Сәбитті де сатқан, абақтыға жаппағаны болмаса...
Тобығынан да қаққан, атпағаны болмаса...
«Есілдей есіп жатқан көңілі бар,
Сәбеңе өкпелейтін «қай антұрған?!»
Қасым Аманжолов
Филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметованың бұл мақаласы әдеби ортаны, жалпы оқырман қауымды бей-жай қалдырмайтын шығар деп ойлаймыз. Өйткені мақалады қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановқа қатысты орынсыз айтылып жүрген сын-естеліктерге өткір жауап берілген. Автор алаш арадагерлерінің шығармашылығы мен өмірбаяны туралы алғаш жазған әдебиетші-ғалым Сәбит Мұқанов екенін есімізге салады. Мақалады Сәбит пен Ғабиден Мұстафиннің арасындағы салқындық та сөз болады.
Редакциядан.
Күләш Ахметова, филология ғылымдарының докторы:
Сәбит Мұқанов, ең алдымен, классик жазушы!
Былтыр, 2020 жылы қазақтың бас ақыны – Абайдың 175-ке келген мерейлі жылында Сәбит Мұқанов та 120 жасқа толды! Мерейлі жасқа келген тұлғаны энциклопедияның хронология ізімен сыдыртып, «дежурный» сөздермен жазуға да болады. Бірақ бүгінде Сәбит Мұқановқа ол – жол емес. Көзін көргендердің бірауыздан айтуына қарағанда дархандығы даладай, көңілі жас баладай Сәбеңнің ұлтқа сіңірген еңбегі, ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы ұшан теңіз. Соның барлығынан хабарсыз бүгінгі жастар Сәбит Мұқановты тек жазушы ғана деп таниды. Себебі мектеп оқулықтарынан Сәбит Мұқановтың ысырыла-ысырыла шығып қалғаны қашан… Ал жоғары оқу орындары классикалық стандарттық жүйеден айырылып қалғалы, «орыс ойына келгенін істейдінің» керімен жүр… Шындығында Сәбит Мұқанов – санқырлы Тұлға. Санқырлылығы сол, кейбір мұрасы әлі реттеліп те, зерттеліп те болған жоқ… СӘБЕҢ деген атты қарапайым халық Сәбит Мұқановқа жасы да, басы да жас кезінде-ақ берген. Жасыратыны жоқ, ол тұста Сәбеңнің өзі алдымен Сәкенге айтып, сонан соң өзі жетектеп әкеліп ортаға қосқан Ғабиті де, Ғабидені де әдебиет дейтін аламанның үзеңгісіне аяқ салғаны болмаса, Сәбит Мұқановсыз «тырп» ете алмайтын кездері. Біздің мақсатымыз ат жарыстыру емес. Бірақ бірі білмей, енді бірі жақсы біле тұра «Сәбеңнің атына бәрі жарасадының» керімен жымысқы ойларын өткізбек болғаны қынжылтады. «Халық айтса, қалып айтпайды, – дегенге жүгінер болсақ, бүкіл Қазақтың көңілінен шығып, сүйікті Ұлына айналу үшін тек классик-жазушы болу аздық етеді. Қазірдің өзінде жасы дардай атағы нардай болғанмен, қадір-қасиеті ала-құла «классиктер» аз ба арамызда?.. Осы тұрғыдан алып қарағанда Сәбеңнің шоқтығы қаламдастарынан да, замандастарынан да әлдеқайда биік!
Сәбит Мұқанов – тума талант. Тума талант ешкімнен «қарызға» сөз де, бөз де сұрамайды. Көкейіне келген көлгөсір ойын төгіп-төгіп айтады да, оның қайырымына қайрылып та қарамайды. Ал жасанды таланттар қиналып жазған еңбегін елемеген елдің есін алып әлек. Ол еленіп, ескерілгенге дейін тамыр-танысқа да, үкіметтің есігіне де дамыл жоқ. Ондайды халық көрмейді емес, көреді, білмейді емес, біледі. Сәбеңе бұл тұрғыдан замандастары да, қаламдастары да тіпті құрдастары да мін таға алмайды. Қайта есе жіберіп алғандардың көшін Сәбит Мұқанов бастап тұрған шығар. Басы дау мен дақпырттан арылмауының да бір себебі осында болса керек. Сондықтан Сәбең туралы сөзді «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» сипай айту ішіне сыр бүккен адамның ғана сөзі болуы мүмкін. Сәбит Мұқановтың бүгінгі жағдайына ол жөн емес.
Сонымен, Сәбит Мұқанов кім?! Сәбит Мұқанов, ең алдымен, классик жазушы! Оған ешкімнің дауы жоқ. Сәбит Мұқанов 73 жылдық ғұмырында қазақ әдебиетінің барлық жанрына қалам тартып, оқырмандарының махаббатына бөленген қазақтың ең сүйікті жазушысы! Сәбеңнің ең сүйікті жазушы екендігін дәлелдейтін оқырмандарымен арадағы хаттар. Сол хаттар қазір Мемлекеттік архивте 141 том болып сақтаулы. Оны Сәбең өз қолымен тапсырған. Хат тақырыбы әралуан. Көркем шығармасын оқушы іздеп жүріп оқыса, еліктесе, ерінбей-жалықпай авторға хат жазса, жазушы бақыты деген сол емес пе?! Құдайға тәубе, қазақ ақын, жазушыдан кенде емес. Бірақ олардың бәріне бірдей мұндай бақ бұйырмаған. Ол басы ашық шындық. Ол хаттардың кейбірін Сәбең мұражайының директоры ақын Әділғазы Қайырбеков 2018 жылы құрастырып шығарды. Сәбеңе келген хатта Сәбең жазған хатта амандық-саулықтан басталғанымен, ағыс арнасы әртүрлі. Бір хатта тарихи фактіге кездесесіз, бір хаттан саяси сыр ұғасыз. Ал енді бір хаттан Сәбеңнің мейірімді даусын естіп, ширығып шыға келесіз. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Қайым Мұхамедхановтардың Сәбит Мұқановқа жазғандары аты хат демесеңіз мөлдіреген мәдениет, тұнып тұрған тарих. Дамыған елдердің мәдениетінде тарихи тұлғалардың хаттарына құрметпен қарайтыны да сондықтан. Бізде эпистолярлық жанрдың зерттелуіндегі олқылықтардың объективті де субъективті себептері бар. Сәбит Мұқанов шығармашылығының эпистолярлық жанры бүкіл бір ұлттың мәдениетіндегі аристократтық текті дәлелдейтін бірден-бір факт. Сондықтан қазақ жастарының бойынан құрдымға кетіп бара жатқан хат жазу мәдениетін қайта қалыптастыру қажет. Ол – тұлғатануда да, қоғамтануда да таптырмайтын құрал. Қазақ әдебиетінің ғана емес, мәдениетінің де тарихында оқырманнан хат алуда да, оқырманға хат жазуда да көш басында Сәбит Мұқанов тұр!
Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов
Алаш азаматтары туралы жазған алғашқы ғалым
Сәбит Мұқановтың энциклопедияларда ғана болмаса, шығармашылығында өте сирек айтылатын тағы бір қыры аудармалары. Кеңестік жүйенің кезінде ең алдымен өз елінде өз ұлты қадір- қасиетін айқындаған шығарма ғана шет елде сұранысқа ие болатын. Аударылатын. Ал Сәбит Мұқановтың көркем шығармалары дүниежүзінің 46 тіліне аударылған. Олардың ішінде әйгілі орыс, ағылшын, қытай, француз тілдеріне аударылып, бірнеше миллиондаған тиражбен тараса, кейбір шығармалары әлемдік әдебиет хрестоматиясына енген. Сәбит Мұқановтың шығармаларына Алексей Толстой, Леонид Леонов, Александр Фадеевтерден бастап одақтас республикалардың өзімен терезесі тең талай даңқтылары құрметпен пікір білдірген. Қазақ жазушыларынан шығармасы орыс, француз тіліне ең бірінші болып аударылған да Сәбит Мұқанов («Сын бая». Мәскеу, 1935). Тіпті Парижден оралған Мирзоян «Сұлушаш» романының француз тілінде баспадан шыққалы жатқанын айтып, Сәбит Мұқановтан сүйінші сұрап қуантқан. Бұл – 1936 жыл.
Ал Сәбит Мұқановтың қалың бұқара біле бермейтін ендігі бір қыры мектеп оқулығынан бастап, жоғары оқу орындарының студенттеріне арнайы жазған оқулықтары мен оқу құралдары. Яғни, Сәбит Мұқанов – ҒАЛЫМ! Академиктік атақ ғылымда ашқан жаңалыққа, не ғылымға қосқан елеулі еңбекке беріледі дегенімізбен, сайлаумен келетін атақ болғандықтан кейде бақ, ал кейде «бап» шабады. Сәбеңе академиктік атақ өз аяғымен келген (1954). Себебі, Сәбит Мұқанов Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі (академик) болғанға дейін-ақ білім-ғылым саласына кірісіп, қазақ баласын мектеп оқулығымен қамтамасыз ету мақсатында («Qazaq Әdebieti»: хrestomatia. Оrta mekteptin 8-klasьna arnalqan qurastьrqandar: S. Muqanov Q.Bekqogin. Qazaq memleket baspasь. Alma-Ata , 1941) КазПИ-де үшінші курста оқып жүрген Қалижан Бекхожинді сооавтор етіп құрастырған. Ал орта мектептің 9-класына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу құралының ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің бірінші басылуын С.Мұқанов Х. Жұмалиевпен бірге және редакциясын басқара отырып, қазақтың мемлекеттік оқу құралдар баспасынан (Алматы, 1948) шығарған. Ал 1932 жылы «ХХ qasьrdagь Qazaq әdebijeti» «Qazagьstan baspasьнан» жарық көрген. Ғылыми еңбек – көркем шығарма емес… Әдебиетке кеш келген Сәбеңнің осы ғылыми-зерттеу еңбекті жазуға бел шешуі көзсіз батылдық. Мұндай батылдыққа адам екі жағдайда ғана баруы мүмкін. Біріншіден, өзінің мүмкіндігіне өте сенімді болғанда, екінші, айтпауға болмайтын қажеттілік туғанда. Сәбең осы екі себептің екеуіне де дайын болған. Біріншіден, Сәбит Мұқанов ХХ ғасырдың 20-жылдары қайнаған әдеби айтыстардың бел ортасында жүргені «Еңбекші қазақ» газетінен белгілі. Сол айтыстар Сәбеңнің қаламын ұштай түсті. Екіншіден, білім деңгейінің кемшіндігін тілге тиек еткен Қошке Кемеңгеровтің сынын орынды қабылдаған Сәбең жоғары білімін жан-жақты жетілдірген (қараңыз: Сәбит Мұқанов 1923-1926 – Орынбордағы жұмысшы факультетінің студенті, 1928-1929 – Ленинград университетінің студенті», 1930-1931-Мәскеу. Академиялық Марр атындағы тіл білімі институтының аспиранты, 1931-1936 – Мәскеу. Қызыл профессорлар институтының аспиранты болды). Сәбең «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) тарихын кімнің кім екенін танып, ғылыми көзқарасы қалыптасқан кезде жазды. Ахмет Байтұрсынұлынан бастаған шығармашылық портреттер галлереясын Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Күлейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Аймауытұлы Жүсіпбекпен аяқтаған. Сұлтанмахмұттың 1920 ж., Қарашұлының 1921 ж., Күлеевтің 1923 ж. дүниеден өткенін ескерсек, олардың шығармаларының бас-аяғын жинап алу тұрмақ өмірбаянын құрастырудың өзі оңайға соқпағаны айдан анық. Ал түрмеде отырған Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтардың жақын-жуығының өзі маңына жоламай қашқақтап жүргенде Сәбит Мұқанов монографиясына «халық жауларын» ғылыми-зерттеу объекті етіп алуы өлімге бас тігумен пара-пар. Сәбеңнің осындай қиындықтарды белден басып, бас тігуінің себебін сәбиттанушы Тұрсынбек Кәкішевтің: «Қайтып оралар-оралмасы белгісіз, ертеңі бұлыңғыр тұлғаларды тарихта қалдыру мақсатында жазды» – деген, академиялық тұжырымының дұрыстығын уақыт дәлелдеп отыр. Сәбит Мұқановтың бұл монографиясы жарық көрген бойда «алаш қайраткерлеріне трибуна берілген еңбек» – деп, оқырманның қолына тимей жатып, кітап түрмесіне қамалды. Бұл – 1932 жыл. Сонда Сәбит Мұқанов алаш қайраткерлерін мақтаған ба, даттаған ба? Қайсысы басым? Даттаса, сол кездегі үкімет газет-журналдар арқылы авторына да, кітабына да жарнама жасамай ма? Құзырлы органдар Сәбеңнің еңбегін оңды-солды пайдаланбай ма? Партиялық алғысты жаудырмай ма? Марапаттың түр-түрін үйіп-төкпей ме? Жоқ. Оның бір де бірі болған жоқ. Баспадан шыққан бойда-ақ кітап түрмесіне түсуінің өзі авторға енді «шалыс» басса, жағдайдың ушығатынын «ескертіп» тұрған жоқ па? Соған қарамастан Сәбең кейіпкерлерінің ешқайсысынан да бас тартпаған. 1988-1989 жылдары алаш азаматтары ақталып, олардың өмірбаянынан бастап шығармаларымен оқырманды таныстыру қажеттігі туғанда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкерлеріне ең бірінші көмек қолын созған Сәбит Мұқановтың осы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» болатын. Сәбеңнің еңбегін институт ғалымдары басшысы да, қосшысы да қарады. Әркім өз керегін іздеді. Тапты. Алды. Себебі, бұл – алаш азаматтарының өмірбаянынан бастап шығармалары талданған жалғыз еңбек болатын. Сондықтан Сәбеңнің осы еңбегін талай ғалымдар көсіп-көсіп пайдаланды. Құдайын ұмытпағандары дайын асқа тік қасық болғандарын қанағат тұтып, диссертацияларын у-шусыз қорғап алды. Ал «жаңалық» ашқысы келгендер Сәбеңнің теориялық талдауда саяси астармен әдіптейтін тұстарына кезіге қалса, әліптің соңын бақпай-ақ баспасөздерде жалаулатып жатты. Бір қызығы, алаш азаматтарын өздері ақтап алғандай өрекпіді. Ғылым мәдениетіне жараспайтын осы әдеттен әлі де арыла алмай келеміз. Ең сорақысы, Сәбеңнің алаш азаматтарын қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми айналымына ең бірінші болып енгізіп отырғанын «көрмеді».
Қараңыз. А. Байтұрсынұлы туралы Сәбит Мұқанов: «Қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес» – дегені қазақ елі барда оның ұлттық мектебі бар. Қазақ мектебі бар жерде Ахмет Байтұрсынов есімі ұмытылмайды дегені ғой. Не болмаса М.Жұмабайұлы туралы: «Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» дегенді де өзге емес, Мұқанов айтты. Сәбит Мұқановтың Мағжанға берген осы бағасын қай мағжантанушы жаңарта алды?! Ғылымның өсіп-өркендеу жолында әркім өзіне ыңғайлысына қарай бет бұрып жатқанда Сәбең қазаққа қажеттіні, ғылымның ойсырап тұрған тұсын толықтыруға бел буды. Ал бүгінгі ел аман, жұрт тынышта Сәбит Мұқановтың сол азаматтығын қай академик қайталай алады? Сондықтан Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиеттану ғылымында шығармашылық портрет жасаған тұңғыш ғалым!
«Мені Сәбиттің қасына қоюға рұқсатын берсін…»
Шығармашылықпен айналысатын тұлғаларда өзінің ертеректе жазған-сызғандарын қайта қарап отыратын әдет бар. Сол әдет Сәбеңде де болған. «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақаласы (1923 ж.) әлі «ел аузында». Сәбит Мұқанов осы мақаласын қайта қарап, саяси сауаты жетілмеген, жоғары білімсіз кезінде жіберген қатесін түсіндіріп, мақала арқауы болған кейіпкерлері Кенесары, Шоқан, Абай, Ахмет Байтұрсынұлын қайта қарап, ой елегінен өткізді. Соның нәтижесінде «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932), «Қазақтың ХVIII-ХIХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942), «Жарқын жұлдыздар» (1964) атты ғылыми-зерттеу еңбектері жеке-жеке кітап болып шыға келді. Өкініштісі, жоспарындағы біраз дүниелерге қоса Ыбырай Алтынсаринге де үлгермей кетті. Соған қарамастан ғылыми зерттеу еңбектерінің қай-қайсысы да қазақтың ұлттық ғылымының, мәдениетінің қоржынына олжа болғанын бағалауымыз керек. Осы еңбектерінің ішінде «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты (1932) 450 беттік еңбегін қайта бастыруға оқталған Сәбең латын әрпінен кириллицаға түсіріп, 1963 жылдың 14-қаңтарында Қазақстан Жазушылар Одағына хат жазыпты. Хат тарихи құжат болғандықтан толық келтірейік.
«Қазақстан Жазушылар Одағына
Менің 1929-1930 жылдары «ХХ-ғасырдағы қазақ әдебиеті» (байшыл-ұлтшыл дәуір) есімді көлемді еңбек жазғанымды, ол еңбектің 1932 жылы латын әрпімен қалың кітап боп (450 беттей) басылып шыққанын білесіздер. Кітаптың өз тұсында байшыл-ұлтшылдық идеологияны әшкерелеуде бірталай роль ойнауы мәлім. Одан бері 30 жыл уақыт өтті. Кітап қайталап басылған жоқ. Культтың белең алған кезінде «бұл кітапта байшыл-ұлтшылдарға трибуна берілді» деп мені біреулердің кінәлағанын да білесіз. Қазір менің осы кітапқа тағы да оралғым келеді, өйткені елеулі кемшіліктерімен қатар, кітап қазіргі «байшыл-ұлтшыл» дегеннің не екенін жақсы білмейтін жастарға пайдалы да сияқты. Кітапты қайта қарар алдында Жазушылар одағының жәрдемі керек сияқты, сондықтан, осы кітаптың бұрынғы редакциясын Жазушылар одағына оқытып, оның қандай сыны және талабы барын білгім келеді. Осы мақсатпен, кітаптың машинкаға орыс әрпімен басылған бір данасын Жазушылар одағына беруді мақұл көрдім. Ендігі сөз, одақтікі».
Өкінішке орай Сәбит Мұқановтың өтініші қазақтың ұлттық әдебиеті үшін өзекті болғанына қарамастан, Одақ қолдамаған. Өтініш Одақтан қолдау тауып, іске асса, ар жағында алаш азаматтарын да ақтауға бір-ақ қадам емес пе? Себебі 1957 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталғаннан кейін алпысыншы жылдары алаш азаматтарын ақтау жөніндегі мәселе Жазушылар Одағында оқтын-оқтын көтеріліп отырған. Сәбең өтінішінің аяқсыз қалуы тек «автор мен Жазушылар одағының төрағасы арасындағы араздыққа ғана қатысты ма, жоқ басқа да себебі бар ма» деген оймен сәбиттанушы Құлбек Ергөбековке қоңырау шалдым. Құлекең мән-жәйді білген соң бірден: – Ол жылдары одақ төрағасы кім екен, Әди Шәріпов па? – дегенде: – Жоқ, Ғабиден Мұстафин, – дедім. А-а, ол кезде Мұстафин болса, ол кісі Бейсекеңнің де (Бейсенбай Кенжебаевты айтады – АК) «алаш азаматтарын ақтау керек» деген ұсынысына ренжіп, бетін қайтарғандағы диалогын сөзбе-сөз айтып берді. Құлекеңнің бұл кезеңнің біраз уақиғасынан жақсы хабардар болғаны маған қамшы салдырмады. Әрі қарай: «Ғабиден Мұстафиннің алашшыл Орынбек Беков үшін ғой алаш қайраткерлерін қаламай жүргені, тіпті қарсы болғаны», – деп ептеп хабарым бар отбасылық драманы қолмен қойғандай баяндап берді. Сонан соң: «Мұстафин бұл райынан тек дүниеден озарынан екі жыл бұрын ғана қайтты ғой», – деп Бейсенбай Кенжебаев пен Ғабиден Мұстафин арасындағы тарихи әңгімені тағы да куәлікке тартты. «Құлеке, осыны неге жазбайсыз?» – дедім. «Жазамын. Жазамын ғой. Қолым тимей жатыр», – деді ол. Сонымен Сәбеңнің Жазушылар Одағының төрағасына өз қолымен тапсырған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің» (1932) машинкаға басылған бір данасы Мемлекеттік архивке жетпеген болып шықты. Одақ төрағасына монументальді еңбектің іші ұнамады ма, жоқ сыртындағы Мұқанұлы Сәбит деген авторы ұнамады ма, қалай болғанда да Сәбит Мұқановтың өтінішін қолдамаған. Мүмкін, Сәбеңді де, кітабын да қолдамайтын жауабын сол сәтте-ақ айтты ма екен деген де ой келеді. Себебі сол жылдардағы Жазушылар Одағының архив құжаттары Сәбеңе деген салқындықты ғана емес, тіпті агрессияны да аңғартады. Ал Сәбеңнің карта ойнамайтын, аң атпайтын мейірімді мінезі, анайы сөзге де әуестенбегенін шаппа-шап әңгімелерінен көрінеді. Сәбеңнің сол «әлсіздігін» де, аңғалдығын да құрдастары жақсы пайдаланған. Сәбең мен Одақ басшыларының арасындағы әңгімені осы жерден-ақ тоқтатуға болар еді. Егер «Сәбит – сатқын» деген ақиқатқа бергісіз аңыздар болмаса… Бұл аңыздардың халық ауыз әдебиетіндегі аңыздардан айырмашылығы күні кеше ХХ ғасыр ортасынан ауғанда дауыл да, жауын да басылып, ел орынға отырғанда айтылғандықтан, «кім айтты, неге айтты?» дегенді тауып алу онша қиынға соға қоймайды. Бірақ «жабулы қазанның қақпағын» ашқысы келмейтіндер әлсін-әлсін Сәбит Мұқановты айыптауды әлсіретіп алмас үшін әр жылдарда тұздықтап отыруды әдетке айналдырды… Қарапайым оқырман әдебиет пен мәдениет төңірегінде болған тарихи уақиғалардың шындығынан хабарсыз болғандықтан, қолдан жасалған «аңызды» ақиқаттай қабылдайды. Ал басында Сәбит Мұқановтың Ғабиден Мұстафинмен арасындағы таныстық өте жақсы басталған. Сол достықтың әсерімен Новосібірден бала-шағасымен арып-ашып келген Мұстафинді Сәбең мен Мәриям апай үйлерінде алты ай паналатыпты. Тату-тәтті күндердің бірінде Ғабиденнің кешке қас қарая бастаған сәтте үйден шығып кететін күндегі әдетінде Сәбең сыртта болады да, үйден шыққан Ғабиденнің қораға шарбақтың есігін ашып, бір кісіні кіргізіп алғанын көреді. Екеуі Сәбең отырған әжетхананың іргесіне келіп сөйлескенде әңгіме барысын ап-анық естіген Сәбең, өз құлағына өзі сенер сенбесін білмей, соңына дейін тыңдауға бел буады. «Қонағын» ауладан шығарып салған Мұстафин үйге кірген соң ашуға булыққан Сәбең Ғабиденге қатты кейиді. Сонда Ғабиден Мұстафин НКВД-ға Сәбең туралы мәлімет беріп жүргенін мойындаған. Аты-жөніне дейін айтқан. Қанша ағынан жарылуға тырысып, жуып-шайғанмен ашулы Сәбең райынан қайта қоймаған, тіпті «сенген қойым сен болсаң» дегеннің керімен «досын» үйінен қуып шығуға дейін барған. Содан бастап достықтарына сызат түскен. Уақыт өте келе отбасылық араластық қайта жалғасқан. Ал Сәкен, Ілияс, Бейімбет 1957 жылы ақталған тұста Сәкеннің жесірі Гүлбарам тәтей мен қайнысы Мәжит арасындағы дау-дамай қаламақыға қатысты таласқа ұласқан. Ағайын арасындағы сол араздықтардың ортасында да Мұстафиннің болғаны әдеби ортаға мәлім. Ал Сәбит Мұқанов болса, Сәкен Сейфуллин ұсталғанға дейінгі отбасылық сыйластығын Гүлбарам жеңгесі жесір қалғанда да үзбеген. Қайта жауапкершілігін еселей түскен. Сәкенге қатысты әрбір іс-шаралардың басы-қасында Сәбең жүрген. Әсіресе, Сәкеннің мерейтойлары тұсында Гүлбарам тәтей мерейтойлық комиссияның төрағасы болған Сәбит Мұқановпен де, Мәриям апаймен де бастан-аяқ бірге болған. Осы көрініс көпшілікке ұнағанмен, кейбір ағайындар жақтырмады… «Кезінде Сәкенді ұстатқан Сәбит еді, енді ақталғанда жанығуын қарашы» деген қасақана айтылған сөз де осы кезде шыққан. Шыны солай болса Сәбеңнің бетіне басып айтар еді, тіпті жазар еді. Жоқ. Оның бірін де ашық жасай алмады. Қиястықпен айтылған бірауыз күңкілді, әсіресе, Жаңаарқа өңірінің «жаңартып, жасартып» отыратыны өкінішті… Сәбеңнің Сәкенге, жалпы адамзатқа адалдығына көзі әбден жеткен Гүлбарам тәтей өмірден озарында: «Мәриямға сәлемімді жеткізіңдер. Мені Сәбиттің қасына қоюға рұқсатын берсін. Сәкеннің сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Бала да жоқ, бай да жоқ. Сәбит Сәкеннің кәрі жолдасы ғой», – деген аманатын Мәриям апай орындады. Сәкеннің жары Гүлбарам тәтейді ақ жуып арулап, өз қолымен Сәбеңнің қасына қойды. Сәбит Мұқановтың Сәкенге жасаған қылаудай қиянаты болса, Гүлбарам тәтей Мұқановтар отбасына жолар ма еді?!
Не жазса да ашық айтты, анық жазды
Ұлтын сүйген қай азамат болмасын ұлттық құндылыққа қауіп төнгенде жанын бағып отырмайтыны белгілі. 1969 жылы КазПИ-дің диссертациялық кеңесінде педагогика ғылымынан атақ қорғағалы жатқан білім беру министірінің орынбасары Щербаков деген диссертанттың авторефераты кездейсоқ қолына түсіп қалған Сәбең «ірілендіру» мақсатын көздегенсіп, қазақ мектептерін жауып, аралас мектептерге айналдыру қажеттігін ғылыми негіздеген жұмыстың қорғалуына қатысыпты. «Қазақ мектептерін тарату туралы диссертант ашық айтпағанмен де, бүкіл диссертацияның ішкі мәні осындай…». «…Мен ұлттық қазақ мектептерінің жабылуына үзілді-кесілді қарсымын…». «…Менің партиялық ар-ожданым мұндай идеялық тұрғыда қателіктерге төзбейді. Сондықтан да мен өзімнің ой-пікірім мен қарсылығымды ашық айтуым керек», – деп Сәбит Мұқанов ашық қарсылық көрсетіп баққанмен, қазақ мектептерін жауып, ұлттық тілдің күйреуіне кеңес мүшелері бірауыздан дауыс береді. Ал Мәскеу болса, Щербаковтің жұмысын бір айда-ақ бекітіп жібереді.
Сәбит Мұқанов не айтса да, не жазса да ашық айтты, анық жазды. Күлбілтелемеді. Айтқанын айттым деді, жазғанын жаздым деді. Сондықтан да атағы түгенделмей тұрып-ақ даңқы жер жарды. Себебі Сәбит Мұқанов сірескен «сыпайы» емес, қарапайым халықшыл жазушы болды. Солардың тілінде ойлады, солардың тілінде жазды. Халық сол үшін де жақсы көрді. Сәбең де олардан аянып қалмады. Қазақ қорлық көріп қиналса, жанынан табылды. Сөзін сөйледі. Қызды-қыздымен шенді мен шекпендінің намысына тиіп, жанын жеп айтты. Айтатын сөзінің атылатын оқ екенін біле тұра елеп-екшеп жатпады. Сонысы өзіне сор болды. Сол кектің жалыны әлі басылмаған сияқты. Ол Сәбең мұрасына жауапсыздықтан да, атының насихатталу мақсатындағы іс-шараға деген салғырттықтан да аңғарылады. Соны пайдаланып қалғысы келетін қулар санасындағы сұм ойын жылғалатып кіргізуге талпынуда.
1959 жылдың тамыз айында 3-4 күнге созылған атақты Теміртау көтерілісі (1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен пара-пар) ел ағаларының есінде болар. Осы «Теміртаудағы тәртіпсіздік» Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1959 жылғы қазанның 23-24 күндері болған ХVI-пленумында қаралған. Сәбит Мұқанов осы пленумда арнайы сөз алып, орыс тілінде сол кезде Қазақстанды басқарып отырған 1-хатшы Николай Беляевті де, республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхаммед Қонаевты да қатты сынға алған. Сәбеңнің: «…Беляев был богат речами, а делом крайне беден. Стыдно ему за это! Казахская поговорка гласит: «Стыд сильнее смерти». Товаришу Беляеву теперь надо в самом скором времени смыть со своего лица эту политическую грязь. Иначе ему критика будет куда жестче, чем теперь!..» дегенінің соңы 1960 жылы 19-қаңтарда Н.Беляевтің Қазақстан КП Орталық комитетінің 1-хатшысы қызметінен алынып, Ставрополь өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне төмендетіп ауыстырылуымен аяқталған.
Ал Сәбеңнің Қонаевқа қарата: «По всеобщему признанию он является «мешком обещаний» дегені «сен тимесең, мен тиме» деген сужүрек, қорқақ, жағымпаз адамның сөзі ме?.. Сәбеңнің осы сөзін Қонаевтың кешіре алмағаны көзіқарақты оқырманға «жаңалық» болмауы да мүмкін. Бірақ Сәбит Мұқановқа дер кезінде жасалуы керек құрметтің әлі «көш соңында» қалуының сыры да сонда жатса керек. Көңілі көлдей Қонаевтың Сәкен мен Сәбитке келгенде тарыла қалған «тәкәппарлығын» Алматы басынан-ақ аңғаруға болады… Д.Қонаевтың кешірмек тұрмақ, кек тұтқан пенделігін құжатпен дәлелдеген қазақтың сатирик жазушысы Ғаббас Қабышов та, сәкентану мен сәбиттану ілімін ғылыми негіздеген Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішев те ашып айтты. Жазды. Жариялады.
120 жасқа келген Сәбит Мұқанов кезінде қара қазақтың қамы үшін қандай дауға түспеді?! Қара баланың намысын жыртып, кіммен жауласпады?! Түрмеге түспегені болмаса, Сәбеңді де сатқан, атпағаны болмаса, тобықтан да қаққан. Ендігі жерде көрсетілер құрметтің басы – жүгенсіз кеткен жел сөздер желіден алынса, Сәбит Мұқановты ғана емес, танымал тұлғаларды орынсыз айыптап, жағымсыз кейіпкер етіп көрсеткен театр, кино қойылымдары білімді мамандардың сүзгісінен өтсе… Сәбит Мұқанов туралы жалған ақпарат таратқан мерзімді басылымдар мен теледидарға сұхбат берген «шешендер» жариялы түрде опровержение бергенде ғана Сәбеңнің рухы алдында қордаланып қалған қателерімізді түзеуге талпынған болар едік. Ал қателіктерді жөнге келтіру үшін Сәбит Мұқановты мектеп оқулықтарына енгізуден бастап, белгілі, белгісіз шығармалары мен академиялық энциклопедиясын шығаруды қолға алу керек.
Заман қалай құбылып, қалай өзгерсе де қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ ғылымының, қазақ мәдениетінің тарихынан ұрпаққа мол мұра қалдырған Сәбит Мұқановтың жұлдызы әрқашанда жоғары! Шоқтығы биік! Олай болмаса сөйлер сөзін, айтар ойын, берер бағасын жүз ойланып, мың толғанып барып беретін Ғабит Мүсірепов «Сәбеңнің білімін – энциклопедияға, жазған еңбегін – кітапханаға» теңер ме еді?! Алысса, алысуына, жарысса, жарысуына жарайтын үзеңгілес замандасы Сәбеңнің замандастарынан ерекшелігін танып, қадірін біліп, қасиетін ардақтап айтып кеткен аталы сөзіне бүгінгі ұрпақ біз де бір сәт ойлана қарап, болар елдің балаларының болымды үлгісін көрсетейік!
Дереккөзі: Қазақ Әдебиеті газеті
Abai.kz