Мәдени саладағы маңызды істер...
Өткен жыл Қазақстанның мәдени саласы үшін маңызды кезең болды. Ол өнер, әдебиет, театр және креативті индустриялар үшін жаңа мүмкіндіктер әкелді, ал қазақстандық мәдениет халықаралық деңгейде кеңінен танылды.
"Қазіргі заманғы қазақ романы" әдеби байқауы қазақтың әдеби-идеологиялық кеңістікті қайта конфигурациялады. Елімізде алғаш рет жарияланған, бас жүлдесі 15 миллион теңгені құрайтын ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтың жеке капиталының қолдауымен ұйымдастырылып жатқан "Қазіргі заманғы қазақ романы" әдеби байқауы қазақ әдебитінің жаңа сапаға көтірілуіне ықпал ететін байқау болып табылды.
Аталған байқау – ұлттың баяндылығы үшін мәдениет пен капиталдың түйіскен нүктесі ретінде әдебиеттің жаңа толқынын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам болып саналады.
Біз сөз етіп отырған бағытта қазақ билігі бірқатар маңызды қадам жасады. Енді оларды санамалап айтатын болсақ:
Президент қол қойған заңдар...
2025 жылы Парламент мәдениет саласына қатысты бірқатар заңдар мен түзетулер қабылдады. 10 ақпанда Президент мәдениет, білім және тәлімгерлік мәселелерін реттейтін заңға қол қойды. Құжат мемлекеттік тілді қолдануды кеңейтуге, оның мәртебесін нығайтуға, мәдени бағдарламаларды іске асыру үшін құқықтық базаны жаңартуға, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұраны қорғауға бағытталған зор серпінді қадам болып табылады десек әсте артық айтпаймыз.
Наурыз айында Президент Түркістан қаласына тарихи-мәдени және туристік орталықтың ерекше мәртебесін берген заңға қол қойды. Заң Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қоса алғанда, қаланың тарихи және мәдени мұрасын сақтауға, қалпына келтіруге және дамытуға бағытталған. Оның шеңберінде тарихи және археологиялық ескерткіштерді қорғау күшейтіледі, ұлттық қолөнерді жаңғырту және қолдау шаралары, сондай-ақ археологиялық қорықтарды ұйымдастыру көзделіп отыр.
26 желтоқсанда Президент тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері туралы заңға қол қойды. Заң археологиялық жұмысты жүйелендіреді және тарихи-мәдени объектілердің сақталуына кепілдік береді. Атап айтқанда, археологиялық зерттеулерге арналған бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құрылуда, археологиялық олжалар мен материалдарды беру, сондай-ақ Ұлттық депозитарийді құру көзделген.
Қараша айында Парламент фонограмманы қолдануды шектейтін заң қабылдады. Енді көрермендер саны 200-ден асатын концерттік, ойын-сауық және бұқаралық мәдени іс-шараларда фонограмманы пайдалануға тыйым салынады. Бұл ретте көшелерде, алаңдарда және ипподром сияқты объектілерде шектеу қолданылмайды. Ұйымдастырушылар фонограмманы қолдану туралы алдын ала хабарлауға міндетті, ал телевизиялық жазбалар фонограмманы заңды негізде пайдалануды жалғастырады.
Мәжіліс креативті индустрияны қолдауға және дамытуға бағытталған заң қабылдады. Құжатқа "креативті индустрия қызметкері" және "креативті индустрия субъектілерінің тізілімі" ұғымдары енгізілді.
Қазақстанның мега жобалары...
2025 жылы Jibek Joly телеарнасында Азияның алғашқы вокалдық мегажобасы - 12 елдің орындаушыларын біріктірген Silk Way Star конкурсы өтті. Миллиондаған көрермендерді жинаған Silk Way Star жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен қытайлық China Media Group медиакорпорациясы арасындағы келісім аясында іске асырылды.
Бүкіл әлем бойынша миллиондаған көрермендер байқауды әр елдің музыкалық мұрасымен танысып көрді. Жобаны барлығы бір миллиардқа жуық адам тамашалады. Байқауға Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореяның орындаушылары қатысты.
Қазақстанды белгілі әнші ALEM (Батырхан Маликов) таныстырды, Ол "Come back home" әнін корей тілінде, аты аңызға айналған "Take on Me" синти-поп стилінде және 6ELLUCCI тобының "Қара" рок-композициясын және басқа да композицияларды орындады. Оның вокалдық мүмкіндіктері, сахналық еркіндігі және эмоциялардың дәл берілуі оны жобаның фавориттерінің біріне айналдырды. Гранд-финалда моңғолиялық танымал әнші және композитор Мишель Джозеф жеңіске жетті, ол дәстүрлі уртын дауды (ұзын әндер) қазіргі заманғы музыкалық жанрлармен үйлестіреді.
Байқаудың келесі маусымы Қытайда өтеді, ал қатысуға ниет білдірген елдердің саны артып келеді. Жобаға Индонезия, Үндістан, Пәкістан, Вьетнам және бірнеше араб мемлекеттері қызығушылық танытты.
ХХІ ғасырдың музыкалық құбылысы: Димаш әлемдік турне жасады
2025 жыл қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің өнері мен халықаралық танымалдылығының жаңа белестерін ашқан мансабының маңызды кезеңі болды. Биыл ол "Stranger" ауқымды әлемдік гастролін ұйымдастырып, Нью-Йорктегі танымал Madison Square Garden аренасында жеке концерт берген алғашқы қазақстандық әртіс болды.
Димаштың гастролі Лондон, Барселона, Мехико және Риганы қоса алғанда, ірі қалаларды қамтыды.Концерттік қызметтен басқа, Димаш халықаралық гуманитарлық жұмысқа белсене қатысты. 2025 жылы ол БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымының (IOM) Жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. 22 шілдеде Димаш Құдайберген Қырғызстанның халық әртісі атағын алды. Вьетнамдық БАҚ оның Ханойдағы 8WONDER Winter 2025 фестиваліндегі өнерін жариялап, Димашты "сирек кездесетін асыл зат" деп атады.
Әншінің шығармашылығында да жаңа бастамалар пайда болды. Димаш Сәкен Сейфуллиннің "Тау ішінде" әніне жаңа дем беріп, әлеуметтік желілерде жанкүйерлер арасында челлендж ұйымдастырды. Сонымен қатар, әртістің шығармашылық жолына арналған "Димаш Құдайберген: шекарасыз Музыка" кітап-альбомы ұсынылды.
Миллиардтаған кассалық түсімі бар фильмдер көбейді
2025 жылы мемлекеттің қолдауымен Киноорталық арқылы 15 киножобасы іске қосылды. Олардың ішінде сегіз көркем фильм - "Ақжелең", "Бүркітші", "Дни", "Кенжем қайда?", "38", "Тревожная ночь", "Сағындым сені", "Мұғалім"; екі деректі фильм - "Венера. Баладан - бақ, қамыстан - құт" және "Батыл бол"; сондай-ақ үш анимациялық фильм - "Адамзатқа іздеу саламын", "Жібек" және "Команда А".
Қазақстандық киноиндустрия қарқынды дамып келеді. Жыл сайын кассалық алымдардың жаңа рекордтары белгіленеді. Отандық фильмдер өзара табысты бәсекелесіп, шетелдік фильмдерден табыс әкелуі жағынан жиі алда келетін құбылысқа куә бола бастадық.
Өткен жылы орын алған мәдени жетістіктеріміздің тізімін бұданда кеңейтіп соза беруге болады. Біз осы жолы сөз еткен "Өнерді, әдебиетті, мәдениетті, шығармашылықты дамыту" жолындағы игі қадамдар осы бағыттағы іс-әрекеттердің қандай биікке көтеріле бастағанын байқатады.
Abai.kz