Қазақ тілінің обалы - қазақша сөйлемейтін қазақ үкіметінде!
Түске дейін жазғанымыздай, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бойынша Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы біздің ұсынысымызға
Қазақстан Республикасы Үкіметі қарсы шықты. Бүгін түстен кейін осы заң жобасы жұмыс тобының кезекті отырысы болды.
Премьер-Министр Асқар Маминнің атынан келген үкімет қорытындысында - “кәсіпкерлік субьектілерге қосымша ауыртпалық жүктейтіндігі және аталған функцияның мақсатсыз екендігіне орай түзету қолдау таппады”-дейді.
Бұл қарсылық, негізі Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасынан шығып отыр. Өйткені басқа министрліктер мен ведомоство басшылары түгел қолдаған.
Ал қандай “қосымша ауыртпалық жүктейтіндігі” туралы үкімет қорытындысында нақты айтылмаған.
Осындай негізсіз қарсылықтарға қалай сенуге болады?
Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында берілген Бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларының тізіміне Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылауды енгізген жағдайда кәсіпкерлерге ешқандай қысым жасалмайды.
Себебі, Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау іс-шарасы кәсіпкерлік нысанның жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді, кері әсер етпейді.
Жұмыс тобында үкімет өкілдеріне:
“Тіл заңын қадағалау кәсіпкерлікке ауыртпалық туғызады деген қорытындыларыңызға қарсы нақты дәлелдерім”-деп, 5 себепті ұсындым:
“1. Өнім шығару, сауда-саттық жасау, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру және т.б. сияқты өндірістік процестер тоқтатылмайды. (Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тоқтатуы мүмкін.)
2. Кәсіпкерлердің банктегі жеке есеп-шоты бұғатталмайды. (Салық немесе қаржы бақылау органдары бұғаттауы мүмкін.)
3. Кәсіпкерлік нысан орналасқан үй-жайды немесе ғимаратты пайдалануға уақытша тыйым салынбайды. (Өрт қауіпсіздігін бақылау мекемелері тыйым салуы мүмкін)
4.Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий деген уақытша шара, сондықтан ол қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізуге бөгет бола алмайды.
Бұл жерде мораторий туралы сөз жоспарлы тексеру туралы. Ал бақылау органдарына арыз-шағым түсіп, ол бойынша жоспардан тыс тексеру қажет болса, оған мараторий жарияланғандығының қатысы жоқ., тексеріле береді.
5.Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында бұрын берілген Бақылау қайта қосылғанда бюджеттен ешқандай шығын қажет етпейді.
Мен мұны халықпен бірге кәсіпкерлер құқын қорғап жүрген "Ақ жол" партиясынан сайланған депутат ретінде айтамын!”-деп мәлімдедім.
Менің осы қойған 5 дәлеліме ешкім қарсы жауап бере алмады. Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Шолпан Таңатова Кәсіпкерлік кодекске Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау құзыретін қайтаруға қарсы болған Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасына сілтеді. Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Сұлтанбек Жарас жауап бере алған жоқ. “Атамекен” ұлттық палатасы өкілі Құралай ханымның жауабы мардымсыз болды. Бұны байқаған жұмыс тобы жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы “Қазекеңнің сұрағына жауап беруге бұлар дайын емес. Негізі мәселе бұларда емес, басшыларында ғой” деп қорытты. Бас прокуратура өкілі Абат Төремұратұлы менің ұсынысымды қолдап, Тіл саласына құзыреттілік берілуі керектігін мойындады, Алла разы болсын. Бірақ, Білім министрлігі Үкіметтің қорытындысына сүйенетіндігін мәлімдеп, Тіл заңын қадағалаудың басқа нұсқасын ұсынды. Ол сенімсіз нұсқаны ол жерде ешкім нақты дәлелдеп бере алмады.
Егер осы Тіл заңнамасының сақталуы Кәсіпкерлік кодексте болған болса, ешкім көше аралап, сатушылармен дауласпаған болар еді. Яғни, біздің үкімет, атап айтқанда Ұлттық экономика министрлігі мен "Атамекен" ұлттық палатасы елдегі заңсыздықтардың өршуіне мүдделі болып отыр ма деген ойға қаласың.
Себебі, Кәсіпкерлік кодекстен дәл осы Тіл заңнамасы сақталуын талап еткен бап алынып тасталған 2015 жылдан бері жылына 13 мыңға жуық шағым түскен. (2018 жылы - 12886, 2019 жылы-12900).
Ал сауда орындарындағы мемлекеттік тілдегі мәліметтер өрескел қателерге толы. Сөздердің мағыналары мазаққа айналып аударылған. Бұл әр адамның, 80 пайызға жуық қазақ халқын тілдік дискриминацияға ұшыратып, Конституциялық құқына (14 бап) нұқсан келтіреді.
“Егер Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл заңына байланысты Бақылау қайтарылмайтын болса, онда осы баппен сабақтас, бақылауды Кәсіпкерлік кодекске байлап қойған Тіл заңындағы 25-4 бапты да алып тастау керек.
Өйткені бұл бапты 2011 жылы қосқан соң, 2013 жылы осыған сәйкес Кәсіпкерлік кодекске Тіл заңына байланысты бақылау функциясы қосылды. 2015 жылы ол функцияны алып тастағанда, 25-4 бапты да алу керек еді”-деген қарсылығыма да ешкім қарсы жауап бере алмады.
Бас прокуратура өкілі Абат Төремұратұлы менің айтқан дәлелімді қолдап, Тіл заңының 25-3 бабы мен 25-4 баптары бір-біріне қарама-қайшы екенін айтты. Алла разы болсын әділін айтқан азаматқа.
Сонымен, жұмыс тобының дауыс беру қорытындысы бойынша заң жобасында Тіл заңын бақылау туралы баптың сақталуын қолдап жалғыз депутат, мен - “Ақ жол” фракциясының мүшесі Қазыбек Иса ғана қолдап, үкімет қорытындысына қарсы шықтым.
Депутаттар, жұмыс тобы жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы мен Жанарбек Әшімжанұлы Көрнекті ақпаратта Тіл заңын қадағалайтын басқа заң жобасын жасау керектігін айтып,
Үкіметтің талабымен келісті. Басқа депутаттар да үкімет қорытындысын қолдады.
Сонымен, Көрнекті ақпарат туралы заң жобасынан Тіл заңының сақталуын бақылау функциясы алынып тасталды.
"Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма" деген ұлы Абайдың қайран сөзін қайталап отырудан басқа қайран жоқ болды...
Иә, Көрнекі ақпаратта Тіл заңын қадағалаудың депутаттар бастамасымен басқа нұсқасын жасау керек! Әйтпесе, көшедегі сауда орындарындағы дау өрши береді. Азаматтардың тілдік дискриминацияға ұшырап, Конституциялық құқының таптала беруінің соңы жақсылыққа апармайды. Біздің үкіметтің тірлігіне қарасақ, осыны қалайтындай.
Ең бастысы, былтыр «Қазақ үні» ұлттық порталындағы Президентке жазылған Ашық хатта бір айда 126 мыңнан астам адам талап етіп, қол қойған Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!
Жалпы, Көрнекі ақпарат туралы заң жобасында көптеген жетістіктер де бар. Сауда нүктелері мен мейрамхана-кафелерде, кәсіпкерлік нысандарда мемлекеттік тілде жазуды міндеттеу, маңдайшалар атауын мемлекеттік тілде, қажет болса ғана өзге тілде жазу тб ұтымды баптар бар. Бірақ ең басты талап - Тіл туралы заңның сақталуын қадағалау бабы енбей қалды. Қазақ тілінің мүддесіне Қазақ үкіметі қарсы болды.
Мемлекеттік тілдің обалы - Ұлттық экономика министрлігі (министр Әсет Ерғалиев) және “Атамекен” ұлттық палатасында (төраға Тимур Құлыбаев). Атауында “Ұлттық” деген қасиетті статусы бар осы екеуі Ұлт және Мемлекеттік тілге қарсы шықты!
2012 жылы “Ақ жол” партиясы фракциясы Тіл заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жасағанда да, Қазақ тіліне Қазақ үкіметі қарсы болып еді. Енді міне, тағы да тосқауыл!
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОБАЛЫ - ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙТІН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНДЕ!
Қазақ тілінің мүддесіне қарсы Қазақ үкіметімен қанша уақыт өмір сүреді екенбіз?!.
Қазыбек Иса
Abai.kz