Қазақ балалар әдебиетіне жарнама жетіспейді...

Бүгінгі қазақ балалар әдебиетін қалай дамытамыз? Жеткен жетістіктеріміз қандай? Кеткен олқылықтар қандай? Осы сауал төңірегінде белгілі балалар жазушысы Зәуре Төреханмен әңгімелескен едік.
– Сіз балаларға арналған бірнеше кітап жаздыңыз, оқырман қалай қабылдап жатыр, негізі қазіргі жас оқырмандар қандай шығармаларды ұнатады?
– Әр заманда өзінің өтімді бір әдеби жанры болады емес пе, біздің заманда фэнтези жанры аса үлкен сұраныста. Өзіме де бұл жанр бала кезімнен ұнағандықтан, мен осы жанрды таңдадым. «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты», «Айша және Үй пірлері», «Күйекөбелектер шаһары» атты кітаптарым, «Ұлы дала елі. Жарық пен түнек» комиксім – бәрі осы жанрда жазылған. Бірінші кітабым шыққанына биыл 6 жылдан асса да, әртүрлі өңірлерде тұратын оқырмандарым тұрақты түрде хат жазып, алғыстарын, сұрақтарын қойып отырады.
Бүгінгі күні әлеуметтік желілердің дәурені болып жатқандықтан, жас оқырмандарда клиптік сана мықтап дамыған. Балалар кірпіш кітап оқуды ұнатпайды, олардың көңілін алғашқы бес минутта аудара алмасаң, ары қарай кітабыңды оқып кетуі неғайбыл. Ашылу сценасы қызықсыз, түсінуге қиын болса, бала кітапты тастап кетеді. Кітап оқып үйрену дағдысы велосипед тебуді үйретумен тең, ата-ана бұл дағдыны баланың санасы кірер-кірместен қалыптастыра беру керек. Ал уақыт өтіп кетсе, кітап оқуды комикс кітаптарынан бастаған жөн, себебі суретті кітаптар «ішкі кинотеатры» жұмыс істемейтін балаға қиялды дамытуға көмектеседі.
– Сіз балаларға арнап шығарма жазып отырғанда, өзіңізге қандай жауапкершілік жүктейсіз?
– Әрбір жазушы жазушылық шеберлігін өмір бойы шыңдап отыру керек, болдым, толдым, бәрін білемін деген жазушы өзін шектейді, себебі өмір әрдайым өзгерісте, дамуда болады. Өмірдің қырлары сан алуан, оны бүге-шегесіне дейін зерттеген, бәрін білетін адам жоқ, ол тек құдайдың еншісінде. Сондықтан өзінің шығармасын жазбас бұрын әрбір жазушы әбден дайындалады, «үй жұмысын» істейді, тақырыпты барынша зерттейді, сол саланың кәсіби мамандарымен ақылдасады, сұхбат жүргізеді, содан соң барып, ойланып, толғанып, өзінің айтарын көркем тілмен, сюжеттік желімен, кейіпкерді жан-жақты ашу арқылы жеткізеді. Мен де солай істеймін, кітаптарымды шығармас бұрын психолог мамандарға, фокус группаға оқытқызамын, редакторлармен иық тіресіп жұмыс істеймін, пікірлерін тыңдап аламын, шетелдік тәжірибені қолданамын, егер айтылған пікірі дұрыс болса, мәтінге түзету еңгіземін, кей жерлерін жұмсартып, кей жерлерін толықтырамын. Бұл жұмыстардың бәрі адамды шаршатып, тоздыратыны анық, бірақ шығарма оңай жазыла салмайды, оқырман алдындағы жауапкершілік өте жоғары болу керек.
– Меніңше, балалар әдебиетіне қиял мен фантазия, үйлесім мен шымырлық керек. Өз шығармаларыңызды жазғанда қиялға қаншалықты ерік бересіз?
– Менің шығармаларымның ерекшелігі сол, олар еркін қиялға негізделсе де, қатаң құрылым бойынша жазылады, әрбір сюжеттік нүкте белгілі бір бетте тұрады. Бұл құрылымдар сторителлиң заңдылықтарына арқа сүйейді. Сурет салу өнері фантазия мен геометрияға үйлесімдігіне қалай негізделсе, шығарма жазған кезде де тура солай, математикалық нақтылық, анализ бен тіл байлығың арқылы қиялды ұштастыра білу өз алдына бір өнер. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес, жазушылар да солай, әркімнің өзінің даму деңгейі, санасы, ойы, тәжірибесі бар, сондықтан әрбір қаламгердің шығармасы өзінің ішкі жан-дүниесінің, әлемінің көрінісі болып табылады. Менің шығармаларым да дәл солай, менің санамның және бейсанамның туындысы.
– Балаларға арналған кітаптардың қазір өтімі қандай?
– Әлемдік нарықты алатын болсақ, балалар әдебиеті ең үлкен сұранысқа ие индустриялардың бірі. Қазақстандағы балалар кітаптарының сатылымы қандай екенін нақты айта алмаймын, алайда менің естуімше аса бір керемет деңгейде емес, оны баспалардың қиын қаржылық жағдайына қарап, біліп отырмыз. Сол себепті, мемлекетті басқарып отырған азаматтарға айтарым, баспалардың балаларға арнап шығарып жүрген аз ғана кітаптарын қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатуын қарастыруды қсынамын, сонда ғана ол кітаптар ата-аналарға қол жетімді болады. Шетелдерде, мәселен Мексика, Бразилия, Германия сияқты елдердің үкіметтері жергілікті баспаларды қолдау мақсатында олардың кітаптарын сатып алып, ай сайын қаржылық жадайы төмен отбасылардың балаларына пошта арқылы бір-бір кітаптан жіберіп отырады. Осындай тәжірибені біздің елде де еңгізу керек деп ойлаймын.
– Алда қандай шығармалар жазу жоспарындасыз? Балаларды қандай шығармалармен қуантасыз?
– Шығармашылық жоспарларым бар, алайда оларды жүзеге асыру үшін кітаптарды шығаратын баспалар болу керек, ал баспалардың көбісі ҚҚС өсуіне байланысты өздерінің жұмыстарын жалғастыруды тоқтатамыз ба деп отыр, демек бұл отандық авторлардың да оқырмандарына жол табуын әбден қиындата түсетіні анық. Осындай жағдайда күн көреміз бе, шығармашылықпен айналысамыз ба, бұл үлкен сұрақ. Былтыр жазылып, дайын тұрған кейбір кітаптарымды басып шығару түгіл, баспалардан мардымды қаламақы алу мұң болып тұр.
– Сізше қазақ әдебиетінің Хәрри Поттері қашан жазылады?
– Хәрри Поттердің мықты жарнамасы ол кітапты әлемге танымал етті. Қазақ қаламгерлеріне жетіспейтіні де, сол кітаптарының жарнамасы. Егер мемлекет осы мәселені қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді, себебі жеке бизнес жарнамаға ақшаларын шығара алмайды, олар тек мемлекеттік тапсырысты алып, кітап шығарумен әлек. Кейбір баспалардың кітаптың тағдырына салғырт қарайтыны сондай, тіпті қаламгерлерге қаламақы төлеудің орнына, кітабын қолына ұстата салудан басқа шаруасы жоқ. Жарнама жағын тіпті есіне де алмайды, себебі ол бюджетте қарастырылмаған. Ал қаламгерлер жеке брендін қалыптастырып, өзін жарнамалауға уақыты да, қауқары да, қаражаты да жетпейді. Әркімнің шығармашылықтан бөлек негізгі жұмысы бар, отбасы, бала-шағасын асырау бар, шығармасын түн ұйқысын бөліп, жазатындықтан, әлеу желілерге шығуға уақыты да, күші де жетпейді. Өмір осындай күйбең тірлікпен өтеді де кетеді, әлеуметтік желілердегі посттар бір күн болмаса, бір күн жойылады, ал шығармалар жазылып, оқырман керек еткенше шейін адамзат баласының алтын қазынасы болып қала бермек. Демек, қазақтың Хәрри Поттері жазылып, оқырманына жету үшін де жағдай жасалу маңызды.
– Сіздердің салада сақталған қандай мәселелер бар және оны шешу жолдары қалай?
– Бұл туралы пікірімді егжей-тегжейлі жоғарыдағы жауаптарымда білдірдім. Қорытындылап айтатын болсам, біріншіден, баспалардың шығаратын балалар кітабына ҚҚС алып тастау қажет, ол салықтан келетін ақша мардымсыз және бюджетті толтыра алмасы анық, бірақ өскелең ұрпаққа берер жақсылығы мол. Балалар кітапты оқысын десек, ол кітаптардың бағасын барынша қол жетімді етуіміз керек. Екіншіден, балаларға арналған кітаптарды жазатын қаламгерлерге жарнама жасау мәселесін де қарастырған жөн, яғни бюджетте кітап шығару қаражатынан бөлек, оның жарнамасын жасауға да қаражат қарастырған жөн. Ол кітаптардың құқығын мемлекет бес жылға ұстап қалмай, кітап шыққан бойда кітапханалардан бөлек нарыққа шығару механизмін қарастыру керек. Үшіншіден, қаламгерлердің қаламақы деңгейіне назар аудару керек. Жазушылар шығармасын жазу үшін жылдар бойы еңбектенеді, ал нәтижесінде алатын қаламақысы бір айлық шайлығына да жетпейді. Бұл мәселеде мемелекеттің де, баспалардың да саясаты сын көтермейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі қаламақы деңгейі деген мәселе баспаларға заң болуы тиіс, роялтидің 90%, тіпті 100% баспалардың қалтасына түседі, ол да қаламгердің шығармашылығына кері әсер етеді. Бұл салада әділетті заңдар және шешімдер шығуы керек.
Әңгімелескен Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz