тұрды Шәкен. Менің алдыма қайтарып қойған стаканын өзі ұмтылып келіп ала-сала шақ-шұқ қағыстырып жіберіп қағып салды. Сол тұрған бойы шәй кесесін алып, ұрттап, ұрттап жіберді де, «партизандар маршын» ханзуша өз тексімен сайратып ала жөнелді. Шәкеннің үн желбезегінен ең бақытты ән ғана шығатынын пәш еткендей, өзі де елпілдеп-ескектеп құйқылжып айтылатын елгезек ән, ерен нақышқа бөленіп, алуан түрлі зер жіптерге тізілген алуан түрлі меруерттей құлпырды.

Ән басталысымен елеусіз ғана кіріп, мені далдалай тыңдап тұрған Мәрияның сол әнмен бірге құйқылжып кеткені, менің иығыма сүйенген қолынан білініп тұр еді. Арақ құюға тосыннан еңкейе қалғанымда жалп етіп құйрығыма қона түсе жаздады. Бұл қылмысын зейіндері әнде ғана болып, тынып қалған даукестер байқамай, екеуіміз ғана жымиыстық бір-бірімізге. Мәрия ән аяқтасымен лып етіп, шыға жөнелді. Мен стакандарды екінші рет тарттым. Шәкеннің алдына да қойғанымда бұл жолы қарсылық көрсетпей, қуырдақ асай түсті. Онысы, өзі бір рет тост көтертуге дайындалғаны екен. Стаканын ұстай түрегелді.

- Достар, маған ғой, көтермесем болмайтын ерекше тілекпен бір румка алдырдыңдар. Осы отырған бәріміз де оқытушы екенбіз, осындай мөрті келгенде көтермесе болмайтын тағы бір тост бар. Сонымен жұп болсын. Тарбағатай газеті Биғабілді осы өткен күзде тағы шақырып еді. Мектептен басқа орында қызмет істегісі келмейтіндігін айтыпты. Сонысына мен қатты разы болдым. Мұғалімдік деген мәнсап емес. Қазір еңбек ақысы да төмен. Ал, газет сияқты атыңды да шығармайтын, жолы жіңішке, табаны жалпақ, жапалы қызмет. Биғабіл сол жапалы қызметіне ешқандай мәртебені теңгермейді. Тіпті өзі сол мәртебесіздігінен мерт бола жаздағанда да теңгермеді. Сонысы үшін Биғабілді ешқандай Әкімге мен теңгермеймін. Мекктеп ананы осы Биғабылша ардақталық! Жаңа өркендердің мүддесі үшін Биғабылдай жанқияр ұстаз болайық!

Осы сөзбен екінші рет қағыстыра бергенімізде кердең басып үш-төрт жуан кіріп келді. «Ассалау-ассалау» дескенде «астағыпыралла!» деп қалған Шәкен стакандағысын қағып салып қарсы алды. Алдына Сәрсен Саясат пен сарала капитан Үсен екен. Мұндай қасиетті тостқа оларды ортақтастырмайық дегендей бәріміз де сіміріп жібердік. Табалдырықтан кекірейе аттаса да, бар кеселін босағама тастай салғандай еңкейген Сәрсен, қолын маған да жалбақтай ұсынып еді,  «тақсыр» капитаным сес көрсеткісі келгендей бейнемен қолымды сере ұстап, сілкілей амандасты. Төрдегі орындықтардың біріне нұсқағаныма қарамай, есік жақтағы бір орындықты оңаша терезе алдына апарып шалқалап сұлай кетті.

- Палиторігім ресми шақырғаныңда шығармын төріңе. Бір мықты әнші келді деген соң ән тыңдауға ғана келдік. Отырыңыздар, отырыңыздар!

- Палиторг түгіл жаныңда тат басқан қанжарың, соңыңда таз конвойың жоқ, неңе кекірейесің! -деп Өмірбек мырсылдады онысына. - Келерің келген соң дастарқанға шақырғанда бұлданбас болар!

Төрдегі өз орнына Шәкен де шалқалай кетті. Шырайына біз көрмеген такаппарлық орнай қалыпты. Қатарына отырып, қайталай амандаса түскен Сәрсенге ернін жыбырлатып қойып қана сөйледі:

- Отыр, Биғаш, капитан мырзаны «ресми» шақырып күтіп аларсың, мен де сол кезде келіп, зетпен тұрып ән салып берермін. Қазірше құрмет қабылдауға зауқы жоқ көрінеді, қайтесің зорлап!

Өзі келіп ап мұншалық кеселденуіне аң-таң болып тұрып қалған мені есіктен Мәрия шақырып сыбырлады:

- Әлия бірнеше қызбен ән тыңдаймыз деп бағана келген. Қарсы үйде отыр. Әнеу капитан соны аңдып келген сияқты. Төбелес шығармасын, байқа!... Айырылсуларын сенен көретінін естігенмін!

- Қонақтарға шәй құйыңдар! -дей салдым да Үсеннің қатарына орындық тартып отыра күбірледім. - Капитан, расында ән тыңдауға келдің бе, менімен айырым сөйлескелі келдің бе?

- Мені айырым сөзі бар екен деп естідің бе? -деп түйіле күбірледі Үсен.

- Олай естімесем де солай түсіндім. Әлияның қарсы үйге келіп отырғанын жаңа естіп, сенің төрге шықпай қоюыңды солай түсіндім, сөйлесесің бе?

- Маған ол туралы айтатының барма еді?

- Бар! -дедім де қолынан жетектей жөнелдім. - Әлияны сен ертіп шық! -деп Мәрияға сыбырлай шықтым. Қақпаның сыртқы босағада алдасына Үсенді тоқтатып бастадым сөзімді. - Әлия екеуің уағдаласып па едіңдер, жоқ уақытша ма еді?

- Онда не жұмысың бар?!

- Жұмысым тек екеуіңнің ар намыстарың үшін ғана!

Үсен басын төмен салып, ойланып тұрғанында Әлия қақпа алдынан мені ғана көріп, күлімсірей жетті де Үсенді көре томсарып шегіне берді. Шап беріп қолынан ұстай алдым.

- Сіз қашан келдіңіз мұнда?

- Ән тыңдайын деп бағана келгенмін!

- Мына батырыңызды ренжітіп келген сияқтысыз, тоңырая келуінен байқадым. Ән тыңдағыңыз келсе, күйеуді күлдіріп кіргізіңіз, қонақ алдында ұят болады!

- Бұл кісіні мен танымаймын! -деп қызарақтай тұқырды Әлия. Үсен зірк ете түсті:

- Танымай қатын болып па едің маған?!

- Мұнысы мені масқаралау үшін жапқан жаласы! -деп бетін баса шиқылдады Әлия.

- Жала емес, жаны бар сөз екені қараңғы көшедегі жүрістеріңнен де белгілі болған ғой, Әлияш!... Екеуің расында дәл табысқан, бір-біріңе сайма-сай жансыңдар! Жүз жыртыспай, бақытты жұбай болуларыңа тілеулеспін. Осы жерде сөйлесіп, рақайласып кіріңдер де, құрметті қонағым болыңдар! -деп тастап, үйге беттегенімде сырт бұрылып, сарт-сұрт баса жөнелді Үсен. Талай офицерді осындай «қаһарлы маршқа» жүргізген Әлияға жымия қарап өтіп едім, Үсеннің әлгі рақымсыз әшкерелеуін есіме алып, менің алдымда сонысымен керекке алғысыз етіп масқаралап кету үшін ғана келгенін түсіндім де, шегіне жете масқараланған Әлияға жаным ашыды. Қайырылып тұра қалдым.

- Әлияш, -деп шақырғаныма қарамай бұғып, өкси берді өзі. - Өз уыңнан құтырған ит, әрине, солай қабады, -деп дағдай сөйледім. - Өзің тапқан дерт болған соң өкінбе де ашынба оған!... Жүр үйге кіре ғой, ән тыңдап қайт!

Есік алдына шыға келген Мәрияға, «ертіп кел!» дегенді ишараладым да үйге кірдім. Арақ құюшы Өмірбек, мысқыл, арақ ішуге қузаушы Сәрсен Саясат болып отыр екен. Басқаларына Маужуши үшін де, Шәкен үшін де бір-бір рет көтертіп алған сияқты өзі. Шәкенді көндіре алмағанын айтып сайрай жөнелді:

- Міне өзі келді ғой, төрелігін Биғаш айтсын енді. Шәкен жолдаспен бұрыннан танысы болсақ та бірінші рет дастарқандас болып отырыппыз. Ұлы әншіміздің өз денсаулығы үшін көтерген тостымызға мүлде баспай қойғанын кішпейілдігіне сындырып, өзіміз орындай салып едік. Міне «Маужушидың денсаулығы үшін» ұсынған тостымызға да қарамай отыр. Біз ғой алып қойдық. Дастарқан иесі, енді өзің айтшы!

- Сіздер келгенде көтеріп тұрған тосты сол көсемнің денсаулығы үшін болатын. Енді Бижинге барып, сол кісіге ән салып беруі үшін тамағын сақтауы қажет қой. Сондықтан Шәкенді араққа енді қузауымыз, саяси қылмысқа саяды. Оған ішкізбелік! -деп саяси дауды тоқтаттым да басқасының істегендеріне толтыра құйғызып, тың тостқа шақырдым. - Қане достар мына тосты компартияның денсаулығы үшін көтердік!

Бұған келгенде Сәрсен стаканының өзін жұтып жібере жаздады, тағы құйғызып, тағы көтерттім:

- Енді Люшяучи Пужушидің денсаулығы үшін! - Бұл тост та жылымай өте шықты. Сәрсеннің саясатынан үстемірек саясат шығармай сасқалақтан құтылмайтындығымызды тағы ескердім: «енді Жунлай, Жуде тағы басқа ақсақалдардың денсаулықтары да қам жегізетін денсаулық» екендігін айтқанымда өзі де күліп жіберді.

- Дем алып ап ішерміз, ән тыңдалық! -десті көпшілік. Шәкен орнынан тұрып барып, ілулі тұрған домбыраны алып, шертіп көрді де, өзіме ұсынды.

- Олай болса, уағда бойынша алдымен ауылдың әуенін естілік!... Әлгі Мәрияшың қайда?

- Қазір келеді. Мен орындай берейін!

Ақансерінің «Сырымбетіне» қалқыта жөнеліп едім, төмен басталып қалыпты. Мәрия келіп қосыла кетті де, екі еселей көтермелеп шырқата жөнелді.

- Әб бале, -деп қалды Шәкен Қиялзатқа қарап. - Ғашық болса, осылай болсын!... Енді сендім!

.... «Ауылым көшіп барады құзбасына,

Ерімейтін мәңгілік мұз қасына.

Қайда, қайда барасың мені тастап,

Қызыл жаулық жамылып қыр басыңа?!» -деген шумаққа келгенде осы мұңға бар ықыласым ауып, бар дауысыммен өзім де көтере жөнеліппін. Қызыл жаулық жамылған Нұрияшым артына жалт қайрылғандай елестеді де, аялы көзінен тұп-тұнық жасын төгіп-төгіп жібере жөнелгендей көрінді, көзім буалдырланып, жасқа толып алғанын ән аяқтағанда білдім де сырт айнала ыршытып, қол орамалмен сүрте салдым. Қарсы үйдегі қыз-келіншектер орындық әкеліп, қатар тізіле отырған екен. Маған қарасып қалыпты. Орта шенінде отырған Әлия ғана қызара қусырылып, төмен қарап отыр.

Мәрия екеуімізге алма кезек қарай берді Шәкен. Бағанағы қалжыңымызды енді мүлде шынға балап сенгендей, Қиялзатқа да көз қырымен қарап қояды. Мәрияның енді ақталғысы келгендей, күле берді.

- Өзім айтқан әнге осылай өзім жылайтын ынжықтығым бар! -деп жымидым мен. Басқа тыңдаушылар күліп жіберді де, Шәкен басқа пәтуа айтты:

- Ән құдіреті дауыста емес, жүректе. Жүрекке сіңіре, жүрекпен тебіренте айтқан ән ғана жақсы шығады. Ән мәніне солай беріліп айтқан әншінің өзіне де қатты әсер етеді. Биғабілді да сондай әсер биледі. Тамаша айтты! Ән салғанын да, әнші екенінде көргенім осы!

- Ал енді өзің айтшы! -деді Мәулен. Шәкен Мәрия екеуімізге тағы да кезек қарап қойып, «Ләйлым шырақты» бастады. Бар кінәні Ләйлімге артып, ішкі ауыр күйніші-өкінішін ойнақы сазбен жеңіл ғана ақтаратын тым нәзік күрсіністік әні еді бұл. Шәкен әннің сол мәнін жетілдіре айқындап шығарды. Шегіне жете бұралған скрепка сымындай, енді бұралса үзіліп кетердей шқынған өткір күйініш мативінен өлең сөзіне аса шебер қанат бітіп, тыңдаушылардың жүрегін іліп-іліп ала жөнелгендей сезілді. Қыз-келіншектердің жасыра күрсініп тыңдағандықтарын көкіректерінің көтеріліп түсулерінен байқап отырдым.

Сәрсен Саясаттың қузауымен жігіттер тағы да стакан көтеріскен соң, Шәкен «Қорлан» ға шырқады. Сұлу Қорланның жер бетінен «табылмайтынына» сипаты көп сияқты, жоғары қарай отырып самғатқан Шәкеннің асқақ дауысы аспанды шарлай жөнелді. Қол жетпесі сол арманына өршіл сұлу әнімен жетіп, Қорланның өзін де мұратына еркін жеткізгендей. Қарсы алдына жаудырап отырған қыздардың қусырылып, төмен қарай берулеріне Өмірбек күліп отыр екен.

"Соншалық биіктегі арман қызда нем бар, осы жердегі қыздарымды жарылқайыншы" дегендей Сәрсен, бүгежектеп жүр. Патноспен ұсынған шарап стакандарын қыз түгіл келіншек те алмай, бас шайқай берді. Есіл-дерттері әнде ғана болып, түйілісіп алыпты. Сәрсеннің сыйын Әлия ғана қабылдап, қасындағы қызды далдалай бере қағып салды.

- Ішпегендеріне енді сен ұсын! -деп сыбырладым Мәрияға. Ойына әлдене келгендей жымың қаға жеткен жылпос қыз Сәрсеннен патносты алды да, қыздардың қарсы алдына тұра қалып күбірлеп ду күлдірді.

- «Биғабілдің көз жасын бірінші рет көргендіктірің үшін алыңдар!» деген екен. Стаканды сыңғырлы-сырнайлы күлкімен бәрі алып қағыстырғанда, Сәрсен долығып отыра кетті. Мен әдейі толқып түрегеліп, жігіттерге арақ құйдым.

- Жігіттер сүйінші, көз жасымды қыз-келіншек түгел көретін болды да, тілегімді беретін болды! Осы мол дәулеттен сендерге де енші берейін алып жіберіңдер! -дегенімде Шәкен де қарқылдай күліп қағыстырды.

Қалжыңдар қағысып, күлкілер тоғысып ала жөнелген дуылды Шәкеннің талабы тоқтатты бір шақта.

- Жә, енді кезектесіп орындалық! Мен талап орындаушы ғана болмай, талап етуші де болайын. Қалай дейсіздер?

Бұл әділ талап, еріксіз қабылданса да Мәуленнен басқа еш қайсысы орындай алмады. Шәкеннің алдында бәрі де тартынып айта алмайтындықтарын білдірісті. Әйелдер жағына көбірек үңілген Шәкен, айтса осы айтар-ау дегендей Әлияны тауып еді, «мен билеп берейін, би күйі шертілсін!» деп күбірледі ол. Стықтамаса да кастюмын шешіп қоя салды өзі. Домбыра қыдырып барып тапқан бір жігіт, би күйіне құйқылжытып ала жөнелгенде дара биге құйқылжып Әлия шыға келді. Мен алғаш көріскендегі зеңгір жібек кофта бұрынғыдан да жараса түскендей сымбатты мүсін, былтырғы у гүліне теңегенімнен де арырақ жиренішті көрінді көзіме, тіпті жасарып кеткендей, жіңішкере түскен белі талшыбықтай бұралғанда өзі улы жыландай көрінді. Ал, өзіне таныстығы аз, басқа жігіттердің көзін суырып әкетіп бара жатқандай телміртті сол сиқырлы мүсін. Маған бір қарап қойып өтті де биге Шәкенді тартты.

Жалпылық танса басталысымен Әлия Шәкенді тағы да іліп ала жөнеліп еді, сол ілгеннен іле берді де, құйқылжып күле берді. Тансаға демалыс жариялап, ән мен араққа қайта отырғанда Мәуленді орнынан ығыстырып, Шәкенге тығыла келіп отырып сыңғырлады. Онысына Мәрия екеуіміз күле беріппіз. «Шәкенге арақ шкізудің бабын осы табады әлі!» деп күлді Мәрия. Расында да сыбырлай-сипалай отырып сол тапты; не дегені белгісіз, бір сыбырлағанда «жорғаңыз өте жайлы екен, алсам алайын!» деп қағыстырған Шәкен, екінші кезекте бір сыбырлағанда «осы тілегіңіз қабыл болу үшін көтерейін!» деп қағыстырды.

Көпшілік Шәкеннің «боз жігіт - Жамал» трагедиясында орындаған әндерін айтып беруін өтінді осы кезде. Бір жағында отырған Сәрсен бұл талапқа қарсы ширыға түрегелді:

- Жолдастар, -деді тамағын қырнап жіберіп, - біз осы қашанға шейін жылай бермекпіз. Бағанадан бері тыңдағанымыз мұң мен зардың әні, енді қоялық сол жылауды. Гүңчандан заманы мұндай әнмен сиыспайды. Өйтетіні, гүңчандан мұң емес, бақыт әкелді бізге. Мұң мен зар көне заманмен бірге кетті. Енді қайталамақ емес! ... Бақыт пен еңбектің әнін ғана шырқауымыз керек! Бұл заманда кім жыламақ, қане!...

- Сіз жыларсыз! -деп жымиды Шәкен. - Бірақ көпшілік сіз үшін емес, тариқты ұмытпау үшін тілеп отыр ғой деймін. Өткенін ескеру, өршелене өрлеу үшін қажет. Басынан кешкенін ұмыту бастан мақұрым адамның ерекшелігі. Ал, сізді бастан мақұрым демек емеспін. Кешіріңіз, өзіңізден сұрап түсінейінші: қашаннан бері гұңчандаңшыл болып едіңіз, мұншалық «жаңарғандығыңыздан» хабарсыз екенмін. Әлде 43-44-ші жылдардағы сарала фірқаңыз қызартып кетіппе еді?!

Көпшілік Шәкеннің әр сөзі сайын күлді де, арты дуға айналды.

Сарғыш көк көзін күлдіруге қаншалық тырысқанымен де күлдіре алмай шекшитіп алған Сәрсен шығып жүре берді. Тағы күлді көпшілік.

Шәкен боз жыгітті жоқтаған досының зарын боздата жөнелгенде күлкі тына қалып еді. Сол күлкінің жымиысы бірте-бірте томсарысқа айналып, күлімдеген көздер бадырая түсті, төмен қарап жұмыла түсті сонсоң күңігірт жүздерде жарық лапмының нұрымен мөлдіреген жасы тамшылары домалай-сырғанай жөнелді. Кей бастар тұқырып, кейі теріс қарап домалатты. Кей бір аппақ тамақтар бүлкілдей, кейбір дөңес мұрындар пыс-пыс ете түсті. Қазіргі көңіл-күйімізде бұл сәтті әрине мен де тыныш өткізбесем керек.

Ән тоқтаған соң да көпшілік тым-тырыс отырып қалып еді. Әлия «ел неге жылайды» дегендей көзін ақ жібек орамалмен басып алып, қатар отырған Шәкеннің қолтығына кіріп бара жатқанын байқағанымда күліп жібердім. Сәрсеннің жаңағы бір сөзі есіме түсе қалды:

- «Бұл заманда менен басқа кім жыламақ!» деп зірк ете түстім. Ду күлді көпшілік қайтадан....

Шәкеннің әні осылай бір күлдіріп, бір жылатып отырғанда дастарқан жаңарып, табақ тартылды. Тамақтан соң да бір аз әндетіп, үйірілісе билесіп, таңға жақын тарады жастар. Әлия Шәкенді көпшілік иірімінде қанша үйірсе де екпінді ағынмен бұрынырақ шығарып әкете алмап еді. Қайтқан достарымен қақпа алдында қоштасып бола бергенде ғана қолтығынан тартқандай болды. «Мені шығарып салмайсыз ба» деп күбір ете түсті жекелей бере.

- Енді бұл кісіні! -күліп жіберіпті Мәрия. - Сені біз-ақ апарып саламыз! -деді де қолтығынан қысып ала жөнелді. «Жаңа ғашыққа» қайрлып, ашық күрсіне қоштасты Әлия:

- Хайыр уақытша!... Таңертең ұзата шығармыз!...

Оңаша үйдің төріне қатар жатып ап әңгімелестік Шәкен екеуіміз. Арғы-бергі жағынан сұрастыра келе Үрімжідегі Күләннің Шәкенге жиен (әкесінің қарындасының қызы) екендігін білдім. Гоминдаң лайсаңынан бері көрмеген екен. Осы жолы іздеп табатындығын айтқанда ыршып тұрып шам жақтым да хат жаздым. Ақылбай өлімі туралы 46-шы жылы ұзағынан хат жазып, көңіл айтқанмын. Бұл хатта негізгі бүйімтай, Нұрияштың сүйегін іздестіру жөні болды. Көмілген орнынан дерек табылысымен маған хат жазуын өтініп, адрісімді ескерттім.

Шәкенді күн көтеріле аттандырып, мекемеге беттегенімде Әлия қарсы кездесті:

- Ұйбай, кетіп қалды ма?! -дей сала, жауабымды күтпей-ақ қайрылып, қатарласа қайтты менімен. Басын төмен салып біраз үнсіз келе жатты да ашық күрсініп алып сөйледі. - Барлық мәселе өзімнен өтті ғой, сізден қалай кешірім алудың жөнін таба алмай жүрмін. Бүтіндей жаңарғым келеді. Сіз үшін әрқандайына да сөз бермей айныдым, кешегі жала содан жабылды, қайтсем екен?!

- Екеуіміздің арамыздағы мәселе үшін кешірім сұрасудың жөні жоқ, біткен ғой!

- Солай болса да... қалай болса да, -деп мекемесінің қақпасынан менімен бірге өте шықты. Жыпылықтата жалғастырды сөзін. - Мейлі жай достық жөнімен болса да сізбен тату болғым келеді. Сол үшін қандай шарт қойсаңыз да орындар едім!

- Адамгершілік татулық сұрасаң, мен одан безбеймін ғой, ал, сенен сұрайтын бір ғана жайым бар: Мақпалдың әкесіне қай уақытта не деп жаздың? - Бағдарлай қарадым жүзіне. Қызғыш тартып кідіре жауап қатты.

- Мен.. хат жазғаным жоқ!... Танымаймын ғой!

- Мақпал туралы сен шағыстырмасаң туған қызына әкесі оншалық тасбауырлық істемеген болар еді!

Әлия басын төмен салып, ойланған бойы қайта жөнелді де, мен өз мекемеме кірдім. Төрдегі әкім кабинетінің алдында екі-үш арызшы сөйлесіп тұр екен.

- Мен осымен 4-ші рет арыз әкеліп тұрмын да-деп күрсінді бірі. - Көпе-көрнеу тұрған ақымды өндіріп әпермейді! Өй, осы әкіміңді сол залымның күйеу баласы ма деймін, тіпті беттер емес!...

Бірі мырс ете түсіп, мысқылдай жауап қатқанда, бөлменің есігін жетіп, жанқалтамнан кілт іздеген бейнемен тұра қалдым:

- Һ....ы.. күйеу баласы ма дейсің-ау, мен осыныңды қожайынымның келіні деуге, қолағаштай мұртынан ғана батына алмай жүрмін. Басқа дәлелім толық. Алдына сегіз рет кіріппін, «халық бөліміне апар!», «пәленге апар, түгенге апар» дей салады! Ал, халық бөліміне апарсаң, «әкімнің қиғаш қасы» дей ме, «бұрыштама» дей ме, сол керек деп арызымды алмайды!... Талай күнімді бекер өткіздім. Осы жолы пәлемді бір састыратын арыз әкеліп тұрмын, байдан ақы сұрады деп, әзер болса қамап қойсын!

«Қиғаштама», «бұрыштама» деген атауларды, өзінің  «келін» дегенін биенелеу үшін қалай өзгерткеніне күле кірдім бөлмеге. Кешегі тексерген мектебімнің ахуалы жайындағы естеліктерді үлкен дәптерге реттеп қондырып шыға бергенімде, есік әйнегінен көріп отырған Шакербай шақырды. Қақ ортадағы стол үстінен бір аяғын соза тастап, орындық арқалығына сұлаған орынбасар, газетті көзәйнек сыртына тақай оқып жатып, менің кіргенімді көрмеді. Оның жалпақ датушесінің[1] сыңар табанынан сақтана өтіп барып, бұрышта сүмірейген бастығымның алдына тұра қалдым.

- Әнеу орындықты жақындатып әкеліп отыршы, Биғабіл, бөлме тар болып қалды! -деп тыжырынған бастық - сені бір істен сақтандыру үшін шақырдым, -деп боз көзін өлеусірете қарап сөйледі. - Есіңде болсын, шырағым, тегінде арызшыларға арыз жазып, сөз үйретуден сақтанғайсың! Қазір түймедейін түйедей қып даулайтын арызшылар көбейіп қалды. Әкімді қайдағы тентек сөзбен жәбірлеп, үкімет сенікі емес, менікі дегендей иық көрсететіндер шығып еді, байқасақ, оларды құтыртатын бұзықтар бар екен. Үкімет нұсқауына, заңға қарсы сөз үйретіп, ұрдажық арыз жазып беріп, айтақтап жүріпті. Үкімет ісіне мұндай бұзғыншылық салушылар аяусыз жазаланады. Тегінде ондайларға болысушы болма, тіпті жақын жүрсең де өзіңді шарпып әкетуі мүмкін!...

- Маған осыны ескертіп, жуасытып қоюды әкім сізге тапсырған шығар, рақымет! -деп түрегелдім мен. - Заңға қайшы келуден сақтану - сақтандыру бәрімізге ортақ қой, пәлеқорлыққа, жалақорлыққа парақорлыққа, адамды адам езіп-қанауға жалғыз емес, бірлікте қарсы тұралық!»

Осы ұраныммен Шакербайдың жүрегін болмаса да, танауын қызартқаныма «қуанып» шығып едім. Әлгі арызшылар әкім алдынан тіпті қуанып шыққандай көрінді. Бұл жолы «тексеріп көрейік» депті де арыздарын түгел алып қалыпты. Тексеруге міндетті ешқай орынға қолма-қол жолдай бермей, өзіне алып қалуының, оншалық қуаныш емес екендігін сезгендеймін, жазу үлгісін тексеріп, арыз жазып берушіні таппақ сияқты. 47-ші жылы жазда менен Қиялзаттарды «сақтандырған» әдісі бойынша тағы біреуімізді қырына алғаны, Шакербайдың жаңағы мені «сақтандырғаны» сөзінен байқалмады ма! Бірақ, кімді ұстамақ екенін межелей алмай, қызметіме кете бердім.

Ертеңіне таңертең Бақай шақыртылып келгенін терезеден көре елеңдеп, сыртқа шықтым. Маған кідірмей, көзін қыса амандасып өтіп, әкім кабинетіне беттеді. Сен араласпа деген ишарасы еді. Сонда да ілесе барып, есік ашып кіргіздім. Сәлемге сағыз такаппар әкімнің Бақайға жеңіл де жұмсақ қана амандасып, орындыққа құрметтей шақырғанын естіген соң мектептердегі өз қызметіме кете бердім. Таңертеңгі шабарман арқылы шақыртылушы Бақай түскі демалыста өз жатағынан табылды. Әкім оған мұртынан күлімсіреп қана он шақты арызды жайып көрсетіп, кім жазғанын сұрапты.

- Мен жазып бердім! -дей беріпті іркілмей. «не себепті бұлай жаздың» деп сұрайтын шығарсыз? -деп өзінен сұрапты соңында.

- Жоқ, оны сұрамақ емеспін, шырағым, осы ғана!... Осыларды сенің жазып бергеніңді білген соң өзіңе ғана бір кеңес бергім келіп шақырғанмын.... Айтпақтайын біздің қаратақтаға әнеу күні жазылып қалған... «қой аузынан шөп алмас» дей ме, бір екі ауыз сөзің де бар екен ғой?

- Ие, бар! -деп жымиыпты Бақай. - Бірақ, айтпағым «қой аузынан шөп алмас» тар жөнінде емес. "Бөрі аузынан қой алмастар" жөнінде болатын.

- Ие, ие ол да бар. Мен өз басым мұндай сқақтарға күліп қана қоя салармын. Бізде қазірше мұндай ахуал жоқ емес қой. Бірақ, бұл үкіметіміздің саясаты бойынша жүргізіліп жатқан істер болғандықтан, әлгіндей сөздерің дәлме-дәл үкімет саясатына қадалады. Ал жазған арыздарыңыз да ыңғай ұлттық буржуазия мен мал иелерін талатпадың-бұлатпадың дегендей, үкіметті жазғыратын сөздер көп екен. Басың жас қой шырағым, мұндайдан мұнан соң қатты сақтан! Төңкерістік бірлік сапқа шабуыл жасамау керек!... Мен ғой білмегеніңді кешіремін ғой. Бақылаушы орындар ести қалса, зор шатақ солшылдық бұл!... Ескертейін дегенім осы, келгеніңе рахмет, шырағым! - деп тоқтаған әкімге Бақай да «жанашырлық» ескертуін айта шығыпты:

- Үкімет саясатында, "төңкерістік бірлік саптағы байлар жалшының еңбек ақысын жей берсін" деген сөз жоқ шығар. Мұны сіз де ескерерсіз әкім!... Берген кеңесіңіз үшін сізге де рахымет!

Әкімнің бақайды шақыртқандағы сөзі осылай өтіпті. Кешегі Шакербайдан ұққанымды мен де айттым Бақайға. Асау жамбасына аларда әкімнің мұрты осылай бүлкілдейтінін ескертіп сақтандырып шығып едім. Бірақ Бақайды сол кеште үш-төрт сақшы келіп, қара қақпаға кіргізіп әкеткені ертеңіне естілді. «Ойынбұзар» айыпқа осы адал жұмысшы, өжет ақын ілінгені бетімді ду еткізді. «Төңкеріс жолы бұралаң болады»[2] деген ғой, оқасы жоқ, босап шығар бір күні деп қолымды сермей салдым.

Әділетті тергеушім, соғып тастауға өзіңіз қисынын таба алмай қойған турашыл Бақайды мына төңкерістің келе сала қағып әкетіп, қылмыстыға айналдыра қойғанын көрдіңіз бе. (Қолдағы қылмысты болса түрмеленді, түрмеленсе болды түзелді демейміз бе.) Бұраң ғана жолды төңкеріс мұндай турашыл - ақиқатшыл қылмыскер туғыза алатын болғанда, шіркін, иір-иір жолды төңкеріс қандай камалатты қылмыскер туғызады екен деші!... Түгел осындай қылмыскерге айналғанымызда, коммунизм жәннатына көміле қалатынымызға күмән бар ма!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Жуан бас батенка.

[2] Маузыдұң сөзі.

 

0 пікір