Талант табиғаты
(эссе)
«Жалындағы» жасын жылдар
Жалғасы...
ІІ
«Салғырт ұлтшыл» мені сол күндері бір сұрақ ылғи да мазалап жүретін: осы біздің Секең елден алабөтен неге ұлтшыл, әлбетте, біреу бас десе, құлақ деп қияңқыланып тұратын ойық құлақ ұлтшыл емес, сонда да неліктен өз халқын осыншама өбектеп, өліп-өшіп сүйеді? деген.
Жалпы, нағыз майталман жазушы, суреткер болу үшін сол кісінің табиғи жаратылысында төмендегідей үш қасиет болуы керек деп ойлаймын. Олар, біріншіден, Жаратушы о баста бойына дарытқан туабітті талант, екіншіден, ұзақ оқу-тоқумен келетін кемел интеллект, сонан соң мазмұнды өмірбаян. Меніңше, жазушы – драматург – ғылым докторы Серік Асылбекұлының бойында осылардың үшеуі де бар.
Бір кем дүние деген емес пе, көптеген қаламгерлеріміздің бойларында осылардың бірі жетсе, бірі кемшін түсіп жатады. Олардың кейбірінде жеткілікті ілім-білім мен мазмұнға бай өмірбаян болғанымен, табиғи жаратылысында Құдай берген суреткерлік қабілет жоқ болып шықса, екінші біреулерінде интеллект пен суреткерлік болғанымен, өмірлік тәжірибе жетпей жатады. Осыған байланысты жазушыларды шартты түрде мынадай екі топқа бөлуге болады: көркем әдебиетке әдебиеттен келгендер, әдебиетке өмірден келгендер.
Қазіргі қазақ прозашылары мен драматургтарының көпшілігі маған осылардың алғашқы тобына, яғни әдебиетке әдебиеттен келгендердің қатарына жататын секілді көрінеді. Олардың өмір жолының ұзынырғасы шамамен мынадай болып келеді: ауылдық мектеп, онан соң екі астанамыздағы, немесе облыс орталықтарындағы университеттердің филология яки журналистика факультетіндегі аудиториялар мен жатақханалар, сосын газет-журналдар мен баспалардың, радио мен телевидениенің редакциялары орналасқан жайлы офистер, сол кеңселердегі компьютерлердегі Интернет кеңістігі. Әрине, бұл да әжептеуір әлем, өмір. Алайда төрт аяғы тең жорға жазушы болу үшін бұл әлемнің тәжірибесінің аздық ететіні талассыз.
Серік Асылбекұлы болса көркем әдебиетке өмірдің өзінен келген прозашыларымыз бен драматургтеріміздің азғантай тобына жатады (мен бұл араға өмірлік тәжірибенің жетімсіздігін бойларына Құдай жаратқан таңғажайып терең түйсіктерімен толтырып алатын ақындарды әдейі қоспай отырмын). Сөзіміз дәлелді болу үшін енді оның өмір жолынан кейбір нақты деректерді келтіре кетелік.
Жазушы Айгүл Кемелбаеваға берген көлемді интервьюінде Секең өзінің өмірбаянынан төмендегідей мәліметтер береді: «Екінші дүниежүзілік соғыстың солдаты, менің әкем Өтегенов Асылбек майданда қатты жараланып, Уфа қаласындағы әскери госпитальда бес ай жатқаннан кейін, 1944 жылдың соңында әскер қатарынан босатылып, елге оралады. Елге келген соң 6 – 7 жыл колхоз председателі болып істейді де, 1950 жылдары төрағалық қызметін райкомға қайта тапсырып, бір отар қой алып, қырға кетеді. Өзінің бұл қадамын ол кісі: «Менің сауатсыздықты жою мектебінде үш-төрт ай алған азғантай білімім 1950 жылдардың басында бір-бірлеріне қосылып ірілене бастаған үлкен колхозды басқаруға қауқарсыз бола бастады. Елге бұл кезде ауыл шаруашылығының кәсіптік училищелері мен техникумдарын бітірген жас мамандар келе бастады. Сондықтан мен райкомға барып, арызымды жазып, өз орнымнан ерікті түрде босануды жөн көрдім. Ол кезде қанша майдангер болсаң да, мен секілді шала сауатты адамға екі-ақ жол бар еді, біреуі – қолыңа кетпеніңді алып, дихан болу, екіншісі қазақтың ата кәсібі – қойшылық. Мен екінші жолды таңдадым», – деп түсіндіретін.
Енді бәрі түсінікті болған шығар деп ойлаймын. «Қысқы каникулдағы» совхоз орталығындағы интернатта жатып оқитын, қияндағы жалғыз қыстаудағы үйіне он күнге қысқы демалысқа келіп жүрген қойшының баласы Таңаттың прототипі – менің өзім.
Малшылардың балалары кішкентайынан ел-жұрттан жырақта, жаратылыспен етене боп өскеннен болар, табиғатқа, ондағы өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарлар әлеміне өте жақын сезімтал болып өседі. Сонан соң қиялшыл болады, себебі айналаңда сенімен бірге ойнайтын құрбы-құрдастарың жоқ. Ал бала болған соң бәрібір біреулермен ойнамай болмайды, сондықтан сол қиялыңдағы құрбыларыңмен асыр саласың, немесе «Қысқы каникулдағы» Таңат секілді Мойнақ тәрізді итіңмен жарысып ойнайсың. Әйтеуір айналысатын бір ермекті өзің тауып алуың керек.
Тағы бір айта кететін жағдай, малшылардың балалары орталықтағы жайлы үйлерде өскен ауыл мен қала балаларына қарағанда ерте есейеді. Малшының ауыр тұрмысы оны ерте есейтпей қоймайды. Мысалы, мен үшінші кластан бастап жазғы үш ай каникул кезінде бір отар қойды күнара жалғыз өзім бағып келетінмін. Әкеме солай көмектесетінмін» («Ақ желкен», №6, 2015, 53 – 54-беттер).
Осы үзіндіден-ақ біз жазушының балалық шағының оп-оңай болмағанын байқаймыз. Мұнан соң 1968 жылы мектеп бітірген ол сол жылғы ақ қоянның атақты ақтүтек қысында ауылда тағы бір жылға қалып, комсомол-жастар бригадасында жұмысшы, малшының көмекшісі болып жұмыс істейді. Себебі, мектепті үздік бітірген оған райкомның нұсқауымен аттестат берілмей қояды. Сол кездегі Совет Одағының айбынды авангарды Коммунистік партияның саясаты сондай болатын: алыстағы қазақ ауылдарының жастары мектеп бітіргеннен кейін туған жерлерінде тағы кем дегенде бір жыл қалып, мал бағуға тиісті-ті. Және, бір қызығы, Компартияның бұл пәрмені Кеңестер Одағының басқа республикаларындағы мектеп бітірушілерге жүрмейтін.
Тағдыр кейінірек, 1973 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тағы да үздік бітірген біздің кейіпкерімізге астанада қалуға мүмкіндік бермейді. Ол тағы да сол империяны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған Компартия басқарған үкіметтің жолдамасымен Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы қияндағы бір ауылдық мектепке қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып келеді. Бұл жерде оның жастық өмірінің алты жарым жылы өтеді, сүйтіп ол өзі бала күнінен аңсаған арман қаласы Алматыға тек 1980 жылдың қаңтарында ғана қайта оралуға мүмкіндік алады.
Негізі, бір жамандықтың бір жақсылығы, бір кесапаттың бір шарапаты болады деген сөз рас. Секеңнің ғұмырында осындай күрделі өмір өткелектерінен өтуі кейін оның шығармашылық әлемінің мазмұнын байытуға көп шапағатын тигізеді. Солайша оның еңбекпен есейген балалық, бозбалалық шақтарының тірі куәгері секілді болып кейіннен өмірге «Қоңыртаудың басында бір топ жусан», «Мектеп бітіру кеші», «Қысқы каникул», «Эх, Россия!..» секілді әңгімелері мен «Үшқара», «Оттан да ыстық өмір» (кейінірек «Қалқаш» деп аталды), «Жез киік» повестері келсе, одан да соңырақ автордың алыстағы ауылда мұғалім, мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасары болып жүрген кездеріндегі жастық шағының іздері сайрап жатқан «Ақ иін», «Алдаш – Алданыш – Алдекең», «Есекең», «Ата жұртта», «Шер тарқату», «Қарашадағы үйлену тойы» секілді әңгімелері мен кезінде қазақ оқырмандарының арасында үлкен резонанс тудырған атақты «Рәбиғаның махаббаты», «Бөтеннің тойы» (алғашқы аты – «Құлтай»), «Ақ қарға» повестері және «Қазақша ашылып сайрау» комедиясы дүние есігін ашты. Сонымен бірге бұлар жазушыны арман қаласы – Алматыға бастап әкелген жолдың да басы болды. Әсіресе «Оттан да ыстық өмір», «Жезкиік» повестерінің «Жалын» баспасы мен «Жалын» альманағы жасөспірімдерге арналған шығармаларға бірігіп жариялайтын республикалық жабық әдеби бәйгеде жүлделі орындарға ие болуы авторды астанаға көшуге қатты ынталандырады және бұған әлгі повестерді оқыған жюри мүшелері – «Жалын» баспасының директоры Қалдарбек Найманбаев, «Жалын» альманағының редакторы Тұманбай Молдағалиев және «Жалын» баспасының бас редакторы Бексұлтан Нұржекеев мұрындық болып, нәтижесінде Секең аталған баспаның проза бөліміне редактор ретінде қабылданды. Бұл жағдайды Қалдарбек ағамыз 1981 жылы одақтық «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен сұхбатында «Он не приезжал «пробивать» своих рассказов» деп, бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп кеткені бар. «Әдебиеттің ауылына тесіктен түспей, есігінен кірді» дегені ғой.
Айтса айтқандай, ауылда жүрген мұғалім түгіл Алматыдағы қаламгерлердің қолы жете бермейтін лауазымды орын еді бұл ол кезде. «Кемеден тойға топ ете түсті» деп осындайда айтатын шығар, бірақ ол ең алдымен елде жүргендегі тынымсыз еңбектің, өзінің көрген-білгенін, бастан өткергенін суреткерлік санаға ыждаһатпен, ұңғыттықпен салып зерделеп, жас кезде ғана болатындай бас қаңғып, көз тұнып, құлақ тарс бітіп жазғанның нәтижесі десе лайық. Соның арқасында мұғалім-қаламгер астана қалаға жаңа бастап жүрген нәнталап жас жазушылардай қоңылтақ күйде емес (шығармашылық жағын айтамыз), елде жазған төрт повеспен (барлығы сегіз повестің тең жарымы) және оншақты әңгімемен (барлығы отызшақты әңгіменің үштен бірі) қоржын басы тоқ келген. Өз қара топырағынан нәр алып болғасын, енді сол арқылы айнала басқа дүниеге органикамен қарау үшін келген.
Жазушының ресми өмірбаянында оның негізінде Қызылорданың Қармақшы ауданындағы Қарақ дейтін жерде туғандығы, ал соңыра үй-ішінің көршілес Қазалы ауданындағы «Қазалы» қой совхозына қоныс аударуына байланысты екі жасынан сол жерде өмір сүре бастағандығы айтылады. Дәлірегіне келсек, Асылбек ақсақал мен Ләтипа апа үпір-шүпір төрт баласымен жаңағы «қой сапқоздың» «Бірлік» дейтін №3-бөлімшесінде тұрған (Секеңе сөз қармақшылық нағашыларынан, соның ішінде белгілі Нұғыман жырау арқылы дарыған). Ел аузындағы атымен айтсақ, бұл – Сырдың сонау қиырдағы Аралға барып құяр төменгі сағаларының бірін жанай қоныс тепкен Ақиін деп аталатын алақандай қазақ ауылы. Маркестің кейіпкерлеріне Маконда қандай қасиетті мекен болса, бүгінде бары мен жоғы белгісіз Ақиін – Серік Асылбекұлы геройларының дені туын тіккен әз-ұя. «Серік үшін Ақиін – жер кіндігі. Ақиінде жазушының өзі ғана түсінетін бір керемет бар. Ақиіннің асып төгілмейтін қоңыр әуені үнемі құлақ тұсынан күмбірлейді де тұрады», – деп жазушы Қуаныш Жиенбай әрі әдемі, әрі дәл айтқан. Сол Ақиіннің жайын Секеңнің өзі осы аттас әңгімесінде бас кейіпкер Төлеутайдың көзімен жеріне жеткізе жазады. Төлеутай – ілгеріде айтылған «Қысқы каникулдағы» Таңат, «Үшқарадағы» қойшының көмекшісі сияқты автордың өзі. Ал «Қоңыртаудың басында бір түп жусан» әңгімесіндегі шалдың түпбейнесі – автор 5-сыныпқа дейін қолында өскен атасы Қани Қосымұлы. Тіпті «Қалқашта» да автордың өмірбаянынан алынған тұстар, сарындар аз емес болуы. Жазушы мектепте мұғалім болып жүргенде совхоз басшылығы оны бір топ жоғары класс оқушыларына бас қылып айдалаға шөп шабуға апарып тастайды да, артынша ұмытып кетеді. Содан Секең ұлардай шулаған бір топ баламен елсізде ассыз-сусыз бір аптадай қамалып жатады. Қазіргі өздерін өздері экстремал жағдайларға түсіретін реалити-шоу сияқты. Әйтеуір су ішерліктері бар екен, сегізінші күні бұлар директордың есіне әлдеқалай түсіп кетіп, адам жіберсе, осы заманның «робинзондары» жағдайлары онша жақсы болмай жатырған көрінеді. Сонда да шөп шауып, пішен дайындауды тоқтатпаған сабаздар. «Қалқашта» автор шөп шабатын кәселкенің ұңғыл-шұңғылын жіліктеп шағып суреттейді ғой, соған қарағанда әлгі «аралдағы» бір апта жазушы ретінде оның әбден кәдесіне жараған сияқты. Бұдан кейін біздің Секеңді әдебиетке тұп-тура өмірден – кит аулайтын кеменің палубасынан, Гаитидің жүгері плантацияларынан, шанаға ит жеккен зымыстан Алясканың өзінен келген Джек Лондонға балап, «қазақтың Джек Лондоны» демегенде, кім дейсің?!.
Сонымен қатар Серік Асылбекұлының бірқатар кейіпкерлері көркемдік жинақтау жолымен жасалған. Мысалы, «Рәбиғаның махаббаты» мен «Әдебиет пәнінің оқытушысындағы» Ұлықпан – осындай тәсілмен жинақтап берілген кейіпкер. «Эх, Россиядағы» әскерден кеп, орысқұлықтылығымен елді қырып кете жаздайтын Қасқырбай өмірде нақты болған кісі Бейсеннен көшірілген, әлгіндей оқиғаның болғаны да шын. Құлтай да солай, ол автордың құрдасы, жолдасы, екеуі Ақиінде бірге өскен және шығармаға өз атымен енгізілген. «Алматыдағы институттағы оқудан босап, жазғы каникулға келгенде қой бағып жүрген Құлтаймен ауылда талай кездесіп, бірге жүрген кездеріміз болған, – деп еске алады автор жоғарыдағы Айгүл Кемелбаевамен сұхбатында. – Сонда мені оның жандүниесінің тазалығы, бетіне иманы шығып тұратын пәктігі және көркем әдебиет шығармаларын көп оқып қана қоймай, содан үлкен адамгершілік тәлім алғандығы риза ететін. Өзімнің азды-кем өмірімде осы күнге дейін мен дәл Құлтай секілді адамгершілік, адамдық сипаты жағынан мінсіз жаратылыс иесін өте сирек көрдім. Сондықтан бірге өскен сол құрбыма осы бір туындым арқылы көркем сөзден әдеби ескерткіш қойғым да келді бір жағынан».
Автордың «ескерткіш» деп отырғаны – Құлтай 1973 жылы, 22 жасында, Сырдарияның арғы бетіне қой отарын қайықпен өткізіп жатқанда суға кетіп өлген...
Бұдан шығатын қорытынды: Серік Асылбекұлы туындыларының автобиографиялық сипаты басым болып келеді және мұны жазушының өзі әртүрлі басылымдарда жарияланған сұхбаттарда жоққа шығармайды. Соған қарағанда қаламгер жазушылық ғұмырының қай кезеңінде де өмір шындығына барынша адал болып қалуды мақсұт тұтқан тәрізді. Бұл тұрғыдан келгенде ол о бастан Габриэл Гарсиа Маркестің «Жазушы шындықты жоғалтқан кезде суреткер ретінде өзін де жоғалтады» деген пікірін өз шығармашылығының басты темірқазығы етіп алғандай. Әркім әртүрлі мақсатпен жазады ғой: біреулер тарихта із қалдыру үшін, енді қайсыбіреу есінен ауысып кетпеу үшін, ал базбіреулер көбінесе неге, не үшін жазғысы келетінін өздері де түсінбеуі мүмкін. Осы соңғылары қолға қаламды әйтеуір бір түйсікпен шындықты жазу үшін алатындай. Мәселенки, итальян жазушы әйел Грация Даледда сияқты. Бастауыш мектепті ғана бітірген Грация ауылында өзі көрген оқиғаларды роман қылып жазып, Нобель сыйлығына ие болған ғой. Соған қарағанда мұндағы гәп фактілік шындықтың өмір шындығына, одан әрі өмірлік шындық арқылы көркем шындыққа – кітап шындығына айналуында болса керек. «Француз буржуазиясының тарихын Бальзакты оқи отырып анығырақ және толығырақ тануға болады» деген Маркстың сөзі осы жерге дәл.
Ал енді сонау Альпі баурайындағы сеньора Грацияның өз ауылының шындығын образға бөлеп көрсетіп, Айдай әлемді таңғалдырғаны сияқты, Сырдың жағасындағы ауылының шындығын біздің мұғалім Секең қалай көрсете алды екен, соған келейік.
Жалғасы бар...
Басы: Талант табиғаты І бөлім
Мақсат Тәж-Мұрат
Abai.kz