Тоқаев БҰҰ жиынында не айтты?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының Жалпы дебаттарында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Болашаққа сенім – өмірге төзімділікті күшейту: COVID-19-дан кейінгі қайта жаңғыру, орнықты қалыпқа келу, әлем қажеттіліктерін қанағаттандыру, адам құқықтарын құрметтеу және Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін жандандыру» тақырыбында сөз алған Президент, әлем бетпе-бет келіп отырған үш бірдей сын-қатерге назар аудартты. Олар: COVID-19 пандемиясынан кейін қайта қалыпқа келу, климат дағдарысы және Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай.
Вакциналарға жаһандық қолжетімділікті барынша арттыру қажет
Президенттің айтуынша, пандемия салдарынан орын алған әлеуметтік және экономикалық ахуал әлі де ауыр. Сондықтан, әлем елдері бұл қиындықпен бірлесіп күресуі қажет.
– Экономикалық және әлеуметтік салдары әлі де ауыр болып отыр. Жұмыссыздық белең алып, миллиондаған адам күн көріс табысынан айырылды. Қазіргі таңда 130 миллионнан астам адам кедейлікке тап болып отыр. Даму саласындағы ілгерілеуге кеткен талай жылдар құрдымға кетуі мүмкін. Пандемия көптеген салаларда осал тұстарымызды айғақтап, мультилатерализм мен халықаралық ынтымақтастықтың аса маңызды екенін анық көрсетті. Біз барынша әділ, орнықты әрі гуманистік әлем қалыптастыруға міндеттіміз. Вакцинаға қолжетімділіктің жалпыға ортақ әрі әділ қағидасын қамтамасыз етуден бастау қажет. Бұл мәселені шешуде жаһандық этика мен ниеттестікті басшылыққа алған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент вакциналарға жаһандық қолжетімділікті барынша әрі тез кеңейтуді ұсынып, вакциналармен екіжақты негізде немесе COVAX жүйелері арасында бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан көміртегінен таза ел болуды көздейді
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы көмірқышқыл газдың өте жоғары деңгейіне, ормандардың өртке орануы, циклондар, су басу мен құрғақшылық адамдарға апат алып келетін қалыпты жағдайға айналып отырғанын атап өтті.
– Теңізге шығатын жолы жоқ ірі мемлекет болып саналатын Қазақстанның климаты тез өзгеріп жатыр, сонысымен халқымыз бен экономикамызға қауіп келтіруде. Соңғы 75 жылдың ішінде жылдық орташа температура 2 градуска жылынып, қазіргі уақытта әр бес жыл сайын қуаңшылық болып келеді. Осыған байланысты Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуды көздейді. Келесі айдан бастап біз 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда ішкі жалпы өнімнің энергия шығынын 50 пайызға азайтуға бағытталған 2050 жылға дейін көміртегі аз ұлттық стратегияны дамытуды бастаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Саяси пікірлерімізге қарамастан, Ауған халқының тағдырына бей-жай қарай алмаймыз
Сондай-ақ, Ауғанстан жағдайына тоқталған Мемлекет басшысы келіссөздер өткізу арқылы инклюзивті және сайланған жаңа үкімет құру жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің үндеуін құптайтынын айтты.
– Қазақстан Ауғанстанның болашақта өз ішінде бірлігі жарасқан және көршілерімен тату тұратын тәуелсіз әрі егемен мемлекет болғанын қалайды. Ауғанстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастырып, ел аумағын террористтер, есірткі тасымалдаушылар мен адам саудасымен айналысатындардың ошағына айналдырмауы тиіс. Өзіміздің саяси немесе жеке пікірлерімізге қарамастан, Ауған халқының тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Ауғанстандағы ауыр гуманитарлық жағдайға баса мән беруіміз қажет. БҰҰ мекемелері мен басқа да гуманитарлық ұйымдарға жылдам, қауіпсіз әрі кедергісіз гуманитарлық қолжетімділік берілуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы және БҰҰ-ның Ауғанстандағы басқа да бөлімшелерін дер кезінде көшіріп алды. Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін тасымалдау алаңын ұсынуға және қомақты үлес қосуға дайын екеніміз туралы да айтты.
Ядролық қарудан толық бас тарту һәм азық-түлік тапшылығы
Одан бөлек, Президент БҰҰ-ның күн тәртібіндегі басқа да бірқатар маңызды мәселелерді көтеруге ниетті екенін, соның ішінде қарусыздану саласындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін алға тартты. Қазақстан ядролық қаруы бар мемлекеттерді Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығы қарсаңында, яғни 2045 жылға дейін ядролық қарудан толық бас тартуға үндейтінін жеткізді.
Сонымен қатар, ол Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметіне сүйеніп, биыл 270 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінетінін атап өтті.
– Қазақстан – ірі бидай өндіруші және экспорттаушы ел. Сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Оның төртінші Бас ассамблеясы өткен айда елордамызда өтті. Біз орнықты ауыл шаруашылығының жарқын болашағы үшін шетелдік инвесторларды өзімізге шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы 2022-2024 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына ену үшін Қазақстан өз кандидатурасын ұсынғанын атап өтті. Сонымен қатар, су тапшылығын, оның сапасының бұзылуын және тиімсіз пайдаланылуын қамтитын су ресурстарына байланысты проблемаларға баса мән бере отырып, өңірлік су-гидроэнергетикалық консорциум құруды ұсынатынын мәлімдеді.
Abai.kz