Сенбі, 23 Қараша 2024
3598 10 пікір 16 Қыркүйек, 2021 сағат 19:13

Жарылған қоймаға Сапарбаев тілшіні кінәлі етпек пе?

Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қойманың жарылуына қатысты шынайы деректер мен нақты ақпарат таратқан журналист Данияр Әлімқұлды тергеуге шақыртып отырғаны белгілі болды. Даниярмен бірге Turaninfo.kz тілшісі  Исламбек Дастан да куәгер ретінде тергеуге шақырылған. Әлеуметтік желі қолданушылары аталмыш оқиғаға қатысты өз реакцияларын білдіріп жатыр.

Возможно, это изображение (1 человек и на открытом воздухе)

Abai.kz сайтының редакторы Нұргелді Әбдіғани былай деп жазба қалдырды: «Бердібек Машбекұлы басқаратын өңір соңғы уақытта (тіпті жылдары) негативті жағынан жиі айтылып, көрініп жүр. Өткендегі адами фактордан болған шетін оқиға кезінде әлдекімнің ауласында үйіліп жатқан оқ-дәрі қауырсындарын елге, ел басқарып отырғандарға экран арқылы көрсеткен екі журналисті қудалауға кірісіп кеткен екен. Даниярдың телефонын тәркілеп алып, өзіне «тіс жармауға» бұйырып, қолхат алыпты. БАҚ-тың жазуынша, «тапсырыс» (шағым) Бердібек Машбекұлы басқаратын облыстық әкімдіктен түскен екен.

«Қорғалуға құқылы куәгер» деген статустың – «күдікті» деген статуспен пара-пар екені белгілі. Ал журналистің міндеті – ақпарат тарату. Данияр сол ақпаратты таратты. Сұрау салды. Оның мән-жайын, адамға зиянды-зиянсыз екенін құзырлы министрлік (Қорғаныс министрлігі) «ұйқысынан оянғанда» барып, біраз уақыт өткен соң ғана түсіндіруге тырысты. Шатасуым мүмкін. Ақпарат таратылды. Түсініктеме берілді. Гәп тамам. Енді сол үшін арада қанша уақыт өткенде тергеу жасалып жатыр екен.

Ақпарат таратқан адамнан – айыпталушы жасауға тырысу – бұл БАҚ жұмысын «бұғаттауға» жасалып жатқан қасақана әрекет деп сипатталады. Бұл нағыз масқара! Бұл қауіпті тенденция. Сонда егер ертең өзге журналистер қауіпті, тіпті күдікті дүниені көрсе, үндемей кетулері керек пе?

«Жемқорлықты, ұрлықты, жалпы қылмысты істі көрсең айналып өту іміз керек пе? Снарядтың дүмпуінен Даниярдың сюжеті елге, қоғамға қауіп төндірді ме? Бүгінде БАҚ пен жергілікті билік арасы күннен күнге алшақтап бара жатқаны, сорақысы оған жауаптылардың қыңқ демей отыруы алаңдатады», - деп дабыл қаққан әріптестерімді әбден қолдаймын.

Қаншама шаңарықты қара жамылдырған апатқа кінәлілер – микрофон ұстаған тілшілер емес, тікелей жауапты министрлік, министрлікке бағынышты орталық және жергілікті ведомство басшылары, жергілікті басшылар! Қудалау тоқтатылсын! Сапарбаев, Тұрғымбаев мырзалар мұндай қудалауды тоқтатсын! Балаева ханым араша түссін!

Жарылысқа жауапты басшылар емес, ақпарат таратқан адамнан қылмыскер іздеу - масқараның масқарасы ғой...».

Ал «Егемен Қазақстанның» тілшісі Қалмаханбет Мұқаметқали:

«Бір кезде «Қазақстанда әділет деген сөз адамның аты ғана болып қалды...» деп жазған ем, кейіннен соны оқыған судья ағамыз жатып кеп ренжіген еді, «мен үнемі әділетті шешім шығарамын» деп. Ол кісі қазір зейнетке шығып кеткен... Жүйе сияқты заңы да қайшылыққа толы мемлекетте кәсіби міндетін атқарушы журналистен кінәлі адам жасап жіберсе... таңғалуға болмайды!

Тараздағы журналистер - Данияр мен Дастан әріптестерімізді қорғау, демеу болу біздің ынтымақтастығымыздың белгісі ғана емес, адамгершілігімізге де үлкен сын. «Әділеттің ақ жолы» деген кітап атауы ғана емес екені есімізден шықпаса екен.

Ал мына бап бойынша қозғалған істі сауатты адвокат бірінші тыңдауда-ақ, быт-шыт қылады дейді таныс заңгер», - деп күйіне жазыпты.

Желі қолданушысы Мирас Асан болса:

«Әліміз Әлімқұлға ғана жетті ме?  Жамбылда болған жарылысқа қатысты талантты ақын бауырымыз, білікті журналист Данияр Әлімқұлды тергеп жатыр деп естідік. Есі дұрыс қоғам жарылысқа тікелей кінәлі һәм қатысты адамдарды жазалаушы еді. Біз болсақ бейшара, көнбіс қазақ журналистерін қыспаққа ала жөнелеміз.
Әріптесімізге араша түсеміз!

Жалпы бізге журналистердің мәртебесін анықтайтын, олардың құқығын толық қорғайтын Заң қажет. Кім болса сол журналистерді желкелей жөнелмеуі керек! Оның соңы жақсылыққа апармайды», - дейді.

The Qazaq Times тілшісі Мият Кәшібай:

«Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының шағымынан кейін полиция «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қылмыстық іс қозғапты. Жарылыс кезіндегі жайттарға қатысты болса керек. Осы іске байланысты тергеуге алынғандардың бірі - 7 арна тілшісі Daniyar Alimkul. Полиция оның телефонын тәркілеп, өзінен үндемеу туралы қолхат алыпты.

Данияр - Байзақтағы жарылыс кезінде Жамбыл облысынан тікелей ақпарат таратқан тілшілердің бірі. Өзім оның 4-5 сюжетін көрдім. Жалған ақпарат жариялаған жері есімде жоқ. Ол Байзақтағы снарядттар үйілген үйді, баласының мәйтін іздеп сенделген ата-ананың зарын, әскери қойма түбіндегі Қайнар ауылының қираған келбетін көрсетті.
Бердібек Сапарбаев мырза, журналисті әкімдікке ұнамайтын сюжет жасағаны үшін қудалап жатырсыздар ма», - деп отыр.

Журналист Серік Жолдасбай:

«Облыс әкімдігі Даниярдан кешірім сұрасын. Данияр Әлімқұлдің ісіне қатысты Қазақ журналистері өзінің ұйымшылдығын көрсетіп, әріптесті арашалап алуға атсалысып жатыр. Бұл әрине қуантарлық дүние. Енді осы істі соңына дейін қадағалап, әріптесімізді жаладан арашалап алуымыз керек.

Бұл іске облыс әкімі ретінде Бердібек Сапарбаев жауапты екенін жазғанбыз. Облыстық прокуратораның өкілі шағымды Жамбыл облысы әкімдігі бергенін мәлімдеді. Демек Ішкі саясат басқармасының тапсырмасы бойынша журналист айыпты болып отыр. Ал Ішкі саясат жоғары жақпен ақылдаспай мұндай шағым түсіре алмайды.

Егер іс Байзақ ауданындағы жеке кәсіпкердің снаряд сақтап отырғанына қатысты болса, облыс әкімдігі Даниярға тыныштық беріп қана қоймай, одан кешірім сұрауы керек. Себебі оны осындай сергелдеңге салғаны үшін істі жылы жауып қоя салуға болмайды. Мен жергілікті билік өкілдерінің жария түрде Данияр Әлімқұлдан кешірім сұрап, оған тыныштық беруді талап етемін», - деген жазба қалдырыпты.

Данияр Әлімқұл мен Исламбек Дастанды қорғауға қатысты қазақ журналистері қол жинап жатыр. Естеріңізде болса 26 тамыз күні Байзақ ауданында әскери қойма жарылып, 17 адам қаза тауып, 93 адам жараланған болатын.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435