Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4644 1 пікір 4 Қазан, 2021 сағат 11:42

Талант табиғаты

(эссе)

«Жалындағы» жасын жылдар

Бұл өзі осыдан 35 келі (жыл) бұрын басымыздан өткен оқиға-тын: бұлдыр да бұлдыр 1988 жылы «Социалистік Қазақстаннан» колбиндік «Горизонт-Өркенге» келіп, онда екі ай істеп, басред Столяровпен келісе алмай, ақыры «Жалын» журналына ауысқанмын. Содан екі-үш жыл бұрын «Жалынды» альманахтан әдеби-көркем және публицистикалық журналға айналдырған басред Мұхаңның (Мұхтар Шахановтың) қарамағындағы қызметкерлер былайша жүйеленген екен: Мереке Құлкенов – басредтің орынбасары, Тынышбай Рахимов марқұм – поэзия бөлімінің, Серік Асылбеков – проза бөлімінің және Жұмабай Шаштайұлы – публицистика бөлімінің меңгерушілері. Әдеби журналда – әдеби ортада, сөз өнерінің мэтрлерінің арасында жұмыс істеуім бірінші, солай болғандықтан да яһудилер айтпақшы, бұларды «жартылай ғана танимын», яғни мен оларды танимын, олар мені танымайды.

Әсіресе проза жағын қарайтын жазушы Серік Асылбековті «жартылай» жыға танимын. Содан бірер жыл бұрын «Жұлдыздан» «Құлтай» дейтін ұзақ әңгімесін оқып, құлап қала жаздағанмын: я қала емес, я ауыл емес, шөре-шөре «пгт»-да даланың нәрі жетіспей өскен, одан соң «Өрісбайдың өрісі кең», «Баспақбай шыққан баспалдақтар» деп келетін көзқарықтырма суреттемелермен әуейіленіп қалған жазған басымды «Құлтай» қаймағы бұзылмаған ауыл тірлігіне үйрекше жүздіріп жіберген. Тіпті алғашқы жолдарына шейін жадымда жатталып қалыпты. Иә, міне:

«Құлтай қыр төсіне қыземшектеніп шаншыла біткен биік боз төбенің басында шынтақтап жатыр. Ауық-ауық мойнын созып, төмендегі кең жазыққа бытырадай шашылып кеткен отардың о шеті мен бұ шетіне байырқалай көз салып қояды. Бұл мезетте отардың алды көз ұшында нар түйедей көлбеген Қоспақтөбенің қырқасына барып ілінген. Манағыдай емес, ауыздары көп шиын бола қоймаған таза жердің күреңселі мол отына тигеннен кейін жөңкуін саябырсытып, қадалып қалыпты. Арқасын кеңге салып бытырап кеткенімен, пырдай боп қозғалмастан жатыр».

Ай, майын шығара жазған екен, неде болса. Неткен идиллия! Бірінші сөйлемде Құлтай жатыр төбеде көлбеп, соңғы сөйлемде қойлар жатыр қырқада жусап – шіркін, осылай суреттесем ғой мен де! Мизам ұшқан саршатамыздың қапырығында кәбинетімнің есігін шалқасынан ашып тастап, қиялымды әлде Жанкент, әлде Қазалы жаққа өрлетіп отырғанымда, ішке әлгі жолдардың авторының дәл өзі кіріп келмесі бар ма.

Ол уақытта Секең әлі университет кафедрасында тұрып лекция оқымайтын, содан болуы керек, сөзді тұжырып қайырды: бұған дейін журналға қалалық қазақтардың үй проблемасын көтеретін бір журналистік зерттеу жоспарланған екен, – өзінің тақырыбы да дайын: «Пропискадан» пәтерге дейін», бірақ, әттегене, маған дейін тапсырған адамдар үдесінен шыға алмай, кетіп қалған, соны енді кәсіби журналист ретінде мен бірдеңе қылуым керек (тек «Прописка» деген сөзді тырнақшаға алып жазасың!).

Гап йук, Секе! Худо қоқласа.

Деуін дедім-ау, бірақ көкіректе күлкіл тұр.

Ап-май, маған тапсырманы очерк-публицистика бөлімі емес, проза бөлімі беретіні несі? Бұл – бір. Екіншіден, бұ жердегілер субординация дегенді біле ма екен өзі – бөлім меңгерушісінің дырдай жауапты секретарьға, редакциядағы үшінші бастыққа яки маған тапсырма беруге құқысы бар ма, әуелім?!

Бұл сөздерді мен ішімнен айттым. Себебі, кішкене қой көздері кісіге жылыұшырап қарайтын, қазіргі тілмен айтқанда тым-тым позитивті көрінетін ағамыздың бойын жасырған бәйге атындай қарапайым бітіміне, «темір Майкке» келіңкірейтін серіппедей нығыз денесіне, сол мығымдығына лайық жүндес сом білектеріне қарап, аңдаусызда хүк пен кросс арасындағы оверхэнд алып қалудан қауіп иледім білем. Әйтеуір, түбі хайыр – әйгілі «Жетім бұрышты» жағалап, жез тұтқалы ауыр есіктерді ашып жүріп жазған «Пропискадан» пәтерге дейін» проблемалық мақалам оқырмандар арасында кең жаңғырық туғызып, журналға бедел әперді, ал авторын Төлеген Айбергенов атындағы халықаралық (!) сыйлықтың лауреаты атандырды. Осының өзі аз олжа емес еді.

Кейін білдім, Секеңнің бөтеннің бақшасына еркіндей беруінде, сарт айтпақшы, бір «гәп» бар екен. Ағамыз Алматыға содан оншақты жыл бұрын сақайыңқырап және үйлі-баранды шағында қоныс аударыпты. Тиісінше, сол кездегі ауылдан келген бүткіл қазекең – үйсіз үй иелері сияқты пәтердің зарын бір кісідей тартқан. Бұрын өзі қызмет істеген «Жалын» баспасындағы пәтер кезегінде бесінші болып тұрған ол жаңадан құрылған «Жалын» журналына баспана одан да тезірек берілуі мүмкін болғандықтан Мұхтар ағамыздың (Шаханов) сөзіне сеніп ауысқан. Көңілі ағарғыр Мұхаң ол сөзінде тұрған – екі жыл аралатып, яғни дәл мен келер қарсаңда кезектегі бірінші Секеңе пәтер кілті табыс етіліп, ағамыз зор қуаныш үстінде жүр екен. Және қай жерден дейсіз ғой – жұрттың қолы жете бермейтін әл-Фараби даңғылынан сәл төмен Игрек зонадан, «Алмагүл» шағынауданының дәл өзінен! Жазушылар Одағының мүшесіне тиесілі шығармашылық норма – жеке жұмыс кәбинетін қосқанда, төрт бөлмелі секция! Бұнда сол кездегі пәтер бөлетін құдіретті де құзіретті мекеменің – квартбюроның басшысы Мұрат Раев дейтін азаматтың еселі еңбегі бар екендігін айтпай кетсек әділетсіздік болар еді. Әзілхан Нұршайықов пәтерін кеңейтпекші боп Раевтан бұрынғы бастықтың алдына барса, әлгі «былғары бас» чиновник үстел құшақтап жатып: «Писательге қалада пәтер не керек – писатель Шолохов сияқты деревняда тұру керек қой», – дейтін көрінеді. Ал Секеңді қабылдаған Мұрат ағамыз өзіне жазушының келгенін біліп және оның сонау «Айнабұлақтан» бөлінгелі тұрған пәтерден анау 6-шағынаудандағы № 86-шы мектепке (сол кездегі қаладағы екі қазақ мектебінің бірі) балаларын сүйрелеудің машақатын айтқан әңгімесін түсіністікпен қабылдап, әлгі мектепке аса алыс емес және ауасы таза «Алмагүлден» бергізген екен пәтерді. Секең Мағытай жеңгей екеуі сол құттыхана-мешітінде әлі күнге тұрып келе жатыр және сол жерден қыздарын қияға ұшырып, ұлдарын аяқтандырды. Африн Мұрат ағамыздың қолына! Бар ма қазірде бізде, көп пе бізде кітап оқитын, жазушының басын ардақтайтын сондай шенеунік?!.

Кейін бұл тауарихты Секеңнің өз аузынан ести отырып, әгәрәки мен сол жолы Секеңнің орнында болсам, бастықтың алдына әлгіндей мәселемен кірер ме едім, әлде... «басқа салды, біз көндік» деп, баламды сол «Айнабұлақтағы» орыс мектебіне ауыстыра салар ма едім, қайтер едім деп ойландым. Сірә, ит өлген жерге тасып, әуреге түскенше ауыстыра салуым әбден мүмкін еді. Бірақ, мен қиынсынғанмен, Секең әсте ондайға бармас еді деп ойлаймын – тістей қатып, баланы 6-шы «микрге» Айнабұлақ тұрмақ, 70-ші разъезден де тасыр еді. Неге десеңіз, біздің Секең ұлтшыл, соның ішінде радикалдау ұлтшыл болатын.

Я, я, «ұлтжанды еді» деп жақауратпай-ақ, дәл осылай атымен-затымен жазу жөн.

1980-шы жылдардың аяқ шенінде, 86-ның уақиғасы елді шапалақпен тартып қалып оятып жібергеннің соңында «Жалын» журналы «Қазақ әдебиеті» газетімен бірге ұлттың арын арлайтын, жоғын жоқтайтын қабырғалы басылымға айналды. Мұхаң (Шаханов) қайта құруды арқаланып құрып жіберген Арал теңізін құтқару жөніндегі жалпыхалықтық қозғалыстың штабы журнал редакциясында орналасқан болатын. Оның Көкбазардың жанындағы ғимаратының есігі бейне бір 1917-ші жылғы Смольный сияқты топсасынан еңкеймейтін – Қаршыға дейтін экономист, Түйебаев дейтін эколог бастаған ұлтшыл-патриоттар тобы апы кіріп, күпі шығып жатады. Күніге ондаған қызу талқылаулар... албырт жиналыстар... қалам ұшынан көк түйнектей домалаған неше түрлі бағдарламалар мен тұжырымдамалар... (сол күндері ғой марқұм Рақаң – Рақымжан Отарбаев «Қаршығасы қолында, / Түйебайы астында, / Мұхаң кетіп барады, / Коммунизм жолында» деп келетін әйгілі тарихи жырын шығаратыны).

Ал енді бар ма, бұлар Айдың көрінеу беті, бергі жағы сияқты, ал оның таса, көмес бетінде Серік Асылбеков дейтін бір генератор тұрғанын қызметтестері – біздер ғана білетінбіз. Ол күндері журналда ғана емес, жалпы ел көлеміндегі санаулы ұлттық стратегтердің біріне айналған Секеңді Мұхаңның жанындағы «царедворец», құпия кеңесші яки «сұр кардинал» десек дәлірек болар еді – көзімізбен көрдік қой, бүгінде біз қалыпты нәрседей қабылдай беретін Наурызды тойлау, қостілділік, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, ұлттық жұмысшы табын қалыптастыру, т.б. мәселелер сол күндері Мұхаңның аузымен айтылып, Мұхаңның қолымен шешімін тауып жатқанымен, алдымен мемлекет мүддесі, ұлт қамына келгенде қашанда оқтаулы мылтықтай Секеңнің миқазанында жүйеленіп, қаламымен қорытылып, сонан кейін барып жарыққа шығарылатын. Басы толған албырт идея, әлгі тақырыптар бойынша жазылғанның бәрін тауып, зерделеп отыратын ағамыз колбиндік «Қос тіл – қос қанатың» тезисі қазақ тіліне шығарылған үкім екендігін, арбаға бірі жүйрік, бірі шабан екі атты қатар жегіп шабанын мертіктіретін қатерлі іс екендігін жасқанбай айтып, ғылыми негіздегендердің алғашқыларының бірі деуге аузым барады (осы сөздің шындығын кейінгі үштілділік концепциясы да дәлелдеп, қазақ тілі қазіргі күйінде озық орыс және ағылшын тілдеріне әлемдік жарыста төтеп бере алмайтынын көрсетіп берді ғой). Бұдан шығатын жол – мемлекет құраушы халықтың тілінің мәртебесін жаңағы әлемдік тілдерден заңдық негізде артық ету, яғни оған мемлекеттік мәртебе беру. Құдайшылығын айтайық, алғашында Мұхаң Секеңнің бұл идеясын қолдағанымен, оған практикалық телу (аналог) іздеп тосылғаны бар. Әлемдік тәжірибеде мұндай болған ба, бар ма өзі дейді ғой. Тауып берді ондай жұғымды дәлел-дәйекті біздің тасшайнар Секең: сол тұста Грузияда грузин тілі мемлекеттік мәртебе алып тұрғанын, совет кезінде-ақ ел Конституциясында солай деп көрсетілгенін құжатымен ұсынды. Әлгі қағаздар қолға тигенде тастүлектей түлеп сала берген Мұхаң дереу өзінің белгілі динамикалық «қозғалтқышын» іске қосты. Нәтижесі белгілі – қазақ тілі мемлекеттік статус алды. Біз мұны ұмытпауымыз керек.

Секеңнің маған тапсырма беруінде осындай гәп бар – яғни басред оны осы қабілет-қарымын ескеріп, ұлтшылдық идеялар бойынша қызметкерлерге тапсырма беру құқығына ие етсе керек.

Секең халықшыл, ұлтшыл идеяларын ауызбен тұжырымдап, керекті жерге жеткізіп қана қоймай, сол тұста осындай тақырыптарға өзі де өндірте жазды (солардың көпшілігі кейін «Қазақ мәдениеті – қазақ мемлекеттілігінің жүрегі» атты публицистикалық мақалалар жинағына енді). Кәдуілгі қара мақала, интервьюлерді былай қойғанда, кейбір прозалық шығармаларын да ұлт мәселелеріне бейімдеді. Соның бірі – журналда жарияланған «Кішкентай ғана қуаныш» дейтін әңгімесі (кейін «Бақыт» дейтін атпен шықты), ондағы бас кейіпкердің бүткіл өмірі ұлтқа қызмет ету жолында қолы жеткен кішкене-кішкене жетістіктерден құралатыны есімде қалыпты. Айтпақшы, ұмытып барады екем, Секең бұл іске әдетте «самарқау ұлтшылдар» қатарында жүретін мені де біраз жекті.

Әңгіме былай. Сол 1988 жылы Алматыда метро құрылысы басталатын болды. Әлі де Мәскеу курантымен жатып-тұратын біздікілер маман инженер, құрылысшы іздеп, Мәскеу, Новосібір сияқты қалаларға шыға бастады. Әлбетте, бұған ұлт стратегі Секең және оның идеяластары шыдап тұра алмады: тау-кен өндірісі дамыған, небір «проходшылар» тәрбиелеп шығарған, Шмидт Айталиев сияқты осы саланың академигін берген қазақ өз метросын өзі сала алады деген ой қарама-қарсы қойылды. Енді осы идеяны мысалмен дәлелдеу керек болды да, Секең Мұхаңа мені «қаламының желі бар» деп, Тәшкен метросын зерттеп келуге жіберу жөнінде ұсыныс тастады. Жалпы Мұхаң жаңалықты тосырқамай қабылдайтын креатив редактор болатын, дереу құптап, қолма-қол Арал мәселесіндегі өзбекстандық досы профессор Пірмұхамедовке звондап, маған көмек мәселесін де шешіп тастады. Ертеңіне Тәшкенге ұшқан мені профессор өзі қарсы алып, Сүлеймен Ибрагимов дейтін аспирантының үйіне орналастырды, сонда үш-төрт күн жатып, Тәшкен метросын ала топылы ағайындар негізінен өз күштерімен салып шыққандығын, соның арқасында осы сала бойынша талай маман сайлап алғандарын зерттеп білдім. Бүгінде аты есімде жоқ әлгі сапардан жазылған мақалам бұл жолы да халық қолдауына ие болып, көптің дүмпуімен һәм іс басындағылар Мұхаңнан ығысатындықтан (ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатын) енді метроны сырттан адам шақырмай, өз күшімізбен салатын болып шешілді. Бұл күнде «ғасыр құрылысына» айналған метромыздың тарихында «жалындықтардың» осындай еселі еңбегі бар. Мен мұның барлығын өзімді көрсету мақсатында емес, жадымыздың жаңылшақ болмауы үшін және тақырып ыңғайында, яғни Мұхаңның ұлт трибуны ретіндегі көрінеу, Секеңнің ұлт стратегі ретіндегі көместегі қызметін атап өту үшін жазып отырмын. Бір-бірінің ғана емес, үлкен мен кішінің де бағасына жеткен қайран ағалар-ай!

Жалғасы бар...

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369